4 Желтоқсан 2012, 11:40
Бұлғар, Болгар — Еділ бұлғариясының 10 — 12 ғасырлардағы астанасы. Өзінің бесжүзжылдық тарихында қала Еділ өңірінің ірі саяси және мәдени орталығы болған. 10 ғасырдың өзінде Бұлғар ірі сауда орталығына айналған. Қаланы өз көзімен көрген (992) араб саяхатшысы ибн Фадлан оны сол кездің өзінде “халықаралық жәрмеңке” деп суреттеген. 12 ғасырдағы феодалдық қырқыстардың әсерінен Бұлғар біршама уақыт өзінің маңызын жоғалтады. Бату хан шапқыншылығы да қаланың дамуын бәсеңдетіп, оның ішкі жағдайын шиеленістіріп жібереді. Тек 13 ғасырдың 80-жылдарынан бастап қайта дами бастаған қаланы 1361 жылы Алтын Орда ханы Бұлан Темір қиратады. Араға аз уақыт салып, қайта қалпына келген қала 1399 жылы “Ұлы Бұлғар қаласы” деген атқа ие болады. 14 ғасыр — Бұлғардың ең гүлденген кезеңі. Осы тұста қалада “Мұнаралы мешіт”, “Қасиетті Николайдың шіркеуі”, “Хандардың қабірі”, монша ғимараты, т.б. көптеген сәулетті ғимараттар мен қоғамдық құрылыстар салынған. Бұлғар қаласын 1431 жылы Мәскеу князі Василий Темный бағындырғаннан кейін, Еділ бойы өңірінің орталығы Қазан қаласы болды. Бұлғардың қираған орны Татарстан жерінде, Еділ өзенінен 6 км жердегі осы аттас ауылдың маңында. Петр І-нің тұсында-ақ қаланың ескі құрылыстары зерттеліп, бұлғар қабірлерінің басына қойылған құлпытастар топтастырылып, оларға жазылған жазулар оқылды. Бұдан кейін тек 1870 жылдан бастап кейбір ғалымдар шағын қазба жұмыстарын жүргізіп, тек көне заттар жинаумен шұғылданды. 1938 жылдан бастап Мәскеу Мемл. тарихи музейі, КСРО Ғылым Академиясы Заттай мәдениет тарихын зерттеу институтының, Татар АССР-і Мемлекеттік музейінің біріккен экспедициясы (А.П. Смирнов басқарған) қаланың орнында кең көлемді зерттеу жұмыстарын бастап, оны 1945, 1947 — 48, 1950, 1957 жылдары жалғастырды. Көп жылдық қазба кезінде табылған теңгелердің ең көнесі 10 ғасырға, ал соңғылары 15 ғасырдың 20-жылдарына жатады. Әр кездерде жүргізілген зерттеулер кезінде табылған асыл бұйымдар мен тұрмыстық заттар қалада қолөнердің, әсіресе, зергерлік кәсіптің жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді. Ал 1957 жылы жүргізілген қазба барысында табылған Қытай селодоны, Сирия мен Палестина жерінен әкелінген зерлі ыдыстар сынықтары қаланың халықар. байланыстары жөнінде мәліметтер береді. Бұлғардың Грекия, Армения, т.б. елдермен қарым-қатынасы болған.