4 Желтоқсан 2012, 11:32
Арпа (Hordeum) – астық тұқымдасына жататын бір және көп жылдық дақыл. Шыққан жері – Иран, Түркия, Армения. Адамдар неолит дәуірінде-ақ (б.з.б. 12 – 10 мың жыл) қолдан өсіре бастаған. Арпаның тамыр жүйесі шашақты. Сабағы – қуыс, биіктігі 30 – 135 см, жапырағы таспа пішіндес. Жемісі – дәнек. Арпа морфологиялық, биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес дақылдық Арпа, эфиоптық Арпа және аласа бойлы Арпа деп аталатын 3 түрге бөлінеді. Арпа дәнінде 45 – 67% крахмал, 7 – 26% белок, 7 – 11% пентозан, 1,7 – 2% сахароза, 3,5 – 7,0% клетчатка, 2 – 3% май, 2 – 3% күл болады. Қазақстанда дақылдық Арпаның дәні қос қатарлы және көп қатарлы екі түрі өсіріледі. Дәні қос қатарлы Арпаның дәні масағының ортасында ғана болады. Ол сыра қайнатуға пайдаланылады. Дәні көп қатарлы Арпа спирт өндірісінде (6 қырлысы), азық-түлік және мал жемі (4 қырлысы) түрінде пайдаланылады. Арпаның бұлардан басқа жаздық және күздік түрі бар. Жаздық Арпа Қазақстанның барлық облыстарында егіледі. күздік Арпа Қазақстанның оңтүстігі, оңтүстігі-шығыс аудандарында өсіріледі. Жаздық бидай мен сұлыға қарағанда оның түсімі жоғары әрі 10 – 15 күн ерте піседі. Арпаның Қазақстанда «Нутанс-970», «Бәйшешек», «Сәуле», «Қарағанды-4», «Күздік», «Оңтүстік Қазақстан-43», т.б. сорттары өсіріледі. Арпа зиянкестері швед, қаракөз, егеу, гессен шыбындары. Ауру қоздырғыштары қатты қаракүйе, тозаңды қаракүйе, ақұнтақ, т.б. Арпаны екпестен бұрын формалинмен немесе ерте көктемде, күзде гранозан, меркургексан препараттарымен дәрілеу қажет.
Арпа – дәнді - дақылдар тобына жататын біржылдық, екіжылдық және көпжылдық шөптесін өсімдік. Арпа, бидай секілді ертеден өсіріліп келе жатқан дәнді дақыл. Бидайға қарағанда, арпа ыстыққа да, суыққа да, құрғақшылыққа да төзімді. Ол тропикалық аймақтарда да, ыстық араб елдерінде де, суық солтүстік Норвегияда да, Тибетте 4700 м. биіктікте де өсе береді. Еуразия, Америка, Африкада арпаның 30-ға жуық түрі тараған. Арпаны жем және азықтық тағам үшін өсіреді. Бір гектардан 15-30 центнер өнім береді. Нәрлілік тұрғысынан да бидайға қарағанда, арпада қаныққан майлар қышқылының мөлшері едәуір артық, өзектер 40%-ға, тиамин 68%-ға, рибофлавин 250% -ға және лизин 38%-ға көп. Бидай аллергия туғызса, арпа ешқашан аллергия тудырмайды. Адамның денсаулығын жақсартуда арпаның пайдасы өте көп. Біріншіден, арпа дәні 10% ақуыздан, 65% көмірсулардан тұрады, сондықтан таңертең арпа ботқасын жесе, адам күні бойы сергек болып жүреді. Малдың ақуызына қарағанда, өсімдік ақуызы адам ағзасына толық сіңімді болып келеді. Құрамындағы 5-6% өзектер ас қорытуды жақсартады. Ал минералдар мен дәрумендер жиынтығы адам таңқаларлық: кальций, калий, цинк, марганец және темір минералдарына өте бай болса, дәрумендерден А, Д, Е, РР, В тобының бәрі бар. Сондықтан химиялық минералды дәрумендерді жегенше, құрамында табиғи минералдар мен дәрумендері бар арпа жеудің пайдасы зор. Сонымен қатар арпа ағзаны токсиндер мен шлактан тазартады. Арпаның тұндырылған суы қышыма, қотыр (грибок) жарасынан айықтырады.
Қолданылуы
Арпадан арпа ұнын, арпа жармасын, арпа квасын жасайды. Арпа ұнынан кондитерлік тағамдар өндіріледі.
Арпа жармасы
Арпа жармасының түктелген және түктелмеген екі түрі болады. Ақталған жармалық дәні ірі болады. Дәннің ірілігіне қарай ақталған арпа жармасы бес түрге бөлінеді. Ұнтақ жарма сіңімді келеді, әрі тез піседі. Жарманың бұл түрінен қоймалжың ботқа, котлет, запеканка т.б. әзірленеді. Ірі жарманы супқа салып, ботқа да пісіреді. Түктелмеген арпа жармасы ұнтақ, формасы әр түрлі болады. Бұл жарманы дайындағанда түктелмейді, сондықтан онда клетчатка көп болады. Арпаңың жармасы сортқа бөлінбейді. Ұнтақталған дәнінің ірілігіне қарай оның үш нөмірі болады. Бұдан ботқа пісіреді.