КАНТ (Kant) Иммануил (22.4.1724, Германия, Кенигсберг (қазір Ресей иелігіндегі Калининград) – 12.2. 1804, сонда) – неміс философы, неміс классикалық философиясының негізін салушы. Бар өмірі Кенигсбергте өткен, сонда ун-т бітірді (1745), ун-ттің 1755 – 70 ж. доценті, ал 1790 – 96 ж. проф-ы болды. К. шығармашылығы төрт кезеңге бөлінеді: 1) жаратылыстану саласындағы ғыл. ізденістер кезеңі, ол “Жалпыға бірдей жаратылыстану тарихы және аспан теориясы” (1755) туындысымен аяқталады. Бұл кезеңнің негізгі өзегі – табиғаттың дамуы мәселелеріне арналды. Бұл идея метафиз. көзқарасқа берілген алғашқы соққы болды; 2) метафизикалық зерттеулер кезеңі, онда К. вольфтік философиядан гносеологияға қадам басты және Сведенборг мистикасын сын тезіне алды (“Аруақшыл адамның қиялы”, “Сезім дүниесі мен парасат дүниесінің формасы мен негіздері туралы”), (1770); 3) сын кезеңі. Қс жүзінде мұнда гносеология жасалады және таным теориясына субъект пен оның қызметі енгізіледі. Бұл кезең “Таза зердеге сыннан” (1781) басталып, сонан соң “Практикалық ақылға сын” (1788), “Пікір қабілеттілігіне сын” (1790) сияқты, іргелі еңбектерде жалғасын тапты. Кейбір философия тарихшылары К-тың осы еңбектерінен кейін философияның бүкіл тарихын “сынға дейінгі” және “сыншылдық” кезеңге бөлді, мұның өзі оның жалпы философияға орасан зор дәрежеде ықпал еткендігін көрсетеді; 4) К. шығарм-ның соңғы кезеңі логика, педагогика, физика, география және антропология туралы дәрістерінің жариялануымен сипатталады. Мұнда ол гносеология мен табиғат метафизикасының арасындағы байланыстырушы буынды табуға тырысты. К. өзіне дейінгі ойшылдардың эмпиризм мен рационализм саласындағы сыңаржақ кеткен кемшіліктерін көрсете отырып, философияда бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық ашты. Ол бұл жаңалықты философиядағы “коперниктік төңкеріс” деп атады. К-қа дейінгі ойшылдар табиғатты зерттей отырып, болмысты, материяны философияның негізгі нысанына айналдырса, ол керісінше, филос. талдау-ойлауға, идеяға, ақыл-зердеге, субъектіге бағытталуға тиіс деді. Ал болмыс, материя, объекті осы ойлауға, идеяға, ақыл-зердеге, субъектіге бағынады және солардан келіп шығады деп білді. Мұның өзі К-тың сол уақытқа дейін кеңінен орын алып келген таным теориясындағы және философиядағы көзқарасты толығынан қайта қарап, жаңа ілімнің, ағымның іргетасын қалағанын көрсетеді. К. таным процесіндегі қайшылықтарды кеңінен ашып, олардан шығудың жолын көрсетті. Ол адамның таным қабілетін: сезім, пайым және зерде деп үшке бөледі. Таным процесін бұлай үшке бөлу философия тарихында Қайта өрлеу дәуіріндегі Николай Кузанскийдің шығармасында алғаш рет байқалған болатын. Бірақ К. таным процесін басқа тарихи жағдайда басқаша қарастырды. Оның мақсаты – жаңа дәуірдегі эмпиризм мен рационализмнің тар өрістілігінен шығып, оларды өзара ымыраластыру еді. Сондықтан ол априорлы (лат. априорлы – тәжірибеден тыс пайда болған ұғым, ой, идея) синтет. пікірдің жаратылыстану саласында қандай орын алғандығын көрсету үшін білімдердің әр түрлі салаларын алды. К., ең алдымен, математиканы, жаратылыстануды және метафизиканы (философияны) априорлы синтет. тұжырым арқылы талдай келіп, таным процесінің қалыптасуы мен белгілі бір сатылардан өту жағдайын көрсетті. Осыдан математика – сезімділікке, жаратылыстану – пайымға, метафизика, яғни философия – зердеге қатысты екені анықталды. К-тың “Таза зердеге сын” еңбегінің трансцендентальды эстетика деп аталатын бөлімі сезімнің формалары туралы ілім. Сезімнің априорлы формалары – уақыт пен кеңістік, математика ілімімен тығыз байланысты болғанымен, олардың дүниетанымға тікелей қатысы бар. Кеңістік – априорлық танымдағы сезімділіктің сыртқы формасы, ал уақыт болса – сезімділіктің ішкі формасы. Міне, осы анықтамасы арқылы ол өзіне дейінгі философтардың сезімділіктің формалары – кеңістік пен уақытты тек онтологиялық түрде, яғни оларды заттардың өмір сүруінің формалары ретінде қарастыруына қарсы шықты. Сөйтіп, К. уақыт пен кеңістік жаратылыстану саласындағы ұғымдар ғана емес, олар дүниетанудың сезімдік формалары екендігін философия тарихында алғаш рет айқындап берді. Мұндай көзқарас уақыт пен кеңістікті метафизикалық тұрғыдан пайымдап келген жаратылыстану саласының өкілдеріне ғана емес, сондай-ақ, осы формаларды филос. танымдық негізде түсіне алмаған ойшылдарға да қарсы бағытталған. Өйткені, әрбір ғалым, әсіресе, жаратылыстану саласымен айналысатындар белгілі бір нысанды уақыт пен кеңістік арқылы зерттеп тани алады. К-тың айтуынша, сыртқы дүние біздің сезім мүшелерімізге әсер ете отырып, көптеген түйсіктер жинақтаған материалдар мен фактілердің пайда болуына жол ашады. Бірақ, олар тек құбылыстарды, заттарды бейнелейді. Олар әлі де білімге әкелмейді. Ал бұл құбылыстарды білу – адамның ойлау қызметінің жемісі. Ендеше, таным туралы ғылым, ол ең алдымен ойлау туралы ғылым – логика.
