Қасиетті Құла мен Алжеттінің ақыры

18 Ақпан 2014, 05:38

Бәйімбет, Байпақ Шопан үлкен жиын беріп, берісі Маңғыстаудың ойынан, әрісі Ойыл мен Қиылдың бойынан кілең ығай-сығайдың бәрі келіп, бәйгеге көп жүйрік қосылды. Жиынның салтанат-даңқын асырып аспандатқысы келген   бұл ауыл мерекені алшын мен келшінде ешкім алдын кесіп өте алмайтын, аузының дуасы, сөзінің киесі бар ағайыны Иса Тіленбайұлына басқартыпты.

                  Қасиетті Құла мен Алжеттінің ақыры

Тәңір жазып,Реушен бұл үш жүйріктің талай бәйге алғанын көрген. Тірлігінде жан баласына қимай  «түтікпенен су беріп, түндікпенен күн берген» бұл  арғымақтардың ақыры не болып еді? Бәйімбет, Байпақ Шопан үлкен жиын беріп, берісі Маңғыстаудың ойынан, әрісі Ойыл мен Қиылдың бойынан кілең ығай-сығайдың бәрі келіп, бәйгеге көп жүйрік қосылды. Жиынның салтанат-даңқын асырып аспандатқысы келген   бұл ауыл мерекені алшын мен келшінде ешкім алдын кесіп өте алмайтын, аузының дуасы, сөзінің киесі бар ағайыны Иса Тіленбайұлына басқартыпты. Реушен осы аста өзінің үш жүйрігінің өзге қыдыра жал қыл құйрықтыға бәйге бермейтініне сеніп отыр. Аттар алысқа айдалып, жүйріктердің шаң берер сәтін сарсыла күткен көпшілікке ақыры қарауыл қараған жігіт  қатар келе жатқан үш аттың көрінгенін хабарлады.

     Бекзат қалпынан бір танбайтын Иса би осы сәтте сабырсыздық танытып:

           -Япыр-ай, кімнің аттары болды екен?- деп қалды.

          -Бір үйірдің жылқысы еді, бірін-бірі тастамай келе жатқан біздің аттар болар - деді Реушен. Айтса айтқандай, бәйгенің алды болып Құла ат, Алжетті, Шаттауық келеді екен. Басқа аттардың қарасы көрінбейді.

            -Бұрын соңды бір бәйгеде үш аты қатар байрақ алған ешкім болмап еді.Реушен, садақаңды айт!

            -Е, мен не деп садақа берем, садақаны аттары қалғандар айтсын!

  Туғалы айтқаны артық-ауыс кетіп көрмеген уәлі Реушен сол жолы тілінен жазды, әлде тіл-көз бе? Жұлдыздай ағып келе жатқан Құла аттың тұяғы  күзеннің тік ініне кіріп кетіп, толарсағы айрылып құлады. Алжеттінің басы қатты болғасын, Реушен бұл жолы да бәйгеге баланы емес, үлкен жігітті мінгізіп шаптырған. Аты озып, арқаланып келе жатқан жігіт «Адай Алжеттінің арындаған шабысын армансыз көріп қалсын» деп, аттың басын ірікпей ағытып қоя бергенде, алапат шабысқа шыдамаған қайран жүйрік тоқпан жілігі үзіліп құлады. Қатар шапқан үш жүйріктің ішінен тек Шаттауық қана жебедей зулап мәреден өте берді.

          Бәйімбет ауылының сол жолы бас бәйгеге тіккен жүз қой, он қара, бір алтынын алып, Шаттауығын жетелеп, Реушен «Бәйкүшіктегі» ауылына қайтты.Қос жүйрігінің қатар құлағаны көңілін қатты құлазытса да, сол өкініштің орынын Шаттауық толтырып, талай жиында бәйгенің алдын бермеп еді.  

                               

                                   Арал бойындағы ас

Аралдың жағасын жайлаған әлімдердің мықтысының бірі Нағашыбай әкесіне ас беретін болып,  бәйгеге Шаттауықты қосуға Реушен де жеткен. Көлеңкеге қарап тігілген ақ отаудың төрінде отырып, түрулі тұрған есіктен сыртқа көз салды.

                                                           

Үстірттен келген кәнігі ат бегі,  майлан жары Саламат бай Көкшолақ атын ауылдың алдында қыдыртып жүр екен. Реушеннің кәнігі көзі қалт жібермеді ме, әлде тағы жылқының тілі тұрғай, қимылын түсінер көріпкелдігіне басты ма?

- Па, мына шіркіндердің болдым, толдым деп жүрісін-ай. Ертең Шаттауықты тартпай-ақ қойыңдар. Тартсаң да, тартпасаң да бірдің соңы. Бәйгені мыналар алам деп жүр ғой! Бұл жолы Саламат та, Көкшолақ та егде тартып қалғанымен өзгеге жол берер түрі жоқ - деді қасындағы қосшыларына.  Қонақ күтіп жүрген үй иесі Реушеннің айтып отырған әңгімесіне таңданып қалды.  Оның тегін адам емес екенін біліп, ертеңгі бәйге жайлы айтқанын ауылының ақсақалдарына  жеткізуді жөн көрді.

-         Үстіне суы төгілген шапан, басына көнетөз тұмақ киген бір адай қосшыларымен біздің үйге түскен. Осылай деп отыр.

-         Қонақ адайыңның аты кім екен? Біліп кел және аттарды алысқа айдайтынымызды айтып бар, ертең бәйгеден кімнің аты келерін, алыстан келген адай емес, аспандағы құдай біледі - деді ауыл егесі әлім шал. Бұл сауалдарына жауап алғысы келген жігітке Реушен оқшырая қарады.

-Атымды ертең білерсің. Аналарыңа айта бар. Атты Орынбордан жіберсең Саламаттың Көкшолағы келер. Бер жағынан жіберсең Шаттауық келер. Ал, Орынбордың ар жағынан жіберсе Бәйімбет Төртқараның Қара аты келер. Қайдан жіберсе онан жіберсін, Адайдың үш аты бірінен соң бірі келер!

    Реушен уәлінің тағы да айтқаны болып, дегені келді. Сол астағы бәйгеден Саламаттың Көкшолағы бірінші, Шаттауық бірдің соңы, оған ілесе Қара ат келді.

   Үстірттің үстін қатар жайлап, бір-бірін құдадай қадірлеген атбегілер Аралдың бойын жайлаған әлімдердің сый-сыяпатына қарық болып, елдеріне қайтып еді-ау.      

                                          Қыдыр көрген Назар

      

       Сол жылы ала жаздай жаңбыр жаумай, қоныстың сәні кетті. Күз түсе шаруаның шырқы қалмай, жұтқа ұшырап қалмас үшін ел Маңғыстаудың ойынан асып, Жаңғаққа құлады. Көшкен жұрттың соңында, елсізденіп қалған Үстіртті қимай Тастемір Реушен мен Олжашы Назар қажының ауылы қалды. Қыс түспей жатып, айдаған малының жайы кете бастағасын Назар қажы  Реушенге барып ақылдасты.

      - Малға жайылыс жоқ, жер қуаң деп жұрт Маңғыстаудан көшсе көше берсін. Мен ешқайда бармаймын - деді ол.

      Бұрынғыдай бас мүжіп, арқаны кеңге салып отыратын күй қайда. Арық тоқтыны сойдырып, ары-бергіні сөз қылғаннан шаруаға келер пайда жоқ. Назар қажы атын суытпай ауылына қайтты. Ойы сан-саққа кетіп, тұяқкесті болып тозған төңірекке қарап, көңілі құлазып  келе жатты. Кәрі шың Күйкеннің тұмсығынан бір аттылы кісі келеді екен. Назар қажы бейсәует жүрген кісіні күтіп,  амандық-саулық алысып, жөн сұрасты, мал-жанның қысқы қамының қиын жайын ойлап налып келе жатқанын жасырмады.

-         Осы келе жатқан бағытыңның оң жағына бір көш жерге көшіп қон. Сол жерге қыста. Жағдайың жаман болмас. Мен Баян деген адаммын.

Бейтаныс кісі осылай деп атын тебініп жүре берді. «Әлгі адамның ауылының қайда екенін сұрап қалмаппын-ау...» Назар қажы артына бұрылып қараса, жаңа ғана қасынан жүріп кеткен адам жоқ. Әп-сәтте ғайып болған...

Кездейсоқ кездескен кісі  айтып, нұсқап кеткен жерге Назар қажы көшіп қонды. Сол жылғы қыстан төрт түлік малдан тұяқ  бермей, аман есен шықты.

Жазғытұрым мал мыңғыра төлдеді.Құдайды шын сүйіп, туған жерін қадірлеген қажыға сол жолы Үстіртті  аралап жүрген Қыдыр жолыққан екен. Олжашы Назар қажы содан кейін де бұл қоныстан табан аударған жоқ.  Қартайып өмірден өткен күні, тілегі қабыл болып ұлы қырдың үстіндегі шыңыраулы қонысы «Тәңкеге» жерленді. Төрт құлақты сағана там соның айғағы.

                                                           

Бөлісу: