4 Желтоқсан 2012, 11:41
Этникалық мәселелер
Кеңестік тоталитарлық жүйеден қалған осындай этникалық мәселелер жағдайында Тәуелсіз Қазақстан өзінің этникалық топтар саясатын екі түрлі бағытта жүргізді. Бірі — осы мемлекетті құрушы негізгі ұлт болып есептелетін қазақтардың этникалық мәдениетін, тілін, ділін қайта жандандыру болса, екіншісі — Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа этностардың мәдени, тілдік құқықтарын қамтамасыз ету.
Қазақстандағы этникалық топтар саясатын зерттеуші ғалымдар осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың бүгінге дейінгі даму барысын екі кезеңге бөледі.
Бірінші кезең
Бірінші кезең—1991—1995 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңді этноұлттық басымдылықтар кезеңі деп атауға болады. Бұл кезеңде мемлекетті құрушы негізгі ұлт ретінде қазақ этносына, оның тіліне, оның мәдениетіне біраз артықшылық берілді. Сондықтан да 1990 жылғы 25 қазанда жарияланған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі» жөніндегі Мәлімдемесінде қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт деп танылды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жөніндегі конституциялық заңда қазақ ұлтының өз мемлекеттілігін анықтауға құқы бар екені көрсетілді. 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында да Қазақстан мемлекеттілігінің ұлттық сипатына ерекше мән берілді. Ол бойынша да Қазақстан өзін-өзі таныған, өз болашағын өзі анықтайтын қазақ ұлтының мемлекеті деп танылды.
Тәуелсіз еліміздің бұл кезеңінде мемлекеттігіміздің формасын ұлттық деп жариялаудың объективті қажеттілігі болды.
• Біріншіден бұл кезеңде тәуелсіздік алған барлық мемлекеттер өздерін сол мемлекеттердің негізін құрайтын ұлттың мемлекеті деп жариялаған болатын.
• Екіншіден, ғасырлар бойы өз тәуелсіздігін жоғалтып, өз жерінде саны жағынан азшылыққа айналған қазақ халқының ұлттық рухын, көтеру, сол арқылы дүниеге жаңа келген мемлекетті тез арада аяғынан тік тұрғызу керек болды.
• Үшіншіден, тоталитарлық жүйе кезінде жойылып кете жаздаған қазақ халқының ұлттық дәстүрлі мәдениетін, тілін, ділін қалпына келтіру үшін мұндай саясат қажет болды.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасына қарай қазақ халқы өзінің мемлекеттілігін сезіне бастады, ұттық рухы оянды, өзінің ұлттық құндылықтарын ақтап алды, ұлттық дәстүрлі мәдениетін, тілін қалпына келтіре бастады, имандылыққа мойнын бұрды. Осы кезеңді мемлекеттің атауына негіз болып отырған қазақ ұлтының ұлттық санасының ерекше ояну кезеңі, ұлттық рухының ерекше көтерілу кезеңі десе де болады.
Жалпы осы кезеңде, бұдан соңғы жылдары да басқа ұлт өкілдерінің Қазақстаннан қоныс аударуын республикадағы этноцентристік саясаттың нәтижесі ғана деп түсінбеу керек. Егемендік алған кездің алғашқы жылдарындағы өзге ұлт өкілдерінің сыртқа көшуінің біздіңше мынадай себептері де бар.
• Біріншіден, бұрынғы КСРО сияқты үлкен мемлекеттің ыдырауы ұлттық жаңа құрылған мемлекеттер жағдайында ұлттардың арасында болашағына деген белгілі бір сенімсіздік туғызды. Сондықтан басқа ұлт өкілдері өз мемлекеттілігі бар елге көшті.
• Екіншіден, ұлттық мемлекеттіліктер құрылу кезеңінде этностар өкілдерінің санасында этноцентристік пиғылдар уақытша болса да күшейді.
• Үшіншіден, сана бодандығынан құтылған азаматтарда өз тарихи Отанына қайту пиғылының күшеюі заңды құбылыс еді. Әсіресе мұндай себеп кезінде Қазақстан жеріне күшпен депортацияланған неміс, т.б. халықтарға тән болды.
Екінші кезең
Қазақстанның ұлт саясатының екінші кезеңі 1995 жылы қабылданған жаңа Конституциядан басталады. Бұл Ата Заңда енді Қазақстан халқын титулды және титулсыз ұлт деп бөлу жойылды. Бұл заң бойынша ендігі жерде Қазақстан мемлекеті ұлттық негізде емес, жалпыазаматтық негізде құрылатындығы баяндалды.
Осы конституциялық заңға негізделген еліміздің ұлт саясаты азаматтық қоғамның қағидаларына сүйене отырып, Қазақстан ұлты деп аталатын саяси-азаматтық қауымдастық құру мақсатын көздейтін саясатқа айналды. Бұл — Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған адамдар қауымдастығын бірте-бірте Қазақстан ұлты деп аталатын саяси-азаматтық бірлестікке айналдыру. Бұл — этностық мәдениеті, діні, тілдері түрлі болғанымен, «Мен қазақстандықпын!» деген елдік сананы қалыптастыру.
Тіл туралы заң
Толық мақаласы: Тіл заңы
1997 жылдың 11 шілдесінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң қабылданды. Бұл заң бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып — қазақ тілі бекітілді. Бұл тіл мемлекеттік басқару органдарының, заң шығару, сот ісінің, іс жүргізудің тілі болып саналады және мемлекет аумағындағы қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылады.
«Қазақстан халқының басын біріктіруші маңызды қатынас туралы болып табылатын осы мемлекеттік тілді білу— Қазақстан Республикасының әрбір азаматының қасиетті борышы болып табылады» — делінген Тіл жөніндегі Заңның 4-бабында.
Осы заңның 5-бабында мемлекеттік ұжымдарда және жергілікті басқару органдарында қазақ тілімен бірдей дәрежеде ресми түрде орыс тілі де пайдаланылатындығы жазылған. Сонымен қатар бұл заң бойынша «Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өз ана тілінде сөйлеуге, өзінің қалаған тілінде тілдесуге, шығармашылықпен айналысуына, тәрбие, оқу жұмыстарын жургізуге құқылы» (6-бап).
Мемлекет қазақ тілінің және өзге тілдердің ұлтаралық қарым- қатынаста қолдану аясын сақтауға және оның еркін дамуына кепілдік береді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді немесе ұлтаралық қатынас тілін білмегені үшін азаматтардың құқығы мен бостандығын шектеуге тыйым салынады. Қазақстан Конституциясының тіл туралы баптары әлемнің өзге елдерінде, сондай-ақ ТМД-да ерекше демократиялы болып есептелінеді.
Қазақстан — өз Отаным деп есептейтін әр азамат қазақ тілін білуі міндетті. 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасындағы ұзақ мерзімді жеті басым бағыттың ішінде ұлттық қауіпсіздіктен дейінгі екінші орында көрсетілген. Ұлттық бірлік, татулық, теңдік қоғамның топтасуының кепілі. Республикада жалпы ұлттық мүдделерді жүзеге асыруда қазақ ұлты оларды біріктіруші рөл атқаратындығы айқын.
