8 Ақпан 2016, 13:02
Қобыланды батыр
(Ел әңгімесіндегі Қобыланды — ел қиялының ұлы батыры)
Бұрынғы заманда неше алуан хандық құрған түрік жұрттарының көбінің тойын бірге тойлап шыққан бір ел қазақ елі екені тарих жүзінен белгілі. Нағыз қазақ бірлігі XV ғасырлар ішінде шықты десек те, сол бірлікті жасаған рулардың көпшілігі ертерек заманда болған. Алтын Орда, Қазан хандығы, Ноғайлы, Өзбек бірлігі сияқты хандықтардың бәріне де кірген, солармен бірге ыстығына күйіп, суығына тоңып, ірі тарихи уақиғаларды бастарынан бірге кешіріскен. Бұл мағлұматтың шындығын жалпы тарих жүзінен бір көрсек, ел қиялы жасаған, ел есінде сақталып қалған ескіліктен екінші рет тағы көреміз.
Кейінгі заманда қазақ бірлігін жасаған рулар бұрын Алтын Орда бірлігінде болған. Осы сияқты тарихи дәуірлердің әрқайсысынан қазақтың бүгінде сақталып келген әдебиетінде айқын із болмаса да, долбар жасатарлық ұлы сүрлеу бар.
Қазақ руларының бұрынғы заманда қоныстасып, оттас болған елдіктердің бәрінің тұсынан алып шыққан ырымы, жүлдесі бар.
Бәрінен де қазақ ескілігінде сақталып қалған белгі бар. Алтын Орда бірлігінің мезгілінен Едіге батыр әңгімесін алып шыққан. Одан бері Алтын Орда бірлігі құлап, жалпы саяси бірлік жоғалған уақытта бұрынғы бірлік көзі жақсы кездей болып ұмытылмай жүреді. Ел көңілінде ашық күнді жақсы мезгілдей ниет бірлігі, тілеу бірлігі жоғалмай жүрген бір кез болады. Сол кездің белгісі сияқты әңгімелер: Ер Тарғын, Шора, Қобыланды әңгімелерінде Алтын Орда құлаған кезде соның екі шетінде екі жаңа хандық жасалады. Бірі — Қазан, бірі — Қырым хандығы. Қазанның ішіне Тама, Қыпшақ кіреді. Қыпшақтың бірлігінде болғандығының белгісі болып Қара Қыпшақ Қобыланды әңгімесі қалған. Одан бері де қазақтың бірталай руы ноғайлымен бірігеді. Ноғайлы бірлігінде болады. Оның ішінде де Қыпшақ болған. Кейінгі қазақ бірлігіне кірген рулар ноғайлы бірлігінің кезінен Сайын әңгімесін алып шығады.
Ноғайлы-қазақ бірлігін жалғыз Сайын әңгімесі емес, ел аузында сақталып қалған басқа өлең жырлардан да сезуге болады. Соңғы замандарға шейін қазақтың кейбір домбырашыларының ноғайлы-қазақ айрыларда тартылған күй деп шертетін күйлері болса керек. Одан беріде ноғайлы-қазақ айрылардағы өлеңі мынау:
Жылау, жылау, жылау күй,
Жылаған зарлы мынау.күй,
Қазақ пен ноғай айрылды,
Қазақ сартқа қайрылды.
Ноғайлының ну елі,
Күңіренді, қайғырды,
Қара Қыпшақ Қобыланды,
Қара орнынан айырды.
Ел қанаты қайрылды,
Зор күн туды, зор күндер,
Кетті күлкі мол күндер.
Жылау менен қоштасу
Келер ме қайтып ол күндер, —
деген.
Бұл өлең бұдан неше ғасырлар бұрын болған уақиғаны өлең өлшеуіне бір түсіп алған соң, ел есінің қаншалық жерге сақтап келетінін білдіреді. Сайын өлеңі де сол сияқты бірлік кезінен алып шыққан әңгіменің бірі.
Ноғайлыдан соң қазақ руларының көпшілігі өзбекпен бір болған. Өзбек бірлігінің кезінен Қамбар батырдың әңгімесін алып келеді.
Сонымен қазақтағы батырлар әңгімелерін басынан аяғына шейін анықтап тексеріп қарағанда, бізге тіпті анық қылып тарих бетін ашып береді демесек те, сол ескі тарих көлемінде болған ірі мезгілдердің барлығының да ұлы суретін нобаймен, тұспалмен көрсеткендей болады.
Рас, біз елдің тарихын ылғи батырлар ертегісінен құрап тізбейміз, бірақ ел аузының ескілікті тарихқа қаншалық жәрдемші болатыны кімге де болса белгілі.
Бұл турада қазақ елінің ішінде сақталып қалған батырлар әңгімелері бүгінгі ел әңгімесі сияқты ескілігін жоғалтқан түрік тұқымдарының барлығына да тарихтың жаңа бір бетін ашып бергендей болатын сияқты. Бұрынғы түрік тілдеріндегі ескі сөздерді қарастырған
Европа ғалымдарының қазақ елінде ескі заманның сарқыны мен белгілері көп болуға керек деген тұспалдары. батырлар әңгімесі сияқты қазақтың ескі жыр, ескі өлеңдерінен аныққа шығып айқындалғандай болады.
Жоғарыда саналған батырлар әңгімелерінің әрқайсысының ішінде тарих ауданына сиярлық шындық қайсы, тарих уақиғаларынан қалған із, сүрлеу қайсы, әрбір әңгімеде ел мінезі, ел қиялы, жалпы ұғымы. Бірлік әңгімесінде де қаншалық дәрежеде күшейіп, қаншалық қалыпқа шейін жететін, көрінетін жерлер аз емес.
Алғашқы жасаған долбарымыз қазақтың тарихын тексеріп жүрген азаматтарға орынды көрінсе, «Таң» журналының кейінгі сандарында өзгелердің жайынан да жалпы ой жүргізбекшіміз.
Менің әзірше қарастырмағым — Қобыланды батырдың әңгімесі. Қобыландының ел әңгімесіндегі мезгілі мен қалпын сынаудан бұрын әуелі Қобыланды жайындағы өзім естіген шынға жуық мағлұматтарды білдірмекшімін.
Ел есінде сақталып келген батырдың, шынында, болған адамнан тарайтын әңгімесі де болады. Кейде жалғыз ғана ел қиялының өзі туғызатын да батыр болады. Қобыландыны әуелі осы жағынан қарастырайық.
Орынбор архивная комиссиясының мағлұматында,. Қобыландының бейіті Илецкий Защитадан ауылға қарай, жүретін қара жолдың үстінде, Қобыланды деген бекет бар, соның жанында Қобыландының бейіті деген бейіт бар дейді. Сол маңайдың қазағы Қобыланды жайынан әңгіме де айтады. Бұл Қобыландының болған адам екеніне бір дәлел.
Екінші, ақсақалдардың шежіресінде ескіліктен қалған әңгіменің ретінде: Әз Жәнібек пен Әбілқайыр ханның тұстасы болады. Қыпшақтың Әбілқайырға жағымды басты адамы — қадірлеген батыры болады.
Әбілқайырға Қобыландымен қадірі тең түсіп жүретіні Арғын Дайырқожа кектесіп жүргенінде, далада кездесіп,. батыр Дайырқожаны өлтіріп кетеді.
Әбілқайыр Қобыландыны беруге Қыпшақтың наразылығынан қорқып, шыдай алмайды. Үш кісінің құнын алып, біт дегенге Арғын тоқтамайды. Сонымен ноғайлыдан кейінгі заманда қазақ бірлігіне кірген рулардың. Көпшілігі айырылады. Жоғарыдағы ноғайлы мен қазақ. айрылардағы өлеңі осы тұста айтылған болады.
Қобыланды өлтірген Дайырқожаның әкесі Қыдан тайшы, Қыдан деген өлеңші болады. Ел аузында сақталып қалған ескіліктің бірінде сол Қыдан ақын айтқан өлең деп мына өлең айтылады:
Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным
Сексен;асып, таянғанда тоқсанға,
Тұра алмастай үзілді ме жұлыным.
Адасқанын жолға салдың,
Бұл ноғайлы ұлының.
Аққан бұлақ, жанған шырақ,
Жалғыз күнде құрыдың,
Қара Қыпшақ Қобыландыда,
Нең бар еді, құлыным,—
деген.
Бұл сияқты ескілікті сөздер Қара Қыпшақ Қобыландының болған адам екенін анық айқын білдіргендей болады. Затында қазақ ескілігіне кіретін батыр әңгімелерінің көпшілігіндегі батырлар ылғи елдің қиялы туғыза берген адам емес, көбінесе болған адамдардан туатын сияқты. Жалғыз-ақ ел қиялының көтеріп, ірілетіп, әуелгі пішіннен өзгертіп, өңдеп әкететіні бар.
Біз көрген батырлар әңгімелері де сол қалыпты.
Қобыланды әңгімесі — ел қиялының сондайлық қылып көтерген, келістіріп суреттеп, шеберлеп әңгімелеген сөзінің бірі. Шеберлеп әңгімелегені барлық батыр әңгімесінің ішіне кіретін адамдардың мінез-қалпын толық қылып шығарудан, батыр жорығын сұлу қылып жылауынан білінеді. Тағы да батыр пішініне ел мінезін сыйғызып, ел тілегі мен үмітін батыр өзінің көлеміне шеберлеп сыйғызғанынан білінеді. Қобыланды әңгімесінің әңгімелік жолындағы маңызын, бағасын айтудан бұрын, бұл әңгіме тарих ауданына қарағанда қай мезгілде, қандай тарихи уақиғалардың салдарынан туғанын айтайық.
Жоғарыда Дайырқожаның өлімі үстінде айтылған өлең Әз-Жәнібек, Әбілқайыр ханның заманында, ноғайлы-қазақ бірлігінің тұсында болған делінеді. Қобыланды ол заманның адамы болса, онда XV ғасырдың орта кезінде өмір сүрген болады. Мен қазіргі заманда Қобыландыны не арғы, не бергі замандікі деп дауласпақшы емеспін.
Әдебиет тарихының көзімен қарағанда, біздің алдымыздағы міндет — Қобыландының жорығы. Батырлық сапары тарихтың қай кезіне жақындауға мүмкін, соны тексеріп қарау. Елдің есінде ескіден сақталып қалған әңгімені жалпы тарих шеңберіне сыйғызып көру.
Қобыландының үлкен жорығы Қазан қаласына аттанудан басталады. Ел жыры Қобыландыны Қазан қаласымен соғыстырады.
Қобландының батырлық әңгімесі ел өлеңінде осы уақиғаның. айналасында болады.
Біз ел әңгімесінің осы жерін тарихтың қай кезіне келетінін тексермекшіміз.
Әңгімеде Қобыланды Қазан қаласымен соғысады. Әңгімедегі аталған Қазан қаласы қай Қазан? Бізше, бұл бұрынғы К,азан хандығының астанасы болған бүгінгі Еділ бойындағы Қазан қаласы. Бұның дәлелі әңгіменің өзінен көрінеді. Қобыланды аттанып барған Қазан екі қала екен дейді, бірі — сырлы Қазан, бірі — қара Қазан. Бүгінгі Қазан қаласы XIV—XV ғасырлардың шекарасында екі жерде болғаны рас. Әуелі Қазан ХІV ғасырдың аяқ кезінде әуелі «Ғызан» деген судың құятын жерінде балқардан шыққан Алтынбек, Қалымбек салған қала болады. Алтынбек, Қалымбек балқардың Ғабдолла ханының баласы, бұның елдігін Ақсақ Темір ойрандап, өзіне қаратып алғанда, ханның екі баласы Еділді өрлеп кетіп, жоғарғы Қазан қаласын салған, артынан XV ғасырдың бас кезінде Алтын Ордадан бөлінген бірнеше рулар келіп, Еділ бойының хандығын жасайды. Оның астанасы Қазан қаласы болады. Бірақ бұлардың тұсында Қазан қаласы бұрынғы ескі Қазаннан шақырым төмен жерден салынады. Кейінгі уақытта Қазан хандығының астанасы да сол болады.
Мөлшермен есептегенде Қазан хандығы 1430 жылдардан 1552 жылға шейін еркін өмір сүрген, өзгеден елдігі, іргесі бөлек бір хандық болады. Өз бетімен еркін өмір сүріп тұрғанда, Қазанда 14 хан болған. Алғашқысы Махмұт, соңғысы 1552 жылы Иван Грозный Қазан қаласын алған уақытта17 хан болып тұрған Ядгар. Бұл екі арада болған 14 ханның ішінде біздің әңгімеде аталатын Қазан деген хан жоқ. Бұл ат Қазан қаласының атына ұйқастырып, елдің өз қиялы қосқан ат болуға керек.
Біздің ел әңгімесіне қарағанда, Қобыланды батыр Қазан хандығының құлайтын мезгілінен көп бұрын өлген адам болады.
Бірақ әңгіме Қобыландыны Қазанға аттандырады. Соған келелік. Ел әңгімесі, ел қиялы тарихтың пәлен жыл мен пәлен жыл арасындағы уақиға деп санайтын өлшеуінен бірде ілгері, бірде кейін кетіп отырады. Тарихта дәлді болып өткен мезгілді ел әңгімесінің кейде білмей шатастыратыны да болады. Кейде әдейі біле тұра бір сүйген мезгіліне, не есінде ұмытылмастай болып нық. орнап қалған тарихи уақиғаның тұсына, ертеде болған. уақиғаны, кейінгі заманда болған уақиғаны да түгелімен. алып келіп, бір жерге басын қосып, үйіп-төгіп қоятыны. да болады. Сондықтан көп жұрттың ескілікті әңгімелерінен белгілі бір хан мен патшаның айналасына жиналады. Кейде бір үлкен тарихи дәуірге әкеп жиып қояды. Орыс жұртының батырлар ескілігінің барлығының (Владимир Красное солнышко) айналасына жиналғаны сияқты, араб жұртының ескіліктегі әңгіме ертегінің көбі һарун Рашид айналасына жиналған сияқты. Бергі заманда қай елдікке бөлінген түрік жұрттарының сондай дәуірі. Алтын Орданың кезі болады. Өзге елдерден іргесін бөлек қылып шыққанда, қазақ ескілігінің көбі Әз-Жәнібек ханның да тұсында болады. Міне, осы сияқты жалпы тарих шеңберінен бөлініп, үзіліп шыққан бір мезгіл өзінің тұсына бұрынғы соңғы замандарда болған ірі уақиғаларды, ірі батыр бағландарды түгелімен жинап алатыны болады. Оны жинайтұғын ел қиялы.
Қобыланды да қазақтың ұлы батырларының бірі. Ұлылық бұның ерекше туысында, ел жақсының туысы туралы өзінің нық орнаған көзқарасынан айрылмайды. Ел қиялы бір сүйген түрінен ауыспайды да, адаспайды. Сондықтан Қобыланды ерекше туыспен туады. Бұның. жаратылысына да әулие мен пір аралас ерекше қылып туғызады.
Қобыландының алғашқы жорығы Қазан қаласына аттанудан басталады. Әңгіме Қобыландының Қазанды шауып, егескен жауын жеңіп, жолдағы еске алған жауларына жолшыбай шабуыл жасап, содан қайтып келгенде, өз елінде болып қалған ірі уақиғаға кездесіп, елін шапқан қалмақтың Алшағыр деген батырымен соның елін шауып, кегін алуымен бітеді. Бұл уақиғалар бірінің артынан бірі тізіліп келетін ұзақ әңгіме болса. да, барлығы Қобыландының алғашқы батырлығы басталып, алғашқы батырлық жолындағы өзгеше қайратын жыр қылып әңгіме қылумен тоқталады.
Қобыланды бұл әңгімеде ел қорғаны болған, елінің мақтаны, айдыны болған батыр. Қобыландының батырлық мінезін, батырлық туысын ел әңгімесі өзінше толық қылып, батырдың бүтін пішінін жасап шығарғандай болады. Қобыланды алғашқы жорығының өзінде алыстан тоят іздейді. Ежелден кекті болған алыстағы мықты жауға аттанарда қарындасымен, Құртқамен қоштасқан сөзінде өзін-өзі қайраттандырып,жауландырып шын батырдың тасқындаған бір сөзімен жауап береді.
Қора толған қойымды,
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі балғадай,
Жас бөріге тапсырдым.
Тоғай толған жылқымды,
Жасанған жауға тапсырдым, —
деген сияқты желпінген сөздер, шын батыр аузынан ғана шығатын сөздер болады.
Қобыланды барлық әдетінде батыр әдетін істейді. Ол жалғыз жүріп, шабуылды жалғыз жасайды, қауіпті жау ішінде болса да, еркімен ұйықтап, еркін, салғырт жүреді. Қобланды әйел тілін алмайды, әйел тілін алу.қаншалық. жақсы адал досы болса да, азғанмен бір есеп деп біледі. Қобыланды әйел көмегін алғысы келмейді. Дұшпаннан дұшпандық қана күту керек. Дұшпандығына қайратпен ғана жауап қайыру керек деп біледі. Сондықтан дұшпан қолынан келген жақсылық пен кеңшілікті қабыл алмайды. Көбіктінің қызы Қарлығаның істемек болған көмегін, беріп тұрған бостандығын сол себепті алмайды. Құртқаның болжам қылып, еліңді жау шауып, әке-шешең құл мен күң болып, бізді егескен жаудың мықтысы әкеткен заманда келерсің деген сөзі де Қобыландыға тоқтау болмайды.
Қобыланды жорықта олжа үшін, табыс үшін жүрген, дүние қуған батыр емес, ол жақсылық атақ үшін жүрген батыр, айдын үшін жүрген қол. Сондықтан жорық жолында не кез келсе де, бағасына, ажарына Қобыланды қарамайды, олжа деген жолдастың бәрі тілегенін алып отырады. Сол ретті қарағанда Қобыландының өзін тілеп, өзінікі болмаққа ізденген Қарлығаны олжа деп алып кетеді. Барлық жолдың олжасы да Қият тобы мен Қараман да болады.
Қобыланды — елдің қиял қылған батыры. Бұл — өз руының мақтаны. Елінің қорғаны. Жаугерлік, тыныштығы жоқ заманда, жағалай шабыс құба қалмақ заманы сияқты аума-төкпе заманда, амандықты, тыныштықты тілеген ел батырды қиял қылған. Сондағы тілеген,. қиял қылған батыры — Қобыланды. Бұл серікке қол алмайды. Елге ауыртпалық түсірмейді. Елдің құр ғана қорғаны емес, өзі де ізденеді, жақындағы түгіл алыстағы жаудан да ізденіп барып, өшін алады.
Қобыландының бір басында әрі басшы батырдың, әрі артынан ерген қолдың да міндеті бар.
Қобыланды сияқты батыры, айдыны болған заманда Қыпшақ елін аларлық жау жоқ. Алса қапыда алады. Қобыланды жоқта, қамсызда, бейбітте алады. Бірақ Қобыланды тұрғанда елге өлім жоқ. Ер тіршілігін сақтаушы бар.
Қобыландыдан соңғы әңгімедегі екінші орын алатын Құртқа. Құртқа — Қобыланды сияқты ерекше туған батырдың теңі болып туған көңілдегідей жақсы жары. Онда жарға лайықты шыдам бар. Тоқтаулы мінезділіктен басқа жарын сыйлаған кең сабыр бар. Ол тілеуі дұрыс. Барлық ой, барлық ниетімен жар жолына барын сарп қылған жолдас. Сондықтан ол Қобыландының келешегін ойлағандықтан, болжау айтады. Қобыландының үйде отырған есі-ақылы — Құртқа. Қобыланды қайрат иесі болғанда, Құртқа — ақыл-ой иесі. Екі жартыдан, екі жақсы сипаттан құрылған жарастықты бір бүтін өмір — бұл екеуінің біріккен өмірі болады.
Құртқаның өз басына арналған тілегі мен ойы жоқ Ол — Қобыландының өміріне тілеуі мен қызметін қосып жіберген жан. Сондықтан ол тұспал айтудан гөрі басқа түс те көреді. Түсінде Қобыландыны тауып отырады. Құртқа — елдің Қобыланды сияқты батырға қиял қылып қосқан жары. Көбінесе Құртқа Қобыландыдан есті, тартымды болады.
Қызметі: Қобыландыға Тайбурылды асырап жетілтіп, жолдас қылып беру — Құртқаның өзіне мақсат қылған жұмысы болады. Тайбурыл — Қобыландының Құртқадан соңғы серігі, жолдасы. Тайбурыл — көшпелі елдің. батырына арналған ат. Көшпелі елдің қысылғанда сенімі қылатын қыл құйрықты жел жетпес, есті серігі. Жорыққа, сапарға шыққанда артта қалған елден де, үйден де жалғыз сүйеніш сезімі аты болады. Сондықтан ол ат құр ғана мінгіш, құр ғана жүйрік, берік болудан басқа есті де болу керек. Сондықтан Тайбурыл керекті жерінде (тіл бітіп) сөйлеп те кетеді. Көтерген қиял Тайбурылды өзге малдан жат қылып, ірілетіп әкетеді. Тайбурылдың бұлай болуына Құртқаның тәрбиесі себеп болады.
Құртқа Тайбурылды баласындай тәрбиелейді. Тайбурыл өзгеден өзгеше тәрбие керген, Құртқа тәрбиесінен шыққан. Сондықтан өзгеден жат ісін көрсетеді.
Мұхтар Әуезов