28 Қаңтар 2014, 08:33
Тіней Талпақ мырзаның атағы өз тұсында алысқа танылды. Атаға тартып туған тектілігі мен мырзалығына, атсейістік атағы қосылды. Былайғы кезде қолына домбыраны алып жіберіп, Адайдың қайқыларынша қоңырлатып әнге салатыны да бар, қазақтың қараөлеңіне келгенде де қапысын жібермеген. Әсіресе, жүйрік аттары жайлы шығарған жырлары бүгінге жетті. Сол әннің бірі «Райгер». Райгер Талпақтың көңілі біткен ерен жүйрік аты. Бұдан басқа оның Бозат, Көкала атты сәйгүліктері болыпты. Бозат пен Көкала әкеден қалған көп жылқыдан жүйрік болып туған құлындар. Ал, Райгердің жөні тіптен бөлек. Ағайыны тәңірберген Тіней Рай деген кісінің үйіне көрісе барғанда қулық биесі құлындап, жас құлын аяғын әлтек-тәлтек басып тұр екен. Талпақ сейістің қырағы көзі жүйрік болып туылған құлынның белгілерін тап басып таныды. Жаңа туған құлынға Талпақ мырзаның көңілі құлап тұрғанын Рай да байқаған. Ақыры қалауын айтқан Талпаққа:
- Ықыласыңа қалып жүрмейін, мен бердім, сен алдың, бір құлынды Талпаққа қимай не болыпты, - депті Рай ағасы.
- Құдай қаласа бұл кер құлын талай бәйгені алады. Аға сенің атыңды шығарып бұл құлынның атын Райгер атаймын, - депті Талпақ.
Қалаулы кер құлынды Талпақ мырза бөбектей баптап, Құнан шыққанда қарымын байқап көріп, дөнен шыққанда дүрмекке қосады. Райгердің ұшқан құстай саулаған шабысын шалқып жырға қосты.
Тәңірберген Ер еді,
Райдан алған Кер еді.
Алқалаған жиында,
Алдыменен келеді!
Қазақтың жиенді-нағашылы болып, бір-бірін сөзбен қажайтыны қашанғы әдеті. Өнер жарыстырады, ат жарыстырады. Сөз жарыстырады. Әйтеуір бір-біріне есе жібергісі жоқ. Берісі Топырақшашты Наршөккен, әрісі Арал бойына дейін жаз жайлауға шыққан қалың елдің жиын тойы, ас мерекесі көбейген мезгіл. Ондай бәйге бәсекеде Райгер өзге қылқұйрықтыға байрақ бермейтін бопты. Енді Талпақ мырза:
Сұрасаң арғы бабам Құдайберген,
Қайтқан жоқ әлі тауым Райгерден.
Төбесі Райгердің көрінгенде,
Баласы Әлімдердің жылай берген!
- деп өлеңге қосты.
Сағыз өзенінің бір шалғайы «Былқылдақтыда»Шам мен Талпақ мырза ең кенже інісі Өжекке арнап ас берді. Шам мен Талпақ шақырған жиынға кіші жүздің белгілі адамдары қалмай келетіні қашаннан қалыптасқан әдет. Бұған Әлімнің беделді азаматтары Жиде Кете Дауылтай, Көктаубай, Құдайқұл Кете Жиеналы Қазырет Құлашолақ, Қарайғыр, Жиренат деген үш жүйрігін, Таз Әбіш Құлайғырын әкеледі. Тіней ауылының қашанғы салтанатымен асқа жүз елу үй, ат бәйгесіне жүз қой, он қара, он алтын тігіледі. Тіккен тименің бәрі бар. Бәйгеге ерен жүйрік сексен ат қосылды. Айтып айтпай не керек, сол сексен сәйгүлікті қапы қалдырып, Талпақтың Райгері бәйгенің алды болып келіпті.
Сонда Кете Дауылтай бай ризалықпен басын шайқап былай депті:
Адайдан ала алмадым,
Майлыбайдан қала алмадым!
Майлыбай дегені кете руының ұраны екен.
Тінейлер ауылында жиырма бес таңбалы кіші жүздің белгілі бектері қатысқан Қалнияз бен Жұбанға берілген аста Райгер сәйгүлік бас бәйгені тағы алады. Ал ағасы Жақайға ас бергенде оның артында қалған қарақасқа атын Талпақ жаратып, бәйгеге қосып осы ат бас бәйгені алады. Талпақ мырзаның атсейістігі арқасында тінейлер аулының асында, той мереке, ас жиындарда бәйгеге тігілген жүз қой, он қара, он алтын шашау шықпай, ошақ басына қалып жүріпті.
Талпақ дәулетті бай ғана емес, жомарт та мәрт мінезімен, қайырымдылығымен ел-жұртқа аса сыйлы, өте беделді, ықпалды адам болғаны белгілі. Сондықтан 1930-33 жылдары болған нәубетте мал-мүлкі тәркілеуге ілігіп, өзі түрмеге қамалып, ату жазасына кесілген. Бірақ бұл жаза бірден орындалмай, ол Алтай өлкесіне жер аударылған екен дегенді естігеніміз бар. Зерттеп, зерделеуді қажет ететін осы бір әңгіме былайша өрбиді. Айдауда болған кезде сол аймақтың жылқылары әлдебір індетке тап болады. Сонда дағдарған жергілікті басшылық « тұтқындардың ішінде аттың жайын білетін бір адам бар екен, мүмкін жылқының дертін емдеуді сол білер» деп Талпаққа келіпті. Талпақ аттардың әлдебір тамырын қиып емдейді. Аяғын баса алмай тұралап қалған жылқылар Талпақтың емінен кейін құлан-таза айығып кеткен. Талпақтың өнеріне дән риза болған алтайлықтар оны мал дәрігері қылып тағайындайды. Оған арнайы жатын бөлме беріп, жағдайдың бәрін жасайды. Сөйтіп Талпақ нағашымызға атбегілік өнердің себі түрмеде жатқанда да тиіпті дейді.
Ал енді Қосай Тіней ауылында қалыптасқан атбегілік мектеп туралы айтқанда тағы бір атақты атбегі туралы айта кетуіміз керек.