4 Желтоқсан 2012, 11:21
Абай жазған кейбір өлеңдердің қай кезде, не себепті айтылғаны туралы түсіндіру қосымшалар
1) "Кім екен деп келіп ем түйе қуған" деген бірауыз өлеңді ел ішінің бір кәрі кісісі айтып еді. Сол кісі бала жігіт күнінде ауылындағы бір әйелді төркініне ертіп барып, төркіні бір жауыр айғыр берген соң, соны алып екеуі қайтып келе жатқанда, Құнанбай ауылының жолда жатқан түйелерінің арасын аралап өтіп бара жатыпты. Сонда он жасар бала — Абай ауылдан тайға мініп шауып келіп, аты-жөнімізді сұрап алып, бұрылып жатып осы өлеңді айтты дейді.
2) "Аяғыңды аңдап бас, ей Жақсылық" деген өлеңінің айтылған реті; 1880 жылы Абай "Қоңыр Көкше" деген елге назначениемен (атап сайлау) болыс болғанда, Мырза деген таптың Жақсылық деген кісісі "борышымды елге бөліп салып, мені құтқар" депті. Борышты болғанда өзінің жарамсыз қылығынан борыштанса керек. Сонда Абай айтып еді деп, Көкбай марқұмның жиған өлеңінің ішінде жазылыпты.
3) "Айтшы, аға, неғып жеңілдің" деген өлеңді Лермонтовтың "Бородино" деген өлеңінен аударған екен. Бірақ соңғы уақытқа шейін ескеріліп жиналмағандықтан, мына аударманың ортасы да жоқ, аяғы да жоқ, ұмытылып қалыпты. Табылмады.
4) "Қан соғарда бүркітші шығады аңға" деген өлеңді Абай өзі 1881—1882 жылдары қостап салбұрынға барып, бүркіт алып, тазы, ит жүгіртіп, мергендерді апарып арқар, бұғы атқызған екен. Шыңғыс тауының сыртында ол кезде киік те, бұғы да болған. Арқар осы күнге шейін кездеседі. Мынау өлеңді сол 82-жылы жазса керек.
5) "Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ" деген өлеңді Көкбай Кенесары, Наурызбайды өлең қылып, Наурызбайдың Ақауыз деген атын сипаттағанда: "Сенің атың шыға шауып, жайылып қалатын болыпты", — деп, мына өлеңмен Ақауыз атты сипаттамақ болған екен. Бірақ артынан: "Бұл шіркіннің өзі де мес болып кетті ғой!" — депті.
6) "Жаздыкүн шілде болғанда" деген өлеңді 1886 жылы Бақанас деген өзеннің төменгі Керей жері — Көпбейіт деген қонысқа өзінің ауылы қонып жатқандағысын көріп жазыпты. Ақ көйлекті ақсақалы: сол жылы өзімен көршілес болып отырған Әнет табындағы Бармақ деген ақсақал еді. Құс салып жүрген бозбалалар — Ақылбай, Әбдірахман еді. (Бұл туралы да Көкбай естелігінде мағлұмат толығырақ. — М).
7) "Сорлы Көкбай жылайды" деген өлеңді Абай өзіне айтқан. Себебі 86-жылға шейін жазып жүрген өлеңдерінің барлығынын бұрын Көкбай айтты деп жаяды екен. 86-жылдың аяқ кезінде ғана өлеңдерін өз атынан шығарыпты.
Мынау өлеңді сол Көкбай болып шығарып жүрген өз сөздерін ойлап айтыпты (Бұл туралы да Көкбайдың естелігінде толығырақ айтылған. — М.). Мынау өлең түгел емес. Өйткені Көкбай марқұмнан басқа білетін кісі жоқ екен. Ол кісі: бірталай өлең еді, көбі есімде қалмапты — деп толықтыра алмады.
8) "Жамантайдың баласы Көжек деген" дейтін өлеңді Көжекбай дейтін Мамайға айтқан. Бұл Көжекбай басқа болыстағы Мамай ішінде Еламан табынынан. Көжекбайдың әкесі Жамантай Құнанбайға өкіл ата болып, Ұлжан бәйбішені өкіл қыз еткен екен. Жамантайды жерге таласып, төбелесіп, ағайыны өлтірген де, Құнанбай қоныс кестіріп алып беріп, "әкеден жас, ақылдан бос қалған" Көжекбай, Тезекбай, Мақыш деген үш баласын өз баласындай көріп, еркелетіп өсірген екен.
Сол: біздің ел бұзылғанда, жеңген жаққа шығатын халықтың жаман айласына шығып, болыс болған Күнтумен құда болған. Біздің жау ағайынымыз Жігітек табындағы Базаралы деген кісі бізден кетіп өздеріне еріп жүргенде, Көжекбайды бір топта: "Кімнің жүгі биік болса мысық сықылды қарғып шығатын енеңді ұрайын" деп боқтаған екен. Сол Көжекбай 1886 жылы Құнекең өлгенде Абайға: "Қажының басқа балалары жабдық әкелмеді, болыспады", - деп, Абайдың бауырларын шағыстыра бергенде жаңағы өлеңді айтыпты.
9) "Бөтен елде бар болса, Өжеттесің, сыйласың" деген өлеңді де сол Көжекбайға жаңағыдай мінезбен жүргенде айтыпты. Бірақ басы соған арналып басталса да, артын жалпыға бола айтып кеткен. Мұны Көжекбайға айтуының себебі: "Сабырсыз, арсыз, еріншек" деген өлеңді жазып болып оқыса, ылғи қасында атын ерттеп жүретін жолдас Қара сақау деген: "Көжекбай қалды ғой", — депті. Сол сөзден барып "Бөтен елдені" Көжекбайға арнап бастаса керек.
10) "Мынау келген Назар ма?" деген өлеңді Қанай руынан Назар деген бір аттың майын сұрай келгенде айтыпты.
11) "Ақ киімді, денелі, ақ сақалды" деген өлеңді 1884 жылы қатты жұт болып, қар сәуірдің 3-де кеткен. Сол қысты еске алып отырып, 1888 жылы жазған.
12) "Уағалайкүмүссалам, болыс, мал-жан аман ба" деген өлеңді өзінің құрбысы Күлембайға айтқан. Бұл Мұқыр еліне атасы ел билемеген болса да, дәулетінің арқасында болыс болса керек, соның мінездерін қалжың қылып әлгі өлеңді айтқан.
13) "Бұралып тұрып, буыны құрып" дегенді Көкбайдың бір мінезін ұнатпай қалып айтқан екен. Көкбай артынан сұрап алып, жыртып тастапты. Сонымен ерте кезде жарыққа шықпаса да, артынан Көкбай ақсақалдың өзі айтты (Бұл туралы да Көкбайдың естелігінде бірталай сөз бар. — М).
14) "Болыс болдым, мінеки" деген өлеңді де жаңағы Күлембайға: 1888 жылы Бақанас деген өзендегі чербечшнай съездегі түрін көріп айтқан.
15) "Біреуден біреу артылса" деген өлеңді Әсет деген ақынға айтқан. Мұны 1889 жылы балалары үшін сақтаған еді. Әсет: терісі тар, ызақор, өзін-өзі әлденелік көріп отыратын адам еді. Сол мінезінен шығарып айтқан.
16) "Мәз болады болысың" деген өлеңді 1890 жылы Семейге барон Таубе деген Ақмола, Семей облыстарының генерал-губернаторы келіп, бірсыпыра болыс-билерге шекпен, қылыш сыйлағанда, шекпен алғандардың есі шығып қуанғандарына ыза болып жазып еді дейді.
17) "Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін" деген сөздің ішінде бір ауыз өлеңмен: Әріп, Көкбай, Шәкәрім үшеуінің үш өлеңін қағытып мысқылдап айтқан (Бұл туралы Абайдың өмірбаянын қара. — М.).
18) "Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай", "Күз" өлеңінде көбінесе өзінің бір туысқан ағасы Тәңірбердінің ауылын көріп отырып айтқан. Әсіресе соның ішінде бұрынғы басылымға кірмей қалып, осы жолы қосылған: "Бай үйіне кіре алмас тура ұмтылып" деген жолдан басталатын екі ауыз өлеңді сол ағасы мен жеңгесінің бала асырағанына арнаған. Бұлар Дінісләм деген немересін үнемі аңдып: "Тамағыңды үйде отырып іш", — деп, тысқа шығармай, баланың асын жалғыз ішкісі келмей отырғанын көріп айтқан екен.
19) "Қара қатын дегенге қара қатын" деген өлеңді өзінің қасында жүретін жолдас ертекшісі Баймағамбеттің үлкен қатыны қара қатынға қалжыңдап айтқан.
20) "Ата-анаға көз қуаныш" деген өлеңді Ақылбай деген үлкен баласына ренжіп, талапты болмадың деп айтқан.
(Ақылбай күндегі өмірде талапты, пысық болмаса да, Абайдың балаларының ішіндегі ең таланттысы болған. Бұл ірі ақын және музыкант, домбырашы, скрипкашы, ән шығарғыш болған. Мұның шығарған екі үлкен әңгіме өлеңі бар: бірі — "Дағыстан", бірі — "Зұлыс" деген. — М.)
21) "Ажының жақсы-ақ қызы едім" дегенді жаңағы Қара қатынның атынан Баймағамбетке: "Сенің қатының осылай деп айтып отыр",- деп, бір күні тысқа шығып, қайта үйге келгенде айтып кірді.
