4 Желтоқсан 2012, 05:42
Әбдіжәлил баб
Әбдіжәлил баб — ''Әли Абу Тәліптің'' (Әзірет Әлінің) жетінші ұрпағы, Хазірет имам Хұсайын әулетінен. 8 ғасырдың 2-жартысында Йеменде патшалық құрған. Сол заманда бауыры Ысқақ бабпен (қ.Баб Ата) бірге, 150 мың әскермен дін жолындағы жорыққа аттанады. Шам қаласынан Бағдатқа, Исфаханға, одан Мазандеран, Серахс, Балх, Бұхара, Шахрисябзь, Самарқан, Өзгент және Ош шаһарларына келеді. Екі ықылымды бағындырған арабтар Ферғанаға жеткен соң, мұндағы жұртты түгел исламға мойынсұндырып, енді үш бағытқа бөлінеді: бірі Қашқар мен Жәркентке, 2-сі Сырдың сол жағасымен Жетікентке және Отырарға (8 ғасырда Отырар Сырдың сол жағында болғаны туралы бірден-бір мәліметсіз), ал 3-сі Сырдың оң жағасымен Шаш (Ташкент) және Исфиджап (Сайрам) шаһарларына қарай аттанады. Әбдіжәлил баб Сырдың сол жағымен жүретін 2-бағытқа, Ысқақ баб 3-бағытқа басшылық етеді. Әбдіжәлил баб Ходжендті (Сырдың өзгенті немесе Қырғыз өзгент) қоршау кезінде қаза болады. Мұны естіген бауыры Ысқақ баб әскерімен келеді де Ходжентті алып, Өтеміс ханды өлтіреді. Тұрғындарына мұсылмандықты қабылдатады. Аңыз бойынша оның лақап аты Хорасан екен. Хорасан аталуына себеп болған жәйт: шешек шыққан жанның үстінен аттаса — ауру көп ұзамай сауығып кететін көрінеді. [2]
Хорасан ата (Әбдіжәлил баб) мен оның ұлы Хұсайын баба (Хұсайын Ғази) зираттары Сырдың ежелгі Баршындария алабы, өгіз жылғасы деген ескі арна бойында (қазіргі Қызылорда обл., Жаңақорған ауд. Задария ұжымшары маңында) жатыр. Әбдіжәлил баб зираты басына кезінде күмбез тұрғызылып, уақыт өте ол бұзылған соң, 11 — 12 ғасырлар шамасында шикі қыштан қайта көтерген. Бүгінгі күнге жетіп тұрған қос күмбезді мавзолей 14 ғасырдың соңында салынған. Ғимарат төрткүл пішінде. Екі бөлмеден тұрады. Негізгі фасады мен үлкен бөлме есігі шығысқа, кіші бөлме есігі оңт-ке қараған. Үлкенінде Әбдіжәлил баб (Хорасан ата), кішісінде ұлы Хұсайын жерленген. Бөлмелердің үстінен қос белдеулетіп алты қырлы барабандар өрілген де, олардың үстінен күмбездер шығарылған. Кірпіш үлгілері осы маңдағы өзгент, Сығанақ секілді көне шаһарлар жұртынан, Мейрамтөбе, Аққорған қамалдары орындарынан ұшырасады. Әбдіжәлил баб пен оның ұлы Хұсайын баба жатқан жер “Хорасан әулие” аталып, бірнеше ғасырдан бері зиярат ету орнына айналып келеді. Олар жайлы ел аузында таңғажайып аңыздар сақталған. Алматы обл. Жамбыл ауд. жерінде Хорасан ата намаз оқыған және сол кісінің қасиетімен ашылған бұлақ көзі бар.