4 Желтоқсан 2012, 08:36
Микробиология және вирусология институты – ҚР Білім және ғылым министрлігі қарамағында. 1956 ж. Алматы қ-нда Қазақстан ұА-ның Топырақтану – Ботаника ин-тының микробиология секторы және Аймақтық патология ин-тының вирусология лаб. біріктіріліп құрылған. Ин-т микробиология және вирусологияның мәселелерін, микроорганизмдер мен вирустар тіршілігінің заңдылықтарын зерттеп, оның қорытындыларын халық ш. мен денсаулық сақтау саласында кеңінен қолданумен шұғылданады. Ин-тта ғыл.-зерт. жұмыстары төрт бағытта жүргізілді: микроорганизмдер физиологиясы – микроорганизмдердегі зат алмасуды, микроб тектес заттардың физиол. белсенділігіндегі биосинтетик. заңдылықтарды зерттеу және микробиол. жаңа технологияны жасау; микроорганизмдер мен вирустар генетикасы мен селекциясы – микроорганизмдердің табиғи және қолдан жасалған өзгерістерін зерттеп, эксперименттік мутагенез және халық ш-нда қолданылатын микроорганизмдердің пайдалы қасиеттерін күшейту; микроорганизмдер экологиясы – табиғатта (топырақ, су, тау жыныстарында, т.б.) кездесетін микроорганизмдер тіршілігінің заңдылықтарын зерттеп, алынған нәтижелерді өндіріс пен өнеркәсіпте қолдану; вирусология бойынша – вирустар мен клеткалардың өзара әрекетін, вирустардың генетикасы мен биохимиясын, өсімдіктердің вирустық ауруларын зерттеу, алынған жетістіктерді денсаулық сақтау және а. ш. салаларында қолдану. Ин-т ғалымдары ашытқылардың тіршілігін зерттеп, олардың көмірсулары мен спиртте төзімділері іріктеліп алынды. Сүт қышқылының бактериялары бөлініп алынып, олар мал азығының сапасын арттыруға қолданылды. Әр түрлі өсімдіктерден шырынды азық сүрлемді даярлауда тиімді бактериялық препараттар (АМС, Силоплант-34, НАК-1, лактокалларин, т.б.); сүрленуі қиын немесе тіпті сүрленбейтін өсімдік түрлерінен биоконсерванттар көмегімен мал азығын дайындау өндірісінде пайдаланатын мутанттар алынды. Антибиотиктің жаңа түрлері: целикомицин, розеофунгин, 1321 препараты, А 23/791 антибиотиктері алынып, олар түрлі өсімдік ауруларына қарсы күресте қолданылады. Триходерма саңырауқұлағы зерттелініп, одан картоп ауруына қарсы қолданатын триходерма препараты жасалды. Қан сорғыш-гнус жәндіктерді жоятын патогендік бактериялар табылды. Сондай-ақ өндірістік пайдалы микроорганизмдердің тұқым қуалаушылық қасиетін өзгерте алатын мутагендік заттарды пайдаланып, олардың өнімділігін арттыруға болатыны дәлелденді. Республикамыздағы кенді аймақтардағы өндіріс қалдықтарын микроорганизмдер көмегімен ыдыратып, олардың зиянды әсерін жоюға мүмкіндік алды. Мұнай қалдықтарын зарарсыздандыратын микроорганизмдер табылып, өндіріске енгізілуде. Микровирустарға қарсы антиденелердің түзілу процесін реттеп, клеткалар мен вирустар арасындағы өзара әрекеттерді зерттеді. Иммуноглобулиннің үш класы бөлініп алынып, олардан антисарысу (антисыворотка) даярланды. Тұмау вирусының бірнеше штаммдары анықталып, бұлардың ішінен індетті қоздыратын рибонуклеин қышқылдары алынды. Аса қауіпті вирустардың антигендерін алудың өте тиімді тәсілі табылып, соның нәтижесінде вирустардың иммуногендік өзгерістерін басқаруға мүмкіндік туды.