4 Желтоқсан 2012, 09:23
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
Толғану
Мен қазір Алатаудың бір биігіне шығып алып, жан-жаққа көз жіберіп тұрған тәріздімін. Сонау етекке, ойпатта сан түрлі, бедерлі жерлер бар. Кезінде солардың сырын адам тегіс танып, біле алмайтын сияқты. Енді міне, әлгі жерлерді түгел көріп көп нәрселерді оймен шолып тұрмын.
Тілдесе қалғанда бірқатар адам менен жазушылыққа қалай келдіңіз, деп сұрайды. Адам жазушы болып тумайды екен, сондықтан жазушылыққа қалай келгенімді өзім де білмеймін. Ауылда жүргенде жазушы дегенді, жазушылыққа талаптану дегенді білген адам емеспін. Білуге мүмкіндігім де жоқ еді. Тілім шыға бастағанда үйренгенім «құдай бір, пайғамбар хақ». Одан әрі сауат ашпаққа бір жыл молда алдын көріп, арабша хат таныдым. Он жастан асқаннан кейін тағы бір жыл орыс мектебінде оқыдым. Мектептерден, ұстаздардан алған сабағым, білімім осы ғана. Осындай адам көшпелі ауылда жүріп, алдына қандай талаптар қоя алады. Газет-журнал дегендер болмайтын. Оқитынымыз — бірен-саран діни кітаптар еді. Сосын бірді-екілі өлең, жыр-қиссалар.
Тек бертін келе Қазақстанда советтік баспасөз шыға бастаған кезде Абайды оқыдық. Абайдың кітабы менің қолыма оңай түсе қойған жоқ, іздеп жүріп, тауып алып оқыдым. Бірқатар сөздерін жатқа білетін болдық. Содан кейін ақын Сәкен, жазушы Сәкен аты шыға бастап, соған еліктедік. Бірақ, жазушы боламын деген ойға келгенім жоқ. Сол шығармаларды оқығанда толық түсінуге өрем жетпей жатыр-ау деп де ойладым. Ендеше, білім алу керек. Осы оймен 1925 жылы ауылды тастап, келіншегімді ертіп (сол жылы ғана үйленіп едім) оқу іздеп, Қызылордаға келдім. Екеуміз де оқуға түсе алмадық. Біз түсетін оқуға орын жоқ, ал жоғарырақ оқуға дайындығымыз жетпейді. Жұмыс істеуге тура келді. Бір мекемеге қағаз тіркеуші болып орналастым. Қолым бос, газет-журнал оқимын. Әдебиетке құмарта бастадым. Газеттерде жазылатын көбінесе ауыл өмірі, әлеуметтік теңсіздік мәселелері. Бір сөзбен айтқанда өзім көп көріп, көп естіген жағдайлар. «Мен неге осылай жазбаймын, бел бусам қолдан келер еді» деп те ойладым.
«Еңбекші қазақ» газетінде Бейімбет Майлинге жолықтым. Ол маған нұсқау берді, жазып тұр, деді. Сөйтіп, газетке тілші болдым. Ара-арасында ептеп өлең жаздым. Ауылда жүргенде де қыздарға арналған өлеңдер шығаратынмын. Енді астанаға келген соң үлкен ақындарға еліктеп «Таң келді» деген өлең жазып, «Еңбекші қазақ» газетінде жарияладым. Бірақ, байқасам,өлеңнен гөрі қара сөзге ыңғайым бар сияқты. Сөйтіп, қара сөзге қалам тарта бастадым. Бірақ, шыны керек, жазушы болсам деген ой менің басыма келген емес.
Содан Қарағандыға барып, өндірісте жұмысшы болдым, «Қарағанды пролетариаты» газетінде жауапты хатшы қызметін атқардым. Осының бәрі алдағы уақытта творчестволық қызметке септігі тиді-ау деймін. Бұл жөнінде мен бұрын жазғанмын.
Алматыға келіп, осы күнгі әдебиет журналына қызметкер болып ендім. Менен кіші қызметкер жоқ, бәрі үстімнен қарайды. Ертеден қара кешке дейін журналды оқып отырамын. Талай адам келіп-кетіп жүреді. Біреу өлең әкеледі, біреуі роман жазады. Соның бәрін көріп, оқимын. Сөйте келе маған да ой түсті. «Мен де жазуым керек». Содан жазуға отырдым. Кеңсе жұмысы онсыз да көп еді, бірқатар қиналуға тура келді. Күндіз-түні жұмыс істедім десем артық емес, сөйтіп жүріп «Өмір не өлім» романын жаздым.
