Абайтану

29 Қазан 2014, 06:48

Абайтану — қазақ әдебиеттану ғылымының саласы. Абайтану Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық өнері, философиясы туралыеңбектерін қамтиды.

Абайтану — қазақ әдебиеттану ғылымының саласы. Абайтану Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық өнері, философиясы, қоғамдық, эстететикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерін қамтиды. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы , Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады.

Ахмет Байтұрсынұлы 1913 ж. «Қазақ» газетінде басылған «Абай — қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» — деп Абайды аса жоғары бағалады.
Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болған соң ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік. Жарық көруінен бірнеше жыл бұрын құрастырылып, 1909 ж. Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен «Ескендір», «Масғұт» поэмалары басылғаны, яғни осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуық қамтылды.
Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын. Абайдың бастамасы, алғашқы деректік арнасы ретінде осы 1909 ж. жарық көрген Абай шығармаларының тұңғыш жинағын, оған кірген Кәкітай жазған ақынның тұңғыш өмірбаянын айтуға болады. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары бірлі-екілі ғана екенін және ақынның өз қолжазбалары сақталмай, шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткені ескерілсе, бұл тұңғыш жинақтың мәні зор екені анық. Басқа жекелеген қолжазбалардың көлемі шағын, оларда Мүрсейіт қолжазбасында жоқ өлеңдердің орны көп толыға қоймаған. Сондықтан олар қосымша деректер ретінде бағалануы орынды.
Ал кейінгі жинақтарды айтқанда, бір топ бұрын жарық көрмеген жаңа өлеңдері 1916 ж. Орынборда Самат Әбішұлы бастырған «Абай термесі» атты кітап та жарияланды. 1922 ж. Ташкентте, Қазанда басылған жинақтар бұрын жарияланған шығармаларды қамтиды. Ташкентте шыққан жинаққа сын пікір ретінде Ілияс Жансүгіров 1923 ж. «Тілші» газетінде «Абай кітабы» атты мақала жазып, бір алуан қате басылған сөздерді қалай дұрыстап оқу керек екендігін нанымды дәлелдеді.
Ақынның көзі тірісінде 1903 ж. Санкт-Петербургте Бөкейханов берген мағлұматтар бойынша басылған «Ресей. Біздің Отанымыздың географиялық баяны» атты көптомдық жинақтың 18-кітабында А. Сидельников жазған мақалада: «Абай — қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың өкілі» деген баға берілгенін көреміз. Абай шығармалары жеке кітап болып басылғанға дейін-ақ халық арасына қолжазба түрінде және ауызша тараған. Байтұрсынов ақын өлеңдерімен 1903 ж. қолжазба арқылы танысқанын айтады. 1914 ж. Мәскеуде жарық көрген «Восточный сборник» атты кітапта Абайдың өмірі мен шығармалары туралы мағлұмат келтіріліп, бірнеше өлеңінің мазмұны орыс тілінде қара сөзбен берілген. 1914 ж. Санкт-Петербургте шыққан «По киргизской степи» деген кітабында Дмитрий Львович «Татьяна хаты» ел ішінде әнге салып айтылып жүргенін ескертеді.
Абай өлеңдері төңірегінде 20-жылдарда, одан кейінгі кездерде айтыс-тартыс көп болды. Осыған орай Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» атты 1913 ж. жарияланған мақаласындағы Абайға берген бағасы, ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы алатын орнын анықтауы, өнерпаздық өзгешелігін, асқан шеберлігін тануы шынайы ғұлама ғалымға тән айрықша көрегендіктің, білгірліктің, өлең сөздің қадірін терең бағалай алатын ақындық сезімталдықтың, талғампаздықтың үлгісі деуге лайық. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатовқа ілесе Абай шығармашылығы жайында үлкенді-кішілі мақала жазып, ақын өлеңдерін жұртшылыққа танытуға Н. Рамазанов, Ғ. Сағди, Ы. Мұстамбайұлы және Н. Н. Белослюдов, т.б. ат салысты.
Абай шығармашылығына қайтадан жүйелі, дәйекті түрде дұрыс көзқарастың қалыптаса бастағанын 1933 ж. М. О. Әуезов бастырған жинақтан (мұнда Әуезов жазған ақынның өмірбаяны берілген) және 1934 ж. жарық көрген Ілияс Жансүгіров, Ахмет Жұбанов секілді белгілі әдебиет, ғылым қайраткерлерінің мақалаларынан байқауға болады. Әуезов Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерді. Ол «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүние жүзі оқырмандарына танымал әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек атқарды. Оның Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі болып табылады. 1933–57 ж. аралығында ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіт қолжазбалары негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957 ж. «Ғылым» баспасынан жарық көрген, Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының Абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атау қажет. Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты.
Абайтану тарихы
Абайтану тарихы 1889 жылы басталып, қазақ әдебиетінде 50-жылдары өpic алды. Бұл мөселені тұңғыш рет сөз етіп, өз алдына арнайы түрде зерттеу қажеттілігі ең алдымен Мұхтар Әуезовтің, сонымен бірге Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Самұратұлы Ысмайылов, Митрофан Семенович Сильченко, Әбіш Мұсылманқұлұлы Жиреншин еңбектерінде көрініс тапты.
Академик Қ. Жұмалиевтің жетекшілігімен осы тақырыпқа «Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деп аталатын кандидаттық диссертация қорғалып, ақын мұрасы туралы жазылған еңбектердің тұңғыш библиографиялық көрсеткіші «Абай Құнанбаев» деген атпен жарық көрді (1965).
Осы еңбектер негізінде М. Мырзахметұлының «Абайтану тарихы» деген тақырыпта монографиялық ғылыми-зерттеу жұмысы жарияланды (1994). Ендігі жерде абайтанудың негізін салушы Әуезов дәуірін аяқтап, 1965-1995 жылыаралығындағы Абайтану тарихын жазу міндеті алға шықты. Абайтану саласындағы ақтаңдақтар қатпары жазылып, бұрын назардан тыс қалған мақалалар мен зерттеулер арнайы топтастырылған жинақ «Абайды оқы, таңырқа» деген атпен оқырман қолына тиді (1993). Абай тарихы жоғары оқу орындарында 1966 жылдан бастап арнайы курс ретінде бастады.
Абайтану тарихы — бүгінде үдере дамып, өсу, өркендеу жолында қызу түрдегі пікірталас үстінде қалыптасқан Абайтанудың іргелі саласының біріне айналды. Абайтану жөніндегі ой-пікірлер арнайы түрде зерттеу нысанасына алынбаса да зерттеушілер тарапынан Абай мұрасының бір саласын зерттеу үстінде жанама түрде айтылса, екіншілері оған арнайы тоқталып пікір айтса, үшіншілері Абайтану саласының жалпы қалыптасу жолына орай қарастырса, соңғылары Абай мұрасының жариялану тарихына орай пікір қозғады. Ал Абайтанудың негізін салушы Әуезов болса Абайтану жөніндегі ой-пікірін елуінші жылдар ішінде Абайтанудан оқыған дәрістерінде сөз ете бастаған еді.
 
Бөлісу: