Әдеби тіл анықтамасы

6 Қаңтар 2016, 11:59

Әдеби тілдің мәнін айқындап, өзіндік белгілерін саралап, оның тарихына қатысты негізгі мәселелердің басын ашып, ғылыми тұжырым жасау үшін әдеби тілдің өзін, оның өзіндік ерекшеліктері қандай екенін дұрыс анықтап алу қажет.

 

Әдеби тілдің мәнін айқындап, өзіндік белгілерін саралап, оның тарихына қатысты негізгі мәселелердің басын ашып, ғылыми тұжырым жасау үшін әдеби тілдің өзін, оның өзіндік ерекшеліктері қандай екенін дұрыс анықтап алу қажет. Яғни әдеби тіл деп нені түсінеміз? Әдеби тілдің тарихы қай кезден басталады? Әр кезеңдегі әдеби тілдің дамуының, нормалануының тілдік көрсеткішіне қандай әдебиет нұсқалары жатқызылуға тиіс және олардың мазмұны мен сипаты қандай болмақ деген сұрақтардың нақты жауабы әдеби тілдің анықтамасымен тікелей байланысты. Ал әдеби тіл деген ұғымды әр түрлі түсінудің салдарынан зерттеулерде оған қатысты проблемалық мәселелер әрқалайша баяндалып жүр.

Орыс тілі білімінде біраздан бері қалыптасқан дәстүрлі тұжырымдар бар. Мәселен, белгілі тіл маманы О.С.Ахманованың "Лингвистикалық терминдер сөздігінде": Әдеби тіл дегеніміз белі ілі бір қалыпқа түскен, диалектілер мен қарапайым сөйлеу тіліне қарағанда жалпыға бірдей міндетті және "дұрыс" деп қабылданған нормасы бар тіл" деген анықтама беріледі.

Осыған жақын анықтама Д.Э.Розенталь мен М.А.Теленковалардың "Лингвистикалық терминдердің анықтама сөздігінде" де кездеседі. Олар әдеби тілді "халықтың әр қилы мәдени қажеттілігіне қызмет ететін нормаланған тіл яғни көркем әдебиеттің, публицистикалық шығармалар мен мерзімді баспасөздің, радио, театр, ғылым, мемлекеттік ұйымдардың т.б. тілі" деп айқындайды. Осы анықтамаларды негізге ала отырып, орыс тілі білімпаздары орыс әдеби тілінің әр дәуірдегі тарихын сөз еткенде жоғарыдағыдан басқа да оның көптеген басты және қосалқы белгілері мен ерекшеліктерін көрсетіп отырады. Яғни бұдан біз әдеби тіл категориясынын тарихи құбылыс екендігін, оның әр дәуіріндегі /кезеңдегі/ даму дәрежесінің бірдей болмайтындығын, соған сай оның негізгі белгілерінің де құбылып, өзгеріп отыратындығын байқаймыз.

Әдеби тілдің көрнекті маманы академик Ф.П.Филин былай деп жазған еді:

"Шындығында, ұлттық дәуірдегі әдеби тіл мен ұлтқа дейінгі кезеңдегі әдеби тіл арасында олардың құрылымы жағынан болсын, қоғамдық қызметі жағынан болсын, сапалы айырма болады. Әдеби тілдің жоғарыда біз көрсеткен бслгілері тұтастай алғанда көне орыс әдеби тіліне және басқа да ертедегі тілдерге сай келе бермейді".

Әдеби тіл дегеніміз не? деген сұраққа бірқатар қазақ тілі мамандары орыс әдеби тілінің ұлттық немесе қазіргі дәуіріне сай келетін анықтама мен белгілерді келтіріп жауап беріп келді. Мәселен, "Қазақ әдеби тілі тарихы" атты 1968 жылғы оқулық авторлары "Әдеби тіл дегеніміз - жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан тіл" деген анықтамабереді де, тілдің әдеби болуы үшін төмендегі белгілердің болуын міндетті деп санайды:

1)  Әдеби тіл, ең алдымен, жазба тіл болуы керек, ол жазу арқылы ғана қалыптасады;

2) Әдеби тіл нормалан ған тіл болуы керек;

3)  Әдеби тілдің стильдік тармақтары болуы керек / "тілдің стильдік жүйелерінің саралануы - тілдің әдебилігінің басты белгісінің бірі"/;

4) "Әдеби тіл - қоғамдық қызметі ерекше тіл". "Жазба әдебиет арқылы әдеби тілдің икемділігі, ортақтық қасиеті артып, құрылысы жүйелі қалыпқа түседі", "тілге орамды, жүрекке жылы тиетін" элементтері ұштала түседі. Солай бола тұрса да, әдеби тіл деген ұғымды, бір жағынан, тек жазба әдебиетпен байланыстырып, сол шеңберде ғана қарап, әдеби тілді жазба тілмен балама ден тану, екінші жағынан, әдеби тіл тарихын сол халықтың қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық, мәдени тарихынан бөліп алып қарау, соның негізінде жазуы жоқ, не жазуы дамымаған я кеш дамыған халықтың әдеби тілі де жоқ деген үзілді-кесілді пікір айту шындыққа жанасымды бола бермейді.

Әдеби тілдің жүйелілік, нормалық, сымбаттылық қасиеттері, өмір сүру формалары мен стильдік сипаты, қоғамдық қызметі оның мәнінен, басты қасиетінен туындап, нақтылы қалыптасу жолы мен кезеңдері арқылы әдеби тілдің даму процесі айқындалады.

Дүние жүзіндегі барлық әдеби тіл атаулыға бірдей, сондай-ақ әдеби тілдің барлық кезеңіне ортақ әмбебап анықтама болмайды. Ал белгілі бір ке-зеңдегі әдеби тілдің анықтамасын түзіп, негізгі белгілерін айқындағанда, әр дәуірдегі әдеби тілдің нақтылы мүмкіндігі, қызмет ету сферасы, оған жүктелетін міндет, өмір сүру формасы ескерілуі керек.

Дегенмен, әдеби тіл дегеніміз қандай тіл дегенде, негізінен, оның үш қасиетін баса көрсеткен жөн. Біріншіден, жергілікті диалектілер мен қарапайым сөйлеу тіліне қарағанда жалпы қауым "дұрыс" деп тапқан нормасының болуы; Екіншіден, сол нормалардың қоғам мүшелерінің бәріне бірдей міндеттілігі; Үшіншіден, оның қоғамды ұйымдастырушылык яғни, қоғамның рухани, мәдени қажетін өтей алатындай әлеуметтік қызмет атқаруы. Ал қалған белгілерді әдеби тілдің даму дәрежесіне қарай бірде қосып, бірде алып отыруға болатын тәрізді.

Әдеби тіл қашан және қалай қалыптасқанына қарамастан, жалпы халықтық тілдің сұрыпталған, сымбатталған түрі болып табылады да, бір жағынан сол жалпы халықтық тілдің бір құрамы ретінде өмір сүріп отырса, екінші жағынан, жалпы халықтық тілдің әдеби тілге енбейтін бөліктерімен /қарапайым сөйлеу тілі, диалектизмдер мен кәсіби сөздер, жаргондар мен варваризмдер т.б./ әр түрлі қарым-қатынаста болады.  Сондықтан да әдеби тілдің жалпы халықтық тілмен қарым-қатынасы, одан алатын орны, әр кез, әр кезеңде бірдей, біркелкі болмақ емес, өзгеріп, дамып, құбылып та отырады.

Жалпыхалықтық тіл өзі қызмет ететін халық өкілдерінің арасындағы қатынас құралы ретінде қоғамдық өмірде оның рухани байлығын жарыққа шығаруда, сондай-ақ белгілі бір территорияға ғана, кәсіпкер, іс-әрекетте ғана байланысты аздаған адамдар арасында, тұрмыста да  өмір сүре алады, қызмет ете алады. Ал әдеби тіл оның /жалпы халықтық тілдің/ өңделіп, сұрыпталып, нормалану қасиетін басынан өткізген, ең жоғарғы формасы.


 

Бөлісу: