4 Желтоқсан 2012, 05:18
Біздің елімізде, пролетарлық гуманизм идеясы әлде қашан үстемдік құрған ізгілік елінде адамдардың сана-сезімін асқақ мейірім, биік ақыл-парасат билейді. Біздің советтік құрылыстың табиғаты, болмысы — адамдардың қоғам игілігіне бағыштанатын, соған сарп етілетін тасқынды еңбекке, батыл жаңалыққа, ерлік істерге құлшынуында. Біздің елдің адамдары өз еңбегін, өз өмірінің небір асылдары мен ардақтыларын ең алдымен қоғамға, халыққа арнайды.
Еңбек — адамның анасы деген даналық мәтел бар біздің халықта. Туған анаңды қалай сүймейсің, оны қалай өзгертесің? Ананы адамға өмір бір-ақ рет береді. Саған өмір берген, мәпелеп өсірген, ақ сүтін емізген, шыңдаған ана. Демек, дүниеде анадан үлкен ардақты ештеңе жоқ.
Еңбек өз тұрғысында адамның қаны мен жанының, әрекетінің жемісі бола тұрып, ол өзіне әрқашан да ақылмен, ұқыптылықпен қарауды тілейді. Ең өнімді, ең берекетті еңбек коллективтік еңбек. Біздің өмірімізді көркейткен, адамдарымызды қоғамшылдыққа, көпшілдікке тәрбиелеген осы еңбек. Біздің адамдар осы еңбек арқылы өзіне де, болашақ ұрпағына да бақытты тұрмыс жасай алатынын бүкіл әлемге айдай көрсетті.
Жаңа заманның басталғанын бүкіл әлемге паш еткен «Аврора» кемесінен зеңбірек атылғалы 36 жыл өтті. Біздің туысқан Коммунистік партиямыздың, үкіметіміздің социалистика мемлекет туын көтерген алғашқы сәттегі бірінші сөзі —«бейбітшілік!» болып еді.
Coвет Одағы Коммунистік партиясы мен Совет өкіметі отыз жылдан астам уақыт бойына бейбітшілік туын берік қолдан түсірмей келеді. Адамзатты есепсіз көп апатқа ұшыратын сұмдық қайғы-қасіретке душар ететін соғысты болдырмау жолында аянбай, талмай күресіп келеді. Үкіметіміз бен партиямыз біздің халықтық қайрат-күшін көңіл қуантар, есте қалар жаңалықтар жасауға, өмір көркейтуге жұмылдыруда. Біздің еліміздің кескін-келбеті. сипат-пішіні шапшаң өзгеріп, түрленуде, құлпыруда: шөл далалар игеріліп, өзендер біріне-бірі тоғысып жатыр, көк жайқын теңіздер жасалып, жас ормандар жаңғырды, жаңадан зәулім, әсем қалалар орнауда.
Бұл ересен жаңалықтар, әсіресе, бұрынғы заманда экономика мен мәдениеттен мешеу қалған, халқының көшерін жел қонарын сай білген Қазақстанда айқын көрініс береді Қазақстанның бұрын қандай жағдайда, не күйде болғанын біздің алдыңғы буын ағаларымыз бен ортаншы буын замандастарымыз жақсы біледі. Шет қалып, шерменде тірлік кешірген осынау өлке бұл күнде жер жаннаты — жер ұйыққа айналды.Мұнда бақытты, еркін адамдар еңбек етеді.
Қазақстан өз алдына мемлекеттік бнлігі бар, гүлденген ерікті республика болды. Қазақ халқының қолы жеткен рухани және материалдық жетістіктер Күншығыстағы бізбен шекаралас буржуазия елдерінің ешқайсысының үш ұйықтаса түсіне кірмейді. Олардың қазіргі кездегі мәдени және экономикалық жағдайын бізбен салыстырғанда екі арасы жер мен көктей.
Біздің қазақ халқы сонау қараңғы түнек заманда шетінен сауатсыз еді. Сондықтан ол өзінің көкейкесті мақсат-мүдделерін, аңсаған мұрат-арманын ауызша өлең-жыр арқылы суреттеген. Біздің халқымыз сайын далада бытырап көшіп жүрген елдердің бір-бірімен байланыс, қарым-қатынас жасауына осы қолайлы деп, қанатты тұлпарды арман етті. Ол тұрмысым көркейсін, жаныма сая болсын, басыма пана болсын деп, қалың жыныс ормандар мен мәуелі бақтарды арман етті. Болашақта, арада талай жылдар өткенде өз өмірінің өзгеретініне, тіпті табиғаттың өзгеретініне кәміл сенді халық. Халықтың ежелгі аңсаған арманы, көксеген жақсылықтары біздің совет заманында жүзеге асты. Халықтың қолын ересен мол есеге жеткізген, өмірді көркейткен, көсегені көгерткен, кимегенді кигізген, ішпегенді ішкізген адамның жасампаз еңбегі.
Бейбітшілік қорғау жайында сөз қозғағанда ең алдымен еңбекті ауызға алатынымыз да осыдан. Біз өмірді қайтадан жасауға құдіреті жететін адамға қажетті барша тұрмыс игіліктерін өркендететін еңбектің керемет дәмін таттық, ләззат алдық. Сондықтан да біз еңбекті мейлінше ардақтаймыз.
Біз соғыста талай аяулыларымыздан, боздақтарымыздан, жолдастарымыздан, достарымыздан айрылдық. Соғыстың небір сұмдық апаттарын, қираған, бүлінген дүниенің қасіретін басымыздан кешірдік. Сондықтан да біз соғысты өлердей жек көреміз, соғыс өртін салушыларға жиіркене лағынет айтамыз. Өмірді жасау, жаңа дүниеліктерді жарату қиындығын біз білеміз. Көңілге медеу болатын, бойға қуат беретін, қандай қиын істерді де еңсеріп тастауға құдыреті жететін бір зор қуаныш бар бізде. Ол — творчество қуанышы. Нағыз творчество дәрежесіне жеткен біздің еңбегіміз осы қуанышқа бөленген.
Жер жүзінің қарапайым адамдары өз еңбегін ардақтайды, мақтан тұтады, сүйеді. Шетсіз-шексіз мұхиттарда, кек жайқын телегей-теңіздерде сапар шеккен кемелерге сұрапыл дауыл қандай сұмдық хауіп-қатер төндірсе, соғыстың хауіп-қатері де дәл сонымен барабар екенін жер жүзінің еңбек адамдары әбден біледі. Алуан тілдерде сөйлейтін, нәсілі, ұлты басқа, бір-бірінен жері шалғай адамдардың ортақ тіл тауып, соғысқа қарсы ынтымақтасып, бірлескен себебі де осыдан. Олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бейбітшілікті қорғайды. Кореядағы бітімді біз жер жүзіндегі осы адал ниетті, қарапайым адамдардың алғашқы ірі жеңісі деп білуіміз керек.
Осыған орай атап айтқанда Бүкіл дүние жүзілік Бейбітшілік Советінің Будапешт қаласында өткен конференциясы үндеуіне планетамыздың шар тарапынан, түкпір - түкпірінен қарапайым адамдар үн қосып, оны жаппай қолдады.
Советтік Бейбітшілікті Қорғау Комитетінің барлық талас мәселелерді бейбітшілік жолымен кеңесіп, сөйлесіп шешу жөніндегі тұжырымды қарары бүкіл совет халқының еркі мен ойын бейнелейді. Жер жүзілік дау-таластың ең бір түйінді, дүрбелең жері болып отырған Германия мәселесі тез арада реттелуі керек. Германия бейбітшіл тұтас бір мемлекет болуы керек.
Біздің үкіметіміз бен партиямыз халықтар арасындағы бейбітшілік саясатын үздіксіз жүзеге асырып келеді.
Біздің сыртқы саясатымыздың адалдығын өмірдің өзі айқын көрсетіп отыр, біздің ішкі саясатымыз көрсетіп отыр.
Жақында болып өткен СССР Жоғарғы Советі сессиясының елімізде азық-түлік пен халық тұтынатын товарларды көл-көсір молайтуға бағытталған қарарлары жаңағы айтқан пікіріме айқын дәлел.
Біздің үкіметіміз бен партиямыз халқымыздың тұрмысы барған сайын көркейе берсе екен, дәулеті өркендей берсе екен дейді. Бейбіт еңбек салтанат құрмаса, жаңағы айтылған мақсатқа жету мүмкін емес. Демек, біздер бейбітшілік қорғаумен қатар, жасампаз, бейбіт еңбекті де қорғаймыз.
Халықтың, оның бақытының жыршылары болып отырған біздер үшін — совет жазушылары үшін еңбекті қорғау идеясы ерекше қымбат.
Совет халқының бейбітшілік үшін, коммунизм үшін күресіне біздің совет жазушылары да белсене ат салысып отырғанын атап айтамыз. Өз халқының жасампаз еңбегінің керемет зор табыстарымен және Коммунистік партияның қамқорлығымен шабыттанған жазушылар — дүние жүзіндегі ең озық, идеялы, ұлы дәрежелі совет әдебиетінің қайраткерлері бейбітшілік жолындағы күрестің алдыңғы шебінде. Совет жазушылары өздерінің шығармаларында бейбітшілік пен халықтар достығы идеясын үздіксіз насихаттап келеді, біздің халқымыздың жаңа ұрпағын тәрбиелеуде партияға көмектесіп келеді, совет адамының асыл қасиетін – оның Отанға деген махаббатын, коммунизм ісіне берілгендігін, пролетарлық интернационализм принциптеріне адалдығын көркем образдар арқылы көрсетіп келеді.
Сонымен қатар, совет жазушылары жаңа соғыс өртін тұтандырушы империалистік жалмауыздарды әшкерелеу жолында белсене күрес жүргізуде.
Совет жазушыларының Қазақстандық отрядының шығармалары да coциалнстік Отанымыздың мүдделеріне бағышталған. Біздің еліміздің барша жазушылар сияқты қазақ жазушылары да тек халық пен мемлекет мүдделерін ғана көздейді, өздерінің бар таланты мен қабілетін соларға арнайды. Біз бейбітшілік ісіне қызмет етуді, коммунизм құрылысына белсене қатынасуды өзіміздің ең құрметті міндетіміз деп білеміз.
Соңғы жылдарда Қазақстан жазушылары бейбіт құрылыстың жетістіктерін суреттейтін, совет адамдарының коммунизм орнату жолындағы қаһармандық күресін бейнелейтін бірсыпыра романдар, повестер, поэмалар, пьесалар, әңгімелер, өлеңдер жазды. Біздің жазушыларымыздың, бүкіл творчестволық күші, дарыны бұдан былайғы жерде де бейбітшілік үшін күрестің қажырлы, қайсар қаһарманы, коммунизмнің батыр құрылысшысы — совет халқының мүдделеріне арналады.
Империалисттер прогрессивтік бағыт тұтынған жазушыларды қуғын-сүргінге ұшыратуда. Францияда — Андре Стиль, Чилиде — Пабло Нерудо, Бразилияда — Жоржи Амаду, Түркияда — Назым Хикмет сүргінге айдалды, түрме азабын шекті. Олардың «кінәсы» өздерінің шығармаларында бар шындықты ашып айтқаны, халықтар арасындағы достық пен бейбітшілікті жақтағаны. Өздерін цивилизацияға кемел жеткен адамдармыз деп көкіректерін соғатын Американың, Англияның, Францияның және басқа капиталист елдердің басшы топтары Гюго мен Мопассанның, Толстой мен Чеховтың, Гете мен Гейненің мәңгі өлмейтін даналық әдеби мұраларын асқан айуандық өшпенділікпен ықтыжарды тыңдамайтын тағылықпен өртеуде.Сөйте тұра олар, соғысқа үндейтін, адамды өлердей жек көруді насихаттайтын жазушысымақтарды аспанға көтере мақтайды, қастерлейді.
Бүкіл дүние жүзінде бейбітшілік орнатудың, елімізде хауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең тиімді кепілі — Отанымыздың қорғаныс күштерін нығайтып, жетілдіру. Бейбітшілік үшін аянбай күресе отырып, біз өзіміздің еңбектегі, творчестводағы қайратымызды, қарқынымызды үдете беруіміз керек, соғыс өртін тұтандырушылардың тіміскілеген әрекеттеріне сақ болайық. Еліміздегі халықтар достығын барған сайын нығайта берейік.
Қазақстан жазушылары Отан алдындағы азаматтық, перзенттік, борышын абыроймен орындайды, өз халқының үніне үн қосады. Дүние жүзінде бейбітшілік орнайды, соғыс құмарлар жеңіледі! Біз бұған кәміл сенеміз.
1953