4 Желтоқсан 2012, 10:06
А.И.Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты – республиканың астық өндіретін аудандарында дәнді дақылдар егу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіріп отыратын мекеме.Ол егістіктердегі топырақ қорғау жүйесін жасау ісіне басшылық етеді. Қазақстан Республикасы Астық шаруашылығының министрлігінің қарамағында. Целиноград (қазіргі Ақмола) облысындағы Шортанды астық шаруашылығы тәжірибе станциясы негізінде 1956 жылы құрылған. 1961–92 жылдары Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, 1992–2002 жылдары Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. 1998 жылдан институттың құрамына Көкшетау бөлімшесі (бұрынғы Көкшетау астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты) беріліп, 2002 жылдан Астық шаруашылығын механикаландыру ғылыми-өндірістік орталығының құрамына енді. Институт құрамына: егіншілік (ауыспалы егіс, танапты дақылдар агротехникасы және өсімдік өсіру диверсификациясы, топырақ өңдеу, дақылдарды өсіру технологиясын модельдеу, өсімдік қорғаудың химиялық және агротехникалық әдістері лабораторияларын біріктіреді), агрохимия; топырақ құнарлылығы және топырақты химиялық талдау (топырақ химиясы, топырақ құнарлылығы лабораториялары), жемшөп өндіру (шалғындық жемшөп және мал азығын егістікте өндіру лабораториялары), механикаландыру (топырақ өңдеу және тұқым себу машиналары, жиналған астықты өңдеу, тұқым өсіру және сұрыптауды механикаландыру лабораториялары) және агроландшафттық технология бөлімдері бар. Институттың селекциялық орталық құрамына жұмсақ бидай, қатты бидай мен жемдік дақылдар селекциялары, тұқым шаруашылығы бөлімдері кіреді. Институттың құрамында бұдан басқа дербес бөлімдер: дәрілік өсімдіктерді егіп өсіру технологиясы мен интродукциясы, өсімдіктер биохимиясы және астық шаруашылығының экономикасы лабораториялары, тұқымның технол. сапасын бағалау тобы бар. Институттың негізгі ғылыми бағыттары: егіншіліктің аймақтық (Солтүстік және Орталық Қазақстан агроландшафттарының) топырақ қорғау жүйесін жетілдіру; топырақ құнарлылығын арттыру; дәнді және жемшөп дақылдарын өсіру жұмысын механикаландыру; жемшөп дақылдары мен дәрілік өсімдіктердің жаңа түрлерін интродукциялау; орманды-далалық, далалық және құрғақшылық аймақтарға арнап дәнді, бұршақты, жармалық, майлы және жемшөп дақылдарының жаңа, өнімді мол беретін сорттарын шығару. Институтта егіншіліктің топырақ қорғау жүйесін жасап, өндіріске енгізгені үшін 1972 жылы академик А.И.Бараев бастаған бір топ ғалымдарға Лениндік сыйлық берілді. 1988 жылы эрозияға қарсы машиналар кешенін жасағаны және өндіріске енгізгені үшін инженерлер мен ғалымдар тобына КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Институттың ғылыми-зерттеу жұмыстарына үлес қосқан ғалымдар: Бараев, Э.Ф.Госсен, В.П.Кузьмин, М.Қ.Сүлейменов, т.б. Институт ғалымдары Ресейдің бірнеше ғылыми орталықтарымен, Калифорния – Дэвис (АҚШ), Токио және Киото (Жапония) университеттерімен бірігіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Институт Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған (1967)