4 Желтоқсан 2012, 03:54
“МЕН” – адамның шығармашылық қабілетін тереңнен қозғап, мәнін айқындайтын философиялық категория. “М.” субьектінің таным процесіндегі белсенділігін көрсетеді. Сондықтан оны сезіммен, қоршаған ортаны қабылдап танумен байланыстыра анықтау батыс психол. теорияларында басты орын алады. Шындығында “М.” – тек “өзін-өзі тану” деген ұғыммен ғана шектелмей, сыртқы қатынастардан өзін бөліп, сол арқылы өзіне өзгелердің көзімен қарай білуді білдіреді. Адамның іс-әрекеттік байланыстары әркімнің психикасында, ең алдымен, субъективті рефлексияға айналады. Осы рефлексияның субъективтік бейнесі “М.” болып табылады. Жаңа дәуірдегі философия тарихында “М.” туралы мәселе айрықша орын алып, рационалистік философияның негізгі ұстанымына айналды. Оған алғаш мән берген француз философы Р.Декарт еді. Оның пікірі бойынша, танымды іске асыратын субъект – жеке адам – яғни “М.”. Әрбір “М.” үшін ешбір шүбә туғызбайтын қағида: “Мен ойлаймын, ендеше мен бармын” (Р.Декарт). Ол ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Декарттан кейін “М.” ұғымын күрделі құбылыс ретінде ашып көрсеткен неміс классик. философиясы. И.Кант транценденталды субъект ұғымын “М.” ұғымымен ұштастырады. И.Г. Фихте “М.” – танымның (ғылымның) шеңберіндегі абс. бастау, өйткені білімнің болу мүмкіндігінің өзі “М-нің белсенді, өзін-өзі жасау қызметіне негізделеді” деді. “М-нің” ұдайы әрекеттік болмысынан “Мен емес” дүниесі туындайды. Фихте абс. “М-нің” өзіне-өзі тең, сәйкес келетінін дәлелдеп, өзіндік ішкі дамуы бар екенін айқындады. Абс. “М-нің” келесі даму кезеңі, яғни “М-нің” “М-ге” және “Мен емеске” тең дейтін принципі таным процесінің негізгі мәнін жан-жақты, толығырақ ашты. Өйткені екі принциптің бірі теор., екіншісі тәжірибелік танымды көрсетсе, үшінші принцип олардың өзара байланысын диалект. негізде ашты, сондай-ақ адамдардың тәжірибелік қызметін айқындауға мүмкіндік берді. Неміс классик. философиясында осы ойды жалғастырып, әрі қарай дамытқан Ф.Шеллинг пен Г.Гегель. Философия тарихында “М.” және “Мен еместің” мәнін ашу үлкен шығарм. мәнге ие болды. Осы принцип арқылы Шеллинг табиғаттың диалект. мәнін ашса, Гегель қоғамның пайда болуы мен дамуын терең зерттей отырып, теор. ойлау процесінің мәнін ашты. Гегель “М.” және “Мен еместің” диалект. мәніне сүйеніп, таным теориясын дамытумен ғана шектелген жоқ. Ол адамның теор. және тәжірибелік даму процесі сананы, өзіндік сананы жетілдіретінін, ал олардың тарихи, қоғамдық даму процесі рухқа әкелетіндігін терең филос. оймен көрсетті.
Дәстүрлі қазақ дүниетанымында “М” ұғымы рухани-танымдық мәнге ие маңызды филос. категория. Мәселен, орта ғасыр жәдігері Қ.А. Иасауидің “Даналық кітабында” оның өзін-өзі тануы, яғни өз “М-нін” тануы алғашқы хикметтерінен-ақ көзге түседі. “Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым мен”, “Дәптер сәни сөзін аштым мен”, сияқты жыр жолдарында ғұлама әр сөйлемдегі негізгі ойларын шумақ соңында қайталанып келетін “мен” есімдігімен түйіндеп отырады. ұұлама “М.” деген жеке сөзге, бір ұғымға ғана зор ақпараттық ауқым беріп, терең мән сыйғызған. “Диуани хикметте” “М.” ақиқатқа жетудің мәні, тылсым сыры ретінде үнемі қайталанып келіп, бірде шәкірттің “М-ін” білдірсе, бірде ұстаздың М-ін білдіреді. Ақын хикметтерін оқыған әрбір оқырман Иасауидің үнемі бірінші жақтан айтылған жаратушыға арналған мінажат, ғибадатын оған ілесе бірге қайталайды. Осылайша сопының Құдай алдындағы өзін күпірмін, шүкірсізбін, лайықсызбын деп сезінген қаупін және фазыл кеңшілігінен күткен үмітін, Хаққа махаббатын өз жанымен сезінеді. “Мен ұлы ғаламның бөлшегімін, мен – мұхиттың тамшысымын. өлы ғалам ақиқатына өзімнің мөлтек ғаламымды тану арқылы жетемін” (Макрокосм – микрокосм) деген ғұлама “М-і” хикметтердің негізгі өзегі болып, жаңа сапалық өзгерістермен әр деңгейде көрініс береді. ұұлама “Өзін білгені – хақты білгені, Құдайдан қорқып ынсапқа келгені” деген жыр жолдарында адамның өз “М-ін” тануының маңызын нақты айтады. Осы өзіңді өзің тану арқылы хақты тануға нұсқайтын қағида “Өзін өзі білген ер бақытты, өзін өзі билеген ел бақытты” деген халық даналығында да көрініс тапқан. Осылайша өз “М-ін” тану адам бақытының кілті деген ұғым халық санасында ғасырлардан бері өмір сүріп, тамырын тереңнен тартып, зор рухани-танымдық мәнге ие болған. Абай дүниетанымында адамның рухы мәңгілік. Адам өлімі оның жоқ болуы емес, тән мен жанның айырылуы ғана: “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес”, Мені мен “менікінің” айырылғанын “өлді деп ат қойыпты өңкей білмес”. Абай “М” деп адам рухын оның негізгі мәнін атап, ақыл мен жанды рухтың сипаттары ретінде таниды. Яғни, “Ақыл мен жан мен өзім, тән менікі, “Мені” мен менікінің мағынасы екі, “Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан “Менікі” өлсе өлсін оған бекі” дегенде “М-ді” менікінен ажырата қарап, жан қажетін табуға “менікінің”, яғни тән мен нәпсінің жетегінде кетуден сақтандырады. Өткінші, алдамшы қызықтарға алданбай, баянды, мәңгі құндылықтарға ұмтылуға үндейді. “Менікі” “М-ге” қарама-қарсы ұғым ретінде айқындалып, ол адам жаратылысының рухани бастауына қарсы нәпсілік табиғатына меңзейді. “Адам ғапыл дүниені дер менікі, Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі, Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде, Сонда ойла болады не сенікі?” Адамның өзінің шын “М-ін” танып, менікінің тұтқынынан құтылып, рухани кемелдікке ұмтылуын басты мақсат-мұрат деп белгілейді.
Т. Әбжанов, А. Досжанұлы