18 Ақпан 2014, 05:01
Қырын қараған тағдыр түзеле бастады.
Адайдың ардагерлерінің бірі - бай, Бегей Сәңкібайдың тұқымы да Бесқалаға келіп қоныс теуіпті. Сәңкібайдың немерелері Алдаберген мен Құдайберген жылқы десе ішкен асын жерге қоятын адамдар. Атты сәндеп мініп, ата жолын ұстанып, жылқы кәсібімен айналысып жүр екен. Жылқылы ауылға атсейіс Есет екі мақсатпен қыдырып барды. Біріншісі- үйірдің ішінде жүйрік ат бар ма екен соны білу, бар болса сатып алу, екіншісі бұл әулетте бойжетіп қалған қыз бар деуші еді, соны көру, көңілінен шықса құда түсу. Өйткені өжет мінез, өткір қылыштай жарқылдап тұрған ұлы Ығылманын үйлендіру мақсаты еді. Нұртай Бегейдің қарашаңырағын ұстап қалған Құдайбергеннің үйінде шәй құйып берген орта бойлы, дөңгелек жүзді, ұяң құбаша қызды көрді. Көрді де разы болды. Бұл осы әулеттің кенже қызы Ақзиза еді. Осы қызды баласына айттырып, келін түсірді.
Кенже қарындасынан қос ағасы Алдаберген мен Құдайберген де аянып қалмады. Жеңгелері Тұрсын мен Балсұлу заман жағдайына сай жұрт қызығарлық жасауын жабдықтап, қыжым бешпент кигізіп, қызыл жібек орамал тартып, келін болып түсерде тартатын ілмелі жаулығын сандығына салып беріп, собықты сырға, қақпақты білезік, күміс шашпау тағып сәндеген қайынсіңлілерін құтты орнына қондырды.
Араға жыл салып, Ақзиза туған үйіне төркіндеп барды. Қос ағасы қарындасына қаймалша, күйеу балалары Ығылманға ат мінгізді.
- Үйірдің ішінен таңдағаныңды алып кетерсің - деген қайнағасы.
Әрине атты күйеу бабалары емес, құдасы Есет таңдайтынын бұлар білген еді. Көп ұзамай жүгені мен шылбырын алып, құдасының ауылына келген атсейіс жылқыны аралап көрді. Бұрын жүген құрық тимеген жирен қасқа атқа көңілі кетті. Анау өткен жылы алғаш келгенде де назары осы атқа түсіп еді. Қырағы көз қапысын жібермеген екен. Суат басында аңдып тұрып сілтей құрық салып, ту асауды шыңғырта құлатты. Жирен қасқа омақаса құлады. «Асаулығы шығар, мойнына түскен жіптен шошып кетті-ау жануар, тұрар» - деп ойлаған. Жығылып жатқан жүйрікті ноқталап, шылбырлап, қосымша жүгендеп алып «шу, жануар» деп еді, орнынан тұрар болмады, болмағасын сауырынан сипай қамшылап жіберді. Бірақ ұмсына тыпыр қаққан ат аяғын баса алмады. Атсейіс сонда барып жүйрікті мертілдіріп алғанын білді. Өкініштен іші удай ашыды. Омырауын, сағағын ұстап көрді де аттың қайтып келеге келмейтініне көзі жетті. Әлгінде ғана асығыс байлаған шылбырын шешіп, ноқтаны сыпырды. Құдайберген құдасы да сол сәтте-ақ, жирен қасқаның етін адалдаудан басқа амал жоқтығын біліп, қалтасынан шаппасын алып «біссімілләсін» айтып, жануарды бауыздауға кірісті. «Сырты түк, іші боқ бір мал емес, үйретіп бәйгеге қосатын жүйрік еді, обал-ай!» Есет алқымы орыла берген жирен қасқаға қарауға дәті шыдамай сырт айнала берді.
- Ал, құда өздерің қызылдай бересіңдер. Бұл жылқының қазысы қанша тәтті болса да жей алмаспын, сорпасы қанша дәмді болса да іше алмаспын! Қайран жүйрік маңдайға сыймады, бұйырмайтындай еді.
Жүйрікті азалаған атсейіс мініп келген атының жабуын теріс жауып ауылына қарай бет алды. Үйге келе салысымен босағаға жүген шылбырды тастай салды.
- Не болды, әке, ат қайда?
- Жирен қасқаны өзім жұтып алдым. Өзімнің көзім тиіп, өз қолымнан жазым еттім.
Есет сейіс сол күні нәр татпастан теріс қарап жатып алды, жүйрік жиренді азалағаны ғой апта бойы атының жабуын теріс жауып жүрді.
* * *
Алдаберген құдасы Есетті ерекше көрді, ол атқұмар Ығылман күйеу баласына басқа жорға атты тағы сыйға тартты.
«Бұл Ығылман қайын жұрты қос ат мінгізген күйеу бала болды» десті таныс жұртшылық.
Есет сейіс ауылдарды аралап жүріп буаз бие көрсе қандай құлын туатынын болжайтын. Осы әдетімен бие құлындамай тұрып, оның төлін саудалап қоюшы еді. Құлын күнінен тәрбиеленген сәйгүліктері сенімін ақтамаған кезі жоқ.
Алпыс жасты алқымдаған кезде құдаларының ауылына қыдырып келгенде тағы бір естен кетпес оқиға болған.
Қонақасы желініп, кеу-кеулесіп арқа-жарқа болып жатқан сәт.