К-тың “Таза зердеге сын” еңбегінің негізгі бөлігі “трансцендентальды логика” (лат. трансцендентальды – аттап өту) білім категорияларының пайда болуын қарастырды. Философияда білім, ұғым, сана, идея тәжірибе арқылы пайда болмайды, оны аттап өтеді. Ал тәжірибе білімдердің жиынтығынан пайда болады. Сезімділік формалары жинақталған материалдар мен фактілер белгілі бір ұғымдар арқылы анықталуға тиісті. Осы заттар мен құбылыстар пайымдау категорияларын тудырады. Категориялар, К-тың айтуынша, тәжірибе заттарындағы объективті, жалпы және қажетті байланыстардың пайымдық синтезінің формалары. К. зерденің кемшілігін таным теориясынан аңғарып қана қоймай, оның практикалық өмірдегі мәнін анықтауға да ұмтылды. Бұл жағынан алғанда оның зерде туралы ілімі екінші бір қырынан көрінеді. “Мен нені білуім мүмкін?” деп сұрақ қойған К. оған “Практикалық зердеге сын” деген шығармасында жауап беруге тырысты. Бұл шығарма негізінен этика мәселелерін, яғни адамгершілік, мораль, парасат мәселелерін және оларды шешуді қамтиды. Сөйтіп, К. теориялық зердеден, оның шешілмейтін шым-шытырық қайшылықтарынан – практикалық зердеге қарай өтті.
К. адамның еркі, бостандығы туралы мәселелерде, негізінен алғанда, француз ағартушылығының, әсіресе, оның көрнекті өкілі Ж.-Ж.Руссоның ықпалында болғандығы байқалады. Сондықтан К. тірі жандардың ішінде ең саналысы – адам деп санады. Осы мәселелерді өзінің “Практикалық зердеге сын” деген шығармасында жан-жақты талдады. Атап айтқанда, философ еркіндіктегі себептілік идеясы арқылы жаңа заман ойшылдарының біразына сын айтты. Ол, әсіресе, Спинозаның жалпыға тән себептілікті қамтамасыз ету ілімін барынша сынады. К-тың ойынша, адамның адамдығын айқындайтын нәрсе – парасат пен адамгершілік. Ендеше, адамгершіліктің өзі адамның еркіндікте екендігін көрсетеді. Сонымен бірге адамгершілік, парасат адам баласының бақытқа қарай ұмтылуымен тығыз байланысты. Бірақ бақыт деген ұғымның өзі эмпирикалық, оның өзгеруі мен дамуы белгілі бір дәуірдің жағдайымен байланысты. Ендеше, адамгершілік деген не? Біз адамгершілікке ие болған адамды қалай қалыптастырамыз? Шындығында, ондай адамды қалыптастыру үшін материя керек. Ендеше, бұл мүмкіндіктің жүзеге асуы үшін, ол адамгершілік болуы үшін форма қажет. Мұндай категориялы форма, К-тың ойынша, парыз деп аталады. Егер адам белгілі бір іс-әрекетте парызға сәйкес іс атқарса, ондай адамда адамгершілік бар, ол парасатты. Алайда, адамның іс-қимылында әлі де адамгершілік, парасаттылық жоқ. Қайырымдылық өзінен-өзі адамгершілік не парасат бола кетпейді. Өйткені қайырымдылық міндетті түрде белгілі бір парызға сәйкес келуі керек. Бірақ бір мәселенің шешілмей тұрған жайы бар. “Мен мұның адамгершілік, әлде адамгершілік емес екендігін қайдан білемін?”. Бұған жауап ретінде К. барлық адам баласына ортақ болып есептелетін тұжырымды императив ұсынады. Бұл адамгершіліктің заңы. Ендеше, адамгершілікті адамгершілік сақталмайтын кездегіден айыру үшін адамның өзін мақсат деп білу міндет. Сен өзіңнің іс-әрекетіңде басқаға, барлық адамға мақсат ретінде қарауың қажет. Кімге болмасын, сен оған тек құрал ретінде қарама. Сондықтан, К. мақсат – оған жету жолындағы құралдарды ақтайды деген теріс принципке жан-тәнімен қарсы шықты. Сөйтіп, ол философия тарихында алғашқылардың бірі болып гуманистік, адамгершілік рухтағы этиканың негізін қалады.