22) "Антпенен тарқайды, жиылса кеңеске" деген өлеңді 94-жылы болған болыстық съездегі билердің мінезінен жазып еді.
23) "Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең" деген өлеңді Қыздар деген досына айтқан. 1894 жылы Оспанның үлкен үйіндегі келіні Еркежанды алып, сол жылы болыстық съезд қыла елге шыққан. Сонда Қыздар қалжыңдамақ болып, Абай бұрын ішсе асқа, кисе киімге жарымай жүрген кісідей: "Биыл үлкен үйге кірген соң тойып, тойынған екенсің",— депті. Жаңағы өлеңді соған ыза болып айтқан. Бұл бірсыпыра өлең еді, ертеңіне Қыздар жалынып сұрап алып, отқа тастап жібереді. Бұл өлеңдегі Лекер, Бітімбай, Аталық, Жанқожа дегендер — Көкең табынан шыққан, бұрынырақ өткен, жақсы адамдар. Байұзақ Қыздардың ағасы, бірақ бұл кезде тұғырдан түскен. Дауылбай қандыбалақ ұры, айпар-жайпар, жалмауыш, жегіш, жұтқыш дегені. Шотқара Қыздардың атасымен теңдес Бәкеңнің бір табы Айтқожа деген епті, жұғымды адам. Шотқара табындағы Досақ — Бәкең ішіндегі Қыздардың табы.
24) "Масақбай мен қатынын" айтыстырған Абайдың езі. Масақбай Абайдың інісі Ысқақ ауылының көршісі болған. Қатыны да, байы да ұрысқақ болып, мінездері сыйыспаған соң, соларды қалжың қылып айтқан.
25) "Сұлу аттың көркі жал" деген өлеңді өз ауылының бір көршісі Көжекбай дегеннің баласы Рахымшалға арнап айтқан. Рахымшал — бос, болжыр жігіт болса керек. Соның бір мінезін кешке дөң басында отырып көріп, сол жерде айтыпты.
26) "Соры қалың соққы жеген пышанамыз" деген өлеңді "Дала уалаяты" деген газетке төменгі елдің біреуі Абайды "әкесіне ас бермеді. Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі, ата жолын қумаса, онандағы өлсе игі" деп жазған.
Сол сияқты Оразбаймен жауласып жүргенде бөтен елдің осындай адамдары Абайды Оразбаймен бірге жаулап, кейбірі приговор да жасасып беріп жүргендерінен жаңағы өлеңді айтқан.
27) "Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын" деген өлеңді Абайдың өз ауылындағы Ғабидолла Ғабитхан ұлы деген жігітке айтқан. Бұл бір уақыт сауда қылып, мал тапқанына масайып, білімді кісімсіп, қалай болса солай сөйлесіп, мағынасыз сөз таластыра бергеннен айтып еді.
28) "Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?" деген өлеңді 1898 жылы тісі түскенде айтты.
29) "Белгілі сөз, өлді, өлді" дегенді өзінің кедей көршісі Жаманбала дегеннің баласы өлгенде айтты.
30) "Жылуы жоқ бойының, жылмиғаны неткені?" дегенді Мұқыр болысындағы өзінің жақсы досы Дұтбайға айтқан. Бұл бір болыс Мұқырдағы Көкшенің бас адамы болған. Артынан Абайдың Кұлбадан деген әйел баласын өз күйеуі өлген соң, осы ағасы Дұтбай алған, байға күйеу болған, бірақ дос, жақын болса да, мінездерін ұнатпағандықтан осылайша өлең қылған.
31) "Қуанбаңдар жастыққа" деген өлеңнің айтылған реті: біздің елде Ысқақ Махмудов деген қазақтан қыз алып, қазақ ғұрпына түсіп кеткен ноғай бар еді. Соның балалары Қүнекеңнің балаларынан қыз алып, қыз беріп, құршасқан құда, дос, туысқан болып кеткен. Соның бір-екі немерелері: Сыдық, Қабиолла деген бала жігіттер біздің үйге келіп отырғанда, соларға арнап осы өлеңді айтқан.
32) "Осы қымыз қазаққа мақтаның ба, асың ба?" деген өлеңді де сол күні, сол жерде қымыз ішіп, қызып отырғандарға арнап жазып еді.
33) "Мына отыр Разақ" деген өлеңді Разақ деген жігітке айтқан. Бұл Абайдың аймағындағы Қожалардың ауылының жігіті. Осы бір жылы Абай аулына келіп, Абайдың өз үйіне барғанда өзінің құрдасы, Абайдың баласы Әубәкірдің үйінде айтқан.
Мұхтар Әуезов