4 Желтоқсан 2012, 05:37
«Қазақ әдебиеті», 17 ноябрь,
1972 жыл, № 46
Біздің Метрей - Дмитрий Снегин алпысқа толды. Ол Алматыда туып - өскен, жоғары дәрежелі білім алған. Жастайынан еш жаққа көшіп - қонбаған орнықты жерлесіміз.
Ол- ғалым, агроном; ақын, прозаик; әскери жағынан білімді, тәжірибелі артиллерист; коғам, мемлекет қайраткері. Айтылғандарға дәлелдер - оның бәрімізге мәлім томдаған шығармалары, Ұлы Отан соғысы жылдары артиллерия дивизионы, соңынан артиллерия полкінің командир! болып көп ұрыстарға қатысып, батылдық, батырлық сындардан абыроймен өткендігі. Соғыстан кейін елге келген соң ол творчестволық, коғамдық істерге қызу белсене қатысты. «Простор» журналына редактор болудан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы хатшыларының біреуі болып белсене қызмет атқарады, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып үш рет сайланды...
Д.Снегиннің шығармаларында тарихи тақырыптар көркемдік дәрежесіне көтеріліп отырады. Халықтар достығы, интернационалдық сезім, советтік патриотизм - Дмитрий Снегин шығармаларының негізі.
Орыс, қазақ әдебиеттерінің телқозыдай жақындасып кетуіне себепкер, дәнекерлердің бірі - Дм.Снегин деп айтсақ, асық айтылды деп ойламаймыз. Ол жағынан оның үлесі өз орнында, өз шамасында өзіне жарасарлық екені рас...
Адамның ішкі сырлары шын қиыншылық жағдайларда сыртқа шығады. Байқампаздарға кімнің кім екені көрініп тұрады. Сын сағатта жалтақ пен алдау қиын...
Біздің таныстығымыз 1941 жылы Москва іргесіндегі арпалыста басталды. Екі жарым жылдан аса майданның алдыңғы шебінде қоян - қолтық ұрыстарда бірге, қатар жүрдік. Содан бері таныспыз, қарым - қатынасты жора - жолдаспыз. Солдат қауымы сыншыл келеді. Командир туралы пікірін естіртіп айтпағанмен, іштеріне тізбектеп жүреді. Сын сағатта қауым қателеспейді. Оның бағасы - әділетті баға. Оны жағдай нәтижелері нақты дәлелдеп отырады.
Көп командирлердің бірі Дм. Снегин болды. Менің командирлік дәрежем үлкен (жоғарылау) болғандықтан, қауымның Дм. Снегин туралы ой пікірлерін естіп те, сезіп те жүрдім. Ол соғыс жылдары.
Мен - полковникпін мен - оқырманмын, мен - жазушымын. Мен де байқаймын, мен де сеземін.
Дм. Снегинмен отыз бір жыл таныспын. Сол жылдар бойында маған бір адам ол туралы оғаш сөз айтқанын естігенім жоқ.
Алпыс жас - үлкен белестің бірі. Кешегі жігіт Дм. Снегин «ақсақал» деген атаққа ие болып отыр. Бұл да - өмірдің бір саласы. Шүкір.
Оттан, судан, сыннан өтіп, алпысқа келіп отырған Дмитрий Снегинге майдандас жолдастарының атынан, панфиловшылар атынан бұдан былай да сау - саламат болып, творчестволық, қоғамдық қайраткерлігі табысты болуына шын тілектестігімді білдірем.