4 Желтоқсан 2012, 11:04
Қарағанды – қала, Қарағанды облысының әкімшілік орталығы; Қазақстандағы көмір кені өндірілетін байырғы өнеркәсіп, өндіріс орталығы. Петропавл – Шу темір жолының бойындағы ірі темір жол стансасы, әуе, автомобиль қатынасының маңызды торабы. Алып жатқан жерінің аумағы (577 км2) жағынан республикадағы ең үлкен, халқының саны бойынша (446,2 мың адам; 2006) төртінші (Алматы, Астана, Шымкенттен кейін) қала. Қаланың іргесі Қарағанды көмір алабының орталығындағы шахтерлер тұратын кенттердің негізінде қаланды. Тұрғындарының тез өсуіне байланысты 1934 ж. қалаға, 1936 ж. облыс орталығына айналды.
Сарыарқаның ұсақ шоқылы, сәл белесті жазығының орта тұсында, жазда тартылып қалатын Бұқпа өзенінің екі жағалауында орналасқан. Климаты айқын континенттік, қысы суық, ұзақ, қары жұқа, боранды; жазы ыстық, құрғақ, аңызақ желді келеді. Қаңтардың жылдық орташа температурасы –16°С, шілденікі 20°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 350 мм. Қаланы сумен Нұра өзені, Ертіс-Қарағанды каналы, жер асты сулары қамтамасыз етеді. Жері сортаңды, күңгірт-қоңыр топырақты келеді. Қараған, тобылғы, әр түрлі шөп, сұлыбас, қызғылт селеу, т.б. дала белдеміне тән өсімдіктер өседі. Қаланың 170 жылдық тарихы бар. Қараған көп өсетіндіктен қала “Қарағанды” деп аталған. Бұл жерден 1833 ж. Аппақ Байжанов тас көмір тапқан. Игілік Өтепов деген бай Қарағанды өңірін Никон Ушаковқа 250 сомға сатқан. Орыстың кен кәсіпкерлері Ушаков пен Александр Рязанов 1856 жылдан бастап Қарағандыдан көмір өндіре бастайды. 1899 ж. Рязановтың мұрагері кен орнын француз концессионеріне сатты; ал 1907 ж. кен орны ағылшын концессионерлерінің қолына көшті. Қазан төңкерісінен кейін Қарағанды шахталары мемлекет меншігіне айналды. 1920 – 30 ж. жүргізілген барлау жұмыстары мұнда көмір қорының мол екенін анықтады. 1929 ж. “Қазаққұрылыскөмір” тресі құрылды. Алғашқы бес жылдықта Қарағандыда ірі көмір өндіру орталығы пайда болды. Шахталарды кен қазатын құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Қарағанды көмірін Оралға, Батыс Сібірге, Орта Азияға жеткізу үшін темір жолдар салынды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдары Қарағанды көмір алабы қорғаныс өнеркәсіптерін, темір жол көлігін көмірмен үздіксіз қамтамасыз етіп отырды. Кеңес өкіметі тұсында Қарағандыда өнеркәсіп саласы кеңінен дамыды. Жаңа бас жоба бойынша қаланы кешенді салу 1960 ж. басталды. Индустриялық негізде Майқұдық, Оңтүстік-Шығыс ірі тұрғын массивтері салынды. Қаланың орталық бөлігін – Жаңа қаланы салу негізінен аяқталды. 1960 – 85 ж. аралығында әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы нысандары бар, инженерлік жағынан толық қамтамасыз етілген 20-дан артық шағын аудандар тұрғызылды. Елді индустрияландырудағы үлкен рөлі, 2-дүниежүзілік соғыста ел экономикасын қамтамасыз етуге қосқан зор үлесі үшін қала 1984 ж. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.
Елдің нарықтық экономикаға өтуіне байланысты 1990-жылдардың ортасынан бастап Қарағандыдағы кәсіпорындар мен мекемелер жекешелендіріле бастады. Өнеркәсібінің басты саласы – тас көмір өндіру. Олармен “Қарағандыкөмір”, “Көмір-Инвест”, “Трансэнерго” ЖШС-ларының ірі кәсіпорындары шұғылданады. Бұлардан басқа тау-кен, т.б. шикізат өнімдерін өндіретін, қаланы электр, газ, сумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар жұмыс істейді.