Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері

4 Желтоқсан 2012, 09:00

  Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері Осыдан жиырма жылдар бұрын аударманың теориялық және тәжірибелік мәселелерін жүйелейтін жеке кітаптар, зерттеулер, аударма ісі жайында монографиялар пайда бола бастады. Ал қазір социалистік реализм әдісінің принциптеріне негізделген советтік реалистік аударма өнегесінің заңдылық жайларын ғылыми, теория тарапынан түсіну міндеттері тіпті ұлғая түсіп отыр. Аударма мәселесінің теориялық ой-пікір қадамының әжептәуір ілгері басқандығын, оның жылдан жылға мәнді-мағыналы жаңалықтармен өрістеп келе жатқандығын айта отырып, алайда аударма теориясы ғылымның бір саласы болып әлі жетілмегендігін, әлі төл күйінде, әрі кеткенде қалыптасып есею күйінде ғана екендігін біліскеніміз мақұл. Солай болғандықтан да аударма теориясы өзі қамтырлық ауқымы мол мәселелерге қарыштай алмай келеді. Оның үстіне, бұл жүйедегі теория өзінің кейбір шешуші, анықтаушы негіздері тарапында жемісті түрде өрістеу жолына әлі де түсе алған жоқ. Аударма теориясы еліміздегі сан алуан тілдерден орыс тіліне және орыс тілінен көптеген өзге тілдерге аударылудағы ерекше ұзақ үлгілерді, таңдаулы аудармаларды жобалы, жүйелі түрде зерттеп, шарықтап отыру жолына да түсе қойған жоқ. Бұл айтылған күрделі шешуші және түрлі пікірлерге өзек боларлық жәйттер аударма жайындағы ғылымның түбегейлі негізі болмақ. Барлық теориялық ғылымдармен сабақтас аударма жайындағы совет ғылымы да өзінің тұйықтап, негіздеп айтатын пікірлерін ең алдымен тек аударма дүниелігімен терең мұқият танысу арқылы, Совет Одағының бүкіл социалистік әдебиет қозғалысындағы аударма тәжірибелерін талдап, зерттеу арқылы ғана қорытуға тиісті. Алайда Одақ көлеміндегі біздің аударма білімпаздарымыз пәндерінің зерттеу істерін бүкіл советтік аударма тәжіриебесінің ішінен тек орыс тіліне аударылған шығармаларға апа және ең алдымен батыс европалық тілдерден аударылған бұйымдарға ғана негіздейді. Талас жоқ, орыс тіліндегі аудармалар алдымен зерттелуге, үлгі тұтылуға тиісті. Бұл шүбә жоқ, өзге аудармалардан аса мәнді, зерттеп талдауды да осы тілдегі аудармадан бастау жөн. Сонымен бірге бір ғана бұл тәжірибенің жеткіліксіз екенін де мақұлдауымыз керек. Орыс тілінен аударылған материалдардың мәнділігін, оның теориялық түйіндер жасау үшін әрқилы мол деректер беретінін ескеру қажет. Біздің советтік аударманы бүтіндей алғанда, өзіне тән өзгеше, жаңа сапа барлығын құптасақ, мұны ескермеуге мүмкін емес. Бұл тың сапалар Отанымыздағы туысқан халықтардың әдебиет тіл қасиеттерінен туады. Аударма өнерін зерттеушілер өздерінің теориялық дербес пікірінің маңызды, дәлелді болуы үшін бір-біріне алшақ, қалыңқы тіл жүйелеріндегі келелі аудармаларды тереңірек, толығырақ талдап сипаттағаны пайдалы болар еді. Мысалы, аударуға қиын тиетін және де бұл реттен жақсы аударма үлгілері бар, өте-мөте жеке қиын сөйлемдердің аудару тәжірибесін ортаға салса, айталық, сөз сипаты жағынан, сөздің түбірлік, туындылық құрылыстары жағынан бір-бірінен мүлде өзгеше, орыс тілінен бурят-монғол тіліне немесе түрікмен тіліне аударылған қиын сөйлемдердің аудармасын, оның аса бір халыққа тән жайларын талдап көрсетсе, өте игі іс болар еді. Немесе зерттеушілеріміз орыстың тоникалық өлеңін силлабикалық, силлабика-тоникалық және метрикалық өлең жүйелеріне сіңістіре, ойластыра берілген аудармалардың жақсы үлгілерін сипаттаса, зор тәлім болмақ. Бұл түйіндерді керісінше орыс тіліне аударылған шығармалар арқылы да кеңейте түсуге мүмкіндік мол. Аударма теориясының басты кемшіліктерінің бірі, жоғарыда айтылғандай, жақсы үлгілі аударма тәжірибелерін жеткіліксіз, үстірт зер салу, шетендеп қана зерттеу болып отыр. Ал, асылында, ондай аудармаларды бүкіл егжей-тегжейіне жете, жан-жақты талдау аса мәнді шарт, талдағанда шығарманың идеялық-көркемдік қасиеттерін аударманың бойына қалай сіңіргендігін, образдылығын, түпнұсқаның ырғақтық, үндестік, шумақтық, ұқсастық, нәзік ұғымды тетіктерін, авторларының сөз өнеріндегі өзіне тән ерекшелігін, тарихи нышандарын беруде аударма өнерінің бұрынғы-соңғы аударма істерінен мүлде басқаша екендігін дәлелдеу әбден керекті міндет. Бұл байқаулар мен қорытындыларды біздің совет әдебиетіндегі аударма өнерінің ең таңдаулы жетістіктері арқылы түйіндеуге болар еді. Бұл ретте біз мәні орасан зор, шеберлігі тамаша М.Лозинскийдің, С. Маршактың, Н. Тихоновтың, тағысын басқалардың аудармаларын тиянақты түрде, жан-жақты терең зерттеу қажет екендігін айтпақпыз. Совет аудармасының таңдаулы үлгілерін, жақсы тәжірибелерін түйіндеу, талдау жөнінен зерттеулердің болмауы - әдебиеттік теориялық пікірдегі бір зор кемістік деп білу керек. Мұндай күрделі, ғылыми терең зерттеулер болмағандықтан, аударма теориясы бұл шаққа дейін шала жүйелі, үзінді-қиынды күйде, кейде кенет қана қозғалатын мәселе сынды болып отыр. Аудармалар жөніндегі сын-пікірлердің екінші бір ақауы — тәуір аудармалардың, тіпті жалпы аударманың тек бір беткей көлеңке жақтарын, сұрқай пішіндерін ғана байқастырудан туады. Аудармалардың жетістік жайларын көрмеу, немесе оны бағаламау бүкіл аударма теориясының игі және нәтижелі қасиеттеріне нұқсан келтіреді. Қилы-қилы кескіндерін қарастыра қою да керекті, алайда бұл әңгіменің ұшы-қиырсыз болуы ықтималдығын да ескергеніміз жөн. Өйткені әрбір осал аудармалар өзіне тән осал белгілерімен өзінше осал келеді. Ал ылғи тек кемістіктер мен кінәларды теріп айтылған пікірдің өркендеген әдебиет қозғалысына пайдалы әсері кем болмақ. Аударма теориясындағы тағы бір ірі ақау — аударманың ұлттық түрлері жайындағы мәселелерден байқалады. Әдетте бұл тақырыпқа арналып теориялық мақалалар жазылып, пікірлер айтылмады демейміз, қайта проза аудармасына байланысты бұл мәселені айрықша көтеру талаптары бар. Ал айда әзірге бұл байқаулар, бұл жайындағы кейбір сындар, соны пікірлер сол зор мәселенің тек шет пұшпағын ғана қамтыған сияқты. Ал, астында, бірыңғай совет шындықтарының мол көріністері, бай деректеріне сүйене, бұл мәселедегі теориялық тапқырлықтың баршаға пайдалы түйіндерінің құлашын кең сермеуге әбден мүмкін еді. Бұл үшін ұлттық форманы, аударма жайындағы қазіргі зерттеулердегідей, тұйық, санама күйде қарастырмай, оны өрістеп, қалыптасып отыратын тарихи категория яки құбылмалы категория деп ұғыну керек. Совет ақын-жазушылары орыстың әдеби сөз мәдениетіне өздерінен бұрын өткен сөз иелерінен анағұрлым тығыз байланысты. Біздер үшін орыстың әдебиет тілі екінші ана тіліміз болып табылады. Солай болғандықтан да біздің ақын-жазушыларымыз өздері мирас еткен ұлттық-дәстүрлік формаларға өз творчествосы арқылы және аударма арқылы өздерінің ұлғайған әдебиетінен көптеген тың, жаңа қасиеттер, жаңа сезім, жаңа пікір, өз туындыларын әкеліп қосады. Бұл жаңалықтарды шын өнегелі түрде кәдеге жарата білсе, онда бұл өркендеп келе жатқан жаңа ұлттық формаға қосылған ізгі, соны игілік болар еді. Біздің теорияшыларымыз ұлттық форма жайында, міне, осыларды ескергені мақұл. Маяковский шығармаларын аударуда бұл айтылған жаңалықтардың көп жайларда айқынырақ көрініп жүргендігін атай кеткен жөн... Әдебиеттегі ұлт формасының бұл секілді құбылысты қасиеттерін орыс тілінен туған аудармаларды және керісінше аударылған шығармаларды байқап қарастырғанда, әрдайым айрықша еске сақтау қажет. Бұл шарттың өзі Горькийдің "Орыс сөзі төрінде әр кітаптың өз рухын сақтау керек" деген ақылына дәл келетін шарт. Аударма теориясын жекелеп, жіктеп қарастырғанда, кейінгі кезде біздің Одақ көлеміндегі әдебиетте екі түрлі өзгеше бейім барлығы анықталды. Бірі — аударма тіл зерттеу ғылымының ауқымына енетін сала болғандықтан, аударма ісінің мәнісін ұғына отырып, бұл мәселені лингвистикалық әдіспен зерттеу жағына қарай тартады, екіншісі — біздіңше, дұрыс, бейім аударманы сөз өнерінің бір түрі деп ұғынады да, эстетикалық принциптерді, көркемдік таразыны алғы талапқа қояды, сондықтан бұл бейім аударманы әдебиет таныту теориясын зерттейтін объект деп қарайды. Совет ғылымының бір саласы болып табылатын бұл екі ағымның екеуі де алдымен бір ғана принципті — қандай да болмасын әдебиет шығармаларын бір тілден екінші тілге аударуға мүмкін деген принципті қолдайды. Сөйтіп, советтік аударма мектебі әдебиет сөздерінде аударуға көнбейтін ежелден қарысқан өзгешеліктері бар деген ескі нанымды қабылдамайды. Керісінше, реалистік аударма әдісі кейбір буржуазияшыл аударма білгіштерінің пікірлеріне қарсы шығып, бір тілден бір тілді айыру үшін және рухани мәдениеттің негізгі түрлерінің арасына әдейі қойылған бұл жалған және жасанды кедергілерді ысырып тастап отырады. Мұндай жағдайды совет аудармашылары мен теорияшылары бірыңғай идеялық тұрғыдан қарап, социалистік реализм әдісімен шешеді. Ал аударма саласындағы көптеген міндеттер нақтылы түрде, түпнұсқаның түрлі қасиеттерін толық беру үшін аудармашы қолданған құрал-тәсілдерді зерттеумен анықталады, ол қасиеттерге: интонация, ырғақ, образдылық (синонимдердің, идиомдардың, мақал-мәтелдердің, афоризмдердің түрліше астарларымен бірге) секілді элементтер жатады және бұған ұлттық форманың әрқилы өзгешеліктері, тарихи сипаттары да келіп қосылады. Аударылатын шығарманың сөз, стиль өрнегіндегі осы көрсетілген қасиеттер, бүтіндей алғанда, алуан түрлі болып келеді де, аударуға оңай ырықта бере қоймайды, түпнұсқаның сөз образдылық тәсілінің өзгешелігіне байланысты, бұл аудармашыдан сол қиын жайларға төтеп берерлік творчестволық тапқырлықты талап етеді. Туысқан халықтар әдебиетінің орыс тіліндегі аудармаларында орыстың көркемсөздік байырғы сөз сапасы өте-мөте жадау болып көрінеді. Ілуде ғана болмаса, проза шығармаларының аудармашылары орыстың өте мол сөз байлығын, әсерлі көріктерін онша пайдалана қоймайды. Жолма-жол аудармадан көшіре аударған бұлар түпнұсқаның өзіндік қасиетін жүдетіп, тіпті кейде қорап етіп те жібереді. Сондықтан аудармалы прозаның орыс сынында әдебиет тілінің арзан қол, шалағай пішіндері болып мысалға алынуы бекерге емес. Мұны мойындау ауыр тисе де, бұл бізді күйіндіретін