4 Желтоқсан 2012, 08:02
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
Көңілден кетпейді
Ортамыздан үлкен адам — қадірлі Мұқан кетті. Орны үңірейіп қалды. Оның үлкендігі жасынан гөрі ісінде, бүгінгісінен гөрі ертеңінде, сүйкімді, сұлу мінез-қылықтарында еді. Оның бұл қасиеттерін жанды жемпаз ұзақ ауру мойыта алмады. Көңілін сұрай талай бардым. Жасыған, тіршілік, творчестволық, үміт армандардан айныған бір кезін көре алмадым. Етінен арылып, тек сіңірге ілініп жатса да жұртшылық әңгімелері, тіпті жолдастық әзіл-қалжың аузынан түскен жоқ.
Есіл ерді сұм ажал алып тынды. Бірақ, Мұқанның көркем бейнесі, халықтың көңіліне еккен жемістері күн өткен сайын, еске алған сайын бойлап өсе бермек.
Әттең, қимас жолдастан, аяулы достан өмірінің ең қызықты шағында айырылдық. Сайып келгенде арманның үлкені кеп жасау емес, көп істеп, бірегей істеп, артқа үлкен мұра қалдыру ғой. Мұқан қалдырған мұра халқының алтын қазынасына қосылды. Жаңа қазақтың жаңа ән-күйін жасауда Мұқан Төлебаев есімі көрнекті композиторлар қатарында тұруы да күмәнсіз. Көзден кеткенмен көңілден кетпейді ол.
1960
Қыбымыз қанды
Өзіне-өзі ғана емес-ау, бүкіл әлемге өлім, апат әзірлеушілер де адам ба? Адам деген ұлы аттан садаға кетсін олар. Зәуеде соғыс бола қалса, бұрынғы соғыстар мұның қасында әншейін төбелестағы. Америка ойлы, өнерлі жұрт. Бәріне түсінеді. Түсіне тұра сол елдің билеушілері жерді, айды айналған ракетаға самолетті қарсы жіберуі таңғаларлық іс - Ажалды қарғаның бүркітпен ойнағаны сияқты. Самолет жеті қабат көктің үстіне шықса да ракетаның бір мытқуынан қалмады. Сонда жер бетінде одан не құтылмақ?! Еңбекші атаулының ұлы қуанышы үстінде — дәл 1 Май күні совет күзетшілері қолға түсірген осы атышулы аспан қандыбалағын Америка үкіметі қолдан аттандырса масқара ғой. Егер аттандырмаса, білмей қалса, тіпті масқара. Қандыбалақ соғыс өртін тұтатқалы жүр. Тұтанып кетсе дүние не болмақ?! Бұл оқиға біздің халқымызды қатты жирентті, сақтандырды, ойлантты. Өйткені, біз тарихта теңдесі, ұқсасы жоқ, еңбекші адамзат арман еткен — коммунизм атты жаңа дүние жасап жатқан елміз. Ол дүниені бүлдірмек түгілі кіршік келтірген қол кесіледі. Жоғарғы Совет үй, кешегі V сессиясында қабылданған — жұмыс уақытын қысқарту, салықтарды жою, жеңілдету, ақша өзгерісін жасау заңдары жеті жылдық жоспарды орындау жолындағы алып адым. Осы сессияда айтылған депутаттардың, ақылды, кейде тіпті ашулы сөздерінің өзі бүкіл совет халқының, оның ішінде қазақтың да қыбын қандырды. Халқымен бірге өсіп, біте қайнаған жазушы мұндайда тыныш қала алмайды. Сондықтан мен үн қостым.
Біреулерге мінездеме
Уәдесі көп, орындауы аз. Болмашы беделін байламсыз сөзі жойып барады.
Сөзі сылдыр, ойы бұлдыр, қолды-аяққа тұрмайды құрғыр.
Күле кіреді, күңірене шығады. Досы кім, қасы кім екені белгісіз.
Е, тәңірі, өз бұзауымды сақта, көршінің өгізі садаға!
Мінгені есек, айдағаны өсек, тұла бойы есеп.
Татуды араз етсе қыбы қанады, өзінен озықты көрсе іші жанады.
«Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда!»
Бақ пен атақ жолына өзімнен өзге садаға, деуші еді Талтаңбай. Екеуіне де қолы жетті, қарны тойды, жасы келді, бірақ ұят, ынсабы әлі жоқ, өлгенде де аузын ашып жатыр ол.
Оның басқамен, басқаның онымен ісі жоқ. Керегі тек — тойғаны, өзімен өзі болғаны.
Болмашыға бет жыртысады, кейін табысады, тағы жыртысады, не қалды беттен?