«Өмір мен өлім» менің Қарағанды жайлы бірінші романым болатын. Өзім осы бір үлкен кен орнында, жаңа жұмысшы табы қаулап өсіп келе жатқан ордалы кәсіпорында жұмысшы болып жүргенімде өндірістің небір жайларын көзіммен көргенмін. Көз алдыма жұмысшылар өмірі, олардың алуан түрлі мінезі, тірлігі келе берді. Сөйтіп, көміршілер туралы жазбауға болмады. Бұл қазақ әдебиетіндегі жұмысшы тақырыбына арналған тұңғыш роман еді.
Кезінде бұл романды оқырмандар өте жоғары қабылдады. Мысалы, Сәбит Мұқанов «Өмір не өлімді» ерекше көрнекті туынды ретінде қатты бағалады. Орталық әдеби журналда жақсы баға алды. СССР Жазушыларының съезінде Леонид Соболев менің романымды мақтағанда, бұрын ондай қолпаштау көрмеген басым құлағыма дейін қызарып кеткені есімде. Осындай жағымды пікірлерді ести отырып, енді жазушы болуға ыңғайым бар екен деген ойға келдім. Содан кейін бірнеше шығарманы бірінің артынан бірін жазуға тура келді. Алайда, маған тапжылмай отырып, көркем шығарма жазуға мүмкіндік бола бермеді. Коммунист ретінде партияның жұмсауымен басшылық қызметтерге араластым. Өз құлқым болмаса да Жазушылар Одағына басшы жұмысқа келдім. Мен бір емес, екі рет жазушылар Одағының басшысы болдым. Істеймін деген кісіге мұнда жұмыс көп екен, сонысына қарай шығарма жазуға мүмкіндік берген жоқ.
Мен шығарма жазуға отырғанда — төпеп жазу үшін отырмаушы едім. Алдымен: осы біздің әдебиетімізде не бар, дәл қазір не жетпей тұр, деген мәселені ойлайтынмын. Біздің оқырмандарымыз үшін ең қажет нәрсені, олардың ойын баурап, тілегіне дөп тиетін дүниелерді жазу қажет. Біздің оқырмандарымыз неге көңіл бөлуі керек, міне, «осы мәселені жазбаса болмайды» деген ниетпен қолыма қалам аламын. Менің ұғымымда жазушы өз халқының, өз заманының жазушысы болуы керек деген ой болды. Еңбекші қауым не істеп жатыр? Жақсысы не, жаманы не — осыны айырып көрсету жазушының негізгі міндеті деген нысананы бағдарладым. Жазғанымның бәрін де бүгінгі күнді, советтік тұрмысты, советтік жетістікті, советтік өмірді көрсетуге тырыстым.
«Өлім не өмірден» кейін «Шығанақ» романын жаздым. Сай-сайды қуалап, мал бағып жүрген қазақ елінің ұйымын, тымағы жарасып, коллектив болуы тарихи мәні зор керемет оқиға еді. Колхоздастырудың алғашқы ұйымдастыру кезеңдері көптеген күрделі әлеуметтік қақтығыстар үстінде, экономикалық жағынан жетіспей жатқан жағдайда өтті ғой. Мысалы, соқаның бір жағына түйе жексе, бір жағына ат, бір жағына өгіз жексе, бір жағына сиыр парлайтын. Бірақ, осының өзі жай шаруаның тірлігінен гөрі анағұрлым өміршең екендігін «Шығанақ» романы арқылы көрсетуге тырыстым.
Оқырман қауым «Шығанақты» жақсы қабылдады. Алайда, кейбір сыншылар: «Мұнда кедейлікті көбірек жырлайды екен», «олақтықты көбірек айтады екен» деп мені қатты сынап тастады. Оның үстіне бір шағын пьеса жазып едім, ол да сынға ұшырады. Осы арада «Шығанақ», Москвада басылып шықты да, Одақтық оқырманның жылы лебізіне ие болды.
Бұдан кейін жоспарымда «Миллионерді» жазу тұрды. Бұл жолы «Шығанақтағыдай» нағыз өмірдің өзін жалаң көрсетсем жетпейтінін түсіндім. Енді біраз ізденуге тура келді. Жалпы білімімді шыңдап, марксизм-ленинизм классиктерін зерттеп оқыдым, партияның программалық документтеріне ден қойдым. «Миллионерді» жазуға отырғанда менің ұстағаным — социалистік реализм әдісі болды. Менің түсінігімше социалистік реализм дегеніміз тек бүгінгі барды ғана айту емес, келешекті шолу, диалектикалық даму заңдарына сәйкес болашақты көре білу, сол туралы айту деп түсіндім. Осы бағыт, ұстанған осы шамшырағым маған қанат бітірді.
Менің кітабымдағы колхоз председателі бұрынғының адамы емес, жоғары дәрежелі білім бар, оған қоса алғыр ойлы, талант иесі, әрі жас адам болуға тиіс деген ойға келдім. Сол сияқты «Миллионердегі» қыздарым да көйлегінің етегін бүріп қана жүретін ауылдан шықпаған тұйық мінезді қыздар емес, ғылыми негіздерімен қаруланған жігерлі, талапты жастар болмақ .Сонда ғана жаңа шығарманың құнды болатынын түсіндім. Ол үшін қиялға қанша бой ұрғанмен, өмірдің өзінен үлгі алу керек болды. Прототип іздедім. Ел араладым, таба алмадым. «Миллионерде» суреттегендей колхозды естігенім де, көргенім де жоқ. Сөйтіп, бір күні ауыл шаруашылығы институтына бардым. Мұнда қазақтың талай жігіттері мен қыздарын көрдім. Біреулер оқу бітіріп жатыр, біреулер бітіргелі жүр. Институт студенттерімен жиі кездесіп, пікірлесіп жүрдім. Өзім білгім келген жайлар туралы сыр тарттым. Солардың ішінен ой өрісі кең-ау, біліміне азаматтығы сай осы болса керек деген жігіттермен, әсіресе, жақын әңгімелестім. Осылайша сол өзім ұнатқан адамдарды болашақ прототип етіп алдым.
Мен білген қыздар мен жігіттер әлі ауыл шаруашылығы өндірісінде істеген жоқ. Ал, осылар барғанда колхоздар қалай көркейіп, ауыл мәдениеті жаңа гүлденетінін ойлағанда менің қуанышым өсетін еді.
Ақыры кітап жазылды, сенім ақталды. Одақтық баспасөзде «Миллионер» жайлы мақтау айтпағаны жоқ шығар. Ешқайсысы мынауың өтірік деген жоқ. Фадеевтер қуанып, осынау Парижге барған сапарында да тілге тиек етті. Сонда да кітап елге тарап болғанша колхозымыз ондағы суреттелген жағдайдан озып кетті.
Мұндағы айтайын дегенім социализм бір күнде жасалмайды. Бүгінгі жақсы бастаманың ертең одан да жақсы жалғасы болады. Жазушы осы екі жақты бірдей алуға тиіс. Ал, тек бүгінде ғана болған жағдайды алып отырсаңыз, ол фотография болып шығады. Ал, жазушы фотограф емес, суреткер ғой. Суретші қыл қаламмен бейнелейтін болса, жазушы сөзбен кестелейді. Айталық, Мұхтар Әуезовтің атақты «Абай жолы» эпопеясы. Сонда болған оқиғалардың бәрін қаз-қалпында өмірден алынған десек, дұрыс емес. Шығармада автордың толып жатқан өзіндік ойы бар. Мәселен, Абай не қилы дана сөз сөйлеп отырады. Соның бәрінің қасында Мұхтар отырған жоқ қой. Абайдың аузынан осы шығу лайық, Абай осыны айтуға лайық деген нәрселерді жазып отыр. Мұхтар романында социалистік реализм мен бірге романтика, алдын-ала айту, қосып айту, өсіріп айту деген әдістер көп қолданылған. Бірақ, соның бәрі қандай табиғи, қандай жарасымды десеңізші.
Меніңше жазу үстінде «Осы мәселе былай болу керек, олай емес, былай болуы керек» деген өзіңнің де пікіріңді енгізіп отыруың керек. Ойсыз жазуға болмайды. Ойсыз жазылса, көрген-білгенді тізе берсе — ондай шығарма халық ықыласына бөленбейді, ұзақ өмір сүре алмайды.
Оқырмандар «Көз көрген» туралы да көп сұрайды. Мен бұл кітапқа ұзақ ойланып, көп дайындықпен келдім. Қарап отырсам, біздің өмірімізде жазарлық нәрсе, небір қызықты оқиғалар көп екен. Басымыздан өткен, құлағымызбен естіген небір керемет оқиғалар бар екен. Ал, өзіміз бірге жасасып жатқан осы заманның өзінде санап тауыса алмайтындай ғажап-ғажап жайлар, жаңалықтар мол. Ал осының бас-басына арнап роман, пьеса жаза беру қолдан келетін іс емес қой. Сонда мен қайтуім керек. Мынау да қызықты, анау да қызықты. Сондықтан, мен мемуар жазбақшы болдым. Көп ойландым, көп іздендім. Бұрын-соңды үлкен адамдар жазып кеткен дүниелердің бірсыпырасын оқыдым.
Мәселен, романда не пьесада бір адамды кейіпкер қылып, алды екенсің де, соның образын жасауың керек. Ал, мемуар олай емес. Бір кітаптың өзінде жүздеген адамдар жүреді, бірақ, автор солардың әрқайсысын бастан аяғына дейін кім болды, немен аяқталды деп тәптіштеп жазып, образын жасауға міндетті емес. Оның өміріндегі осы кітапқа керекті деген бір үзігін ғана алып отырады. Мен өзіміздің дәуірдің жылнамасы сияқты көркем шығармада үлкен өмірдің керек-ау деген тұстарынан ойып-ойып алып, үш кітап жазсам деп ойладым.
«Көз көргеннің» алғашқысы 1928 жылмен бітті. Сосын Ұлы Отан соғысын ішіне ала отырып, бір кітап жазсам, одан кейін соғыстан бергі уақыт жайлы бір кітап жазсам деген ой болды. Бастан өткен оқиғалар, көрген-білгендер бір-бір кітапқа лайық болса да осы «Көз көргенге» сыйғызуға тырыстым. Оның біріншісі жазылды, екіншісі денсаулыққа байланысты жазылмай жатыр. Аяқтаймын ба деген ой бар, қуат қаншаға жетеді, оны өмір көрсетер.
Енді «Қарағанды» романы туралы бір-екі ауыз сөз. «Өмір не өлімді» жазған кезде дүние тануым, көрген-білгенім, тәжірибем аз еді. Көбінесе көргендерімді, білгендерімді қағазға түсірген сияқтымын. Жоғарыда айттым, шығармада автордың жеке ойы да болуы керек, келешекті барлауы керек деп, осы тұрғыдан алғанда »Өмір не өлім» кең тынысты емес қой деп ойладым.
«Қарағандыда» менің алға қойғаным — кейіпкерлер образын күшейту еді. Бұл кезде мен Виктор Гюгоны ден қойып оқыған едім. Гюгоның кейіпкерлері керекті жерінде шешен, керекті жерінде жанқияр батыр. Горькийді, Толстойды оқығанда да әсіресе, Гюго кейіпкерлері мені қатты сүйсіндіріп отыратын. Ендеше социализм құрып жатқан совет адамдарының ерлігі де, жасампаздығы да қандай көтере суреттеуге сияды ғой. Мен осы мақсатты ұстандым.
Негізгі оқиғасы, сюжеті болмаса »Өмір не өлімнен» алғаным аз, көркемдеуі «Қарағандыда» тіпті өзгеше болды. Жалпы барлық адам солай ма екен, менің қандай шығарма жазсамдағы, кезінде сүйсінсем де, кітап болып шығып, бойға сіңгеннен кейін өзіме қораштау көрінеді. Етім суып, қайта оқығанда «әттегене-ай» дейтін жерлерім көп болды. Бұл заңды да. Жас ұлғаяды, жаспен бірге тәжірибе де толығады. Адамның арманы, талабы, тілегі дегендерде өмірмен бірге ілесіп, біріне жетсең тағы біреуі көрініп алға жетелеп отырады ғой. Горькийдің «Өмір кітапқа симайды» деген сөзі бар. Шынында өмір — теңіз ғой. Бір адамның ісі жай таяз құдық сияқты. Сондықтан, барлық тақырыпты жазып бітіру мүмкін емес. Бірақ, өзің өмір сүрген дәуірде тірліктің есте қалатын жайларын шама келсе әдебиетте жасап кеткен дұрыс қой. Мен солай ойлаймын, сол оймен кетіп бара жатырмын.
Жазушы міндеті, жазушы борышы деген төңіректе көптеген әңгімелер болып жатады. Мен Қызылордада әңгімелерімнің шағын ғана бірінші жинағы шығып, елге тараған кезде ауылға келгенім есімде. Еркін сөйлейтін бір немере ағам: «Құдай-ау, Ғабиден де кітап жазыпты»деген. Кітап деген қазақ ұғымында үлкен мағына. Көпшілігі сауатсыз елдің өзінде кітапты ерекше қастерлеген.
Кітапты жазушы жазады. Меніңше әр адамның бойына алуан түрлі қасиеттер бітеді. Олардың алдында міндеттер де әрқилы. Түсінген кісіге «Жазушы» деген ұғым, үлкен ұғым. Жазушы міндетінен жауапты, жазушы еңбегінен қиыны бар ма екен? «Жазушы — адам жанының инженері» деп тегін айтылмаған. Ол қоғамның бір мүшесі бола тұра бүкіл қоғам жайында ойлайтын, соның тағдырына толғанатын болуы керек. Жазушы өз жазғандарына қашан да осы тұрғыдан қарап отыруы керек. Ал осы биік тұғырға шығу үшін оның дүниетанымы, дүниені ұғынуы биік дәрежеде болмақ. Дүниенің, қоғамның даму диалектикасын білуі керек. Әрине, мұндай ұшан-теңіз білім дариясы бір адамның басына сыя бермес, бірақ, соның буынды жерлерін, керекті, тетікті жерлерін білмесең, нағыз жазушы деген атаққа ие болуы қиын.
Адам бір институт бітірсе, белгілі бір істің маманы болып шығады. Ал, неше институтты бітірсең де жазушы бола алмайсың. Жазушылыққа алдымен табиғаттың өзі берген бір дән болуы керек. Ол дән де өзінен-өзі көркеймейді, өнім бермейді. Ендеше, баптап жетілдіріп, отырған жөн. Менің айтпағым өмірді жете зерттеу, үнемі бақылау, өзінен бұрынғыны танып, талдап, өткендегі тәжірибені қорытып, меңгеріп отыру қажеттігі. Сонда ғана осындай ұшан-теңіз еңбек үстінде ғана жазушы қалыптасады.
Қазір бізде жазушы көп. Ертеректе біз жалғыз Абайдың өзін жазушы деп ойлағанымыз жоқ. Ал, қазір әрқайсысы бірнеше кітаптан жазған жазушылар ондап, жүздеп саналады. Бірақ, соның бәрі жаңағы айтқан талап тұрғысынан, ғылымдық-халықтық тұрғыдан қарап жазып жатыр ма, талпынысы алға қойған мақсатқа дәл келіп жатыр ма, мұны айта қою қиын. Себебі, бәйгеге неше ат қосылса, соның бәрі бірдей алдымен келмейді. Қазақтың «жамансыз жақсы болмайды» деген сөзі өте дұрыс айтылған. Ал, енді солай екен деп әрбір жазушыға талапты босатуға болмайды. Үлкені болсын, кішісі болсын, жүйрігі болсын, мәстегі болсын — барлығының алдына қойылар талап жоғары. Сонда әдебиет те жоғары дәрежеге көтеріледі. Әрине, әркім өзінің жеткен жерінде қалады ғой.
Менің көзім нашарлау, кейінгі жылдардағы шығармалардың барлығын оқи алмаймын. Жастардың кейбір кітаптарының бетін ашып қарасам, бір абзац, екі абзац өтпей жатып-ақ аяғы шоқалаққа еніп кеткендей, «ыңқ» етіп қалып отырасың. Әттегене-ай, мына жері олай емес, былай еді ғой деген ой келеді. Меніңше, жазушыларымыздың көбінде тіл байлығы аз, тіл жұтаң. Екіншіден, менің байқауымша ұсақ-түйектің ошақ басындағы кішкентай жылт еткен нәрселердің маңында айналшықтап, арнасы кең, үлкен тақырыпқа сараң барып жүр.