жағдай, біздің көп жылғы аударма тәжірибеміздегі әлі арылмаған қырсық. Түпнұсқаның орыс тіліне аударылғанда сытылып түсіп қалатын көркемдік-өзіндік өзгешеліктерін, образдылық, стильдік қасиеттерін, немесе ұлттық ерекшелік сипаттарын атай кетуге де болады. Мысалы, аудармаларда заман алшақтығы, кейіпкерлердің сөз әлпетіндегі немесе авторлық ремаркадағы тарихи үндестілік секілді әуендер сезілмей қалады, түрліше әлеумет топтарынан алынған бейнелердің өз ерекшеліктеріне де айырым берілмейді, дін иелерінің де өздеріне тән сөз өзгешеліктері де көрінбей, көмескі жатады. Аудармаларда сөздің жас айырымына қарай өзгешелігі — бала мен үлкеннің, бала мен бала арасындағы сөздердің айрықшылығын жақсы бере білген сәтті жағдайды кездестіру де қиын. Өте қынжыларлық бір жай, түпнұсқа авторы сәтін келтірген ділмар тапқырлықтар, сөйлем кестесінің гүл көріктері, прозаға берілген өлең сынды үндестілік қасиеттердің бәрі де дарымай, тыс қалады. Белгілі бір кейіпкер үшін автор әдейі ойлап шығарған, халық мақалынан мүлде өзге, тың нақыл сөздер де әлсіз аударылады, сөз құрамының ырғағы, әуені сезілмейді, көптеген шебер тілді жазушылардың шығармаларындағы сөз ойнақылығы да өшіп кетеді. Ұлттық көркем прозалардың аудармаларында орыс тілінің соншалықты кедей, әсерсіз сұрқай пішіндеріне қайран қаласың. Орыстық сөз сұлулықтарының, сөйлем өрнектерінің, алуан қырлы әсерлі екпіндерінің қазынасынан аудармаларда, түпнұсқаның сорына қарай, тіпті дерлік сыбаға алынбайды, пайдаланылмайды. Бұл өкініштің бастысы сол, аударма орыс тіліне түпнұсқадан емес, дарынсыз олақ қолдан шыққан, әлгі бір жолма-жол аударма (подстрочник) дегеннен аударылады, — бұл өзі өзге тіл оқушысы мен түпнұсқа арасындағы, бұл ретте, аудармашы арасындағы бір берекесіз дәнекер. Бұл жөнде қуанарлық ілу-қағыл көріністер орыс жазушыларының қаламынан шыққан кейбір жақсы сирек аудармалар ғана. Бұлардың еңбектерінің басты қасиеті - олар Добролюбов айтқан шығарманың "ішкі өмірін" жақсы бере біледі. Түпнұсқаның негізгі қасиетін осылай көрсету арқылы олар үздік шығармалардың ұлттық үнін шығарып, аудармадағы басты мақсатқа жетеді. Творчестволық жолмен шешу арқылы олар бір кезде Тургенев, Гоголь, Белинский талап еткен аударманың жақсы нәтижелеріне ие болады. "Аударма бізге неғұрлым аударма болып көрінбей, өзіндік төлтума шығарма болып көрінсе, онда оның соғұрлым тамаша болғандығы", — деген Тургенев. Белинский: "Аударма автордың өзі орысша жазған секілді болып көрінсін, көркем шығарманы ондай етіп аудару үшін художник болып туу керек", — деп талап еткен. Бұл секілді аудармаларда кейіпкерлері қазақ, өзбек, латыш, татар, армян, т.б. бола тұра, олар шын орысша сөйлейді. Біз бұл аудармашы автордың жақсы орыс жазушысы екенін, оның өзіндік түбегейлі шығармаларында ерекше стилист, ділмәр сөздің шебері екенін білеміз, солай бола тұрса да, ол аударылатын шығарма авторының стиліне өз стилін байланыстырмайды. Сонымен бірге бұл аудармашы негізгі шығарма авторының тіл ойлау дүниесіне айрықша ықтият болып, мұқият зер салады. Ол аудармаға сол шығарманың барлық материалын жақсы біліп алып кіріседі, шығармада суреттелетін халық тарихын зерттейді, кейіпкерлердің дәуірімен, ортасымен терең танысып алады. Әрі үлкен жазушы, әрі талантты аудармашы болып өнеге көрсететін бұл секілді игіліктер, бір өкініші, өте сирек кездеседі. Орыс тіліне аударылатын шығармалардың көбінесе әсерсіз, жүдеу жолма-жолдықтан аударылатынын жоғарыда аңғартып өттік. Солай болғандықтан, ұлт тілдерін білетін немесе оқып үйренген аударманың маман кадрларын әзірлеудің қажеттілігін дәлелдеп жатпаса да болады. Ал аударма теориясын совет аудармаларының күнделікті шындықтарына — орыс тілінен ұлт тілдеріне, ұлт тілдерінен орыс тіліне аудару мәселелеріне тығыз жақындастыру қажет. Біздің елімізде шын мәнісінде ғылыми ұйымдасқан, аударма өнерінің бірыңғай әдісіне бағынған бір аударма түрі бар. Бұл істі беделді ғылым орталығы басқарады, бұл мекеменің әрбір республикада филиалдары, облыстардың денінде бөлімшелері бар, олар марксизм-ленинизм классиктерінің маңызды еңбектерін біздің Одақтың көптеген халықтарының тілдеріне аударуда. Мен ИМЭЛС-ді (Маркс-Энгельс-Ленин-Сталин институтын) айтып отырмын. Москва институты басқарған республикалық филиалдар бірнеше жылдар бойы үздіксіз, тарихи терең мәнді ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл ғылыми орындар аударма жөнінде орасан зор тәжірибеге ие болды, бұл жайларды біздің еске алып отырғанымыз орынсыз емес, өйткені шығармаларды аудару мәселесіне қатысты сол тәжірибелердің прозалық ерекше мәні бар. ИМЭЛС өзінің жер-жердегі барлық мекемелерімен бірге аудармадағы теориялық және тәжірибелік мәселелерді творчестволық жолмен шешуде. Марксизм-ленинизм классиктерін біздің Одақ халықтарының барлық тілдеріне және демократиялық елдердің тілдеріне аударуда терең толғанылған ғылыми тәртіпті жүйенің жасалуы қазір мол нәтижелер беріп, бірнеше жылдық тәжірибелерді түйіндеді. Міне, соның нәтижесінде көркем проза үлгілерін аудару жайынан қойылған бірқыдыру теориялық мәселелерде ойланып-толғанып, ИМЭЛС арқылы дұрыс шешіліп отыр. Біздің көркем аудармаға сай келетін бірқатар ортақ мәселелерді аңғарта кетелік: көркем аударма теорияшылары сөзбе-сөздікті мансұқ етеді. Ал сөзбе-сөздік түпнұсқаның мәнісіне, немесе аударылған тілдің дұрыстығына нұқсан келтіреді деп танылып, оны Маркс те қатты сынаған болатын. Бұл жайында Энгельс: сөзбе-сөздіктен "неміс ой-пікірін ағылшындық. мағынасыздыққа айналдыру" болмақ деген. Энгельс өте-мөте сөзбе-сөздік аударма түбегейлі шығарманың стиль өзгешелігін және тіл көркемдігін жойып жібереді деп ескерткен. Аударма жайында В.И. Лениннің де айтқан пікірлері көп. Ленин шығарманың интонация және ырғақ қозғалысын дұрыс беру қажет деген пікірде болған. Аударма мәселесіне байланыстыра, марксизм-ленинизм классиктерінің мұраларында сөз образдылығының ерекше мәнділігін еске түсіре кетелік. Көркем прозадағы бұл секілді ең әсерлі тәсілдер олардың еңбектерінде де орасан зор қызмет атқарған. Мәселен, Ленин шығармаларынан біз тілдің образды, әсірелі құралдары есебінде пайдаланылған көптеген теңеулерді, қанатты сөздерді, синонимдерді, идиомдарды, әсем сөздерді, эпитеттерді, славянизмдерді — шеркеулік славянизмдерді, көптеген неологизмдерді, қысқартылған сөздерді, тағысын тағыларды жиі кездестіреміз. Орыс және шетел әдебиетінен Лениннің алған мысал цитаттарының өзі тоғыз жүзге тартады екен. Мәселен, Ленин Гоголь сөздерінен жүз жиырма бес рет, "Ақылдың азабынан" сексен сегіз рет мысал келтірген, Ленин шығармалары халықтық мақал-мәтелге де толы. Марксизм-ленинизм классиктерінің бұл секілді образдылыққа, эмоциялық екпінділікке толы шығармаларын аудармада толық жете беру, интонациясын, ырғағын дәл келтіру зор мәселе болып табылады. Әлбетте, бұл пікірлерімізбен көркем проза мен марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектері арасына теңеу белгісін қоймақшы емеспіз, бірақ социалистік реализм әдісіне негізделген біздің шыншыл аудармамыздың бұл саладағы аудармаға қатысты көптеген ортақ мәселелері бар. Ал аударма теориясы өзіне өте жақын, бұл туыс салада, ілгеріде айтылғандай, бірқатар пайдалы тәжірибе барлығын біле тұра, оған зейін қоймай, зер салмай отыра алмайды. ИМЭЛС және оның филиалдары да аударманы айрықша жікке бөледі, көркем әдебиет аудармашылары сияқты, олар да аударманың үш түрі бар деп біледі, бірінші — сөзбе-сөздік — әріпқойлыққа негізделген аударма, мұны көркем сөз аудармашылары секілді, марксизм-ленинизм классиктерін аударушылар да мансұқ етеді. Аударманың екінші бір түрі - еркін аударма дегенді олар да қабылдамайды, бұл аударма, шынында, аудармашының өзіншелеп әңгімелеп отырғанына өте ұқсас келеді. Аударманың өте-мөте қонымды ғылыми дәлелденген түрі деп олар — шығарманың мазмұнын да, формасын да толығырақ беретін ғылыми дәл, балама аударманы есептейді. Марксизм-ленинизм классиктерін аударушылар аударылатын шығарманың лексикасын да, синтаксисін де, олардағы ой-пікірлерді, эмоциялық және образдық көріктерді толығымен сақтауға, түпнұсқаның мазмұны мен формасының бүкіл нәр-қуатын толық беруге талаптанады. Осы айтылғандарға марксизм-ленинизм классиктерін аударудағы ең басты бір шарт — маркстік-лениндік идеяларды таза сақтау үшін, марксизм-ленинизмнің революциялық теориясын түрлі бұрмалаушылықтан, бүлдіріп қадірін түсірушіліктерден аман сақтау үшін — берік ұстаған ғылыми дәлме-дәл аудару тәсілдерін қоссақ, онда біз мұнда, советтік реалистік аударманың нық негізі барлығын ұғынуымыз керек. Ал бұл ұйымдасқан, ғылыми дәлелденілген және өз жетістіктерін үнемі өркендетіп келе жатқан игі қызмет — біздің, көбінесе үстіртін, парықсыз және жекелене әрекет етуші көркем проза аудармашылары үшін көп өнеге болатындығы сөзсіз. Марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын біздің елдің туысқан халықтарының тілдеріне аудару тәжірибесінен біз сол аударған тілдің жаңа сөздермен молыға түскенін байқаймыз. Мысал үшін айтсақ, Лениннің шығармалары қазақ тіліне аударылуына байланысты, қазақтың әдеби тіліне орыс және шетел тілдерінен екі мыңдай сөз еніпті. Ғылыми терминдік сөздерді қабылдаумен қабат, ұлт тілінің мүмкіндіктерін байыту жолында үлкен жұмыс жүргізілуде. Бұл талап жаңадан сөз байланыстарын жасау, бар сөздер мен ұғымдардың мағыналарын тереңдету, жаңарту, жеке сөздердің ұғымдық ауқымын кеңейту, ұлт тілдерінің сөз негіздерін пайдалана отырып, жаңадан сөз тұлғасын жасау секілді шаралар арқылы жүзеге асырылмақ. Орыс тіліндегі әдебиеттің туысқан халықтарымыздың тілдеріне аударылуы сол халықтардың тілдерін байыта, дамыта түспекші, аударма арқылы орыс тілінің ойлау формасы, сөз мәдениеті және бүкіл әдебиеттік өнегелері біздің халықтарымыздың тілдеріне бірте-бірте сіңісіп, қалыптаса бермекші. Тек осы жолдар арқылы ғана әр халық өзінің әдебиет тілін толықтырып, өркендете түседі, сөйтіп өзінің төлтума әдебиетінде біздің Отанымыздың Өміріндегі орасан ұлы қозғалыстарды кеңінен толық сипаттауға зор мүмкіндік алады. Мұхтар Әуезов  

 

Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері

Осыдан жиырма жылдар бұрын аударманың теориялық және тәжірибелік мәселелерін жүйелейтін жеке кітаптар, зерттеулер, аударма ісі жайында монографиялар пайда бола бастады. Ал қазір социалистік реализм әдісінің принциптеріне негізделген советтік реалистік аударма өнегесінің заңдылық жайларын ғылыми, теория тарапынан түсіну міндеттері тіпті ұлғая түсіп отыр.

Аударма мәселесінің теориялық ой-пікір қадамының әжептәуір ілгері басқандығын, оның жылдан жылға мәнді-мағыналы жаңалықтармен өрістеп келе жатқандығын айта отырып, алайда аударма теориясы ғылымның бір саласы болып әлі жетілмегендігін, әлі төл күйінде, әрі кеткенде қалыптасып есею күйінде ғана екендігін біліскеніміз мақұл. Солай болғандықтан да аударма теориясы өзі қамтырлық ауқымы мол мәселелерге қарыштай алмай келеді. Оның үстіне, бұл жүйедегі теория өзінің кейбір шешуші, анықтаушы негіздері тарапында жемісті түрде өрістеу жолына әлі де түсе алған жоқ.

Аударма теориясы еліміздегі сан алуан тілдерден орыс тіліне және орыс тілінен көптеген өзге тілдерге аударылудағы ерекше ұзақ үлгілерді, таңдаулы аудармаларды жобалы, жүйелі түрде зерттеп, шарықтап отыру жолына да түсе қойған жоқ. Бұл айтылған күрделі шешуші және түрлі пікірлерге өзек боларлық жәйттер аударма жайындағы ғылымның түбегейлі негізі болмақ.

Барлық теориялық ғылымдармен сабақтас аударма жайындағы совет ғылымы да өзінің тұйықтап, негіздеп айтатын пікірлерін ең алдымен тек аударма дүниелігімен терең мұқият танысу арқылы, Совет Одағының бүкіл социалистік әдебиет қозғалысындағы аударма тәжірибелерін талдап, зерттеу арқылы ғана қорытуға тиісті.

Алайда Одақ көлеміндегі біздің аударма білімпаздарымыз пәндерінің зерттеу істерін бүкіл советтік аударма тәжіриебесінің ішінен тек орыс тіліне аударылған шығармаларға апа және ең алдымен батыс европалық тілдерден аударылған бұйымдарға ғана негіздейді. Талас жоқ, орыс тіліндегі аудармалар алдымен зерттелуге, үлгі тұтылуға тиісті. Бұл шүбә жоқ, өзге аудармалардан аса мәнді, зерттеп талдауды да осы тілдегі аудармадан бастау жөн. Сонымен бірге бір ғана бұл тәжірибенің жеткіліксіз екенін де мақұлдауымыз керек. Орыс тілінен аударылған материалдардың мәнділігін, оның теориялық түйіндер жасау үшін әрқилы мол деректер беретінін ескеру қажет. Біздің советтік аударманы бүтіндей алғанда, өзіне тән өзгеше, жаңа сапа барлығын құптасақ, мұны ескермеуге мүмкін емес. Бұл тың сапалар Отанымыздағы туысқан халықтардың әдебиет тіл қасиеттерінен туады.

Аударма өнерін зерттеушілер өздерінің теориялық дербес пікірінің маңызды, дәлелді болуы үшін бір-біріне алшақ, қалыңқы тіл жүйелеріндегі келелі аудармаларды тереңірек, толығырақ талдап сипаттағаны пайдалы болар еді. Мысалы, аударуға қиын тиетін және де бұл реттен жақсы аударма үлгілері бар, өте-мөте жеке қиын сөйлемдердің аудару тәжірибесін ортаға салса, айталық, сөз сипаты жағынан, сөздің түбірлік, туындылық құрылыстары жағынан бір-бірінен мүлде өзгеше, орыс тілінен бурят-монғол тіліне немесе түрікмен тіліне аударылған қиын сөйлемдердің аудармасын, оның аса бір халыққа тән жайларын талдап көрсетсе, өте игі іс болар еді. Немесе зерттеушілеріміз орыстың тоникалық өлеңін силлабикалық, силлабика-тоникалық және метрикалық өлең жүйелеріне сіңістіре, ойластыра берілген аудармалардың жақсы үлгілерін сипаттаса, зор тәлім болмақ. Бұл түйіндерді керісінше орыс тіліне аударылған шығармалар арқылы да кеңейте түсуге мүмкіндік мол.

Аударма теориясының басты кемшіліктерінің бірі, жоғарыда айтылғандай, жақсы үлгілі аударма тәжірибелерін жеткіліксіз, үстірт зер салу, шетендеп қана зерттеу болып отыр. Ал, асылында, ондай аудармаларды бүкіл егжей-тегжейіне жете, жан-жақты талдау аса мәнді шарт, талдағанда шығарманың идеялық-көркемдік қасиеттерін аударманың бойына қалай сіңіргендігін, образдылығын, түпнұсқаның ырғақтық, үндестік, шумақтық, ұқсастық, нәзік ұғымды тетіктерін, авторларының сөз өнеріндегі өзіне тән ерекшелігін, тарихи нышандарын беруде аударма өнерінің бұрынғы-соңғы аударма істерінен мүлде басқаша екендігін дәлелдеу әбден керекті міндет. Бұл байқаулар мен қорытындыларды біздің совет әдебиетіндегі аударма өнерінің ең таңдаулы жетістіктері арқылы түйіндеуге болар еді. Бұл ретте біз мәні орасан зор, шеберлігі тамаша М.Лозинскийдің, С. Маршактың, Н. Тихоновтың, тағысын басқалардың аудармаларын тиянақты түрде, жан-жақты терең зерттеу қажет екендігін айтпақпыз. Совет аудармасының таңдаулы үлгілерін, жақсы тәжірибелерін түйіндеу, талдау жөнінен зерттеулердің болмауы - әдебиеттік теориялық пікірдегі бір зор кемістік деп білу керек. Мұндай күрделі, ғылыми терең зерттеулер болмағандықтан, аударма теориясы бұл шаққа дейін шала жүйелі, үзінді-қиынды күйде, кейде кенет қана қозғалатын мәселе сынды болып отыр.

Аудармалар жөніндегі сын-пікірлердің екінші бір ақауы — тәуір аудармалардың, тіпті жалпы аударманың тек бір беткей көлеңке жақтарын, сұрқай пішіндерін ғана байқастырудан туады.

Аудармалардың жетістік жайларын көрмеу, немесе оны бағаламау бүкіл аударма теориясының игі және нәтижелі қасиеттеріне нұқсан келтіреді. Қилы-қилы кескіндерін қарастыра қою да керекті, алайда бұл әңгіменің ұшы-қиырсыз болуы ықтималдығын да ескергеніміз жөн. Өйткені әрбір осал аудармалар өзіне тән осал белгілерімен өзінше осал келеді. Ал ылғи тек кемістіктер мен кінәларды теріп айтылған пікірдің өркендеген әдебиет қозғалысына пайдалы әсері кем болмақ.

Аударма теориясындағы тағы бір ірі ақау — аударманың ұлттық түрлері жайындағы мәселелерден байқалады. Әдетте бұл тақырыпқа арналып теориялық мақалалар жазылып, пікірлер айтылмады демейміз, қайта проза аудармасына байланысты бұл мәселені айрықша көтеру талаптары бар. Ал айда әзірге бұл байқаулар, бұл жайындағы кейбір сындар, соны пікірлер сол зор мәселенің тек шет пұшпағын ғана қамтыған сияқты. Ал, астында, бірыңғай совет шындықтарының мол көріністері, бай деректеріне сүйене, бұл мәселедегі теориялық тапқырлықтың баршаға пайдалы түйіндерінің құлашын кең сермеуге әбден мүмкін еді. Бұл үшін ұлттық форманы, аударма жайындағы қазіргі зерттеулердегідей, тұйық, санама күйде қарастырмай, оны өрістеп, қалыптасып отыратын тарихи категория яки құбылмалы категория деп ұғыну керек.

Совет ақын-жазушылары орыстың әдеби сөз мәдениетіне өздерінен бұрын өткен сөз иелерінен анағұрлым тығыз байланысты. Біздер үшін орыстың әдебиет тілі екінші ана тіліміз болып табылады. Солай болғандықтан да біздің ақын-жазушыларымыз өздері мирас еткен ұлттық-дәстүрлік формаларға өз творчествосы арқылы және аударма арқылы өздерінің ұлғайған әдебиетінен көптеген тың, жаңа қасиеттер, жаңа сезім, жаңа пікір, өз туындыларын әкеліп қосады. Бұл жаңалықтарды шын өнегелі түрде кәдеге жарата білсе, онда бұл өркендеп келе жатқан жаңа ұлттық формаға қосылған ізгі, соны игілік болар еді. Біздің теорияшыларымыз ұлттық форма жайында, міне, осыларды ескергені мақұл.

Маяковский шығармаларын аударуда бұл айтылған жаңалықтардың көп жайларда айқынырақ көрініп жүргендігін атай кеткен жөн... Әдебиеттегі ұлт формасының бұл секілді құбылысты қасиеттерін орыс тілінен туған аудармаларды және керісінше аударылған шығармаларды байқап қарастырғанда, әрдайым айрықша еске сақтау қажет. Бұл шарттың өзі Горькийдің "Орыс сөзі төрінде әр кітаптың өз рухын сақтау керек" деген ақылына дәл келетін шарт.

Аударма теориясын жекелеп, жіктеп қарастырғанда, кейінгі кезде біздің Одақ көлеміндегі әдебиетте екі түрлі өзгеше бейім барлығы анықталды. Бірі — аударма тіл зерттеу ғылымының ауқымына енетін сала болғандықтан, аударма ісінің мәнісін ұғына отырып, бұл мәселені лингвистикалық әдіспен зерттеу жағына қарай тартады, екіншісі — біздіңше, дұрыс, бейім аударманы сөз өнерінің бір түрі деп ұғынады да, эстетикалық принциптерді, көркемдік таразыны алғы талапқа қояды, сондықтан бұл бейім аударманы әдебиет таныту теориясын зерттейтін объект деп қарайды.

Совет ғылымының бір саласы болып табылатын бұл екі ағымның екеуі де алдымен бір ғана принципті — қандай да болмасын әдебиет шығармаларын бір тілден екінші тілге аударуға мүмкін деген принципті қолдайды. Сөйтіп, советтік аударма мектебі әдебиет сөздерінде аударуға көнбейтін ежелден қарысқан өзгешеліктері бар деген ескі нанымды қабылдамайды. Керісінше, реалистік аударма әдісі кейбір буржуазияшыл аударма білгіштерінің пікірлеріне қарсы шығып, бір тілден бір тілді айыру үшін және рухани мәдениеттің негізгі түрлерінің арасына әдейі қойылған бұл жалған және жасанды кедергілерді ысырып тастап отырады. Мұндай жағдайды совет аудармашылары мен теорияшылары бірыңғай идеялық тұрғыдан қарап, социалистік реализм әдісімен шешеді.

Ал аударма саласындағы көптеген міндеттер нақтылы түрде, түпнұсқаның түрлі қасиеттерін толық беру үшін аудармашы қолданған құрал-тәсілдерді зерттеумен анықталады, ол қасиеттерге: интонация, ырғақ, образдылық (синонимдердің, идиомдардың, мақал-мәтелдердің, афоризмдердің түрліше астарларымен бірге) секілді элементтер жатады және бұған ұлттық форманың әрқилы өзгешеліктері, тарихи сипаттары да келіп қосылады.

Аударылатын шығарманың сөз, стиль өрнегіндегі осы көрсетілген қасиеттер, бүтіндей алғанда, алуан түрлі болып келеді де, аударуға оңай ырықта бере қоймайды, түпнұсқаның сөз образдылық тәсілінің өзгешелігіне байланысты, бұл аудармашыдан сол қиын жайларға төтеп берерлік творчестволық тапқырлықты талап етеді.

Туысқан халықтар әдебиетінің орыс тіліндегі аудармаларында орыстың көркемсөздік байырғы сөз сапасы өте-мөте жадау болып көрінеді. Ілуде ғана болмаса, проза шығармаларының аудармашылары орыстың өте мол сөз байлығын, әсерлі көріктерін онша пайдалана қоймайды. Жолма-жол аудармадан көшіре аударған бұлар түпнұсқаның өзіндік қасиетін жүдетіп, тіпті кейде қорап етіп те жібереді. Сондықтан аудармалы прозаның орыс сынында әдебиет тілінің арзан қол, шалағай пішіндері болып мысалға алынуы бекерге емес. Мұны мойындау ауыр тисе де, бұл бізді күйіндіретін жағдай, біздің көп жылғы аударма тәжірибеміздегі әлі арылмаған қырсық. Түпнұсқаның орыс тіліне аударылғанда сытылып түсіп қалатын көркемдік-өзіндік өзгешеліктерін, образдылық, стильдік қасиеттерін, немесе ұлттық ерекшелік сипаттарын атай кетуге де болады. Мысалы, аудармаларда заман алшақтығы, кейіпкерлердің сөз әлпетіндегі немесе авторлық ремаркадағы тарихи үндестілік секілді әуендер сезілмей қалады, түрліше әлеумет топтарынан алынған бейнелердің өз ерекшеліктеріне де айырым берілмейді, дін иелерінің де өздеріне тән сөз өзгешеліктері де көрінбей, көмескі жатады.

Аудармаларда сөздің жас айырымына қарай өзгешелігі — бала мен үлкеннің, бала мен бала арасындағы сөздердің айрықшылығын жақсы бере білген сәтті жағдайды кездестіру де қиын. Өте қынжыларлық бір жай, түпнұсқа авторы сәтін келтірген ділмар тапқырлықтар, сөйлем кестесінің гүл көріктері, прозаға берілген өлең сынды үндестілік қасиеттердің бәрі де дарымай, тыс қалады. Белгілі бір кейіпкер үшін автор әдейі ойлап шығарған, халық мақалынан мүлде өзге, тың нақыл сөздер де әлсіз аударылады, сөз құрамының ырғағы, әуені сезілмейді, көптеген шебер тілді жазушылардың шығармаларындағы сөз ойнақылығы да өшіп кетеді.

Ұлттық көркем прозалардың аудармаларында орыс тілінің соншалықты кедей, әсерсіз сұрқай пішіндеріне қайран қаласың. Орыстық сөз сұлулықтарының, сөйлем өрнектерінің, алуан қырлы әсерлі екпіндерінің қазынасынан аудармаларда, түпнұсқаның сорына қарай, тіпті дерлік сыбаға алынбайды, пайдаланылмайды. Бұл өкініштің бастысы сол, аударма орыс тіліне түпнұсқадан емес, дарынсыз олақ қолдан шыққан, әлгі бір жолма-жол аударма (подстрочник) дегеннен аударылады, — бұл өзі өзге тіл оқушысы мен түпнұсқа арасындағы, бұл ретте, аудармашы арасындағы бір берекесіз дәнекер. Бұл жөнде қуанарлық ілу-қағыл көріністер орыс жазушыларының қаламынан шыққан кейбір жақсы сирек аудармалар ғана. Бұлардың еңбектерінің басты қасиеті - олар Добролюбов айтқан шығарманың "ішкі өмірін" жақсы бере біледі. Түпнұсқаның негізгі қасиетін осылай көрсету арқылы олар үздік шығармалардың ұлттық үнін шығарып, аудармадағы басты мақсатқа жетеді. Творчестволық жолмен шешу арқылы олар бір кезде Тургенев, Гоголь, Белинский талап еткен аударманың жақсы нәтижелеріне ие болады. "Аударма бізге неғұрлым аударма болып көрінбей, өзіндік төлтума шығарма болып көрінсе, онда оның соғұрлым тамаша болғандығы", — деген Тургенев. Белинский: "Аударма автордың өзі орысша жазған секілді болып көрінсін, көркем шығарманы ондай етіп аудару үшін художник болып туу керек", — деп талап еткен.

Бұл секілді аудармаларда кейіпкерлері қазақ, өзбек, латыш, татар, армян, т.б. бола тұра, олар шын орысша сөйлейді. Біз бұл аудармашы автордың жақсы орыс жазушысы екенін, оның өзіндік түбегейлі шығармаларында ерекше стилист, ділмәр сөздің шебері екенін білеміз, солай бола тұрса да, ол аударылатын шығарма авторының стиліне өз стилін байланыстырмайды. Сонымен бірге бұл аудармашы негізгі шығарма авторының тіл ойлау дүниесіне айрықша ықтият болып, мұқият зер салады. Ол аудармаға сол шығарманың барлық материалын жақсы біліп алып кіріседі, шығармада суреттелетін халық тарихын зерттейді, кейіпкерлердің дәуірімен, ортасымен терең танысып алады. Әрі үлкен жазушы, әрі талантты аудармашы болып өнеге көрсететін бұл секілді игіліктер, бір өкініші, өте сирек кездеседі.

Орыс тіліне аударылатын шығармалардың көбінесе әсерсіз, жүдеу жолма-жолдықтан аударылатынын жоғарыда аңғартып өттік. Солай болғандықтан, ұлт тілдерін білетін немесе оқып үйренген аударманың маман кадрларын әзірлеудің қажеттілігін дәлелдеп жатпаса да болады. Ал аударма теориясын совет аудармаларының күнделікті шындықтарына — орыс тілінен ұлт тілдеріне, ұлт тілдерінен орыс тіліне аудару мәселелеріне тығыз жақындастыру қажет.

Біздің елімізде шын мәнісінде ғылыми ұйымдасқан, аударма өнерінің бірыңғай әдісіне бағынған бір аударма түрі бар. Бұл істі беделді ғылым орталығы басқарады, бұл мекеменің әрбір республикада филиалдары, облыстардың денінде бөлімшелері бар, олар марксизм-ленинизм классиктерінің маңызды еңбектерін біздің Одақтың көптеген халықтарының тілдеріне аударуда. Мен ИМЭЛС-ді (Маркс-Энгельс-Ленин-Сталин институтын) айтып отырмын. Москва институты басқарған республикалық филиалдар бірнеше жылдар бойы үздіксіз, тарихи терең мәнді ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл ғылыми орындар аударма жөнінде орасан зор тәжірибеге ие болды, бұл жайларды біздің еске алып отырғанымыз орынсыз емес, өйткені шығармаларды аудару мәселесіне қатысты сол тәжірибелердің прозалық ерекше мәні бар.

ИМЭЛС өзінің жер-жердегі барлық мекемелерімен бірге аудармадағы теориялық және тәжірибелік мәселелерді творчестволық жолмен шешуде. Марксизм-ленинизм классиктерін біздің Одақ халықтарының барлық тілдеріне және демократиялық елдердің тілдеріне аударуда терең толғанылған ғылыми тәртіпті жүйенің жасалуы қазір мол нәтижелер беріп, бірнеше жылдық тәжірибелерді түйіндеді. Міне, соның нәтижесінде көркем проза үлгілерін аудару жайынан қойылған бірқыдыру теориялық мәселелерде ойланып-толғанып, ИМЭЛС арқылы дұрыс шешіліп отыр. Біздің көркем аудармаға сай келетін бірқатар ортақ мәселелерді аңғарта кетелік: көркем аударма теорияшылары сөзбе-сөздікті мансұқ етеді. Ал сөзбе-сөздік түпнұсқаның мәнісіне, немесе аударылған тілдің дұрыстығына нұқсан келтіреді деп танылып, оны Маркс те қатты сынаған болатын. Бұл жайында Энгельс: сөзбе-сөздіктен "неміс ой-пікірін ағылшындық. мағынасыздыққа айналдыру" болмақ деген. Энгельс өте-мөте сөзбе-сөздік аударма түбегейлі шығарманың стиль өзгешелігін және тіл көркемдігін жойып жібереді деп ескерткен. Аударма жайында В.И. Лениннің де айтқан пікірлері көп. Ленин шығарманың интонация және ырғақ қозғалысын дұрыс беру қажет деген пікірде болған.

Аударма мәселесіне байланыстыра, марксизм-ленинизм классиктерінің мұраларында сөз образдылығының ерекше мәнділігін еске түсіре кетелік. Көркем прозадағы бұл секілді ең әсерлі тәсілдер олардың еңбектерінде де орасан зор қызмет атқарған. Мәселен, Ленин шығармаларынан біз тілдің образды, әсірелі құралдары есебінде пайдаланылған көптеген теңеулерді, қанатты сөздерді, синонимдерді, идиомдарды, әсем сөздерді, эпитеттерді, славянизмдерді — шеркеулік славянизмдерді, көптеген неологизмдерді, қысқартылған сөздерді, тағысын тағыларды жиі кездестіреміз. Орыс және шетел әдебиетінен Лениннің алған мысал цитаттарының өзі тоғыз жүзге тартады екен. Мәселен, Ленин Гоголь сөздерінен жүз жиырма бес рет, "Ақылдың азабынан" сексен сегіз рет мысал келтірген, Ленин шығармалары халықтық мақал-мәтелге де толы.

Марксизм-ленинизм классиктерінің бұл секілді образдылыққа, эмоциялық екпінділікке толы шығармаларын аудармада толық жете беру, интонациясын, ырғағын дәл келтіру зор мәселе болып табылады. Әлбетте, бұл пікірлерімізбен көркем проза мен марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектері арасына теңеу белгісін қоймақшы емеспіз, бірақ социалистік реализм әдісіне негізделген біздің шыншыл аудармамыздың бұл саладағы аудармаға қатысты көптеген ортақ мәселелері бар. Ал аударма теориясы өзіне өте жақын, бұл туыс салада, ілгеріде айтылғандай, бірқатар пайдалы тәжірибе барлығын біле тұра, оған зейін қоймай, зер салмай отыра алмайды.

ИМЭЛС және оның филиалдары да аударманы айрықша жікке бөледі, көркем әдебиет аудармашылары сияқты, олар да аударманың үш түрі бар деп біледі, бірінші — сөзбе-сөздік — әріпқойлыққа негізделген аударма, мұны көркем сөз аудармашылары секілді, марксизм-ленинизм классиктерін аударушылар да мансұқ етеді. Аударманың екінші бір түрі - еркін аударма дегенді олар да қабылдамайды, бұл аударма, шынында, аудармашының өзіншелеп әңгімелеп отырғанына өте ұқсас келеді.

Аударманың өте-мөте қонымды ғылыми дәлелденген түрі деп олар — шығарманың мазмұнын да, формасын да толығырақ беретін ғылыми дәл, балама аударманы есептейді. Марксизм-ленинизм классиктерін аударушылар аударылатын шығарманың лексикасын да, синтаксисін де, олардағы ой-пікірлерді, эмоциялық және образдық көріктерді толығымен сақтауға, түпнұсқаның мазмұны мен формасының бүкіл нәр-қуатын толық беруге талаптанады. Осы айтылғандарға марксизм-ленинизм классиктерін аударудағы ең басты бір шарт — маркстік-лениндік идеяларды таза сақтау үшін, марксизм-ленинизмнің революциялық теориясын түрлі бұрмалаушылықтан, бүлдіріп қадірін түсірушіліктерден аман сақтау үшін — берік ұстаған ғылыми дәлме-дәл аудару тәсілдерін қоссақ, онда біз мұнда, советтік реалистік аударманың нық негізі барлығын ұғынуымыз керек. Ал бұл ұйымдасқан, ғылыми дәлелденілген және өз жетістіктерін үнемі өркендетіп келе жатқан игі қызмет — біздің, көбінесе үстіртін, парықсыз және жекелене әрекет етуші көркем проза аудармашылары үшін көп өнеге болатындығы сөзсіз.

Марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын біздің елдің туысқан халықтарының тілдеріне аудару тәжірибесінен біз сол аударған тілдің жаңа сөздермен молыға түскенін байқаймыз. Мысал үшін айтсақ, Лениннің шығармалары қазақ тіліне аударылуына байланысты, қазақтың әдеби тіліне орыс және шетел тілдерінен екі мыңдай сөз еніпті. Ғылыми терминдік сөздерді қабылдаумен қабат, ұлт тілінің мүмкіндіктерін байыту жолында үлкен жұмыс жүргізілуде. Бұл талап жаңадан сөз байланыстарын жасау, бар сөздер мен ұғымдардың мағыналарын тереңдету, жаңарту, жеке сөздердің ұғымдық ауқымын кеңейту, ұлт тілдерінің сөз негіздерін пайдалана отырып, жаңадан сөз тұлғасын жасау секілді шаралар арқылы жүзеге асырылмақ.

Орыс тіліндегі әдебиеттің туысқан халықтарымыздың тілдеріне аударылуы сол халықтардың тілдерін байыта, дамыта түспекші, аударма арқылы орыс тілінің ойлау формасы, сөз мәдениеті және бүкіл әдебиеттік өнегелері біздің халықтарымыздың тілдеріне бірте-бірте сіңісіп, қалыптаса бермекші. Тек осы жолдар арқылы ғана әр халық өзінің әдебиет тілін толықтырып, өркендете түседі, сөйтіп өзінің төлтума әдебиетінде біздің Отанымыздың Өміріндегі орасан ұлы қозғалыстарды кеңінен толық сипаттауға зор мүмкіндік алады.

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу: