4 Желтоқсан 2012, 09:00
Аманжолов Қасым Рақымжанұлы (1911, қазіргі Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. — 1955, Алматы) — ақын. Ауыл молдасынан хат таныған. Жетім қалғаннан кейін Семейдегі балалар үйіне орналастырылып, сонда бастауыш білім алған. Семей мал дәрігерлік техникумын бітірген (1930). 1931 ж. Ленинградтағы Орман ш. ин-тына түседі. Бірақ денсаулығына байланысты оқи алмай қайтып оралған. 1931 — 41 ж. «Лениншіл жас», Орал обл. «Екпінді құрылыс» газеттерінде редактор, Орал обл. театрында жұмыс істеген. 2-дүниежүз. соғысқа қатысқан. 1946 ж. «Әдебиет және өнер» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі болды. А-тың алғашқы өлеңі Оралдың «Екпінді құрылыс» газетінде басылды. Тұңғыш жинағы «Өмір сыры» 1938 ж. жарық көрді. Осыдан былай қарай ақын қаламынан халық өмірі — өзі өмір кешкен заманы түйдек-түйдек жыр жолдарына өріліп отырды. Ақынның соғысқа дейінгі кезеңдегі көркемдік сапасы аса биік туындылары қатарына «Ақын», «Бірінші май», «Жолдас маршал», «Жалғыз жалау», «Дүниеге жар», «Орамал», «Мен табиғат бөбегі» тәрізді өлеңдері жатады. Соғыс кезеңі Қасым ақындығының әбден қалыптасқан, ең шоқтықты да өнімді тұсы. «Құя алман үгітілген балшық өлең, Көңілімде көл жасаман тамшыменен, Серінің сертке соққан семсеріндей, Өлеңнің өткірін бір алшы менен», — деп ақын бұл кезеңде қазақ өлең өнеріне мазмұн жағынан да, түр жағынан да мол жаңалық әкелген. Көркемдеу құралдарының образды сөз өрнектерінің жан тебірентер жаңа үлгілерін тауып қолданды. Бұл тұста ақынның «Байқал», «Оралым», «Подполковник Альпин», «Дариға сол қыз» өлеңдері, «Мартбек», «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмалары жазылды. А-тың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын Ғ. Мүсірепов қазақ поэзиясындағы жаңа бетбұрыс деп бағалады. Соғыстан кейін А. не бары он жыл өмір сүрді. Көркемдік сапасы жоғары лирик. өлеңдермен қатар «Боран», «Біздің дастан», «Бикеш», «Жамбыл тойында», «Құпия қыз» тәрізді үлкен эпик. поэмалар жазды. А. ақындығымен қатар үлкен сазгер де болған. Оның әнін де өзі шығарған «Дариға сол қыз», «Туған жер», т.б. шығармалары халықтың сүйікті әндеріне айналған. А. қазақ әдебиетінде аударма жанрының дамуына да зор үлес қосты. Ол А.С. Пушкиннің «Полтава», М.Ю. Лермонтовтың «Маскарад», А.Т. Твардовскийдің «Василий Теркин», Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмаларын, Т. Г. Шевченконың, В. В. Маяковскийдің өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Қазақ поэзиясына он буынды өлең түрін енгізіп, оны әбден тұрақтандырды.