Ұлттық банк төрағасы теңге бағамы туралы айтты

18 Ақпан 2014, 04:52

Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық банкінің басшысы Қайрат Келімбетов теңге бағамының күрт төмендеуіне қатысты мәселеге өз жауабын берді. Айырбастау пункті жаңа бағамға қатысты алыпсатарлықпен айналысса лицензиясынан айрылады

Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық банкінің басшысы Қайрат Келімбетов теңге бағамының күрт төмендеуіне қатысты мәселеге өз жауабын берді.

Айырбастау пункті жаңа бағамға қатысты алыпсатарлықпен айналысса лицензиясынан айрылады

«Осындай жағдайды өз пайдасына жаратып қалуға ұмтылатындар да жоқ емес. Валюта бағамына қатысты қандай да бір ақпаратты асыра пайдаланушы адамдар да болады, біз сондықтан тұрғындарға тек Қазақстанның Ұлттық банкіне сенуі керектігін ескертеміз. Осыған байланысты біз шешім қабылдадық, барлық айырбастау пункттерде маржа екі теңгеден аспауы тиіс, егер айырбастау пункті сату және сатып алуда 2 теңгеден асыру туралы талапты бүгін және келесі күндері бұзса Ұлттық банкі оларға қатаң шара қолданады, тіпті осындай айырбас пунктінің қызметі тоқтатылады және лицензиясы алынып қойылады», - деп мәлімдеді Қ.Келімбетов.

Доллардың жаңа бағамы 3 теңге көлемінде ауытқиды

«Барлық дамушы елдерде, әсіресе БРИКС-ке мүше елдерде, АҚШ долларына шаққандағы ұлттық валютаның әлсізденуі жалғасып жатыр, біз қазір дамушы 24 елдің 22-сін назарда ұстап отырмыз. Сондай-ақ Ресей рублінің долларға шаққандағы бағамы да тұрақсыз, 2013 жылы 7%-ға әлсізденген, ағымдағы жылдың қаңтар айында Ресей рублінің әлсіреуі жалғасты. Үшіншіден, бұл төлем балансының жағдайы. Ағымдағы операциялардың жағымды болуына қарамастан, импорттың көлемі артып отырғанын көріп отырмыз. Төртіншіден, экономикада девальвациялық күту процесі жоғарылады, осыған байланысты спекулятивті операциялар жиілеп, Ұлттық банк валюталық нарыққа жиі араласуға мәжбүр болды. Бесіншіден, болашақта инфляцияны 3-4 пайызға төмендету үшін Ұлттық Банк инфляциялық шектеуге өтуді жоспарлап отыр. Осыған орай, сәйкес бағам 185 теңге көлемінде деген шешім қабылданды және оны қорғайтын боламыз», - деп мәлім етті Қ.Келімбетов.

Ол сондай-ақ Қазақстан халқы тек Ұлттық банктің мәлімдемелеріне ғана құлақ асуы керек деп отыр. Оның айтуынша, жоғарыда айтылған жағдайға байланысты спекулятивті девальвациялық әрекеттерге жол берілмейді және жалпы жағдай доллар үшін 185 теңге төңірегінде тұрақтайтын болады.

«Барлық өзгерістер теңгенің айырбас бағамының бәсекеге қабілеттілігін және Қазақстан Республикасы тауар өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін жақсарту үшін жасалып отыр», - деп сендірді Ұлттық Банкі басшысы.  

Біз азық-түлік бағасын қадағалап отырамыз

Қайрат Келімбетов Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп инфляцияны 6% деңгейінде сақтап қалу үшін жұмыс істейтінін атап өтті.

«Мұндай өзгерістер кезінде халықтың көкейінде сандаған сұрақ туындайды, мен Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп инфляция деңгейін 2014 жылы 6-8% көлемінде сақтап қалуға тырысатынын айтқым келеді. Яғни, біз негізгі азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттамауын қадағалаймыз», - деді Ұлттық банк басшысы.

Дереккөз: bnews.kz

 

Бөлісу: