Жақсы дәстүр жайында

4 Желтоқсан 2012, 07:37

ҒАБИДЕН МҰСТАФИН Жақсы дәстүр жайында Балалық шақтан өтіп, ат жалын тартып мінген соң бала алдымен өзіне өмірлік дос-жар іздейді. Жалғанда жар қызығынан артық қызық жоқ. Бірақ, сол қызықтан да суынатын, сол өмірлік достан да түңілетін кез болады кейде. Болмаған күннің өзінде жар қызығы бала қызығымен аяқталады. Балаға сіңірген ата-ана еңбегін бала өмір бойы ақтап бола алмайды, ол өле-өлгенше суынбайтын махаббат. Бұл қасиеттер әр адамның бойына ана сүтімен бірге сіңген, бүкіл қауымдық, Отандық ұлы сипат, мыңдаған жылдар бойы сақталып келе жатқан улы дәстүр. Осы белгілі жайды қайта-қайта айтудан, жастардың құлағына құя беруден жалықпаймыз. Өйткені, кәрілер кетеді, жастар қалады. Кәрілердің жағымды қылық, өнегелі істерін, жақсы дәстүрлерін жастар дамыта отырып, өзінен кейінгілерге табыс етуін арман етеміз. Көктемдегі жердей құлпыра есіп келе жатқан жас ұрпақты көргенде қуаныш кеудеңе сыймайды. Ал, солардың ішінен сөлекет бірдеңе көргенде аяғыңа шөгір қадалғандай боласың, Жақсы мекен салудан, қала салудан жақсы салт, дәстүр жасау қиынырақ. Жақсы дәстүр ұзақ уақытта жасалады, ұзақ өмір сүреді, кейінгілерге даңғыл жол болып қалады. Әр халықтың өзінше дәстүрі бар. Дәстүрдің де жақсы - жаманы бар. Жаманы жолшыбай қалып қояды, жақсысы қауымнан қауымға, ғасырдан ғасырға кете барады. Қазір ең қасиеттіміз социалистік дәстүр болса, ондағы аспаннан дап-дайын түсе қалған жоқ, халықтар дәстүрінің сұрыпталған, дамыған түрі деп түсінуіміз керек. Дәстүр жайында мұнша шұқшия сөз етуімізде үлкен мән бар. Өйткені, оны халық жасаған, оны бұзушыны ешқашан сүймеген, аямаған халық. Біз кейде ата-анасынан безген жас жайында есітеміз. Бір кезде түн ұйқысын төрт бөліп мәпелеген, ыстық-суыққа, талай қиындыққа шыдай келіп, сені қатарға қосқан ата - ана бұл кезде дәрменсіз, сонда да тілегі сен. Осындай ата - ананы ұмытқан жас опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы, деп кім айтпас. Одан кім жиренбес! Қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды. Үлкенге сәлем беру, орын беру, жол беру, кимелеп баса-көктеп өтпеу, үйіне келе қалса атын байлап, есік ашып, төрге шығарып, жақсы қабақпен аттандырып салу, меймандос, жолдас-жораға қайрымды болу сияқты салт-дәртүрлердің бірде-бірі ескірген жоқ. Бұлар өмір бойы ескірмейтін, адамнан адам іштей әмән дәметіп тұратын табиғи құлық-мінездер. Бұл мінездерді қорлау — алдымен өзін-өзі қорлау, сыйлау — алдымен өзін-өзі сыйлау. Сыйласу, қайырымдылық әр қилы. Біреулер ісім түседі-ау, немесе қарымжысы қайтады-ау деген адамын сыйлайды. Ашып айтқанда бұның аты сауда. Біреулер қарымжысы қайтсын, қайтпасын, сыйласуды, қайрымдылықты адамшылық борышым, деп істейді. Міне бұл ең қымбат қасиет. Жастар осы қымбатқа ұмтылу керек. Сыртынан тіпті сәнді, қатар бара жатқан екі жасты көргенде сүйсініп тұрасың. Ал сол екеуі қабысып, жұрт көзінше сүйісіп жатқанын көргенде жиреніп теріс айналасың. Себеп, сүйісу сөлекет пе? Сөлекет емес. Бүкіл адам атаулы сүйіскен, әлі сүйісіп келеді. Бірақ жасырын. Ал жаңағыдай сүйісу махаббатты қорлау. Махаббат пердесі — ұят, әдеп. Бұл екеуі болмаса махаббат айуандар күштарлығына айналады. Ерте уақытта жастар ата-ананың қалауымен үйленетін. Сүйсін, сүймесін, үйленгеннен кейін айырылысуға жол жабықты. Қазіргі жастар өз қалауымен үйленеді. Айырылысуға жол ашық. Осы тамаша бостандықты қайсы біреулер азғындыққа дейін апарып жүр. Көңіл шіркін дәмдіден дәмді, қызықтан қызық іздейді. Егер оны ақыл, сабыр, ұят тежемесе адамды айуан қатарына апармай тынбайды. Айуандар балалары бауырындағы кезде ғана семьяға қамқорлық етеді. Адам өле-өлгенше семья, ұрпақ қамын ұмыта алмайды. Ойлаңыздаршы, бейсуат жүрістерін былай қойғанда, әлденеше неке бұзған, бүлдіршіндей балаларын тірідей жетімсіретіп, дамыл-дамыл төсек жаңғыртқан «махаббат құмарларды» кімге теңеуге болады? Бұл күнде білім шарабын сіміріп жүрген жастар көп, басына білім жинау, өнер, адамшылық үлгілерін жасау жастарымыздың салтына енген шақ. Алайда, күшала жеген иттей қисаңдап келе жатқан біреу оқта-текте кездесіп қалады. Аузынан сасық иіс аңқиды, сөзі іріп-шіріп түсіп жатады. Бұл бишара білім шарабының орнына есіру шарабын сімірген, ата-анасының маңдай терін сатып ішкен, өзі қазір адамның қоры, сөйте тұра зормын деп кеуде қағады. Совет елі жаңа дүние жасап, әлемге жаңа өмір үлгілерін көрсетіп жатыр. Бұл елдің жастарының бақталайы жоғары, әр қылығы сында. Жақсы қылықтары елінің мәртебесін көтере түседі, «шіркін совет жастары» дегізеді. Жаман қылықтары «мақтағаны мынау ма» дегізеді. Сондықтан біз жастарымыздың азаматтық сипаты келісті болуың дос сүйініп, дұшпан күйінердей болуын тілейміз. Есте болсын, адамшылық әрбір ұлы сипат биік шың тәрізді. Шыңды шың еткен төбе-шоқылар болса, ұлы сипат та ұсақ сипаттардан құрылып ұлылыққа жетеді. Халықтық жақсы дәстүрлерді ешбір ұлы адам аттаған емес. Әрбір жас дәстүрді қорғаушы, орындаушы әрі дамытушы болғай-ақ. 1972  