Ғылым
Толық мақаласы: Қазақстан ғылымы
Ғылымның дамуы мен гүлденуі табиғаттың шынайы заңдылықтарын үйренуге және оған қоғам мүшелерін тартуға тікелей байланысты. Кеңес Одағы жүйесінің күйреуі барысында республика ғылыми мекемелері дағдарыс жағдайында болды. Мұның себебі бірнешеу:
• Ғылыми зерттеулердің негізгі көздері мен бағыттарын белгілеу КСРО кезінде орталықтан жүзеге асырылды. Одақтық ведомстволар зерттеу институттарын көбіне республикалардың қалауынсыз жүргізіп келді;
• Республика ғылыми-техникалық әлуетінің басым бөлігі жалпы-одақтық ғылыми құрылымға тартылғандықтан, олар Қазақстан ғылымына қосалқы түрде көңіл бөлді;
• Ғылым академиясы мен салалық ғылым мекемелері (КСРО энергетика және электрлендіру министрлігі 6 мұнай және газ өндірісі министрлігінің батыс қазақстандық институты, т.б.) өзара және академиялармен тығыз байланыста жұмыс істей алған жоқ;
• Экономикалық дағдарыс салдарынан ғылымды қаржыландыру едәуір қысқартылды;
• коммунистік қызметке арналған бағаны ырықтандыру ғылыми мекемелерді ұстап отыру мәселелерін одан сайын қиындата түсті;
• 90-жылдары белең алған құнсыздану ғалымдардың айлық жалақысын төмендетті, көптеген жас та дарынды мамандар бизнеске, шетелге кетті;
• XX ғасырдың 90-жылдарындағы республика ғылымының өрісі, оның жаңа технологиялармен жабдықталуы бүгінгі күн талабына жауап бере алмады.
Аталған кемшіліктердің орнын толтыру бағытында Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технология министрлігі нақтылы жұмыстарды қолға ала бастады. Министрліктің ұсынысына сәйкес 1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «Ғылымды жетілдіру және республиканың ғылыми-техникалық потенциалын дамыту туралы» Жарлыққа қол қойды.
Жергілікті жерлердегі бөлімшелері мен материалдық-техникалық базаларының жоқтығына қарамастан, аталған министрлік Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында үш аймақтық бөлім құрды. 1992—1993 жылдары аса маңызды мәселелерге байланысты 7 ұлттық ғылыми орталықтар дүниеге келді. Олар:
1. электроника мен байланыс жүйесі бойынша,
2. ақпаратты және есепті техника бойынша,
3. биотехнология,
4. экология,
5. жаратылыс ғылымдары бойынша,
6. минералдық шикізаттарды кешенді өңдеу,
7. жаңа ғарыштық технологиялар бойынша ұлттық ғылыми орталықтары.
Бірақ бұл аталған шаралар дер кезінде материалдық ресурстармен қамтамасыз етілмеді. Елдегі экономикалық ахуал мен құнсыздану бұған кері әсерін тигізді. Дегенмен іргетасы бұрыннан қаланған ғылыми ошақтар, атап айтқанда, геология, химия, механика, т.б. бүкіл-одақтық жүйенің күйреуі мен құрылымдық құлдырауына қарамастан, өз тұрғыларын сақтап қалды. Жалпы алғанда, 1992—1994 жылдар ғылымның мүшкіл хал кешуімен есте қалады.
1994 жылы Ғылым және жаңа технология министрлігі жанынан ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды мемлекеттік сараптау бөлімі құрылды. Аталған құрылым ғылымға арналған бюджеттік ассигнадиялардан қаржыландыруға қабылданған ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардың бөрін дерлік сараптаудан өткізуге тиісті болды.
1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында ғылымды басқарудың мемлекеттік жүйесін жетілдіру шаралары туралы» Жарлығы шықты.
1996 жылы мемлекет ғылыми саланы қайта жаңғыртуға, академиялық ғылымның реформалық жолдарын анықтауға бет бұрды. Осы мақсатта Ғылым және жаңа технология министрлігін, Ұлттық академияны, ауыл шаруашылығы ғылыми академиясын біріктіру жүзеге асырылды. Сөйтіп, жаңадан Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясы дүниеге келді.
• жылы республикада ғылым мен ғылыми-техникалық саланы дамыту туралы заңдар базасын жетілдіруге арналған жұмыстар атқарылды. Осыған орай, «Қазақстан Республикасында бірыңғай ақпарат кеңістігін құру және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Президент жарлығы және Үкімет қаулысы шықты.
• жылы Қазақстан Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігі құрылды. Қазіргі кезде ол Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі деп аталады.
2001 жылы министрлік мақсатты бағдарламаларды қаржыландыруға көшті. Ғылыми-зерттеу институттары мұндай бағдарламаларды қорғап, конкурстық негізде жеңіп алуы тиіс. Зерттеу бағдарламалары республикадағы ғылым дамуының басым бағытына сәйкес келуі қажет. Бағдарлама зерттеушілері істелген жұмыс жайлы жылда есеп беріп, егер ол алдын ала белгіленген талаптарға сай келмесе, қаржыландыру тоқтатылуы мүмкін. Ғылымды қаржыландыруға байланысты мұндай жағдай 2001 жылы қабылданған «Ғылым туралы» Заңда анықталған.
Жаңа заң республика дамуының соңғы он жылдығында болған өзгерістерді ескере отырып даярланды. Осылайша бюджеттік қаржыландырудан басқа ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлердің өзге де қаржы көздерін тауып, қаражат тартуға мүмкіндіктері бар. Мысалы, грант түрінде арнайы ғылыми және қоғамдық қорлардан ала алады. Сөйтіп, жаңа заң қазір біздің мемлекетіміздегі ғылым мен ғылыми-техникалық саясаттағы өзгерістерге сәйкес келеді.
Ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында ғылым саласын одан әрі жаңартудың 2007—2012 жылдарға арналған стратегиясы белгіленді.
Білім беру жүйесі
Толық мақаласы: Білім беру жүйесі
Қазақстандық ғылымның ертеңі республикадағы білім жүйесіне де тікелей байланысты. Қазақстанда басқарудың тікелей негізгі қағидаларына сүйенген, әрі қаржыландыру жағынан мемлекеттік және мемлекеттік емес болып есептелетін еуропалық типтегі білім беру жүйесі қанат жайып келеді.
1995 жылғы Конституция бойынша (30-бап) баршаға бірдей міндетті болып есептелетін толық орта білім алуды мемлекет тегін жүргізеді. Әйткенмен, мектеп бітірген жас жеткіншектің одан әрі қандай оқуға түсуі (мемлекеттік немесе жеке) өз еркі мен қалауына байланысты. Этностық ерекшеліктердің есепке алынуына орай, республикада оқу, білім алу 7 тілде жүргізіледі.
1997—1998 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мекемелерде ақпараттандыру мен компьютерлендіру бағдарламасын орындау міидеттелінді. 2001жылы мектептерді компьютерлендіру толығымен аяқталды.
Республика мектептерінде аталған барлық тілдер бойынша керекті оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттерді басып шығару баяғысынша ең маңызды мәселенің бірі ретінде күн төртібінде тұрды.
Бүгінгі таңда республика аумағында жеке меншік және мемлекеттік көптеген оқу орындары білім беру жүйесін сыбайлас жүргізуде. 1995—1998 жылдар аралығында жеке меншік оқу орындары 41-ден 88-ге дейін өсті.
2001 жылы жеке меншік мектептер мен олардағы оқушылар саны 1996 жылғымен салыстырғанда үш есеге артты.
Мектептер мен жоғары оқу орнындағы жастардың білімін жетілдіру мақсатында республика көлемінде әр түрлі деңгей- дәрежедегі оқу орындарын лицензиялау мен аттестациялаудың нормативі белгіленді.
Мамандар даярлауды жаңарту мен жақсарту үшін «Дарын» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылу үстінде. Бұл бағдарлама жасөспірімдер мен жеткіншектерге тәрбие мен білім берудегі білім органдарының негізгі стратегиялық іс-шараларын белгілейтін болады. Ерекше дарынды балаларды шетел оқу орындарына жіберіп отыру мақсатында 1993 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істеп келеді.
Бүгінгі таңда шетелге барып білім алу мәселесімен басқа да мемлекеттік емес білім ұйымдары, орталықтар, қорлар айналысуда. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде білім берудің қыры мен сыры, мазмұны айқындала түсіп, оларды қаржыландыру мен басқару негізі едәуір өзгерді. Бұл салада жаңаша құқықтық-нормативтік база құрылып, қалыптасты. Білім берудің қосымша және баламалық мекемелері өмірге келді. Осыған орай мемлекеттік оқу орындарын қолдап-қуаттаудың мүлдем жаңа мүмкіндіктері ашылды. Білім алу мен білім берудің ықпалдастық дәрежедегі әлемдік кеңістігі ұлғайды.
XXI ғасырда білім адамзаттың даңғыл даму жолын анықтайды, сондықтан республикада білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелеріне баса көңіл бөлінеді. Ең бастысы, білім беруді ұлттық экономика мен қоғамның әлеуметтік сұраныстары талаптарына сай дамытуды қамтамасыз ету қажет.
Бұл талаптарға сай бүгінде Қазақстан Республикасы білім беру саласында халықаралық ақпарат кеңістігі жүйесіне қосылу әрекеті жүзеге асырылуда. Республиканың оқу орындары, қаржыландыру формаларына қарамастан, бүгінде халықаралық кәсіптік білім беру саласының коммерциялық және инновациялық қызметін қабылдауда.
Дүниежүзілік білім беру үдерісіне сәйкес Қазақстанда үздіксіз білім беру жүйесі енгізілуде. Бұл бүгінде кадрларды даярлау, қайта даярлау және мамандығын жетілдіру жүйесін құрудан көрініс табуда, жекелеген жағдайларда бұл жүйе тұрғындарды еңбекпен қамту қызметімен бірлікте әрекет етеді. Нарықтық экономика маман кадрлар даярлаудың әр түрлі жүйесін талап етуде.
Мәдениет
Толық мақаласы: Мәдениет
Қазақстанның дамудың жаңа жолына түсуі өз кезегінде білім алу жүйесіне ғана емес, мәдениет саласына да үлкен өзгерістер әкелді. Кеңестік кезеңде мәдениет пен білім мемлекеттің қосымша көмегін пайдаланатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл екі салаға көңіл аз бөлінді. Мемлекеттің бюджеттік саясаты адамдардың рухани сұранысымен есептеспеді. Әсіресе бұл республиканың рухани-мәдени өмірінде көбірек көрініс тапты. Экономиканың ырыққа көнбеуі, оның жылдан-жылға төмендеуі адамдар психологиясын мәдени дамудан гөрі материалдық байлыққа итермелей, икемдей түсті.
Қазақстанның әлемдік кеңістікке бет алуы өзінің құнын жоғалтқан идеологиялық мәдениеттен гөрі әсіреқызыл батыстық үлгіге айқара есік ашып берді. Батыстық мәдениетпен қосарланып түрліше діни секталар мен ағымдар да ағылды.
Бұл келеңсіздік өз дәрежесінде республика көлемінде мәдени-рухани саланы басқарудың басқаша жолдарын қарастыруға мәжбүр етті. Олар, түптеп келгенде, мыналар:
• Қазақстан халқының мәдени-ұлттық сана-сезімінің жаңаруына ықпал ету;
• этномәдени және конфессионалдық шектеулікте мәдени әр алуандылықты қалыптастыру;
• менеджменттіктің мейлінше пайдалы моделін таңдау.
Қазақстан Республикасы «Мәдениет туралы» (1996) Заңының 3-бабында мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат қағидалары былайша көрініс тапқан:
• азаматтардың шығармашылық қызметінің еркіндігі;
• мәдени байлықты жасауда, оны пайдалану мен таратуда барлық азаматтардың құқығы бірдей;
• тарихи-мәдени мұраны қорғау;
• ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарын қатар игеру аясында тәрбие мен білім беру жүйесін дамыту;
• мәдениет саласында монополиялық пиғыл-әрекетті болдырмау;
• мәдениетті қаржыландыруда бюджеттік, коммерциялық және қайырымдылық бастамаларды қолдап-қуаттау;
• мәдени қызметті ұйымдастыруда мемлекеттік және қоғамдық бастамаларды бірдей пайдалану.
90-жылдары республика мемлекеттік мәдениет мекемелерінің жүйесі мәдени-демалыс орындарын, кітапханаларды, мұражайларды, театрларды, концерттік ұйымдарды, кино өнері мекемелерін, мәдениет және демалыс парктерін, т.б. қамтыды.
Бұлардың бәрі дерлік мемлекеттік баланста тұрды. Бұдан кейінгі жылдарда, яғни онжылдық кезеңде мәдени саланы қаржыландыру мәселесі едәуір өзгеріске ұшырады:
• ұлттық маңызға ие мемлекеттік мәдениет мекемелерін мемлекеттік тұрғыдан қаржыландыру сол күйінде сақталып қалды;
• нақты мәдени жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін түрліше қаржы көздерін тарту мүмкіндігі ашыла түсті;
• меншік формасының өзгеруіне байланысты мәдени мекемелердід көпшілік бөлігі, атап айтқанда, кинематография, туризм, спорт, шоу, теледидар, концерттік ұйымдар, т.б. өзін-өзі қаржыландыруға көшірілді.
Мәдени саладағы жеке меншіктің түрліше формалары өз кезегінде сөз еркіндігіне, Қазақстанның дербес шығармашылығына жол ашты. Аталған мемлекеттік емес мәдени мекемелердің жұмыстарын ретке келтіріп отыру барысында қайсыбіреулердің адамзатқа, ұлтқа, мемлекетке қарсы идеяларды насихаттап, таратуына жол бермеу үшін тіркеуден өткізу тәртібі қатаң сақталуы тиіс болды.
Бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістік құру — Қазақстанның мәдениет саласындағы негізгі стратегиялық мақсаты. Тек осы жолмен ғана елдің рухани қуатын анықтап, дербес ұлт ретінде әлемдік қауымдастық қатарынан орын алуға болады. Бұл мақсаттың үдесінен шығудың бір жолы — қазақ халқының этномәдени тұрғыдан қайта жаңғыруы өте-мөте қажет. Бұдан бұрынғы идеологиялық жүйенің күйреуі рухани өмірдің дүр сілкінуіне, ұлттық салт-дәстүрдің табиғи жаңғыруына түрткі болды.
Республиканың бүгінгі өмірінде бұған мысал жеткілікті. XX ғасырдың 90-жылдарынан бастап «Наурыз мейрамы» қайтадан салтанат құрды. Ол республикада тұрып жатқан барлық ұлт-ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Қазақ халқының ең көне ауызекі өнерінің бірі — айтыс жаңа дәуірге лайық қайта дамыды.
Этнопедагогика негіздерін өмірге етене енгізу нәтижесінде білім берудің барлық нүктелерінде жас ұрпақты халықтың салт-дәстүрлеріне сай тәрбиелеу жұмыстары жүргізілуде.
Әсіресе соңғы жылдары республикада ұлттық мәдениет пен өнердің озық үлгілерін әлемдік айналымға шығару, сол арқылы Дүние жүзі қауымдастығына танылу жолдары қарастырылуда. Жамбылдың 150 жылдығының аталып өтуі, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығының тойлануы, 1999 жылы Түркістанның 1500 жылдығы кең көлемде мерекеленуі тәуелсіз жас мемлекеттің бұл бағыттағы тарихи құтты қадамдары болса керек.
Мәдени мұра
Ал 2000 жылдың республика көлемінде мәдениетті қолдау жылы болып өткені белгілі.
Еліміздің өткен тарихын ұрпақ санасына сіңіру арқылы мәдениетті дамыту «Мәдени мұра» бағдарламасының ең басты алғышарты ретінде қарастырылып отыр. 2004—2006 жылдары бұл бағдарламаның бірініші кезегі жүзеге асырылды.