Талапайға түскен кез

18 Ақпан 2014, 05:26

Өтегеннің ауылы Маңғыстаудың ойына көп құламады. Қысты Үстірт үстіндегі «Бесегөз-Тәңкеде» өткізіп, жазда Сағыз өзенінің бойындағы Қопа, Ебейті өңірін жайлап жүрді. Осы жаз жайлауында «Кіші қазан саясаты» салған ылаңға тап болды.

Өтегеннің ауылы Маңғыстаудың ойына көп құламады. Қысты Үстірт үстіндегі «Бесегөз-Тәңкеде» өткізіп, жазда Сағыз өзенінің бойындағы Қопа, Ебейті өңірін жайлап жүрді. Осы жаз жайлауында «Кіші қазан саясаты» салған ылаңға тап болды.

Байларды жаппай қуғындау басталып кеткен. Сол жылы заман сыңайынан қорыққан Көпберген жылдағыдай жайлауға шықпай, Үстіртте қалды.

Атышулы кәмпеске басталғанда Көпбергеннің дәулеті, мал-мүлкі жеткілікті еді. Көпбергеннің малын өсіріп бағып, шаруашылығын ұйымдастырып бас-көз болған өз ағайыны Данабай аулының азаматтары Мүсіркеп пен Тастұр, Бекберді Сәрсенбай, Балта Науқанбай тумаластары еді. Науқанбай - Ығылманның кіндік ағасы. Кішкентай кезінен інісін мойнына мінгізіп еркелеткен бауыр, туысқан. Жаңа үкімет келгенде кедей, сауаты бар жігіт Науқанбай Байтауов қызметке алынды.1928 жылғы кәмпеске басталарда қолында билігі бар Науқанбай ағайыны Көпберген мен оның баласы Есетті қорғап қалуға батыл кірісті. Бұрыннан бірін-бірі сыйласқан тумаластар бір-бірін заман қиянатына қимаса керек. Сөйтіп, ол Көпберген әулеті «бай емес, күн көрелік малы бар» деп анықтама қағаз жазып, Үстірт үстінде күзеуде отырған Көпбергеннің ауылына қағазды беріп жіберіп, «тезірек Бесқаланың ойына құласын, жаңа үкіметтің беталысы қатты» деп хабар айтты. Мұны естісімен ауылға бір отар қой мен жылқының шамалысы іріктелген он айғыр үйірін қалдырды да, қалған жылқының таңдаулысын, түйелерді бөліп айдап, Түрікпен елінің шекарасына жақын «Байжан» деген жерге жасырын бақтырды. Ауылға келген жаңа үкіметтің шабармандары әлгі бір отар қой мен он үйір жылқыны кәмпескелеп екі жақ та тыншығандай болған. Дүние, мал-мүлік үшін ата жұртты тастап қалай көше қойсын. Бірақ 1930 жылы Үстірт үстінде отырған елдің тоз- тозын шығарған бүлік басталды. Сәнді тұрмыс кешіп, салт дәстүрін ұстанып, жиын тойында ат шауып, бәйге олжалап, малмен күнелткен қазақ ауылдарының ту-талақайы шықты. Адай көтерілісіне азаматтары қалмай қатысып, ақыры қан құйлы саясатты орындаушы жендеттерден жеңіліс тапқан ауыл Түркмен жеріне, Қарақалпақ арқылы өтуді ойлады. Тастүйін бекінген олар бір-ақ түнде амалсыздан атажұртты қалдырып, «Елім-айлап», үдере көшті. Зауал келгені анық-ты. Жасырып бақтырған сауын түйелер Бесқаланың ойына құларда әлдебір індетке шалдықты. Шөккен жерінен тұра алмай, қара саны қақырап қалып жатты. Қой біткен шөлге шыдас бермей ұлардай шулап маңырап, бір қара көрінгенше шұбырып, титықтап жолда қырылды. Алда не күтіп тұр? Мініс нарлардың қомындағы кебежелерде мойыны қылтиып мұңлық сәбилер барады. Көштегі әйелдер нар маяларға қосыла боздап, жоқтау айтып, Маңғыстаудай қалың жұрттан қара үзді. Тек үйірлі жылқылар шашау шықпастан межелі жерге жетті. Есеттің ауылы алдымен Түркменнің «Жермұрын тікше» деген жеріне барып тоқтады. Бұл жерде де атыс-шабыс. Түркменнің соңғы көтелісі екен. Бұлар да жаңа үкіметтің саясатына қарсы. Шегем Қаңғабай бастаған көп Адай түркмендермен бірігіп, жаңа үкіметтің жазалаушы отрядтарымен соғысты салды. Түркмен жауласқанына қарамай адайдың атақты азаматтарын өз арасына бытыратып сіңдіріп жіберіп, жаңа үкіметтен жасырды. Соның бірі Есет мырза еді. Ауыл «Жермұрын тікшеден» ішкері көшті.

- Көпберген бай көшіп келеді екен!

Бұл хабарды Бесқалаға барған ағайыннан Балта Оңайбай естіді. Ол кезде Оңайбай - НКВД қызметкері.

- Көкемнің ауылын қарсы алайық, жігіттер!

Арып-ашып ойға құлаған Көпбергеннің көшін өңшең сарыала киінген топ қарсы алғанда зәрезап болып келе жатқандар «Құрыдық!», «Елдегі жаудан, жолдағы аңдудан қашып құтылып, ақыры тұтылдық-ау» - десті. Әлгілер жақындап келгенде Көпберген таныды. Сап-сарыала болып самсап киініп тұрғандардың бірі - Балта Оңайбай, өз інісі! Құшақтаса көрісті. Мұны көріп көшіп келе жатқандардың қорқынышы сейілді.

- Көке, хош келіпсің, енді қам жеме, мұнда біз бармыз!

Көпберген байдың қара орман мал жанын осылайша ағайыны Балтаның бір жігіті Науқанбай қазақ жерінде қорғап қалса, тағы да Балтаның бір жігіті Оңайбай жат жерде қорғап, құрақ ұша қуанып, қарсы алып, қорғаны болды. Жолда саулы інгендер мен қой қырылды демесе, жат жерге келіп те жағалай үйлерін тігіп, ауыл жайлана бастады. Бұл да болса баймын деп тасымай, ағайын тумамен сыйласа білгеннің арқасы болар. Әйтеуір, ең бастысы Олжашылар ең қиын сәтте бір-бірін осылай қорғай біліпті. Ұрпаққа жеткізер өнеге де осы емес пе!

Бәрі де сәтімен басталып жатқан секілді еді. Есет баяғы атсейістік өнерімен түркмендерді таң қалдыра бастады. Соның біріне куә Арыстанұлы Кемелхан аға айтады. Есет көшіп келген соң түркмендердің үлкен жиынына екі ат әкеліпті. Бірі - тұрқы кішілеу көрер көзге қораштау ат екен. Алдыңғы аламан бәйге он айлау. Есеттің әлгі аты қосылғанда түркмен біткен кеу-кеулеп, бір-біріне қарап күле бастады.

- Қараңдар, казақтың есегін қара, біз арғымақ әкелген бәйгеге қазақ есегін әкеліпті.

Өңшең өрен жүйрік қосылған бәйгеде әлгі жануар алғашқы айлауда шаң қауып соңында жүріпті. Екінші айлауда бірте-бірте ілгерірек басыпты, айлаудың ортасынан ауа бере жануар құлағын қайшылай тіктеп омырауы терлепті. Содан «қолтығы сөгіліп» сала берген. Құлдилай құлдырап, талай арғымақтарды жолда қалдырып, мәреге оқ бойы алда келген. Түркмендер   таңырқай бас шайқапты.

- Қазақтың бұл «есегінің» репеті жаман екен... Біздің арғымақтарымызды шаң қаптырды-ау...

Бәйгенің келесі түріне Есет аққудайын таранған, қаншырдай боп жараған, тұрқы сұлу, түгі құндыздай құлпырған қара тұлпарды қосыпты.

Түркмендер   тағы да сеңсең бөрікті бастарып шұлғып:

- Қазақтың мына қазанатын қара, қаршығадай ұшып келеді. Қаршыға қанатты қара ат та бәйгеден озып жеке дара келген.

- Ойпырым-ай, мына қазақ қайтеді, екі бәйгеде де байрақты бермеді-ау.

Құндыздай қара жүйрік кешкісін жатқан орынынан тұра алмай қалыпты.

...Хорезмнің ойындағы бейқұт тірлік көпке бармады. Оған бәлкім Есеттің өзі жол берді ме екен?

Оңайбайдың үйіне барса, оның әйелі ілмелі жаулық тартып көріп айнаға қарап тұр екен. Қасында қарақалпақ ауылнай жігіт тұр.Ол айнадан көрініп тұрған әйелдің келбетіне қарады. Ту сыртынан келіп айнаға өзімен бірге қарап тұрған әлгі жігітке айнадағы ару да жымиып басын изеді. Екеуі де езу тартып мәз-мәйрам бола қалды. Олардың бұ қылығын көріп тұрған Есет сабырлы мінезінен танып, ауылнай жігітті бастан қамшымен бір тартты. Бұл жайды байқап қалған Оңайбай да әйелінің қылығын кешпеді. Оған келіншектің өкшесі қанамай жүргені қосылды да, ақыры ажырасып тынды.

- Қам жеме, қалың малын өзім төлеймін, қалаған қызыңды ал, - деді Есет.

Оңайбай да қалауын айтты. Есет мырзалығына басып, қыз әкесі сұраған қалың малды санап берді. Тойды да өзі жасады. Бәйгеге кілем жабылған нар тікті. Сол тойдың бас бәйгесінде Есеттің Күрең арғымағы озып келіп, байрақ отбасында қалды.

Таяқ жеген адам қарап жатсын ба, арызданды, оны жақтаушылар да табыла бастады. Көрші ауылда үлкен ас болды. Бұған Көпберген ауылы түгел барды. Қыз-келіншек сәнді киімдерін киініп, өңіржиек, шашбау собықтарын тағынып, кіл жорға мініп, салтанатын танытты. Есет осы жиынға тағы да бәйгеге қосуға ат әкелген.

Жаңа үкіметтің жандайшабы руы балықшы «С» аңдушыға нұсқап көрсетті.

- Міне, Есет мырза осы. Қазақ жерінен мұрты шабылмай келіп, енді түркмен жерінде алшаңдап жүр! Аналар - ауылының жігіттері мен қыз-келіншегі.

- Жақсы, көрдім. Оны қазір ұстамаймыз. Бұл жерде емес, ауылына барған жерде үстерінен түселік!

Жоспар құрылды. Есет те жай адам емес. Оған да хабар жетті.

- Бәйгіге ат қоспасын, қашып құтылсын. Көбекең кәрі адам, оған тимес, бірақ, Есетті ұстаса аямайды, абақтыға жабады.

Есет тойға келген адамдарын ауылға қайтарды да, атына мініп көзден таса болды.

         Ауыл әбігер болды да қалды. Әйел біткеннің алтын жалатқан күміс бұйымдарын, күмістелген ер-тұрман мен асыл заттарды түгел жинап күлдік жатқан орынға алдын ала қазылып қойған ұраға жасырды. Шолақ белсенділер де жетті. Әр үйді тінтіп, сандықтарды ақтарды. Ештеңе таппады. Тек үлкен үйден тұтқасы күміс поднос қана қолдарына ілікті.

- Ештеңе табылмады. Бұларға әлі таптыртамыз. Енді малды санайық!

Аласұрып ұрынып-соғынған суық топ аттарына мініп тұм-тұстан тебіне шапқылап, ауылдан шыға берген. «Қырсыққанда қымыран іріді». Ең соңғы ат сүрінді. Әлгі адам аттан түсе қалып жердің топырағы жаңарып көмілгенін байқап қалды. Күлдің қопсып тұрғанын көрді. Көрді де, айқайға басты:

- Мұнда келіңдер, таптым, таптым!..

Әлгінің шақырған айқайына кетіп бара жатқандар тұра-тұра қалысты, ілгерілеп кеткен аттылар да шұғыл кері қайтты. Бәрі уласып-шуласып жүріп ұраны ашты. Бұл кезде ауылдың әйелдері зәре-құтылары ұшып, сықырлауық пен жабыққа жабысып, тым-тырыс сырттағы оқиғаны бақылап тұр еді. Ал, бала біткен бүрісіп, керегеге тұтылған кілемнің артына жасырынған. Сөйтіп, әп-сәтте-ақ Көпберген байдың бүкіл қазына байлығын аттылар бөктергіге басты. Есет сейістің жүйрік аттарына арнайы соқтырған күміс ер-тұрманы белсенділердің басшысының қолында кетті. Мал-мүлкі түркмен жерінде тәркіленді.

Бірақ құралайды көзіне ататын мерген, астында жарау жүйрігі бар Есет сейісті ұстау қиынға соқты. Жазалаушы топ оның орнына жап-жас інісі Сырымды тұтқынға алды. Сырым асаудың құлағында ойнап, атпен шауып келе жатып, жерден теңге ілетін сайыпқыран жігіт еді. Сол күні Есетті қорғаушы Оңайбайдың басына да қара бұлт үйірілді. Ол жаңа қосылған жас келіншегін есекке мінгізіп алып, тәжіктердің еліне асты.

Есет сол кеткеннен дәл өзіндей күй кешкен түркмен жігіттерін тауып алды. Олар - бұрынғы Жөнейттің сарбаздары, Иранға өтпекші. Қасына аңшы мерген інісі ішке Олжашы Теңелді ертіп, сол елді көріп қайтпақшы. Егер мүмкін болса, ауылын көшіріп алып кетпек.

Теңелдің жаңа үйленген кезі. Қасында жап-жас келіншегі, жазығы әйел демесең, жігіттен бетер. Олар Иран шекарасына өтер жердегі дарияның жағасына тоқтады.

Жас келін жиналған жауынгер жасақты таң қалдырды, арғы бетке өтетін адамдардың киімдерін түйіп сол қолымен көтеріп, оң қолымен суды есіп, құлаштай жүзіп, арғы бетке бірнеше мәрте қатынады. Мұны көріп тұрған Есет інісіне:

- Разымын, келінді таңдап алған екенсің, - деген. Дарияны кешіп әлдеқашан өтіп кететін еді, ауылдан хабар біліп кел деп жіберген, қосшысын күтті. Қас қарая ол да келді.

- Сені таба алмасын біліп, Сырымды тұтқындап алып кетіпті!

Есет амалсыздан ат басын кейін бұрды. Ізіне түскен НКВД жандайшаптарына өз аяғымен барып берілмек. Өйткені, Сырым әлі үйленбеп еді. Қу бауырға обал болар. Өмірден тұяқсыз өтпесін...

Бұл тілек кейіннен орындалды-ау, бірақ, Ұлы Отан соғысына кебенек киіп аттанған Сырым сол кеткеннен мол кетті. Хабарсыз кетті.

 

Бөлісу: