4 Желтоқсан 2012, 09:40
Кристаллография (грек. krіstallos – мұз, grafo – жазу) – кристалдар мен кристалл заттар туралы ғылым. Ол кристалл заттардың құрамы мен құрылысын, пішінін, физ. пен хим. қасиеттерін, олардың өзара әрі сыртқы ортамен байланысын және кристалдық күйін зерттейді. К. геом., физ. және хим. болып бөлінеді. Геом. К. кристалл заттардың симметриясын, пішінін, кеңістік құрылысының геом. Заңдылықтарын, ал физ. К. кристалдардың физ. қасиеттерін зерттейді. Хим. К. кристалл заттарды хим. құрамымен байланысты қарастырады. Қазіргі кезде химия және физика ғылымдары аралығындағы кристаллографияның салалары жеке ілім – кристаллохимия, кристаллофизика ретінде қарқынды дамуда. К. жеке ғылым ретінде 17 ғ-дың ортасынан дами бастады. Табиғи кристалдарды зерттеу кристалл бұрыштарының тұрақтылығы (Н.Стенон, 1669), жарықтың кристалдарда қосарлана сынуы (Э.Бартолин, 1669), олардың балқу темп-расының тұрақтылығы (Р.Гук, 1668) заңдарының ашылуына себепші болды. Кристалдардың ішкі құрылысы тор тәрізді екенін және олардың симметриясы жайында ұғымды ғылымға алғаш рет Р.Аюи (1784) енгізді, оның теориясын А.В.Гадолин (1867), Е.С.Федоров (1890), А.Шенфлис (1891) әрі дамытты. Кристалдардың тор құрылымының рентгенографиялық талдауын алғаш рет (1913) У.Г.Брэгг пен У.Л.Брэгг жасады. Э.Малю жарық поляризациясын (1808), О.Френель сыну теориясын (1821) жасады. Жарықтың кристалл заттар арқылы өтуін зерттеу кристалдардың анизотроптық қасиеттерінің заңдылықтарын тұжырымдауға мүмкіндік берді. Кристалдар симметриясының топтар теориясы мен тензорлық талдауы қазіргі К-ның матем. негізі болып саналды. Кристалдардың құрылысын зерттеуде рентгенография, электронография, нейтронография, ядр. магниттік резонанс, т.б. тәсілдер қолданылады. К. тәсілдерін белоктар мен нуклеин қышқылдарын зерттеуде қолдану молекулалық биологияның дамуына күшті әсер етті. Кристалдардың пайда болуы және олардың өсу ерекшеліктерін зерттеу К-ның басты міндеттерінің бірі болып табылады. Мұнда кристалдардың өзін қоршаған ортамен өзара әсерін, атом-молек. құрылымы мен қасиеттерінің анизотроптығын ескере отырып, беттік құбылыстардың, фазалық өзгерулердің заңдылықтарын және термодинамик. жалпы принциптері пайдаланылады. Кристалдардың мех. және акустикалық әсерлерді, темп-раның өзгеруін, электр тогын, электрмагнит өзгерісін, түрлі сәулелердің әсерін, т.б. сезгіштігі сияқты қасиеттері К-лық зерттеудің радиотехникаға, электроникаға, оптикаға. акустикаға, материал өндеуге, аспап жасау ісіне кеңінен енуіне мүмкіндік берді. Осыған байланысты жасанды кристалдар алу өндірісі қарқынды дамуда. К. сұйық кристалдар мен полимерлердің құрылымы мен қасиеттерін зерттеуде де қолданылады.