Біз қазақтың көп жасаған ақсақалымыз, қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың біріміз. Классик деп те атап жүр. Бірақ, мәселе онда емес, біздің озатын, алдымызды орап кететін дарынды жастар шығатынына күмән жоқ. Олар біздің жете алмаған жерімізге жетеді. Айта алмаған сөзімізді айтады, ойымызды білдіреді. Сөйте тұра бір нәрсені қатты ескерту керек. Айталық, дүние жүзінде тұңғыш рет совет азаматы Юрий Гагарин космосқа ұшты ғой. Бұл теңдесі жоқ жетістік. Ал енді соның түп тамыры алыста мүмкін Циолковскийден де әріде жатқан жоқ па? Содан беpi ғылым өсіп сатылап-сатылап, адамды Жердің тартылу күшінен босатты ғой. Міне әдебиет те осылай деп түсінемін. Ол өзінен бұрынғы Абай ма, Абайдан да бұрын, немесе, бергі дәуірдегі жетістіктерді бойына сіңірмейінше көгермейді. Жаңа дегеніміздің тамыры ескімен байланысып жатады. Өмір бір-бірімен тығыз байланысты кезеңдерден тұрады, бөлек шыққан ештеңе жоқ, аспаннан түсе қалған ештеңе жоқ. Өкінішке қарай, қазіргі жап-жақсы өлең, әңгіме жазып жүрген жастарымыздан өз халқының асыл мұрасын, әдебиет дәстүрін бойына сіңіре алмай жүргені байқалады. Ескісіз жаңа жоқ деген мақал бар. Өмірдің өзінен алынған философиялық өте дәл түйін. Менің жазушы еңбегі жайлы қысқаша пікірім осындай.
Ал енді өз творчествомның алтын бесігі болған бұрынғы «Қарағанды пролетариаты», бүгінгі «Орталық Қазақстан» газетінің оқырмандарына қандай тілек айтуым керек. Мен реалист адаммын. Тілектің өзін айтқанда, өлшеп айту керек тәрізді. Мен қалдырған еңбектер туған халқымның біраз кәдесіне жараса деген тілекпен кетемін. Бұл бір. Екіншіден, адам қартайғанда алдынан гөрі артына көп қарайтын сияқты. Келешегі, қызығы көп жас кезінде адам көбінесе алға қарайды, алға ұмтылады. Ал, қарт адамның артына көп қарайтыны — оның небір қызық шақтары, еңбегінің жемісті болған кезеңдері, өмір сырын көріп-біліп тынған шақтары, еңбегінің жемісті болған кезеңдері, өмір сырын көріп-біліп таныған шақтары артта қалып қойды. Сонымен бірге адам өзінің артында келе жатқан ұрпақты көреді. Олардың бірінің жетістігіне қуанады, екіншісінің кемшілігіне қиналады.
Сондықтан, біздің тілегіміз осы кейінгі жас қауым алдындағы толқынмен ғана қоймай, озып кетсе деймін. Өйткені, оның озуына, шарықтауына керек мүмкіндіктің барлығы қазір бар. Бір кезде біздің арманымыз болған дәуір жас қауымның қолында. Заман қарыштап алға кетіп барады, ендеше біздің ұрпақтарымыз да сол дамуға лайық болсын.
Тағы бір тілегім — халқымыздың тілі жайында, салты жайында. Тауды бұзып, тасты жарып тастау қазіргі техникаға қиын емес. Ал, дәстүрді бұзу — одан әлдеқайда күрделі. Біздің халқымызда жаңа заманның бірсыпыра жақсы дәстүрлері жасалды, кейінгілер осы дәстүрді бұзбай, ілгері кете берсе екен дер едім. Сонда ол белгілі бір биікке апарады. Әр халықтың әр ұлттың ең бірінші, ең керекті сипаты, адамдар арасындағы қатынас құралы — тіл. Әдебиет сол тілмен жасалады. Өнер дегеннің түрі көп қой, сонда да халқымыз «Өнер алды — қызыл тіл» деген. Осы тіл байлығымыз кедейленбей, байи берсе екен. Тіл шеберлігіміз мұқалмай, кейінгі қауым ұштай берсе екен. Мен тіл байлығын арман етер едім. Қазіргі, одан кейінгі ұрпақ халық жасап кеткен тамаша дәстүрлерді, оның ішінде әдебиет дәстүрлерін дамыта берсе екен дер едім.
Декабрь, 1982