«Мұқағали» поэтикалық драмасына 10 жыл!

18 Ақпан 2014, 04:59

Қырықтың бесеуінде...  деп жазған ақын Мұқағали сол қырықтың бесеуінде фаниден бақилыққа аттанды. Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы мен өмірбаянын қарап отырсаң, бар өкініштісі, ол – ақынның бақилыққа сонша ерте аттанғаны. Өз заманына сыймай кетті ғой! Бүгінде ол тірі болса 83 жасқа келер еді...  Амал қанша. Ақынның бізге қалдырған   650-ден астам лирикалық өлеңдері бар екен. Әрқайсысы өзінше әдемі, әсем келеді. Ойландырады, толғандырады,  жігер береді. Соның ішіндегі шоқтығы биік  «Моцарт. Жан азасы» реквиемі ше?

...Өзімнің есебімде,

Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.

Кім біледі, ендігі қалған өмір,

Неше күнге жетерін, неше түнге.

Ұмыт болып есебің де, есегің де,

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

Қырықтың бесеуінде...  деп жазған ақын Мұқағали сол қырықтың бесеуінде фаниден бақилыққа аттанды. Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы мен өмірбаянын қарап отырсаң, бар өкініштісі, ол – ақынның бақилыққа сонша ерте аттанғаны. Өз заманына сыймай кетті ғой! Бүгінде ол тірі болса 83 жасқа келер еді...  Амал қанша. Ақынның бізге қалдырған   650-ден астам лирикалық өлеңдері бар екен. Әрқайсысы өзінше әдемі, әсем келеді. Ойландырады, толғандырады,  жігер береді. Соның ішіндегі шоқтығы биік  «Моцарт. Жан азасы» реквиемі ше?

«Meн сені сүйгем

Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!

Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.

Ақ сәулең сенің аймалап мені,

Жарық Күн,

Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.

Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,

Сезгемін, білгем,

Мен үшін бір күн тынарын.

Тастама мені,

Тастама мені, Шырағым!

Шуағың түссін,

Шөп болып, мейлі, шығамын…» - дейді. Мен бұл шығармасын психологиялық-философиялық туынды дер едім. Өмір мен өлімді Моцарттың тағдыры арқылы жеткізген. Табыт үні, Халық үні, Жесірлер үні, Бесік жыры деп аталатын төрт бөлімдегі мән-мағына түсінген адамға  керемет! Ол өмірге ерекше ғашық, өлеңге құштар жан болған.

Бүгінгі күндері мұзбалақ ақынның өлеңдері оқылып, көше аттары беріліп, мұражайлар ашылып, ескерткіштер қойылып жатқаны да адамзаттың ақын мен поэзия алдындағы аманаттың орындалуы шығар.  Көзі тірісінде:

«Бүгін менің туған күнім,

Ой, бәле – ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай – ақ қойғаны – ай» - деп кеткен. Иә, болашаққа арыз жазған  ғасыр ақыны сол бір қайырымсыз  қоғамға тап болғанын қарасаңшы... 

