4 Желтоқсан 2012, 07:49
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
Қазақ көркемөнері жайында
Қазақ көркемөнерінде көп табыстармен қатар көп кемшіліктер де бар. Табысты ғана көріп, кемшілікті көрмеудің өзі үлкен кемшілік болған болар еді. Көркемөнер ісіне онша қанық болмасам да осы оймен бір-екі ауыз сөз айтамын.
1Опера театры өмір сүргелі 15 жылға жақын уақыт өтті. Әлі күнге жаңа тақырыпты баурай алмай келеді. Баурадық дегеніміз жалғыз ғана «Төлеген Тоқтаров» екен. Осының өзіне тоқмейіл адам қарауға жалығады.
Опера театрындағы үлкен кесел — заманға тура қарап, тізе жазбай ілесу жоқ. Науқан есебінде, жоғарыдан не төменнен қысым болған кезде ғана жаңаға жармаса түсіп,.ала береді. Соның салдарынан баяғы «Қыз Жібек», баяғы Айман-Шолпандардан» жақсы болмай қойды. Музыка либретто авторларын жаңа күштерді іштен, сырттан тартып, көбейтуге шын қиналған басшы әлі көрінбейді. Қиналмайынша қиын іс біте ме.
2.Эпос материалдарын пайдалануда халықтың ұғымына, тарихи фактілерге қарсы шығу операның әдетіне айналды. Халықтың ғасырлар бойы ұғымындағы ардақты Ақжүністі жауыз деп көрсетіп жүр. Жауыз әйелді көрсету қажет болса, Ақжүніссіз де көрсетуге болады ғой.
Эпосты, тарихи фактілерді алғанда шикі қалпында ал, өзгертпе деген мешеу ойдан аулақпын. Тек, сорақы, мағынасыз өзгерістерге, сол мағынасыздықтан теріс мағына туатын өзгерістерге жол бермеу керек.
Шын мағынасында, бізде әлі қазақ совет композитрлері аз. Қазіргі композитор деп жүргендеріміздің көбі бұрын жасалған ескіден, бүгін жасалған жаңадан қиыстырып жүрген құрақшылар. Құрақтың өзін шебер құрастыра бермейді. Кімнен алғаны, қалай алғаны баттиып көрініп тұрады Сонда да автор «өзім» деуге ұялмайды. Жазушылар әдебиет дүниесінде біреудің бір сөзін алса да тырнақшаның ішіне қоршайды. Әйтпесе кәдімгі ұры есебінде айыпталады. Ал, біздің композиторлар біреудің еңбегін кесегімен жұтса да адал сияқты. Оның себебі — композитор бізде әзір аз, сыншылар жоқ. Сол аздық өзі сын болмаған соң оңай олжаға семіріп барады. Сын, талап күшеймей бұл композиторлар жуырда көтеріле алмайды.
4. Астанамызда драма театры аз өмір сүрген жоқ. Сөйтсе де жаңа тақырыппен әлі итжығыс түсіп келеді. Меңгеретін қабілеті бар-ақ, сол қабілетті дұрыс пайдалана алмай жүр. Әлі күнге совет өмірінен бір комедия қоя алмады ғой. Орталық Комитеттің қаулысынан бері төл шығармадан қойғаны жалғыз «Достық пен махаббат». Театр көзі үйренген авторлардан, үйреншікті әдеттен шығып болған жоқ. Бетін енді-енді белгілеп келеді, бұған дейін беті де белгісіз еді.
5.Көркемөнер ісіндегі кемшіліктердің көбі Қазақстан Көркемөнер басқармасына байланысты. Жасыратыны жоқ, көркемөнер басшылығында (Көркемөнер басқармасын айтамын) ылғи әлде қалай, дәрменсіз адамдар, көркемөнерді білмейтін, білмек түгіл сүймейтін адамдар отырып келеді. Ондай адамдар қандай жақсы болса да келтірер пайдасы шамалы.
1946