4 Желтоқсан 2012, 05:23
Александр Николаевич Радищев (20(31).8.1749, Мәскеу, - 12(24).9.1802, Петербург) – орыс жазушысы, философ, революционер. Пажеск корпусында (1762-66), Лейпциг университетінде (1767-71) оқыды. Оның көзқарасының қалыптасуына француз ағартушыларының, әсіресе К.А.Гельвеция шығармаларыерекше рөл атқарды. 1773 жылдан Петербкргте Финляндия дивизиясы штабының обер-аудиторы (заң жөніндегі кеңесші) болды. 1775 ж. отставкаға шықты. 1777 ж. Коммерц-коллегияға қызметке орналасты, 1790 жылдан Петербург таможнясының басқарушы болды.
Радищев философияның негізгі мәселесін материалистік тұрғыда шеше отырып, дүниені шексіз танып білуге болатындығы идеясын жақтады. Таным – сезіну арқылы, ақыл-ой, тәжірибе арқылы жүзеге асырылады. «Таным күші» әр қилы болатындығына қарамастан, оның өзі «бөлшектеуге келмейтін, біртұтас» құбылыс болып есептеледі. Материяның басты қасиеті – болмыс, қозғалыс, кеңістік және уақыт. Ойдың материалдық органы – ми; адамның айырым ерекшелігі – сөзі, - деп көрсетті ол. Тарихи процесті Радищев регресс дәуірлері («адасушылық», «құлдық») прогресс дәуірлерімен («ақиқат», «еркіндік») ауысып отыратын айналмалы даму деп қарады. Осыдан келіп ол революция болмай қоймайтын құбылыс деген қорытынды жасады. Адам – қоғамдық қана емес, сонымен қатар белсенді жан иесі. Демек, тарихи процесте адамдар қозғаушы күш болып табылады. Міне сондықтан ол тәрбие мәселелеріне өор маңыз берді, сөз ерекше рөл атқаратын (әдебиет, поэзия, шешендік өнері) атап көрсетті. Сөздің белсенді, өзгертуші, жасампаздық күші туралы «Дүниенің жаралуы» (1779-82 ж.ш.), «Ломоносов туралы сөз» т.б. шығармларын жазды. Радищев тарихи және саяси концепцияларының қорытындысы іспетті «Еркіндік» одасы (1783 ж.ш.) – революцияшыл орыс поэзиясының тұңғышы болды.
80 жылдардың орта кезінен бастап Радищев өзінің басты еңбегі – «Петербургтен Мәскеуге саяхатты» жазумен шұғылданды. Бұл шығармасын өз үйіндегі баспаханада 1790 ж. майда басып шығарды. Бұл еңбегінде орыс өмірінің барлық салаларын жайлап алған заңсыздық пен құқықсыздық туралы айта келіп, мұның бәрі самодержавие мен крепостнойлық құрылыс туғызған қырсық екенін тура атап көрсетті. Өмірді өзгертудің бірден-бір дұрыс жолы – халықтық революция арқылы саяси және әлеуметтік қатынастартолық қирату, самодержавиелік-крепостнойлық құрылысты жою екеніне оқушылардың көзін жеткізе дәлелдеді. Сонымен қатар Ресейде революция үшін әлі қолайлы жағдай тумағанын да атап көрсетті.
Кітап шыққан соң 3 аптадан кейін тергеу басталды. Бұл істі Екатерина ІІ өзі басқарды. Радищев 1790 ж. 30 маусымда Петропавл қамалына жабылды. Сот оны өлім жазасына кесті. Императрица үкімді өзгертіп, Радищевті он жылға Сібірге жер аударды. 1797 ж. Павел І Радищевке Калуга губернаторындағы әкесінен қалған имениелердің бірі – Немцово селосына тұруға рұқсат етті. Александр І патша болғаннан кейін Радищевке «кешірім» берілді. Заң жобаларын жасайтын комиссияға орналасты. 1801- 02 ж.жазған заң жөніндегі еңбектерінде бұрыңғы идеяларын жақтап, крепостнойлық құқық бен сословиелік артықшылықтардың жойылуын талап етті. Тағы да жер аударылу қауіпі туды. Заңсыздық, құқықсыздық қорлығына наразылық ретінде Радищев уланып өлді.
Радищевтің негізгі шығармалары 1905 жылға дейін тыйым салынған күйінде сақталып келді, олар жасырын көшіріліп, қолдан қолға тарап жүрді («Саяхаттың» 80-ге жуық, «Еркіндіктің» 9 көшірмесі белгілі). Радищев идеялары А.С.Пушкинге, декабристерге, А.И.Герценге, олардан кейінгі орыс революционерлері ұрпақтарына, орыс поэзиясына және орыс әдебиетінде реализмнің дамуына елеулі ықпал етті. Мәскеудегі Радищев атындағы көшеге 1950 ж. ескерткіш орнатылды. Пенза облысының Кузнецк ауданындағы Радищево селосында да (бұрынғы Верхнее Аблязово) Радищев музейі ұйымдастырылды.