4 Желтоқсан 2012, 07:24
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ
(мақала)
27.12.1959 ж.
Алматы
Ерлік елеусіз қалмасын
Совет Одағының Батыры... Қандай абзал сөз, қандай абыройлы атақ! Ал, жауынгер төсінде жарқыраған Алтын Жұлдыз - топтан озған жүйріктің аса биік белгі дәрежесі. Жүзден - жүйрік, мыңнан - тұлпар дегендейін...
Совет Одағының Батыры деген атақты кім болса сол ала бермейді. Тек сол адамның өзі ғана емес, полктас жолдастары да, туған - туыстары да, ел - жұрты да орынды мақтан етеді. Өйткені социалистік Ұлы Отанымыздың дұшпандарына қарсы күрес майдандарындағы елден ерек ерлігі үшін бұл атақты мемлекетіміздің мәртебелі өкімет орны - СССР Жоғарғы Советінің Президиумы береді.
Совет Одағының Батырлары - социалистік Отанға бар өмірін бағыштап, есесі мол ерлік көрсеткен адамдар, әр ұлттың перзенті, алуан мамандықтың иесі болғанымен, олар - қарапайым совет адамдары. Ерлікке жеткен жолдары әр қилы болса да, сол ерліктің сарқылмас қайнар бұлағы олардың асыл адамгершілік сезімінен, советтік патриотизм сезімінен ғана туатындығы да күмәнсіз.
Еліміздің шалқар шежіресінде ерлер есімі мәңгі сақтаулы, талайына ескерткіштер орнады, көбісі туралы кітаптар да жазылды, ел аузындағы аңыздар да аз емес. Бірақ кейбір батырлардың есімі туып - өскен қалың көпшілікке ғана емес, тіпті, оның өз өлкесінде де бейтаныс боп, елеусіз қалып бара жатқаны еріксіз өкінтеді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанның жүз мыңдаған жігіттері партиямыз бен үкіметіміздің, туған Отанымыздың дабыл ұранына үн қосып майдандарға аттанды, қылышын қынабына салмай, ел дегенде еңіреп, қас дұшпанмен қан майданда қасарыса алысты.
Қазақстандық жауынгерлердің арасынан 369 адам Совет Одағының Батыры деген абыройлы атақ алды. Олардың бірқатары туған отбасына оралмай, өмірін Отаны үшін пида етті. Бірқатары атамекеніміздің асыл топырағын адал қанымен суғарып, мәңгі мүгедек боп қалды. Енді бір тобы есен - аман елге қайтып, үйіріне қосылып, қазір халық игілігі үшін еңбек етіп жүр.
Біздің Қазақстан - қаһармандар елі деп мақтануға моральдық хақымыз бар. Өйткені біздің қаһармандық істеріміздің табиғатының өзі бөлекше: ол- біздің қоғамның елдік, ерлік бейнесіне біткен жаппай батырлық.
Алып соғыстың алғашқы жылында - ақ біздің 28 - ші панфиловшы - Қазақстан жігіттерінің көрсеткен жауынгерлік кереметтілігі жаппай ерліктің бейнесі болса, тың дала еңбеккерлерінің, оңтүстік мақташыларының, малшыларымыздың таудай табыстары да жаппай қаһармандық жоқ жерде туа алмас еді.
Әрине, барлық батырдың бас - басына көк тастан ескерткіш қойып, олар туралы кітап үстіне кітап жазылсын деген ойдан біз аулақпыз. Өйткені қаһармандықтың өзі дардай даңқ пен ерен есім үшін жасалған жоқ - ты, ерлік туған сәтте ер ойында ескерткіш те, кітап та болған емес. Ол кезде совет адамы - қарапайым жауынгер тек Отан алдындағы өз борышын өтеуге тырысты, еңбекте болсын, соғыста болсын, біздің адамға тән артық бір қасиет - әлеуметтік парызды аяғына дейін адал өтеп шығу. Ал, бірақ ердің есімін де, ерлігін де естен шығармай, құрбандарымызды қадір тұтып, қастерлеп өту - баршамызға ортақ міндет.
Польшаның бір деревнясында совет жауынгерлерінің қабірінің үстіне орнатылған зәулім мұнара қасына ірі әріппен: «Мына қабірдің жанынан бас киіміңді алып, тәжім етіп өт. Бұл - сені азат еткен ардагерлер бейіті», - деп ойып жазылыпты.
Таяуда бір басшы қызметкерден: «Облысыңызда Совет Одағының қанша Батыры бар?» - деп сұрағанымызда, ол сасқалақтап не дерін білмеді...
1960 жылы бүкіл еліміз болып фашистік Германияны жеңген салтанатымыздың 15 жылдығын және Қазақстан Советтік Социалистік Республикасының 40 жылдығын мақтана мерекелемек. Біз - соғыс зардабын бастан өткізгендерінің бірі болғандықтан, осы хатымызға еңбекшілер депутаттары жергілікті Советтері мен колхоз председателдеріне, партия, комсомол ұйымдарының секретарларына: «Жолдастар, ерлік елеусіз қалмасын!» - дегіміз келді.
Жергілікті, облыстық және аудандық газеттерде ел батырларының өмірі мен ерлігі жазылып тұрса, батыр туып - өскен атақоныс мекенінде, тәлім - тәрбие алған мектебінде мемориал тақталар орнатылса, қандай орынды болар еді! Бұл сияқты аз да болса ардақты ескерткіш - әр жергілікті Совет, әр колхоз басқармасының қолынан келетін іс.
Бұл ескерткіш ауыл-аймақтың, колхоз бен мектептің өзінен шыққан ерлерінің ерлігіне мақтаныш сезімін асырып, бұрынғы ұрпақтың асыл мұрагері - жалынды жастарымызды аталары мен ағаларының даңқты дәстүріне баулыр еді, ерлік істері үшін Отанға деген махаббаттың, тұрмыс пен қоғамдағы, оқу мен еңбектегі тиянақты, адал сананың керек екенін естеріне салар еді, ер өмірі өліммен тынбайтынын, қайта ел жүрегінде мәңгі жасай беретінін ескертер еді.
Бауыржан Момышұлы - гвардия дивизиясының бұрынғы командирі, запастағы гвардия полковнигі;
Дмитрий Снегин- гвардия артиллерия полкінің бұрынғы командирі, отставкадағы гвардия майоры;
Балтабек Жетпісбаев - артиллерия полкінің бұрынғы комиссары, запастағы гвардия майоры.