4 Желтоқсан 2012, 11:36
КАРДИОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҚШКҚ АУРУЛАР ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми-зерттеу мекемесі. 1977 ж. Алматыда ашылды. Құрамында 10 ғыл. және 17 клиникалық бөлімшелер, 6 клиникалық бөлім: қан айналысының жіті түрде бұзылуы және қан айналысының созылмалы түрде бұзылуы бөлімшелерін қамтитын клиникалық бөлім; артериялық гипертония эпидемиологиясы мен профилактикасын, жүректің ишемиялық ауруы эпидемиологиясы мен профилактикасы бөлімшелерін қамтитын профилактикалық бөлімі; курортта (шипажай) емдеу, курорттық ресурстарды зерттеу бөлімшелерінен тұратын курортология бөлімі; ақпарат және патенттеу тобын қамтитын кардиологиялық қызметті жоспарлау және болжау бөлімі; ұйымдастыру-әдістеме бөлімі; иммунология бөлімін қамтитын клиникалық биохимия бөлімі; жүрек ауруларын оның қызметіне қарай анықтау (функционалдық диагностика), эксперименттік кардиологиялық лабораториялары, дәрігерлік кеңес – диагноз қою емханалары бар (2002). Сондай-ақ, Астана қ-нда ин-ттың бөлімшесі жұмыс істейді. Негізгі ғыл.-зерт. бағыттары: жүрек-қантамыр ауруларының алдын-алуға, диагностикасы мен емдеуіне баса назар аудару, атап айтқанда, эпидемиологияны, этиологияны және патогенезді зерттеу, сондай-ақ, атеросклероз, жүректің ишемиялық аурулары (стенокардия, миокард инфарктысы, инфарктен кейінгі кардиосклероз) мен гипертония ауруы; симптомдық артерия гипертониялары, жүрек соғысының бұзылуы, жүрек әлсіздігі, жүрек-қантамырының ревматизмі сияқты жүрек-қантамыры жүйесінің неғұрлым кең таралған ауруларына диагноз қоюда, емдеуде және айықтыруда жаңа әдістер жасап, жетілдіру; ішкі аурулар (ревматизм, гастроэнтерология, эндокринология, т.б.) және олардың пайда болу себептерін, дамуын, сондай-ақ, ол ауруларды асқындырмай емдеудің тиімді жолдарын іздестіру; республиканың курорттық ресурстарын зерттеп, курорттық емдеудің ғыл. негіздерін жасап, жүрек-қантамыр және басқа да органдар ауруларын емдеудің тиімді әдістерін енгізу жұмыстарын және Санитарлық-эпидемиол. ст. мамандарымен бірлесе отырып, індет ауруларына қарсы іс-шаралар (егу, жұқпалы ауруларды анықтау, аурудан жазылған адамдармен қарым-қатынаста болғандарды диспансерлік есепке алып, бақылау, т.б.) жүргізу. Ин-т ғалымдары электр анальгезиясына арналған құрылғы жасағаны үшін авторлық куәлік алды; гипертониялық кризді емдеу үшін коринфор, бутироксан препараттарын жасап, өндіріске енгізді; гелиотерапиямен (Күн сәулесімен), минералды сумен (ваннада) буын қабынуын (артритті) емдеу әдісін тапты; арнайы ерітінділерді қанға дәл өлшем, тамшылап құятын прибор – дозатор (өлшеуіш) ойлап шығарды. Қазір ин-тта мед. ғыл. докт., профессорлар Ж.Абылайұлы, Ә.Жүсіпов, М.М. Әбдікаримов, М.Төленов, А.Ж. Рысмендиев және С.Г. Шұратова, 29 ғыл. канд. жұмыс істейді (2002). Ин-т қызметкерлері 8 докторлық және 37 канд. диссертациялар қорғады. 12 монография, 6 ғыл. еңбектер жинағын, 1000-ға жуық ғыл. еңбектер шығарды. 24 авторлық куәлік пен 147 өнертапқыштық ұсыныстарға куәлік алды (2002). Ин-т Ресейдің (Санкт-Петербург) Экспериментальдік медицина ғыл.-зерт. ин-ты, Томск кардиология ғыл.-зерт. ин-ты, Мәскеудегі Ресей кардиология ғыл.-өндірістік кешені және АҚШ-тың Бирмингем ун-тіндегі кардиоваскулярлық аурулар бөлімімен, т.б. шет ел мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. 17 халықар. симпозиум, 11 ғыл.-тәжірибелік конференциялар, Қазақстан кардиологтарының бірінші (1991) және екінші съездерін (1998), Орт. Азия республикалары кардиологтарының 2-конгресін өткізді (2002).