Мен, Қаллекиден   «Мұқағали» поэтикалық драмасын үзбей көруге тырысамын. Бұл – өлеңсұйер қауым үшін ерекше қойылым. Пьесаның авторы – Серік Тұрғынбекұлы, режиссері – ҚР еңбек сіңген қайраткері Болат Ұзақов.  Премьерасы  2004 жылдың 8- ақпанында болған  спектакльдің сахналанып келе жатқанына міне, 10 жыл толыпты. Осы он жыл уақыт ішінде  Астананың өзінде, алыс-жақын аймақтарға шыққанда және гастрольдік сапарларда қойылып келе жатқан спектакль 166 рет сахналанған екен.  Сенбі  күні мерейлі қойылым болды. Көрермен сүйікті ақынымен жүздесіп, өлең тыңдап  тағы бір қуанып қайтты. Мұқағали қойылымын айтып отырып, ақынның бейнесін сомдап жүрген актерді айтпау мүмкін емес. Ол – Жанқалдыбек Төленбаев. Жанқалдыбек Мүфтиұлы 1973 жылы 3 – маусымда Семей облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, аудандық мәдениет үйіне қызметке тұрады. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін  1995- 1999 жылдары Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық театр және кино институтынан  «музыкалық комедия актері» бөлімін аяқтайды.  Сол кездегі жас түлек – Жанқалдыбек Төленбаев 1999 жылдан бері Астана қаласының Қалибек Қаунышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қызмет жасап келеді. Жанқалдыбек Мүфтиұлының қаншама рөлдерін жатқа білемін, жақсы көремін. Атап айтсам:  «Абайдағы»  Жиренше, «Айман-Шолпандағы»  Маман, «Қымбатты Памелладағы»  Сол Бозо,  «Гамарджобадағы» Акоп, «Ғасырдан да ұзақ күн» спектакльіндегі Сәбит және т.б. рөлдері бар.   Бірақ, осы Мұқағали ақынның рөлі ерекше болып тұрады. Ерекше, табиғи болатындығы  ақынды көрген автордың мықтылығы, режиссердің еңбегі, актердің шеберлігі мен ақынға бет-бейнесінің ұқсастығы деп ойлаймын.  Осының барлығы бір қойылымда түйісіп, он жыл сахналанса да өз көрерменін жоғалтпай келе жатқан қойылым. Бірде, Павлодардан қонаққа келген құрбымды осы спектакльге ертіп бардым. Спектакль басталды, актерлер Моцарт Жан азасынан үзінділер оқып жатты. Бір уақытта,  ақ қайыңның ортасынан бас кейіпкер  құлаш сермеп,  өлең оқып шыға келгенде, әлгі қыздың жүрегі ұстап қала жаздаған еді. Ол әлі күнге шок болып жүр. Кейде,  Ж.Аймауытов театрында отырсақ та, Мұқағалиді тамсанып айтып отырады. Бірде,  Жанқалдыбек Мүфтиұлы, Алматыға оқуға барғанда   актер емес, тарихшы болу еді ойымда дегені есімде. Кешегі премьерадай өткен қойылымнан кейін, сол сөздері есіме орала берді. Актер емес, тарихшы болғанында, Мұқағали сахнаға шығар ма еді деп ойлап қоямын. Мүмкін шығатын да шығар, бірақ дәл осындай ғажайып қойылым болар ма еді. Көзінің тірісінде ақынның  қоғамнан көрген қиыншылығын, шеккен зардабын актер керемет алып шығып жүр. Он жыл бойы Мұқағали болып әзілдеп, Мұқағали болып өлең оқып ерекше тебіреніспен еңбектеніп жүр.  Спектакль басталғаннан-ақ баурап алып кететін әсерлі оқиғаларға көрермен біресе жылап, біресе мәз болып қол соғып отырады.

Бір қызығы, қойлымнан бірер күн бұрын әлеуметтік желіде жария салып,  он жылдықтың сүйіншісін сұрай жөнелдік. Театрды, өлеңді сүйетін достарым хабарласып, қойылымның уақытын сұрап жатты. Сол қоңыраудың бірі – ұлттық ойыншықтарға ерекше шеберлікпен келген Сәкен Болысов ағамыз еді. Сөз арасында «Мұқағали» қойылымының премьерасы өткен күн туралы айта келе, ол кезде ұлы мен қызы он жасқа кіші еді, солар да театрға барған деп қалды. Ендеше, он жылдан кейінгі мерейлі қойылымды тағы бір көрсін деп, театрға шақырдым.  Ертеңгісі көрермен залында он сегіздегі әдемі Әнел мен жиырмаға келген Ерасыл отырды. Ерасыл – нағыз асыл ер боларлықтай жігіт екен. Сырттай біраз жетістіктерін білуші едім, сол күні поэзияға, Мұқағалидің өлеңдеріне деген құрметін байқадым.  Бұл әрине, әдебиет пен мәдениетке жақын қылып өсірген  ата-ананың тәрбиесі.

Міне, біз ғасыр ақынының туған күн мерекесін осылай атап өттік. Ақынның қай өлеңі болмасын, қоғамға жақын, берері мол, өте құнды шығармалар. Қойылым соңында, дүниедегі бар жамандықты арқалап әкетемін, одан кейін ешкім келіп есігімді қақпасын деп барып, ақын тас мүсінге айналады. Муза болса  жас қайыңды құшақтап жалғыз қалды...  Көрермендердің көп келгендігі соншама, ортада бос орын қалмай, қосымша орындықтар қойылды. Жастар жағы балконда тұрып көрді. Құстың ұясындай ғимаратта қазақ театры өнерімен елордалық көрермен мен қонақтарды сусындатып отырған Астана қаласының Қалибек Қаунышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының еңбегіне алғысымыз зор. Дәл осындай өміршең де құнды спектакльдеріңіз көп болсын!

 

Әсел МҰЗДЫБАЙ

Астана, 9- ақпан, 2014 жыл.

 

Бөлісу: