Отан

4 Желтоқсан 2012, 08:29

  БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ (мақала) «Лениншіл жас», 3 ноябрь, 1967 жыл Отан Отан деген түсінік адамның ұғымына ананың ақ сүтімен бірге сіңеді. Ата баласын әлдилейді. Ағалары мен апалары баланы аймалайды. Тіл үйретеді. Сүйінуді үйретеді, күйінуді үйретеді. Бұл - ұя. Ұяда не көрсең - ұшқанда соны аласың. Отан - ошақ басынан басталады. Менің Отаным әуелі - менің зергерлікті кәсіп еткен әкем, мені ана орнына арқасына салып көтеріп өсірген әпкелерім еді. Ауылдас ағайындар. Көкпар тартысқан шалдар. Айнала асқар таулар. Сылдырап аққан бұлақтар. Азынап соққан ақ боран. Көмкерілген кемпірқосақ. Бұл - менің туған ауылым. Бұл менің Отаным еді. Ес білгенде мен осыны түсіндім. Еңбектеуге жараған балаға ит жейдесі тар болады. Тірлікте де сондай той. Туған ауылдан басқа жерлер барын біле бастайсың. Туған аудан, облыс, республика... ұлы Отан. Есейе келе мен осыны түсіндім. Отанымыздың аты - СССР екен. Ол терезесі тең, өз ықтиярымен одақтасқан туысқан республикалардан құралады екен. Бұл елдің көсемі ұлы Ленин, большевиктер партиясы екен. Оны мен шала - пұла ес білгенде біздің ауылға келген тұңғыш большевик Сыдық Абыланов деген кісінің аузынан естідім. *** Бұл жаңа дәуірдің басы еді. Кейін ойлап қарасам, жаңа Заман орнаған екен. Кейін - кейін оқып - тоқығанымнан аңғарсам, бұл дәуірді, бұл заманды адамзат баласы есте қалмаған ежелгі бір ескі кездерден - ақ аңсайды екен. Азаттықты. Теңдікті. Бақытты. Арғысын әрі қойып, бергісінен бастасақ - Кампанелла. «Күн шаһарын» тұрғызып, бүткіл адамның бақытты болуын аңсаған Кампанелла. Ал, өткен ғасырда Шарль Фурье дейтін француз «мейірбан» капиталистерді іздеп, олар аш - арықтарға байлығынан бөліп береді деп жас балаша дәмеленіп өткен дүниеден. Бірақ «қолынан қайыр бермейтін қортиғандар бек болған» қорқау заманда «мейірбан» капиталистер мен байлар теңдік орнатуы мүмкін емес еді. Оқыған - тоқығаны бар, «көзі ашық» Европаны былай қойғанда, өзіміздің казактар ше? Олар армандама па жақсы күндерді?! «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап», «әрбір шидің түбінде бір - бір тоқты егіз қозы табатын» күндерді сағынбап па еді бабаларымыз! Біздің қазіргі ұрпақ «Асан ата» деп жүрген Асан қайғы Батыстың озық ойшылдарынан бір де кем емес. Желмаяға мініп, Жерұйық іздеп өткен шалымыздың арманы Кампанелланың, Жан Жак Руссоның, француздың ұлы энциклопедистерінің ізгі ниеттерімен астасып жатыр. Жер бетінен көп ұрпақ көшті. Адамды адам қанаған, «бір пара жанды малды ғып, бір пара жанды малсыз қылған» керуен кезеңдерде әлгі әділетсіздікке қарсы қаншама қан төгілді. Былайша қарасаң, қарапайым ғана түсінік: сен, мен, ол. Бәріміздің правомыз да тең, тереземіз де тең, бәріміз де азат, бәріміз де бақытты болуымыз керек. Әрине, адал еңбектің, адал ниеттің арқасында, Ал, бірақ осы бір сұрақтың жауабын бере алмай қаншама ғасырлар қанқақсап кетті. Еменнің безіндей тас түйін болған сол сұрақты шешуші Ленин, Лениннің елі, Коммунистер партиясы. Тұңғыш рет. Дүние - дүние болғалы, адам баласы жаралғалы тұңғыш рет біздің Отанымызда азаттық орнады. Біздің ауылдың алғашқы большевигі Сыдық Абыланов осы сүйінішті хабарды менің бала кезімде жеткізіп еді. Содан бері елу жыл! *** Жаңа дүние жаусыз болмайды. Оны өмір, Совет өкіметінің алғашқы күндері - ақ дәлелдеп берді. Жаңаша тұрмыс құра бастаған жас мемлекетке азулы жау тұс - тұстан тарпа бас салды. Бәрі, дүниенің қағынды қара күші басымызға шүйілді. Антанта қандай еді?! Шынында да ертегідегідей болды. Жас батыр он төрт мемлекетпен алысты. Жас батыр басынан бақайшағына дейін қаруланған он төрт мемлекетті өз жерінен аластап шықты. Бірақ бұл ертегі емес, нағыз шындық! Не кереметі бар? Жас батыр қалай жеңді соншама жауды?- деген сұрақ туады. Жауабы біреу - ақ: Отанға деген махаббат. Дүние - дүние болғалы езілгендер тұңғыш рет азаттық алған ел шын мәнінде Отан еді. Ал, жас Совет өкіметінің негізгі заңы - Конституцияда жазылғандай, Отанды қорғау - әрбір азаматтың қасиетті борышы. Социализмге тұңғыш рет тартылған жолдың бойында нелер жоқ! Ержүрек Данконы еске алайықшы! Социализмге тұңғыш рет тартылған жолдың тауқыметі одан да зор. Азамат соғысы күйзелткен экономиканы қалпына келтіру, Лениннің ГОЭЛРО - сы, карт Оралдың тұңғыш болаты, ауылға келген алғашқы трактор... Ауылға келген алғашқы трактор туралы егде қазақтар әлі күнге дейін аңыз қып, тіпті, анекдот қып айтып жүреді. Бірақ бұл аңыз да емес, анекдот та емес, нағыз шындық! СССР - қараңғылықты қақ жарып шыққан күн іспеттес. Жарқыраған күнді қорқау қасқырлар, жапалақтар, жарқанаттар жақтырмайды. Ал, Советтер елінің мағыналы тіршілігіне дүниежүзінің езілген халықтары қызыға қарап, олар да бостандықты аңсады. Осыдан шошыған қарау капитализмнің қатал күші бізге тағы соқтықты. Ол - фашизм еді. Ұлы Отан соғысы. Атына назар салыңыз: Ұлы Отан соғысы. Сөзіміздің беташарында айтып кеттік, Отан - ошақ басынан басталады деп. Әркім өзінің ошақ басын жаудан қорғауға аттанды. Сонымен бірге әркім Ұлы Отанды фашизмнен қорғауға аттанды. Октябрьдің жемісін, Октябрьдің жеңісін қорғап қалатын сын сағаты туды. «Ер төсектен безініп, алты малта ас қылып», толарсақтан қан кешкен күндер туды. Тарих көріп - білмеген жойқын еді. Көп ерлер қайтпай қалды. Көп қосақтың сыңары жесір қалды. Көп ана ақ шашын жайды. Көп бала жетім қалды. Майданнан қайтпай қалған ер - азаматын жоқтап, көзінің жасы кеппей кемпір болған келіндерді әлі талай көріп жүрміз. Осының бәрі Отан үшін еді. Отанды халықтар қорғады. Халықтардың достығы қорғады. Октябрь мен Коммунист партияның ұлы табыстарының бірі - халықтар достығы. Бір ғана Панфилов дивизиясында қазақтар, қырғыздар, орыстар, украиндар, өзбектер, татарлар, тағы басқа көптеген ұлттың адамдары болды. Олар соғыста бір шаңырақты - Ұлы Отанды жаудан аман алып қалды. Отанды патриотизм сақтап қалды. Ошақ басына, Отанға деген сүйіспендік сезім винтовкаға серік болмаса - бәpi бекер. Біздің бақытымызға қарай, біздің ұрпақтарда осы сезім өте күшті екен. Оған соғыс көз жеткізді. * * * Ақын айтқандай, Отанды сүю аз. Отан сені сүйсін! Отанды сүйемін деп күніне мың рет ант беріп, түк бітірмей жатып алуға да болады. Отан сені сүйе ме - соны бір мезгіл ойлан. Отанды сүйсең, өзіңнің отбасыңның берекесін сыйла. Туған жердің тауы мен тасын, бауы мен бақшасын, көлі мен шөлін, дәстүрі мен қариясын сыйла. «Жарамды ұлдың белгісі - жастықтың тұзын ақтамақ» деген бізден бұрынғылар. Жастықтың тұзын - еліңе адал еңбек етсең, айтқан жерден аулақ, ел басына күн туа қалса, қолыңа қару алып, қасық қан қалғанша жаумен алыссаң - ақтамақсың. «Ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деген бізден бұрынғылар. Капитализм - ежелгі дұшпан. Дүние әлемнің тыныштығын бұзып тұрған кәрі бұзық өзінің көрі қазулы тұрғанын көріп жанталасуда. Жаралы қабан мың есе жаман. Отанды сүйіп, оны қорғауға әрдайым дайын болу - әрбір жастың борышы. Отан үшін отқа түс - күймейсің! Советтік Отанымыз елу жасқа толып, кемелденген шағында достарымыздың сүйініші көп, қас - дұшпанның күйініші көп. Елу жылда ел жаңарды, жер жаңарды. Философ Асан қайғы ғайыптан қайта пайда болып, өзі осынау ерте заманда кезген жерлермен енді жүріп өтсе, аяқ басқан аймақтың бәрі Жерұйық екеніне көзі жетер еді. Ендеше, ұлы Отанымыздың келбеті дос сүйініп, қас күйінерге әбден лайық. Сол Отанның азаматы атануға кәріміз бар, жасымыз бар, бәріміз де лайықты болайық! Мерекең құтты болсын, ұлы халқым!  

 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

(мақала)

«Лениншіл жас», 3 ноябрь, 1967 жыл

Отан

Отан деген түсінік адамның ұғымына ананың ақ сүтімен бірге сіңеді. Ата баласын әлдилейді. Ағалары мен апалары баланы аймалайды. Тіл үйретеді. Сүйінуді үйретеді, күйінуді үйретеді. Бұл - ұя. Ұяда не көрсең - ұшқанда соны аласың. Отан - ошақ басынан басталады. Менің Отаным әуелі - менің зергерлікті кәсіп еткен әкем, мені ана орнына арқасына салып көтеріп өсірген әпкелерім еді. Ауылдас ағайындар. Көкпар тартысқан шалдар. Айнала асқар таулар. Сылдырап аққан бұлақтар. Азынап соққан ақ боран. Көмкерілген кемпірқосақ. Бұл - менің туған ауылым. Бұл менің Отаным еді. Ес білгенде мен осыны түсіндім.

Еңбектеуге жараған балаға ит жейдесі тар болады. Тірлікте де сондай той. Туған ауылдан басқа жерлер барын біле бастайсың. Туған аудан, облыс, республика... ұлы Отан.

Есейе келе мен осыны түсіндім. Отанымыздың аты - СССР екен. Ол терезесі тең, өз ықтиярымен одақтасқан туысқан республикалардан құралады екен. Бұл елдің көсемі ұлы Ленин, большевиктер партиясы екен. Оны мен шала - пұла ес білгенде біздің ауылға келген тұңғыш большевик Сыдық Абыланов деген кісінің аузынан естідім.

***

Бұл жаңа дәуірдің басы еді. Кейін ойлап қарасам, жаңа Заман орнаған екен. Кейін - кейін оқып - тоқығанымнан аңғарсам, бұл дәуірді, бұл заманды адамзат баласы есте қалмаған ежелгі бір ескі кездерден - ақ аңсайды екен. Азаттықты. Теңдікті. Бақытты. Арғысын әрі қойып, бергісінен бастасақ - Кампанелла. «Күн шаһарын» тұрғызып, бүткіл адамның бақытты болуын аңсаған Кампанелла. Ал, өткен ғасырда Шарль Фурье дейтін француз «мейірбан» капиталистерді іздеп, олар аш - арықтарға байлығынан бөліп береді деп жас балаша дәмеленіп өткен дүниеден. Бірақ «қолынан қайыр бермейтін қортиғандар бек болған» қорқау заманда «мейірбан» капиталистер мен байлар теңдік орнатуы мүмкін емес еді. Оқыған - тоқығаны бар, «көзі ашық» Европаны былай қойғанда, өзіміздің казактар ше? Олар армандама па жақсы күндерді?! «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап», «әрбір шидің түбінде бір - бір тоқты егіз қозы табатын» күндерді сағынбап па еді бабаларымыз!

Біздің қазіргі ұрпақ «Асан ата» деп жүрген Асан қайғы Батыстың озық ойшылдарынан бір де кем емес. Желмаяға мініп, Жерұйық іздеп өткен шалымыздың арманы Кампанелланың, Жан Жак Руссоның, француздың ұлы энциклопедистерінің ізгі ниеттерімен астасып жатыр.

Жер бетінен көп ұрпақ көшті. Адамды адам қанаған, «бір пара жанды малды ғып, бір пара жанды малсыз қылған» керуен кезеңдерде әлгі әділетсіздікке қарсы қаншама қан төгілді. Былайша қарасаң, қарапайым ғана түсінік: сен, мен, ол. Бәріміздің правомыз да тең, тереземіз де тең, бәріміз де азат, бәріміз де бақытты болуымыз керек. Әрине, адал еңбектің, адал ниеттің арқасында, Ал, бірақ осы бір сұрақтың жауабын бере алмай қаншама ғасырлар қанқақсап кетті.

Еменнің безіндей тас түйін болған сол сұрақты шешуші Ленин, Лениннің елі, Коммунистер партиясы. Тұңғыш рет. Дүние - дүние болғалы, адам баласы жаралғалы тұңғыш рет біздің Отанымызда азаттық орнады. Біздің ауылдың алғашқы большевигі Сыдық Абыланов осы сүйінішті хабарды менің бала кезімде жеткізіп еді.

Содан бері елу жыл!

***

Жаңа дүние жаусыз болмайды. Оны өмір, Совет өкіметінің алғашқы күндері - ақ дәлелдеп берді. Жаңаша тұрмыс құра бастаған жас мемлекетке азулы жау тұс - тұстан тарпа бас салды. Бәрі, дүниенің қағынды қара күші басымызға шүйілді. Антанта қандай еді?! Шынында да ертегідегідей болды. Жас батыр он төрт мемлекетпен алысты. Жас батыр басынан бақайшағына дейін қаруланған он төрт мемлекетті өз жерінен аластап шықты. Бірақ бұл ертегі емес, нағыз шындық!

Не кереметі бар? Жас батыр қалай жеңді соншама жауды?- деген сұрақ туады. Жауабы біреу - ақ: Отанға деген махаббат. Дүние - дүние болғалы езілгендер тұңғыш рет азаттық алған ел шын мәнінде Отан еді. Ал, жас Совет өкіметінің негізгі заңы - Конституцияда жазылғандай, Отанды қорғау - әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Социализмге тұңғыш рет тартылған жолдың бойында нелер жоқ! Ержүрек Данконы еске алайықшы! Социализмге тұңғыш рет тартылған жолдың тауқыметі одан да зор. Азамат соғысы күйзелткен экономиканы қалпына келтіру, Лениннің ГОЭЛРО - сы, карт Оралдың тұңғыш болаты, ауылға келген алғашқы трактор... Ауылға келген алғашқы трактор туралы егде қазақтар әлі күнге дейін аңыз қып, тіпті, анекдот қып айтып жүреді. Бірақ бұл аңыз да емес, анекдот та емес, нағыз шындық!

СССР - қараңғылықты қақ жарып шыққан күн іспеттес. Жарқыраған күнді қорқау қасқырлар, жапалақтар, жарқанаттар жақтырмайды. Ал, Советтер елінің мағыналы тіршілігіне дүниежүзінің езілген халықтары қызыға қарап, олар да бостандықты аңсады. Осыдан шошыған қарау капитализмнің қатал күші бізге тағы соқтықты. Ол - фашизм еді.

Ұлы Отан соғысы. Атына назар салыңыз: Ұлы Отан соғысы. Сөзіміздің беташарында айтып кеттік, Отан - ошақ басынан басталады деп. Әркім өзінің ошақ басын жаудан қорғауға аттанды. Сонымен бірге әркім Ұлы Отанды фашизмнен қорғауға аттанды. Октябрьдің жемісін, Октябрьдің жеңісін қорғап қалатын сын сағаты туды. «Ер төсектен безініп, алты малта ас қылып», толарсақтан қан кешкен күндер туды.

Тарих көріп - білмеген жойқын еді. Көп ерлер қайтпай қалды. Көп қосақтың сыңары жесір қалды. Көп ана ақ шашын жайды. Көп бала жетім қалды. Майданнан қайтпай қалған ер - азаматын жоқтап, көзінің жасы кеппей кемпір болған келіндерді әлі талай көріп жүрміз.

Осының бәрі Отан үшін еді. Отанды халықтар қорғады. Халықтардың достығы қорғады. Октябрь мен Коммунист партияның ұлы табыстарының бірі - халықтар достығы. Бір ғана Панфилов дивизиясында қазақтар, қырғыздар, орыстар, украиндар, өзбектер, татарлар, тағы басқа көптеген ұлттың адамдары болды. Олар соғыста бір шаңырақты - Ұлы Отанды жаудан аман алып қалды.

Отанды патриотизм сақтап қалды. Ошақ басына, Отанға деген сүйіспендік сезім винтовкаға серік болмаса - бәpi бекер. Біздің бақытымызға қарай, біздің ұрпақтарда осы сезім өте күшті екен. Оған соғыс көз жеткізді.

* * *

Ақын айтқандай, Отанды сүю аз. Отан сені сүйсін! Отанды сүйемін деп күніне мың рет ант беріп, түк бітірмей жатып алуға да болады. Отан сені сүйе ме - соны бір мезгіл ойлан. Отанды сүйсең, өзіңнің отбасыңның берекесін сыйла. Туған жердің тауы мен тасын, бауы мен бақшасын, көлі мен шөлін, дәстүрі мен қариясын сыйла. «Жарамды ұлдың белгісі - жастықтың тұзын ақтамақ» деген бізден бұрынғылар. Жастықтың тұзын - еліңе адал еңбек етсең, айтқан жерден аулақ, ел басына күн туа қалса, қолыңа қару алып, қасық қан қалғанша жаумен алыссаң - ақтамақсың.

«Ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деген бізден бұрынғылар. Капитализм - ежелгі дұшпан. Дүние әлемнің тыныштығын бұзып тұрған кәрі бұзық өзінің көрі қазулы тұрғанын көріп жанталасуда. Жаралы қабан мың есе жаман. Отанды сүйіп, оны қорғауға әрдайым дайын болу - әрбір жастың борышы. Отан үшін отқа түс - күймейсің!

Советтік Отанымыз елу жасқа толып, кемелденген шағында достарымыздың сүйініші көп, қас - дұшпанның күйініші көп. Елу жылда ел жаңарды, жер жаңарды. Философ Асан қайғы ғайыптан қайта пайда болып, өзі осынау ерте заманда кезген жерлермен енді жүріп өтсе, аяқ басқан аймақтың бәрі Жерұйық екеніне көзі жетер еді.

Ендеше, ұлы Отанымыздың келбеті дос сүйініп, қас күйінерге әбден лайық. Сол Отанның азаматы атануға кәріміз бар, жасымыз бар, бәріміз де лайықты болайық!

Мерекең құтты болсын, ұлы халқым!

 

Бөлісу: