4 Желтоқсан 2012, 10:05
Әйел құны. Дәстүрлі ғұрыптық құқықтағы әдеттік құқық пен шариғат белгілеп берген ереже-қағидаларға сәйкес «әйел құны, ерлер құнының жартысына тең» болды (ер адамның құны өлімі үшін 100 жылқы, төмендегідей бес жақсы: құл мен күң, қаранар, ақсауыт, түзу мылтық, қарашолақ ат, қалы кілем берілді). Ал әйел құны осының жартысы: елу жылқы, қара нар, қара шолақ ат, қалы кілем. 50 жылқының үшеуі ілуге, яғни, жағалы киімге ауыстырылып, 47 бас төленді. Сондай-ақ, әйелдің қолын, аяғын сындырған, көзін ағызған жағдайда да ер адамға төленетін құнның жартысы төленеді.
Әйелді өлтірген адамға жаза тағайындауда ол өнерлі болса, еркекпен бірдей тең дәрежеде өнер құны қарастырылады, алайда байырғы ортада өнер құны әйел мен еркекке бірдей саналады. Әйелдің төркінінің жақындарын келеке қылса, ондай еркекті айыпты деп санап, басқа айыптарының үстіне қосымша түрде әдет-ғұрыптық құқықта сүйек сындырған құнын белгілеген. Егер жазым болған немесе қасақана өлтірілген әйел өнерлі, атақ даңқы шыққан адам болса ондай жағдайда билер соты аталған өнер құнын артықша белгілейді. М.Ж. Көпейдің жазбаларында ақын Ұлбикені өлтірген күйеуі Бойтан серіні халықтық сотқа салып, билердің ақылдасуынан («қанға кан дейтін» билер соты ескірген, орыс соты жарамайды деп мұсылмандық жолмен жазалайды) кейін, Ұлбикенің өкпесін алып көрсе, өкпесі жыбырлап тұрған жазу екен, Мұны көрген билер Жаратқаннан ақындық берілген Ұлбикеге өнер құнын тағайындау орынды деп тауып, өнер құнына елу жылқы, алты жақсы тағайындайды, Бойтан серіні бас жетім (айыптың ең жоғарғысы) құнына беріпті. Қара құны үшін тоқал құн деп тоғыз жақсы беріпті (М.Ж.Көпейұлы).
Ежелгі әдет-ғұрыптық құқық бойынша әйел кұнын бірнеше жолдармен төлеп отырған. Мәселен, егер күйеуі әйел басынан ұрып, есінен тандырып екесті күйге шалдықтырса, айыпкер шариғат бойынша 100 түйе айып төлеген, сондай-ақ, әйелдің екі кеудесі үшін 100 түйе, екі бір кеудесіне 50 түйе құн төлеген. Егер жүкті әйелді ұрғаннан баласы өліп қалса, 100 сом, егер бала тірі туып біраз уақыттан кейін қайтыс болса, онда 100 түйе кұн, ал бала өліп, кейін анасы қайтқан жағдайда 100 түйе және 100 сом төлеген. Кейде әр адам басына 200 түйеден төлеттірген. Осындай құн төлемдері билердің алқа шешімімен бұйырылған.
Қазақтың жеті жарғысында әйел құны туралы былай делінген. Егер әйелі ерін өлтірсе, өлім жазасына кесіледі, (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, ал мұндай қылмысты екі қабат әйел жасаса жазадан босатылады), егер ері әйелін өлтірсе, ол әйелінің ққнын төлейді. Сондай-ақ, екі қабат әйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туса, бес айлық бала үшін бес ат, бес айдан тоғыз айға дейінгі балаға әр айына бір түйеден жүз түйе, үш жүз атқа немесе мың қойға тең құн толейді. Әйел қорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып табылады. Мұндай қылмыс үшін еріне немесе қыздың ата-анасына құн төлеуге тиіс, егер жігіт өзі зорлаған қызға қалың төлеп үйленсе, жазадан босатылады. Әйелі ерінің көзіне шөп салу үстінде ұсталса, ері оны өлтіруге құқылы, бірақ қылмысты сол кезінде жария етуге тиіс, алайда әйелінен сезіктенген еркектің сөзін төрт сенімді адам дәлелдеп олар теріске шығарса, әйел жазадан босатылады. Сондай- ақ, біреудің әйелін күйеуінен алып қашқан адам өлімге бұйырылады немесе ердің құнын төлейді, егер әйелдің келісімімен әкетсе, күйеуіне қалың төлеп, қосымшасына қалыңсыз қыз беруге тиіс, әйелді ренжіткен одан кешірім сұрамаса, арсыздығы үшін айып салынады.