- Есеке, алпыс жас деген де оңай емес, дегенмен бір қолқа салғымыз келіп отыр. Жылқыда сегіз жасар құла айғыр бар. Соны ұстау керек болып тұр. Біраз адам байқап көріп еді, шама келер емес, құрықшылық өнерден қол үзіп қалған жоқсыз ба?
Бегей ауылының азаматтары осылай деді. Расында көп жылдан бері жылқыға құрық салуды қойған. Оның үстіне түрмеде болған азапты жылдар да өз зардабын білдіріп, денсаулығы сыр алдырып жүр. Әйтсе де «жоқ» дей алмады.
- Байқап көрейік!
Жылқының үйірі суға құларда жылқы ауылдағы еркек біткен құдықтың басына жиылды. Осқырынып, желдей жүйткіген құла айғыр үйірді бастап келеді. Сауыры күмістей жарқырап, кәріне мініп арқырап тұрған шу асау. Үрке беттеген жылқының алды болып астауға бас қойды. Осы сәтті бағып тұрған Есет сейіс құрығын шапшаң серпе көтеріп айғырдың басына салып үлгерді. Алапат күшпен қарғып, жалт берген асау қапелімде құрықты қағып жіберді. Қырсыққанда қыл сағақтан бұралып үлгермеген құрықтың бауы айғырдың омырауына барып түсті. Бұл күтпеген сәтсіздік еді. Енді айғыр құрықшыға күш бермейді, сүйреп кетеді, құрықты жібере салу керек. Намысқа тырысқан Есет құрықты қоя бермей, қос қолдап тартып, жүрелеп отыра қалды.
- Уай, Есеке жібер-жібер, енді әл бермейді.
- Жазым боласың! Сүйреп кетеді, жібер!
Айналасындағылар қатерден қауіптеніп айқайға басты. Бірақ Есет құрықты жіберер емес, қос қолдап ұстаған күйі жерді табанымен тіреп қозғалмай, айғырды тоқтатып қалмақшы. Дүлей асаумен алпыс жастағы егде адам айқасқа түскен. Кім күшті, жылқының омырауы ма, шалдың білек күші ме! Арыстанша арпалысқан адуын айғыр құрықшыны жүрелеген күйінде есік пен төрдей жерге сүйреп барып, омақаса құлады. Екі аяқтың сырылған ізі соқамен түргендей қазылып-ақ қалыпты. Есеттің шеке тамыры шодырая білеуленіп, екі көзі шоқтай қызарып кеткен. Айғыр құлаған мезгілде жүрелеген қалпы отырған орнынан тұрды да:
- Жануар арам өліп қалмасын, қателік менен болды, жазым еттім. Енді тұрмайды, ұстап берем дегенім бекер болды, - деді.
Иә асау айғыр қанша күшті болса да, білекті қартқа қайран қыла алмады. Мойын омыраулықтан мертігіпті. Әйтсе де құрықшыға да оңай болмапты, еш жарақат алмаса да, шебер етікші шегелеп тіккен шегірен, су жаңа етіктің табаны жер тірегенге шыдамай асау сүйреген сәтте сыпырылып сөгіліп, ұлтаны өкшеден бір-ақ шығыпты.
- Қайран Есекем-ай шал болсаң да шамаңның қандай екенін таныттың-ау, өзіңдей адам енді туар ма екен?
Құдайберген құдасы көзіне жас алып теріс айнала берді.
* * *
Есет атбегінің қолынан мерт болған жылқы санаулы ғана, ал бәйгенің алдын бермеген аттары көп болды. Сейістік өнерімен қазақ тұрғай, атқұмар түркмендерді табындырып тәнті етті.
- Бұл кісі Бекет Атаның оғланы - Есет, ендеше, біз үшін енді Есет аға емес Бекет аға болады!
Атсейіс қазақты түркмендер осылайша дәріптеген.
Есет атсейістік өнерімен әулетін асырады. Барлық баласы мен інілерінің үстіне баяғыша бір-бір алты қанат ақ боз үй тігіп беріп, үш арғымағын алып 1960 жылы түркмен елінен туған атажұртына Жем-Сағыз өңіріне көштің басын бұрды. Ол көшерде мәрт халық түркмен азаматтары:
- Бекет аға, көшпе, өлсең мавзолейіңді айлаудың ортасына саламыз, тіріде атыңды, өлгенде басыңды қадірлеп өтерміз, оған қоса балаларыңа басшылық, жақсы қызмет береміз - десті.
Өзін «Бекет аға» деп атап, ардақтаған түркмен халқының аптал азаматтары қанша үгіттесе де Есет тыңдамады. Иә, ол түркмен жеріндегі айлаудың ортасынан өзіне салынар мавзолей ескерткіштен гөрі ата жайлауындағы баба зиратында, төрт құлақ қарабайыр тамда қалуды мұрат тұтты. Балаларының түркмен жерінде бастық болғанынан гөрі өзінің ата мекенінде жай шаруа адамы болғанын қалады. Туған жердің қасиетін сезінудің, ата күлдікті қадірлеудің бұдан артық үлгісі қандай болмақ? Есет ата өз ұрпақтарын туған жерімен, ағайын туыспен ерте қауыштырып, өле-өлгенінше Жем-Сағыздың бойында жүйрік тазысын аңға, арғымағын бәйгеге қосып, «армансызбын» - деп, 1965 жылы мамыр айында өмірден өтті. Зираты Сағыз бойындағы «Алып Ана» қауымында. Ол тек түрмеде ғана Беламор каналын салып Кеңес үкіметінің жұмысын істегені болмаса, басқа уақытта өзінің жаны қалаған атсейістік кәсібімен айналысты. Өмірде өз дегенін істеп Адай түгілі Алшынға үлгі қалдырды.