18 Ақпан 2014, 05:29
Сөйтіп Олжашы Есеттің атбегілікпен атағы шықты, мергендікпен атқаны тиді, палуан болып жауырыны жерге тимеді. Осындай өнерінің арқасында «хан» ағасы Тобанияз бен би ағасы Айдарбайдың қасынан табылды.
Қырдағы елге қырсық үйір. Тоқабай Құрмаш Ескелді ауылынан адам өлтіріп алып, екі ауылдың арасы ушықты. Аралас-құралас екі ауылдың адамын бір-біріне дүрдараз етпей, оқиғаның мән жайын тексеріп әділдік орнатуға Тобанияз бел шеше кірісті. «Буракөлге» мен деген жанашыр ағайынды тегіс шақырып жинады. Бұл жиында екі жақтан дау айтысып, өжектесіп, өре түрегелгендер табылды. Айдарбай би билік айтып, екі араны бітістірді.
Осы оқиғадан кейін Тобанияздың ауылына Бақытжан Қаратайұлы келеді. Бұл Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1890 жылы алтын медальмен бітірген, 1907 жылы Орал облысынан мемлекеттік ІІ Думаға депутат болып сайланған атақты заңгер, қоғам қайраткері болған адам. Бұндай мәртебелі мейманды салтанат-сәнімен, лайықты қонақасымен қарсы алу жеменей аулының да дағдысы. Жақсымен лебіздесуге Айдарбай би, Тіней Талпақ, Жетімек Жұмағазы, секілді абыздар, Кенже Әділ секілді саңлақ әншілер арнайы шақырылды. Жайсаң жігіттер қызмет көрсетті. Әділ қайқы ән шырқады. Айдарбай би көсемдігі мен көрегендігін байқатып, тірліктен түйгендерін түйдектетті. Қонақасы желініп, мәртебелі мейманның көңілі жайланды, енді елге қайтуға жиналған.
- Тобеке, алқаға салар биіңнің шабысын байқадық, арқалы әншіңнің дауысын байқадық. Ал, мына бір жас жігіттің не өнері бар, мен көргелі үндемей отыр. Адайда да аса сабырлы жігіттер бар екен-ау - деп, Есет жайлы сұрады.
- Төре, бұл жігіттің бойында тоқсан тоғыз түрлі өнер бар, соның қайсысын сізге көрсетсек деп ойланып отырған жайымыз бар. Әттең, жүргелі отырсыз әйтпесе, оны да көрер едіңіз - деді, Тобанияз.
- Ә, онда оны көрудің де реті болар, жүрелік...
Бақытжан мырзаны шығарып салмақ болып Тобанияз бен Айдарбай жігіттерін ертіп жолға шықты. Күздің кезі. Бір топ құс ұша жөнелді. Бұл тізбектеле ұшқан құс шоғыры.
- Адайдың жігіттері шеттерінен мерген дейтін еді. Тобеке, қай жігітің мен нұсқаған құсты атып түсірер екен?
- Ал, Есетжан өнеріңді көрсет, қапы қалма!
Тобанияз інісіне бұрылды.
- Қайсысын көздейін аға?
-Орта тұсы десем қайсысын нұсқағанымды түсінбессің, алдыңғысын атып құс керуенін бұзбалық. Соңғысын ат!
Есет мырза ат үстінде келе жатып, мылтығын қолға алып құс тізбегінің соңында ұшып келе жатқанын көздеп шүріппе басты. Соңғы құс жерге құлдилай құлады.
- Кәне, жігіттің мергендігін сыналық. Оқ құстың қай жерінен тиді екен?
Атқосшы жігіттердің бірі шауып барып, анадай жерге құлап түскен құсты әкеліп Бақытжан төренің қолына ұстатты.
- Япырай, оқ құстың басынан тиген екен. Бас киелі деуші еді. Енді болмағанда оқ далаға кете жаздапты. Нағыз мерген талма тұсты көздемеуші ме еді?!
- Мәртебелі мырза, шын мерген дұшпан болса талма тұсын, дұшпан емес ұшқан болса пайда тұсын көздейді. Есетжан осыны ойластырып атса керек. Мергеннің оғы құсты бастан қаққан екен. Титімдей құстың кеудесін бытыра тессе етінен не қалады? Нағыз мерген құстың жемейтін жерінен атқан - ғой депті Айдарбай.
- Ай, арда өскен Адайлар-ай, қандай бәйгеге салса да бұлтармайтын жайларыңды көрдім, көңілім толды.
Атақты заңгер сол жолы ризалық ниетпен Есет мырзаға бата берді. Төренің батасын алған соң Есеттің шаңырағында ұлы Ығылман 1920 жылы дүниеге келген екен.
Есеттің Құныскереймен жолығуы
1927 жылы Маңғыстаудағы қонысы қуаң болып, Есеттің ауылы Тайсойғанның құмына барып қыстады. Атасы Назармен замандас болған баяғы тіл-көз тиіп өлетін жүйрік Құланың егесі Шеркеш Бабаның атымен аталатын қыстауды сатып алды. Сол қыста шеркеш Есқали деген кісі жүйрік торы атын сақтап бер деп Есетке өтінішпен келді.
- Бұл атқа Құныскерейдің көзі түсіп жүр. Бір күні берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан деп тартып әкетер деп қорқып саған әкеліп тұрмын, сақтап бер, - деді.
Есет келісіп, торы арғымақты алып қалды.
Ауылдың бір топ түйесі аяқ астынан жоғалды да кетті. Арқандап қойған торы жүйрікті ерттеп мініп, түйелерін іздеп шыққан. Ауылдан ұзай бере оншақты атты адамның ауылға қарай суыт жүріп келе жатқанын көрді. Әне-міне дегенше олар сайдың екі бетінде қарама-қарсы жолықты. Есет ақбас ердің басына ұңғысын тіреп, бесатарын оңтайлай берген.
«Құныскерей жеткен екен, сірә аманат торыны тартып алып кетпек-ау, нешеу болсаңдар да сазаларыңды тарттырармын!» деп ойлады.
Мұны естігендей Құныскерей тіл қатты:
- Ай, Есет құда, мен бір тайды қуып келгенім жоқ, өзіңмен жақын танысқалы келдім!
Барақатшылықпен жөн айтқан, бірақ тегін емес, текті адамға Есет бажайлай қарады, ұзын бойлы, шегір көзді, жирен мұртты сындарлы жігіт екен. Аман-түгел алысып, ауылына алып келіп, қонақасы берді. Сөз арасында ол болашақты ойласа келгенін айтты.
- Заман аужайы бұзылып барады. Олай-бұлай күн туса бір тай емес, талайымыз Адайды паналармыз. Енді таныс-біліс болдық, - деді.
Шай ішіліп, ет желінді. Қонақтар сыртқа шығып, Есет пен Құныскерей мергендік сынасып, ақ сүйек қадап, шөке атысты. Атадан артық туған екі ер төс қағыстырып, тілеулес болып, бір-бірімен қимай қоштасты.