4 Желтоқсан 2012, 05:09
Менің қадірлі оқырмандарым! Зор ілтипаттарыңыз, менің «Қарағанды» романыма арналған бүгінгі жазушылар конференциясына орай, ол шығармама деген ықылас – ниеттеріңіз мені мейлінше толқытты.
Ленин партиясы мен Совет өкіметінің жаңа өмір жасаудағы,коммунизм құрылысшысы – жаңа совет адамын тәрбиелеп өсірудегі құдіретті күші мен орасан зор қызметі бүкіл жазушылық еңбегімнің ұзына бойында мені үнемі толғандырып, тебірендіріп келеді. Мен өзімнің бойымдағы бүкіл дарыным мен күш – қуатымды партия ісіне, халық мүддесіне қалтқысыз, алаңсыз бағыштаған жазушымын. Менің творчествомның өзегі, арқауы, негізі жаңа заман, жаңа адам.
Қарағанды жайында, оның адамдары жайында мен көп жылдардан бері қалам тебірентіп келемін. Сондықтан да менің бүкіл творчествомның күші, ірге тасы Қарағанды тақырыбы, жұмысшылар өмірі.
1939 жылда мен Қарағанды құрылысы оның адамдары жайында талаптанып роман жаздым. Тырнақ алды ірі шығарманың тиісті бағасын оқырман жұртшылық кезінде берген болатын. Содан кейін мен бірнеше жыл ауыл өміріне бой ұрып кеттім. Колхозды ауылға, оның озат адамдарына бағышталған «Миллионер», «Шығанақ Берсиев» романдарын жаздым.
Қалай дегенмен, социалистік Қарағанды тақырыбы мені үнемі тебірентіп, толғандырып келеді. Сонымен 1950 жылы «Қарағанды» романын жаза бастадым. Еңбек аяқталды. Жұртшылық сарабына берілді. Менің жаңа романыма оқырмандар қауымының осынша көңіл бөліп, кең түрде пікір білдіргендеріне мейлінше қуаныштымын.
Роман қаһармандарының аттары ойдан шығарылып, өзгертіліп қойылса да, сіздердің көпшіліктеріңіз олардың түпкі төркінін – жанама бейнелерін айнытпай таныдыңыздар. Мәселен, «Қарағанды көмір» тресінің басқарушысы Щербаковты сіздер осы бассейіннің алғашқы құрылысшысы - Горбачев деп білдіңіздер. Менің романымдағы басқа қаһармандардың да негізгі бейнелері Қарағанды құрылысына белсене қатысқан шахтерлер, кен барлаушылар, инженерлер, жұмысшылар, партия, совет қызметкерлері. Олардың көпшілігі бүгінгі осы конференцияға қатысып отыр.
Сіздердің қалтқысыз достық кеңестеріңіз, ескертпелеріңіз менің келешектегі жазушылық еңбегіме зор көмек, үлкен сүйеніш болады.
Мен сіздерге өзімнің творчестволық жоспарымды айтайын. Мен Қазақстан қара металлургиясының тұңғышы — Теміртау болат қорытушылары жайында көркем фильм сценарийін жазуға кірістім. Сонымен қатар, Теміртау туралы романға керекті деректер жинаймын. Әйткенмен Қарағанды тақырыбын да тастамаймын. Таяу уақытта Қарағандының батыр шахтерлері өмірінен пьеса жазбақпын.
Партиямыздың тарихи XIX съезі мені жаңа шығарма жазуға шабыттандырды.
Қымбатты оқырмандарым, менің творчествома осынша көңіл бөліп, құрмет көрсеткендеріңізге тағы да ыстық ықыласпен алғыс айтамын. Сіздердің бұл сый-құрметтеріңіздің есесін өзімнің жаңа кітаптарыммен қайырамын. Бұған сеніңіздер!
1952