4 Желтоқсан 2012, 09:36
Андрон мәдениеті — қола дәуірінің археол. мәдениеті. Ачинскіге жақын маңдағы Андрон деревнясының атауымен аталған. Алғаш рет 20 ғ-дың 20-ж. С.А.Теплоуховпен археол. мәдениеттердің ішінен бөліп қаралды. Андрондық ескерткіштердің батыс шекарасы Жайық өз. бойымен, шығыс сібірлік Енисей өз. аңғарымен шектеседі. Солт. шекарасы Батыс Сібір ормандарымен, ал оңт. Памир, Тянь-Шань, Тарбағатай, Алтай тауларымен тұйықталады. Андрондықтар мекен еткен аумақ батыстан шығысқа қарай 3000 км, ал меридианды бағытта 1500 км-ден астам жерді алып жатты. Физ.-геогр. тұрғыдан алғанда, андрондық мәдени-тарихи қауым Еуразия құрлығына дендеп енген. Андрондық мәдени-тарихи қауымдастықтың тұрғындары төрт ландшафтыны, яғни, орманды даланы, даланы, жартылай шөлейтті, шөл даланы қамтиды. Әр алуан ауд. археол. ескерткіштерді саралап қарағанда, андрондар үшін ең қолайлы аймақ орманды дала мен далалық жерлер болып табылады. 20 ғ-дың 40 — 50 ж. аяғында К.В.Сальников ұсынған андрондық кезеңнің үш бөліктен тұратын кезеңі неғұрлым кеңінен қолдау тапты. 70 — 80 ж. орасан зор аумақта жаппай жүргізілген дала жұмыстары нәтижесінде жаңа материалдарды табуға қол жеткізілді. Қола дәуіріндегі Сарыарқа туралы жаңа мәліметтер алынды (М.Қадыров). Тұңғыш рет Солт. Қазақстан аум. жүйелі түрде зерттелді (Г.Б.Зданович, С.Я. Зданович, В.В. Евдокимов, В.Ф. Зайберт). Солт. Қазақстан археол. экспедициясы мен Орал-Қазақстан археол. экспедициясы ауқымды жұмыстар атқарды. 20 жыл ішінде (1967 — 86) экспедициялар андрон мәдени-тарихи қауымына жататын 100-ге жуық ежелгі қоныстар мен 120 қабір кешендерін тапты. Ескерткіштерді картаға түсіру олардың, негізінен, Атбасар, Шағалалы, Петропавл және Ойық тәрізді төрт шағын аудандарда орналасқандығын көрсетті. Петропавл қ-нан оңт-ке қарай 100 км-ге созылған аумақта қола дәуіріне жататын 30 қоныс пен бірнеше мола табылды. Зерттелген материалдар негізінде 1975 ж. Г.Б.Зданович Солт. Қазақстанды түгел қамтитын Есіл өңірінің қола мәдениетінің даму сұлбасын ұсынды. Ең көне қола ескерткіштері айрықша петровтік кезеңге біріктірілді, ол қола бұйымдары негізінде б.з.д. 16 — 15 ғ. кезеңіне жатады. Алакөлдік және петровтік кешендердің бір-бірімен сабақтастығы соңғысын ерте кездегі алакөлдік деп анықтауға және Солт. Қазақстан алакөлдік мәдениетті қалыптастырушы ауданның бірі деп есептеуге мүмкіндік берді. Андрон қауымының барлық тарихи кезеңінде негізгі ш. түрі мал ш. болған. Мал ш-на қарағанда өнімд. төмен болғанына қарамастан егін ш-мен тұрақты түрде айналысқан. Аң аулау мен балық ш-на андрон қауымы аса көңіл бөлмеген. Археол. қазба жұмыстары кезінде, негізінен, керамика бұйымдары табылды, олардың ішінде түбі жайпақ, тұтқалы, әсем өрнектелген ыдыстар бар. Ою-өрнектеріне әртүрлі геом. бедерлер — меанроидтік сызықтар тән. Қола құюды жетік меңгергендігін осы мәдениеттің археол. ескерткіштерін қазу кезінде жиі табылатын қалайы мен қоладан жасалған еңбек құралдары мен қаруларға қарап байқауға болады.