К-тың ойынша, адамгершілік заңын жай ғана қағазға жазып, іліп қоюға болмайды. Адамға, ең алдымен, құдайдың болмысын және мәңгі өшпейтін, өлмейтін идеяны беру керек. Бұл адамгершіліктің мақсатына жатады. Сондықтан ұлы философ бұл шығармасында зердеге қарсы шығып, сенімге қарай жол ашады. Оның айтуынша, Құдайдың болмысын ғылыми түрде дәлелдеу мүмкін емес, бірақ Құдайға сену адамгершілікке бастайды. К-тың осы идеясы, зерделі ойы кейінгі ойшылдар мен ақын-жазушыларға ерекше әсер етті.
К-тың философиясына талдау жасай отырып, қысқаша мынадай қорытындыға келуге болады. Ол өзінің зерделі философиясы арқылы өткен заман ойшылдары тап болған қайшылықтарды шешуге тырысты. Ең алдымен ол 17 – 18 ғ-лардағы философияда өріс алып, кейін келе өзара сыйыспай, бір-бірінен алшақ кеткен эмпиризм мен рационализмнің басын біріктірмекші болады. Бұл жағынан алғанда, К. үлкен жетістіктерге жетті. Ол таным теориясында адам танымының қабілеттілігін сезімділік пен пайым деп бөле отырып, олардың бірлігін көрсетті. К-тың ойынша, сезімділік пен пайымның айырмашылығы, танымның бірі – мазмұны, екіншісі – формасы болғандығында. “Сезімділіксіз бірде бір зат бізге берілмес еді, ал пайымсыз олардың бірде бірін ойдан өткізу мүмкін емес. Ойда мазмұн болмаса, ол бос нәрсе, ал аңдаушылық ұғымдарсыз соқыр...”. Бұл екі қабілеттіліксіз таным процесі болмайды. Міне, өзінің осындай ілімі арқылы К. ұзақ жылдар бойы айтыс-тартыстың қайнар көзі болған эмпиризм мен рационализмді бірлікте деп қарап, проблеманың шешімін тапты.
Сондай-ақ, К. пайым мен зерденің диалектикалық бірлігін анықтауға да ұмтылды. Оның ойынша, пайым мен зерде бір-бірінен онша алшақ кете қойған жоқ. Қайта ұлы философтың айтуынша, пайым категориялармен, ұғымдармен қарулана отырып, зердеден гөрі адамға жақынырақ тұрады. Ал зерде болса, өзінің идеялары және принциптері арқылы өмірден қол үзіп, “бүкіл әлемді танимын, білемін” деп бос әрекеттеніп, шешілмейтін қайшылықтарға ұрынады.
Пайым мен зерденің өзара байланысын айқындау процесінде К-тың не себептен пайымға ерекше бет бұрғанын аңғаруға болады (қ. Зерде, Пайым). Өйткені, ұлы ойшыл шығармашылығының алғашқы кезеңі жаратылыстану саласында өткен болатын. Ол, ең алдымен, математик, астроном, биолог, сондай-ақ, тағы басқа да ғылымдар саласының маманы болды. Алайда шығарм. өмірінің келесі, сыншылдық кезеңінде оның философияға бет бұруы зердеге ерекше мән беруіне, сол арқылы адамзатты ғасырлар бойы толғандырып келген әлемдік проблемаларға бой ұруына жол ашты.
Алайда оның зерде туралы ілімі таным теориясы, логика, диалектика мәселелерінде, сондай-ақ, адамгершілік, мораль және сезімділік, проблемаларында таңғажайып жаңалықтарды ашты. Дегенмен оның зерделі философиясы шешілмейтін қайшылықтарға тап болып, адам баласының алдында тұрған көптеген сұрақтарға жауап бере алмады. Біз оның зерделі философиясы шешпеген аса бір үлкен мәселе “өзіндік зат” идеясы дер едік. Өйткені, К. “өзіндік зат” біздің санамыздан, бізден тыс өмір сүреді деп мойындай отырып, “бірақ оны тану мүмкін емес, өйткені оған біздің зердеміздің шамасы келмейді” деген қайшылыққа ұрынады. Оның зерделі философиясынан туған осындай қайшылықтарды шешу және “өзіндік зат” проблемасын белгілі бір нысан етіп қарау, философия тарихында жаңа бағытқа жол бастаған философтардың үлесіне тиді.
Шығ.: Соч., т. 1 – 6, М., 1963 – 66.
Әдеб.: Асмус В., Философия И. Канта, М., 1957; Карапетян А., Критический анализ философии Канта, Ер., 1958; Бородай Ю., Воображение и теория познания, М., 1966; Абдильдин Ж., Учение Канта о гносеологической роли понятия, “Тр. Ин-та философии и права”, т-3., А.-А., 1958.
Ә. Нысанбаев, Т. Әбжанов