АБАЙ (Ибраһим) Құнанбаев

29 Қазан 2014, 08:38

АБАЙ (Ибраһим) Құнанбаев [1845, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Абай ауд. Қасқабұлақ жайлауы — 1904, сонда, Балашақпақ жайлауы, бейіті Жидебайда)] — ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор.

АБАЙ (Ибраһим) Құнанбаев [1845, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Абай ауд. Қасқабұлақ жайлауы — 1904, сонда, Балашақпақ жайлауы, бейіті Жидебайда)] — ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор. Абайдың әкесі Құнанбай 4 әйел алған. Оның бәйбішесі Күңкеден — Құдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі Ұлжаннан — Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан — Халиулла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген кіші әйелі, М. Әуезовтің әпкесі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ. А-дың «Атадан алтау, анадан төртеу...» едім дейтіні осыдан. Болашақ ақын сабырлы мінезіне, кең пейіліне сай ел анасы атанған «кәрі әжесі» Зеренің мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы мінезді, әзіл-қалжыңға шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. А. бала кезінде ширақ, пысық болмағанымен, елдегі шешен, ақын, ертегішілер әңгімесін тез ұғып алатын зеректігімен, ынталылығымен ерекшеленген. Шортанбай, Дулат, Бұқар жырау, Марабай, Шөжелерді тыңдап өскен. Анасы Ұлжан да шешен болған, сөз қадірін білетін ортада өскен кісі. А. сегіз жасында әуелі сол «Ескітам» медресесінде дәріс тыңдап, ауыл молдасы Ғабитханнан оқыған. Әкесі оның зеректігін байқағаннан кейін, 10 жасқа толған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Онда А. 3 жыл оқыған. Медресенің үшінші жылында ол осы қаладағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, онда 3 ай орысша оқиды. Абай өз бетінше көп уақытын сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденеді. А. бір жағынан шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми тағы басқаларды оқыса, екінші жағынан А.С. Пушкин, А.И. Герцен, М.Е. Салтыков-Щедрин, Н.А. Некрасов, М.Ю. Лермонтов, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов, Ф.М. Достоевский, И.С. Тургенов, Н.Г. Чернышевский мұраларын оқып, терең таныс болған, Батыс әдебиетінен Гете, Дж. Байрон сияқты ақындарды оқып, Дрепер, Спиноза, Спенсер, Льюис, Дарвин сынды ғалымдардың еңбектерін зерттейді. Есейген шағында, осы өзі оқыған философ, ақын, ғалымдармен тең дәрежеде пікір таластырып, олардың ішінен ірі ақындардың өзіне әсері болған кесек туындыларын қазақ тіліне аударған. Аударған өлеңдері көркемдік жағынан негізгі нұсқасымен тең түсіп, кейде асып та жатады. Құнанбай А-дың өзге балаларынан өзгеше зеректігін ерте сезіп, оны ары қарай оқытпай қайтарып алып, ел ісіне араласуға баулиды. Сөйтіп, 13 жастағы А. әке ықпалымен әкімш.-билік жұмыстарына араласады. А. әке қасында болған жылдарда қазақ даласындағы әлеум. өмір қайшылықтарын жан-жақты тани түседі. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты мен парақор орыс әкімдерінің, жергілікті жарамсақ болыстар әрекеттерінің халық тағдырына кеселді, зияндылығын айқын түсініп, соған қарсы батыл қимылдар жасаған. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты мен оның аярлығын түсінбей өзара қым-қиғаш айтыс, тартысқа түскен, танымы таяз болыстар мен ел билеушілеріне қарсы күресуге бел буған А. болыс сайлауына түсіп, жеңіп шығады. 1875 — 78 ж. Қоңыркөкше еліне болыс болады. Бұл жылдары өз қолындағы билікті пайдаланып, әділдік таразысын тең ұстауға күш салды. А., кейіннен, 1886 ж. досы Михаэлистің ұсынысымен, Семей обл. статистика к-тінің толық мүшесі болып сайланды. Ел басқару қызметінде барынша әділ болып, халық қамын ойлаған, «тура биде туған жоқ» принципін ұстанған. А. ғұмырының соңына қарай пенделік шаруалардан бойын аулақ салып, уақытының көбісін шығармашылыққа арнаған. А. үш әйел алған. Бәйбішесі Ділдәдән — Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия, Райхан; екінші әйелі Әйгерімнен — Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл, Кенже деген 7 ұл, 3 қыз сүйген. А. өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған...») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері — «Йузи-рәушән», екіншісі — «Физули, Шәмси». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 — 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. А. лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда көп салалы, көп қырлы болып келеді. Ол қазақ поэзиясында тіл кестесіне, сөз қолдануына да жаңа сипат дарытқан ақын. А-дың ұлылығын танытатын өлеңінің бірі — «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес». А-дың өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар мол. «Сегіз аяқ», «Сен мені не тесің», «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жаз», (Жаздыгүн шілде болғанда) «Желсіз түнде жарық ай», «Болыс болдым, мінеки», «Қызарып, сұрланып», «Келдік талай жерге енді», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», «Көк тұман — алдыңдағы келер заман» секілді өлеңдері қай жағынан болса да, мүлде тың дүние, шығармашылық жаңалық. А. «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» поэмаларын жазған. Олардың үшеуі де шығыс халқына ортақ сюжетке құрылған. А-дың филос., көркемдік, әлеум., гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі — қара сөздері. А-дың қара сөздері (Ғақлия) — ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классик. стилде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық алты бөлек шығармадан тұратын А-дың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. А. өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. А-дың қара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Кейіннен, А-дың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды. А. муз. саласында да мол мұра қалдырып, қазақтың муз. өнерін дамытты. Қазіргі уақытта ақынның 27 әнінің 36 нұсқасы нотаға түсірілген. А. қазақтың ән-күй творчествосын ерекше бағалаған. Бірақ ән атаулының бәрін қабылдамай, оның да «естісі мен есері барын» айтып, «Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күйді» ғана ұнатқан. А-дың ән творчествосы қазақтың халық музыкасының тарихында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Айттым сәлем, қаламқас», «Ата-анаға көз қуаныш», «Сұрғылт тұман», «Желсіз түнде жарық ай», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Амал жоқ, қайттым білдірмей» («Татьяна хаты»), «Қараңғы түнде тау қалғып», «Ішім өлген, сыртым сау», т.б. әндері арқылы ол халықтың ән творчествосын сан жағынан байытып қана қойған жоқ, сондай-ақ қазақ поэзиясында жаңа өлшем, жаңа түр тапқаны сияқты, қазақ әніне де жаңа әуен-ырғақ, жаңа үн, өлшем мен түр ала келген жаңашыл композитор болды. А.Жұбанов пен Л.Хамиди оның әндерін операға пайдаланса, Е.Брусиловскийдің «Жалғыз қайың», А.Жұбановтың «Абай» атты симф. поэмалары, С.Шабельскийдің фортепьянолық триосы, М.Скорульскийдің фортепьянолық квинтеті А. әндерінің негізінде туды. А. өлеңдеріне М.Төлебаев, С.Мұхамеджанов, Н.Тілендиев, Н.Меңдіғалиев, Ә.Еспаев, М.Қойшыбаев, С.Тұрысбеков, т.б. композиторлар өздерінің ән-романстарын жазды. Төлебаевтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», А-дың шығармаларынан Солт. Қазақстан өнер, әдебиет, мәдениет қайраткерлері де мол үлгі-өнеге алды. Қалың жұртшылық әлі күнге оның өлмес ән-мұраларын сүйіп тыңдайды. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде, халықар. деңгейде мерекеленді.

Дереккөздері:
Шығ.: Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңдері, СПБ, 1909; Шығ. бір томдық толық жин., А., 1961; Шығ. толық жин., 1—2-т., А., 1977; Таңдамалы өлеңдері, А., 1985; Шығ. жин., 1—2-т., 1986; Шығ. толық жин., 1—2-т., А., 1995.
Әдеб.: Байтұрсынов А., Қазақтың бас ақыны, «Қазақ», 1913; Әуезов М., Әдебиет тарихы; Сабитов Н., Абай, Библ. көрсеткіш, А., 1954; Абай, энциклопедия. А., 1995: «Қазақстан» ұлттық энцилопедиясы,1-том, А., 1998.
 
 
Бөлісу: