4 Желтоқсан 2012, 07:46
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
Зор міндет, жоғары талап
Баладан бастап еңкейген кәріге дейін көркем сөзге құлақ түреді. Совет елінде көркем сөз, көркем әдебиет өмір айнасына, адамдардың рухани сусынына, дүниетанымына айналды. Коммунизм орнатуда, адамдардың мінез-құлықтарын тәрбиелеуде көркем әдебиеттің маңызы, оның алдындағы міндеттері қандай екенін партияның XIX съезі айқын көрсетіп берді. Осы тұрғыдан қазақ совет әдебиетінің кезекті кейбір мәселелеріне тоқталып өтуге тура келеді.
Бүкілодақтық Жазушылар одағының соңғы он төртінші пленумы совет драматургиясы туралы арнаулы мәселе қарады. Онда бүгінгі бай өмірімізді, қоғамымыздың алып адыммен алға басуын бейнелейтін жақсы пьесалар әлі аз екені атап көрсетілді. Біз осыны қазір де қайталаймыз. Рас, қазақ әдебиетінде драматургия жаңа, жас жанр бола тұра бұл кезде әдебиетіміздің негізгі бір саласына айналды, ер жетті. Он бес — жиырма жыл бойы сахнадан түспей келген пьесаларымыз болды. Дүние жүзі классиктерінің, — Шекспир, Гоголь, Островский, Чехов, Горький, Мольер, Гольдонилердің пьесалары, белгілі совет драматургтері — Тренев, Лавренев, Погодин, Корнейчук, Симонов, Софроновтың пьесалары қазақ сахнасында қойылды. Бұлар қазақ совет драматургиясын дамыта, нығайта түсті. Қазақтың өзінің драматургиялық кадрлары жасалды, совет тақырыбына ондаған пьесалар жазылды. Кезінде соның көбі-ақ керекке жараған, бұл күнде олар драматургиямыздың тарихи — еткен жолы болып қалды. Дәл қазіргі жаңа пьесалар тапшы болып отырған жағдайдың өзінде де театрларымыз құралақан емес. Азды-көпті кемшіліктері болса да, жаңа тілектен туған «Достық пен махаббат», «Аманкелді», «Гүлден, дала!», «Көктем желі» сияқты пьесаларымыз бар.
Барды бар деу керек. Бірақ, осы бар дегендеріміз өскен тілектен әлдеқайда аз, әлдеқайда төмен екенін де мойындау керек. Кейінгі кезде пьесалардың көбі сахнаға тұрақтамай қойды, бірер жыл, әйтпесе бірнеше ай ғана өмір сүреді, қайсы бірі көрінер-көрінбестен жоғалады. Бұған себеп не? Ең басты себеп — қызықты емес. Қызықты болу үшін оқиға, тартыс керек. Тартыстың да тартысы бар. Ол нанымды болмаса, совет халқының ұлы идеясынан туған кесек ой, мінез, әрекеттер айқасын көрсете алмаса, болмашы тілек үстінде мінездер қағысқанмен от жарқылдамайды, үлкен образдар шықпайды. Біздің пьесаларымыздың негізгі кемшілігі осында, творчестволық тынысы тарлығында жатыр.
Кейбір жолдастар тартыс тек драматургияға тән, деп жүр. Дұрыс емес. Тартыс дегеніміз — күрес. Күрессіз өмір жоқ. Өмірсіз шығарма жоқ. Әрине пьесадағы күресті романнан, романдағы поэмадан талап ету қисынсыз. Бірақ соның ешқайсысы күрессіз, тартыссыз қызықты бола алмайды.
Мәселе драматургия жайында ғана емес. Әдебиетіміздің ықшам түрлері тіпті шабан есуде. Бірер актылы скетчтер, әңгіме, новеллалар, әнге арналған өлеңдер, очерк, фельетондар, сахналық және басқа ұсақ жанрлар неге аз, неге маңдымайды? Оларға неге көңіл бөлінбей келеді. Роман, повесть, поэма, үлкен пьеса жазғандар — үлкен жазушы, ал ұсақты —ұсақ жазушылар жазады, деген ұғым бар. Ешкімнің ұсақ болғысы келмейді. Сондықтан жұрт «жығылса нардан жығылуға» тырысады. Бұл теріс ұғымды түзеу керек. Чехов, Абай немесе өз тұсымыздағы Лебедев-Кумач, Исаковский, Маршактар үлкен жазғандықтан үлкен жазушы болған жоқ. Шығарманы көлемі шешпейді, салмағы шешеді. Таразыға салғанда қайсы бір қалың романдарды қаймыжықтай кітапшалар басып кетіп жүрген жоқ па? Халыққа ең көп тарайтын — газет, журнал, эстрадалық концерттер арқылы тез өріс алып, өмірге күнбе-күн араласып отыратын бұл ықшам жанрларды өсіруге ерекше көңіл бөлу керек. Бұлардың өз мамандары Болуы керек. Болу үшін, көріне бастағандарын көзден таса қылмай тәрбиелеу, моральдық, материалдық жағынан демеу керек. Жаңада қосылған балалар әдебиеті де, кинодраматургия да дәл осыны тілейді.
Әдебиет жанрларының, оның кадрларының аз кезінде біздің жазушымыз бірнеше жанрда жазып жүрді. Енді ол кез өтті. Қазір бәрін білем деп шала білгенше, бірін білсең де бірегей біл дейтін шақ. Әр жанрдың өз маманы шыға бастады. Бұл - әдебиетіміздің өскенін көрсетеді. Өскен әдебиет түрге қандай бай болса, оның жазушылары да сoған сай алуан –алуан келеді.
Жаңа тақырыпқа жазылған шығармаларға жеңілдік беріп, кемшілігіне кейде көретұра шыдап келеді. Бұдан он шақты жыл бұрын ондай кемшіліктер заңды болса, шыдау да, жеңілдік беру де орынды болса, ендігіміз орынсыз. Әдебиетіміздегі ең басым тақырып — совет тақырыбы болады. Драматургия, проза поэзия — әрқайсысы өсу жолында белгілі бір дәрежеге жетті. Сол дәрежеге жете алмаған шығарманы жарамсыз, жетсе жарамды, асып түссе жақсы деуіміз керек.
Біздің арамызда «өмірдің өзі көркем, оны ештеңе қоспай-ақ сол күйінде жазып берші» деушілер де бар, әдебиет еңбегін тым жеңілге сайғандық. Жазушы фотограф емес. Кергенін көрген, білгенін білген қалпында жаза салған, өзінің творчестволық елегінен өткізбеген жазушы нағыз жазушы емес. Өмір шындығын әдебиет шындығына .айналдыру жолында талай өткелдер жатыр... Тақырып, фактілер қандай қызықты болғанмен, жазушы үшін материал ғана. Жақсы материалды олақ қол қор етеді, шебер қол жөндем материалдан бірдеңе шығарады.
Өмірді зертте, біл, білсең ғана жақсы жазасың, дейміз. Осы насихаттың өзі біржақтылау. Әрине өмірді, алған тақырыпты білу қажет, білмеген жаза алмайды. Бірақ білгенмен де жақсы шығарма туа қалмайды, шеберлігің жетсе туады. Шеберлік ізденумен іс үстінде өмірден ғана емес, кітаптан да үйрену үстінде жетіледі. Осыларға қоса батылдық керек. Әрбір елеулі жаңалық, соның ішінде әдебиет жаңалығы да батылдықпен жасалады. Жүрек қорқақ болса, күшті қолдағы құрал да ештеңе бітірмейді.
Жазушы кейде алған тақырыбына жиналған материалын жеткізе алмай тарығады. Тарыққан жазушы еріксіз қулыққа барады, тақырыптан тайып шығып, бөгде бірдеңелермен оқушыны қызықтыруға тырысады. Бүгінгі жұртшылықтың көңілдегісін таппай, арзан жылтырақтармен қызықтырып алам деу, мүлде қате.
Материал байлығымен де шығарма көркем бола бермейді. Материалды жазушы билеуі керек. Жазушыны материал билесе ой-өрісі тарылады. Бүгінгі өмірді көрсет, дегенді біз әлі тегіс ұғынып болмаппыз. Өмірді көрсетемін деп кейде технологияны көрсетеміз. Жұмысшылар машиналардың арасынан, малшылар малдың арасынан көрінбей қалып жүр. Көркем әдебиет адамдар жайында және адамдар үшін. Адам неғұрлым айқын көрінсе, шығарма солғұрлым айқын. Адам неғұрлым солғын көрінсе, шығарма солғұрлым солғын. Сондықтан бүгінгі өмірді көрсет деген сөз алдымен оның жасаушыларын көрсет деген сөз.
Әдебиет шаруашылығының да әрқилы саласы бар, әрқайсысы көзден таса қылмай күтуді тілейді. Шынын айту керек, жазушылар ұйымында ондай ұқыптылық болған жоқ. Әдебиеттің барлық жанрын өсіретін, шынықтыратын — сын. Бізде сын әлі кемеліне жете алмай келеді. Қатал, сонымен қабат әділ, қамқор, шығарманың негізгі қасиетін, кемшілігін дәл тауып, мықты дәлелдермен мойындатып отыратын алғыр сын өте аз. Сын деген атпен кейде саяз, сыңаржақ пікірсымақтар да, кейде автордың жарамды шығармасын жарамсыз етуге тырысқан теріс пікірлер де, немесе жарамсызын жарамды етуге тырысқан адалсымақ ниеттер де өтіп кетіп жүр.
Айып тек сыншыларда емес, сыналушыларда да бар. жазушылар еңбегі — талқыға көп түсетін еңбек. Оны тек өз мамандары талқыламайды. Колхозшы, жұмысшы, қызметші,— әйел, еркек оқушылардың бәрі,—«ана жері қызық, мына жері нашар екен», дегенді айтып жүреді. Екеуіне де шыдай отырып, жарамдысын ала, жарамсызын тастай білу керек. Біздің кейбір жазушыларда бұл мінез жоқ. Олар мақтауды сүйеді. Кемшілігін көрсеткен жолдасымен араздасып, оны да бір сүріндіруге тырысады. Ондай жолдастар сынның қозғаушы, сауықтырушы күш екенін ұқпайды.
Кейбір басты-басты жазушылардың арасында ұзақ уақытқа дейін созылған алалық осындай нашар мінездерге, жаман пиғылдарға жағдай туғызды, теріс әсерін тигізді. Бұған қарсы бүкіл ұйым болып күресу керек.
Он бес жиырма жыл бойы жазғанда жұрттың аузына ілінетін, есінде қалатын бірдеңе бермеген жазушылар баp арамызда. Олардың жазғаны онша аз емес, жазғандарының құны аз. Оларға қатты талап қойылмай, сыналмай келді. Әкелгенінің бәрі бөгетсіз өте берген соң олардың қайсыбірі қазір «болдым», «толдым» деп жүр. Егер бұл жолдастарды мүлде бүлдіргіміз келмесе, әділ сын айтып, ойланатын кез жетті.
Талап өспей, әдебиет өспейді. Қазақ әдебиеті бұл күнде совет еліндегі озық әдебиеттердің қатарына қосылды. Қазақ жазушылары бүкіл совет халқы сүйіп оқитын шығармалар берді. Біз енді әрбір шығармаға әрбір жазушыға осы тұрғыдан қарауымыз керек.
Қазақстан Жазушылар одағының 125 мүшесі бар. Бұл - аз күш емес. Бірақ санына қарап, тоқпейіл болсаң, сапасына қарағанда аш пейіл боласың. Солардың қаншасын жұртшылық біледі. Білу үшін еңбек керек, еңбегі болмаса қалай білмек? Литфондыға күніне әлденеше келуге жалықпайтын жылдар бойы творчестволық секцияға басын бір сұқпайтын жолдастар бар. Олардың өздері мүше болып табылатын ұйымды ардақтауды, оның атына лайықты мүше болуға тырысуды талап ететін уақыт жетті.
Әдебиет еңбегі өте қиын, өте ардақты еңбек. Жазушы творчестволық еңбек үстінде отырғанда, кең дүниені қиялымен шолып, тіл теңізінің түбінен сөз меруертін тереді. Сөйтіп барып тапқанын халқына ұсынады. Бұған қандай махаббат,кеңдік шыдамдылық керек! Әдебиетке жаңа келе жатқан жастарды осы махаббатқа, шыдамдылыққа, кеңдікке, ізденгіштікке баулу — басты міндет.
КПСС Орталық Комитеті сентябрь Пленумының қаулысы халықтың материалдық тілегін ғана емес, рухани тілегін қамтыды. Бай, мәдениетті тұрмыс жасауда әр еңбекші еңбек өнімділігін, ол өнімнің сапасы мен көркемдігін мақсат етсе, әр жазушының мақсаты да сол. Көркем сөз ешқашан, еш заманда біздің тұсымыздағыдай халық игілігіне айналған емес. Партия бізге сатиралық көркем сөзбен мемлекет мекемелерінің, қоғам ұйымдарының жұмысындағы кемшіліктерді қатты сына деп отыр. Партия бізге жеке адамдардың бойында ескіліктен қалған дерттерді, қисық - қыңыр мінездерді, олардың зиянды істерін аяусыз әшкереле деп отыр. Партия бізге көркем сөзбен қауымды коммунизм рухында тәрбиелеңдер, көркем сөзді халықтың рухани құралы етіңдер деп отыр. Сайып келгенде, партия бізге көркем әдебиет өміріміздің нағыз айнасы, адамдардың ойын дамытып, алға бастаушы болсын деп отыр. Қандай жауапты, қандай ардақты міндет! Бұл міндет бүкіл жазушылар тегіс жұмылғанда ғана орындалады.
1953