ҒАБИДЕН МҰСТАФИН

Жақсы дәстүр жайында

Балалық шақтан өтіп, ат жалын тартып мінген соң бала алдымен өзіне өмірлік дос-жар іздейді. Жалғанда жар қызығынан артық қызық жоқ. Бірақ, сол қызықтан да суынатын, сол өмірлік достан да түңілетін кез болады кейде. Болмаған күннің өзінде жар қызығы бала қызығымен аяқталады.

Балаға сіңірген ата-ана еңбегін бала өмір бойы ақтап бола алмайды, ол өле-өлгенше суынбайтын махаббат.

Бұл қасиеттер әр адамның бойына ана сүтімен бірге сіңген, бүкіл қауымдық, Отандық ұлы сипат, мыңдаған жылдар бойы сақталып келе жатқан улы дәстүр.

Осы белгілі жайды қайта-қайта айтудан, жастардың құлағына құя беруден жалықпаймыз. Өйткені, кәрілер кетеді, жастар қалады. Кәрілердің жағымды қылық, өнегелі істерін, жақсы дәстүрлерін жастар дамыта отырып, өзінен кейінгілерге табыс етуін арман етеміз.

Көктемдегі жердей құлпыра есіп келе жатқан жас ұрпақты көргенде қуаныш кеудеңе сыймайды. Ал, солардың ішінен сөлекет бірдеңе көргенде аяғыңа шөгір қадалғандай боласың, Жақсы мекен салудан, қала салудан жақсы салт, дәстүр жасау қиынырақ. Жақсы дәстүр ұзақ уақытта жасалады, ұзақ өмір сүреді, кейінгілерге даңғыл жол болып қалады.

Әр халықтың өзінше дәстүрі бар. Дәстүрдің де жақсы - жаманы бар. Жаманы жолшыбай қалып қояды, жақсысы қауымнан қауымға, ғасырдан ғасырға кете барады.

Қазір ең қасиеттіміз социалистік дәстүр болса, ондағы аспаннан дап-дайын түсе қалған жоқ, халықтар дәстүрінің сұрыпталған, дамыған түрі деп түсінуіміз керек.

Дәстүр жайында мұнша шұқшия сөз етуімізде үлкен мән бар. Өйткені, оны халық жасаған, оны бұзушыны ешқашан сүймеген, аямаған халық.

Біз кейде ата-анасынан безген жас жайында есітеміз. Бір кезде түн ұйқысын төрт бөліп мәпелеген, ыстық-суыққа, талай қиындыққа шыдай келіп, сені қатарға қосқан ата - ана бұл кезде дәрменсіз, сонда да тілегі сен. Осындай ата - ананы ұмытқан жас опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы, деп кім айтпас. Одан кім жиренбес!

Қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды. Үлкенге сәлем беру, орын беру, жол беру, кимелеп баса-көктеп өтпеу, үйіне келе қалса атын байлап, есік ашып, төрге шығарып, жақсы қабақпен аттандырып салу, меймандос, жолдас-жораға қайрымды болу сияқты салт-дәртүрлердің бірде-бірі ескірген жоқ. Бұлар өмір бойы ескірмейтін, адамнан адам іштей әмән дәметіп тұратын табиғи құлық-мінездер. Бұл мінездерді қорлау — алдымен өзін-өзі қорлау, сыйлау — алдымен өзін-өзі сыйлау.

Сыйласу, қайырымдылық әр қилы. Біреулер ісім түседі-ау, немесе қарымжысы қайтады-ау деген адамын сыйлайды. Ашып айтқанда бұның аты сауда. Біреулер қарымжысы қайтсын, қайтпасын, сыйласуды, қайрымдылықты адамшылық борышым, деп істейді. Міне бұл ең қымбат қасиет. Жастар осы қымбатқа ұмтылу керек.

Сыртынан тіпті сәнді, қатар бара жатқан екі жасты көргенде сүйсініп тұрасың. Ал сол екеуі қабысып, жұрт көзінше сүйісіп жатқанын көргенде жиреніп теріс айналасың. Себеп, сүйісу сөлекет пе? Сөлекет емес. Бүкіл адам атаулы сүйіскен, әлі сүйісіп келеді. Бірақ жасырын. Ал жаңағыдай сүйісу махаббатты қорлау. Махаббат пердесі — ұят, әдеп. Бұл екеуі болмаса махаббат айуандар күштарлығына айналады.

Ерте уақытта жастар ата-ананың қалауымен үйленетін. Сүйсін, сүймесін, үйленгеннен кейін айырылысуға жол жабықты. Қазіргі жастар өз қалауымен үйленеді. Айырылысуға жол ашық. Осы тамаша бостандықты қайсы біреулер азғындыққа дейін апарып жүр. Көңіл шіркін дәмдіден дәмді, қызықтан қызық іздейді. Егер оны ақыл, сабыр, ұят тежемесе адамды айуан қатарына апармай тынбайды. Айуандар балалары бауырындағы кезде ғана семьяға қамқорлық етеді. Адам өле-өлгенше семья, ұрпақ қамын ұмыта алмайды. Ойлаңыздаршы, бейсуат жүрістерін былай қойғанда, әлденеше неке бұзған, бүлдіршіндей балаларын тірідей жетімсіретіп, дамыл-дамыл төсек жаңғыртқан «махаббат құмарларды» кімге теңеуге болады?

Бұл күнде білім шарабын сіміріп жүрген жастар көп, басына білім жинау, өнер, адамшылық үлгілерін жасау жастарымыздың салтына енген шақ. Алайда, күшала жеген иттей қисаңдап келе жатқан біреу оқта-текте кездесіп қалады. Аузынан сасық иіс аңқиды, сөзі іріп-шіріп түсіп жатады. Бұл бишара білім шарабының орнына есіру шарабын сімірген, ата-анасының маңдай терін сатып ішкен, өзі қазір адамның қоры, сөйте тұра зормын деп кеуде қағады.

Совет елі жаңа дүние жасап, әлемге жаңа өмір үлгілерін көрсетіп жатыр. Бұл елдің жастарының бақталайы жоғары, әр қылығы сында. Жақсы қылықтары елінің мәртебесін көтере түседі, «шіркін совет жастары» дегізеді. Жаман қылықтары «мақтағаны мынау ма» дегізеді. Сондықтан біз жастарымыздың азаматтық сипаты келісті болуың дос сүйініп, дұшпан күйінердей болуын тілейміз. Есте болсын, адамшылық әрбір ұлы сипат биік шың тәрізді. Шыңды шың еткен төбе-шоқылар болса, ұлы сипат та ұсақ сипаттардан құрылып ұлылыққа жетеді. Халықтық жақсы дәстүрлерді ешбір ұлы адам аттаған емес. Әрбір жас дәстүрді қорғаушы, орындаушы әрі дамытушы болғай-ақ.

1972

 

Бөлісу: