27 Қазан 2014, 14:12
ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
Жамбыл туралы бірер сөз
Жолдастар! Алыстан, жуықтан, дүниенің әр тарапынан келген қадірлі қонақтар, достар!
Ұлан-байтақ қазақ жерінің бір бөлшегінде, атақты Алатау бауырында бүгін бәріміз бас қосуға себеп болған Жамбыл атаға тағы да бір бас иелік, рахмет айтайық!
Жамбылды еске алғанда оның ұшқан ұясын, яғни туған елін, жерін еске алмасқа болмайды. Қазақ жері кең, жерінен елінің пейілі кең. Ол жерде ең пайдалы өсімдіктер, ол пейілде адамшылық ең абзал қасиеттер өседі. Ғалымдардың ғалымы Әл-Фараби, қазақ жазба әдебиетінің ардагері Абай, ауыз әдебиетіміздің кенжесі алып Жамбыл, жасынан дана Шоқан... Бәрі-бәрі осы жердің, осы елдің бел баласы. Біз, бүгінгі қазақтар, соларды мақтан ете отырып, еткеніміз бен қазіргімізді, қазіргіміз бен келешегімізді салыстырғанда төбеміз көкке екі-ақ елі жетпейді.
Бет әжімі қатпар-қатпар осынау жатқан көне жер талай топ жиынды, қанды жорықтарды, күңіренген елді көрген. Ал, мынандай мерекені көрген емес. Адам мен адам, ел мен ел достасқан, бір-бірінің қуанышына ортақтасқан мұндай мереке біздің тұсымызда, тек Совет елінде ғана дәстүрге айналды.
Әр халықтың өзіне тән мақтаны бар. Бір халықтың мақтаны еш халыққа жат емес, тек оны бір-бірінің білуі шарт. Жүз жасаған Жамбылды бір кезде қазақ өзі тегіс білмейтін, енді жер жүзі біледі. Білдіріп отырған Совет дәуірі.
Ол жиырмасыншы ғасырдың Гомері еді. Гомер қайта келмесе, Жамбыл да келмес. Бірақ оның ізі, сөзі тарих бетінде самаладай сайрап жатады.
Ешбір дән топырақсыз, сусыз өскен емес. Ешбір даналық есіретін себепсіз өскен емес. Сүйімбай, Шөжелер болмаса, қазақтың телегей-теңіз ауыз әдебиеті болмаса, алдын көрсеткіш шырағы, демеушісі болмаса, атақты Жамбыл атақсыз бір Жамбыл болып қала берер еді.
Жамбылдың даңқын көтерген себептер қазақ совет әдебиетінің де, оны жасаушылардың да даңқын көтерді. Ауыз әдебиетінде ауыз толтыра Жамбылды айтсақ, жазба әдебиетте Сәкен, Мұхтар, Бейімбет, Ілиястар бастаған топты да айта аламыз.
Бүгінгі қазақ елі жас түлек: ойы, ісі, арманы жаңарған, жұлқынып алға шарықтап шыңға бара жатқан жаңа қауым. Көздегені коммунизм, бастаушы Ленин партиясы, көмекшісі Совет үкіметі. Мұндай қауымда адамға адам жасайтын қиянат, қорлық, зорлықтарға орын жоқ. Тек еңбек, өнер, мәдениет, әдебиет гүлдейді. Жамбылдың көксегені, жырлағаны осы еді.
Ұлы адамдар, ұлы ақындар өз ұлтының арнасына сыймайды, тек интернационалдық арнаға ғана сыяды. Олардың өзі өлгенімен, даңқы өлмейді, қайта өрши береді. Біздің Жамбыл дәл сондай ақын.
1972