4 Желтоқсан 2012, 05:04
Қазақтың саз аспаптары — ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, көнеден келе жатқан мәдени мұралардың бірі. Ертеде саз аспаптарды ағаштан, түрлі өсімдіктерден, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізінен, қылынан және басқа да түрлі заттардан жасаған. Халқымыздың жыр аңыздарынан, дастандарынан және өткен ғасырлардағы саяхатшылардың, ғалымдардың еңбектерінен көне аспаптардың сипаттамаларын, суреттерін кездестіреміз. Қазақтың музыка аспаптарын Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларынан да кездестіруге болады. Осы кезде байырғы аспаптардың түрлері 20-дан аса болғандығы анықталып отыр. Ертеде музыка аспаптарын жұртқа хабар бергенде, аңшылар құсты, аңды үркіткенде, бақсылар сарын айтқанда, әскери жорықтарда ұран салғанда пайдаланған.
Топтастырылуы
Аспаптарды бес топқа бөлуге болады:
1. үрмелі аспаптар - дыбысын үру арқылы шығарылатын аспаптар: сазсырнай, қоссырнай, қамыссырнай, мүйізсырнай, сыбызғы, адырна, ұран , керней;
2. ішекті аспаптар - дыбысы ішек арқылы шығарылатындарға жататындар: жетіген, шертер, екі және үш шекті домбыралар, қылқобыз;
3. жіңішке сым арқылы дыбысы шығарылатын аспап: шаңқобыз немесе шаңқауыз;
4. ұрмалы аспаптар - аспапқа тартылған көн арқылы дыбыс шығарылатындарға жататындар: даңғыра, дауылпаз, шыңдауыл, дабыл , кепшік, шың;
5. аспаптың басына тағылған шынжырлар, қоныраулар арқылы дыбыс шығарылатын тобы — асатаяқтың бірнеше түрлері.
Қазіргі жағдай
Көне музыка аспаптарының табылуымен байланысты музыка мамандарының алдына жаңа міндеттер жүктелді. Ол міндеттер көне аспаптарды жетілдіріп жасап шығару, орындаушыларды тәрбиелеу, түрлі ансамбльдер ұйымдастыру, т.б. Қазақ музыка аспаптарының үнін жақсарту мақсатымен 1932 жылы Алматы қаласында, 1947 жылы Осакаровкада, 1957 ж. Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) жанынан шеберханалар ашылды. Қазақтың халық аспаптар оркестріне домбыра мен қобыздың алғашқы үлгілерін (жаңадан жасатып) ұсынған профессор А.Жұбанов болды. Музыкалық аспап жасау шеберлері Оразғазы Бейсембайев пен Абузар Аухадиев көне аспаптардың біраз түрлерін жаңартып жасап шығарды. Шеберлер Қ.Қасымов, А.Ермеков, Э.И.Романенко, О.Бейсенбаев, А.Ауқадиев, т.б. музыкалық аспаптардың алғашқы үлгілерін жасады. Жетігенді, шертерді, үш шекті домбыраны, сыбызғыны, шаңқобызды, қылқобызды, асатаяқтың көптеген түрлерін меңгеріп ансамбльге қосып, жеке ән-күй орындап жүрген жас музыканттарымыз да бар. Орындалатын көне күйлердің кейбірі халқымыздың өткендегі тұрмыс салтын, табиғатын бейнелейтін, осы күнге дейін ұмытылып қалып тартылмай келген.