4 Желтоқсан 2012, 08:33
Идея (грек. іdea – түсінік, елес, бейне) –
1) ой, түпкі ой;
2) бір нәрсенің (мысалы, көркем, ғылыми, саяси шығарма) негізгі ойы;
3) теориялық жүйенің, логикалық құрылымның, соның ішінде дүниетанымның негізінде жатқан анықтаушы түсінік;
4) нәрсе немесе құбылыс жөніндегі жалпы түсінік.
Идея (ежелгі грек ойшылдары)
“Идея” терминін ең алғаш ежелгі грек ойшылдары Анаксагор мен Демокрит қолданған. Демокрит атомдарды идеялар деп түсіндірді. Платон болса, барлық заттардың түпкі тегі – мәңгі жоғалмайтын, заттардан тәуелсіз және тыс идеялар деп есептеді. Оның ойынша, идеялар заттардың алғашқы бейнесі, формасы, схемасы (эидос). Олар объективтік нәрсе, өйткені олар адамдардың санасында туатын ойлар мен бейнелер емес. Заттар да, адамдар да сол мәңгілік идеялар дүниесінің туындысы, соның көлеңкесі ғана. Идеялар ешбір өзгермейді, олар құдайлар дүниесі десе де болады. Заттар мен адамдар, олардың бейнелері мәңгі идеяларға тек біршама жақындауы, жанасуы мүмкін, бірақ еш уақытта бірдей болып, теңесе алмайды. Шын дүние – сол идеялар дүниесі. Ал заттар мен адамдар дүниесі құбылмалы, өзгеріп, айнып, жоғалып, қайтадан пайда болып жатады. Аристотель біртұтас дүниені идеялар мен заттар деп бөлуге қарсы шықты. Оның философиясында идеяның “форма” ұғымы негізгі рөлге ие болды.
Идея (жаңа дәуір)
Жаңа дәуірде ғылымның өмірдегі орны ұлғайған сайын, дүниеге танымдық қатынас негізгі құндылыққа айнала берді. Жаңа дәуірде идея да тек танымдық рөлі жағынан қарастырылып, дүниені бейнелеу мүмкіндігі тұрғысынан зерттеле бастады. Рене Декарт пен Бенедикт Спиноза (1632 – 1677) идеяға ұғым, ой деп қарады. Олардың пікірінше, идея нақты көрнекті бейнесі жоқ ой. Дж. Локк негізін салған эмпирикалық логика идеяны жалпы пікірге, елестерге теңеді. Бұл тұрғыдан идеяның ой мен сезімнен басқа формаларынан өзгеше табиғаты жөнінде сөз болуы мүмкін емес еді. Ойлаудың басқа формалары сияқты идеяның да өзгеше дербес мағынасы әрі қызметі бар екенін неғұрлым анық көрсеткен И.Кант болды. Гегельдің айтуынша, Кант идеяға оның жоғалтқан мәнін қайтарды. Идеяны түсінуде Кант белгілі дәрежеде Платонға оралды. Платонның идея туралы ілімінен Канттың қайта жандандырғаны: идеяның сыртқы сезімдерден тумайтындығы, пайыммен жанаспайтыны, тәжірибені тануға жол ашатындығы ғана емес, тіпті, табиғат құбылыстарының өзіне түпнұсқа болып тұратындығы. Канттың ойынша, идея – ұғымдардың ұғымы, пайымның емес, зерденің ұғымы. Таным сырттай сезінуден басталып, пайымда өңделіп, әрі қарай зердеде аяқталады. “Идея деп мен, – дейді Кант, – сезімдерде өзіне сәйкес келетін ешнәрсе жоқ зерденің қажетті идеясын айтамын”. Идея – яғни, бар нәрсені емес, басқа ұғымдардан өзгеше әлі жоқ нәрсені, жасалуға тиіс нәрселерді білдіреді. Зерденің идеялары жалпы алғанда ешнәрсені бейнелемейді, бар ұғымдарды өз қажетіне сай біріктіреді.
Гегель, керісінше, идея сезімдер дүниесіне де, заттарға да тікелей қатысты деп есептеген. Оның пікірінше, идея – ең ақиқат ұғым, объективтік ақиқат немесе ақиқаттың өзі. Идея әрбір жеке санада бар, тек оларда жетілмеген, күңгірт болуы мүмкін. Гегель үшін барлық дүние абсолюттік рухтың өмірде іске асқан, материалдық формаға енген қалпы. Сондықтан ол ойлаудың негізгі формаларын рух дамуының белгілі бір сатылары ретінде қарастырады. Идея да солай. Табиғаттағы, қоғамдағы әрбір нақты форма, заттық формаға, басқа да объективтік түрге айналған, яғни іске асқан ұғымдар. Іске асқан формалардың бәрі де ақиқат формалар, ұғымның ақиқаттығының айғағы. Олай болса, әрбір нәрсенің ақиқаттығы оның идеясының ақиқаттығы және олар өздері Идея болғандықтан ақиқат. Гегельдің бұл ойлары оның ойлау мен болмыстың барабарлығы принципіне негізделген. Болмыс – ойлаудың объективтенген, іске асқан формасы, ойлау дамуының нәтижесі. Әрбір заттың ішкі мәні – идея. Заттардан олардың идеялары сәулеленіп тұрады. “Барша шын дүние ақиқат болғандықтан, ол – идея және идея болғандықтан ғана, соның қуатымен ғана ақиқат”. Гегель идеяға “ұғым мен нақтылықтың бірлігі” деген анықтама береді. Бірақ бұл бірлік о бастан дайын емес, ол – процесс. Идеяның өзі тарихи дамудың нәтижесі. Ол процестің бір жағын ғана көрсететін абстракциялану емес, даму барысында өзінің көптеген қырларын айқындап толысқан ұғым. Өз даму жолында кездейсоқ, өткінші белгілері екшеліп, сұрыпталып, жоғалып, өзінің шын табиғатында тазарған түрі. Рух дамуының ақырғы шегі, ең жоғарғы жетілген деңгейі – абсолюттік идея. Ол бүкіл даму тарихындағы жасалған рухани байлықтардың бәрін бойына сіңірген, бір жүйеге біріктірген. Міне, бұл – Гегельдің философиясы. Бірақ идеяның тек танымдық жағын ғана қарастыру оның шын табиғатын толық ашпайды.
Заттар дүниесін бейнелеу, белгілі бір заңдылықтарды көрсету, әрине, идеяда бар. Бұл, негізінен, танымдағы, ғылымдағы идеялардың ерекшелігі. Егер идеяны тек ғылым, таным саласымен шектемей, адамзат қызметінің барлық салаларында алып қараса, оның табиғаты әлдеқайда басқаша. Таным саласында идеяның ұғымынан өзгешелігі жоқ, ол тек ұғымдардың бір айрықша мәнді түрі болып қана қалады. Ал адамның жасампаздық қызметтерінде, өндірістік, әлеуметтік, т.б. іс-әрекеттерінде ол ұғым емес, ойлаудың тіпті басқа формасы екендігі айқындалады. Адамның кез келген бір бұйымды жасауын алсақ, онда сол бұйымның бейнесі ғана емес, оның адамға қажет қасиеттері, оны жасайтын материалды өңдеу, ондағы құралдар, әрбір қимыл, әдіс, т.с.с. тізбегі ой жүзінде оның көз алдынан өтеді. Оның екінші жағы – сол іске кіріспестен бұрынғы ойлар мен бейнелер желісі. Және адам оны сан рет ой жүзінде өзгертуі мүмкін. Осы әлі іске аспаған, бірақ тікелей іске асуға дайын ойлар мен бейнелердің жүйесі тұтасымен идея болады. Онда объективтік дүниені бейнелеу бар, бірақ ол бейне негізгі емес. Ойлар мен бейнелердің басым, негізгі жағы – өмірде, болмыста әлі жоқ, бірақ бұл ойлар болуға тиіс нәрсе туралы. Яғни, идеяның негізгі мазмұны барлық емес, тиістілік. Ал ұғымның негізгі мазмұны – барлық, ол – бар нәрсенің бейнесі. Ұғым мен идеяның негізгі айырмашылығы осында.
Идеялар, әсіресе, әлеуметтік өмірде, көркемөнерде, дінде, т.б. салаларда болуға тиістінің жалпы кескінін көрсетеді, соның жалпы бағытын анықтайды. Сол идеялардың негізінде кейін тұтас бір жүйелер, олардың нақты түрлері мен формалары өрбиді. Осы жағынан алғанда идеялар әлеуметтік өмірде, көркемөнерде, дінде, философияда шын мәнінде белгілі бір (жалпыадамзаттық, ұлттық, гуманистік, т.б.) құндылықтармен тығыз байланысып жатады.