Жұбан тамы жайлы хикаят

18 Ақпан 2014, 05:42

Арғы атаң сенің Ер Қосай, Үстіне сауыт жамылған, Қолына найза алынған. Қыдыр көрген бай өтті, Қалнияз бен Жұбандай, Зәкәрия, Шам, Талпақ, Аш арықты қамқорлап, Алтын мен күміс тағынған.              Ескелді Сүгір жырау  

Арғы атаң сенің Ер Қосай,

Үстіне сауыт жамылған,

Қолына найза алынған.

Қыдыр көрген бай өтті,

Қалнияз бен Жұбандай,

Зәкәрия, Шам, Талпақ,

Аш арықты қамқорлап,

Алтын мен күміс тағынған.

             Ескелді Сүгір жырау

 

Жұбан тамы – Маңғыстаудың Үстіртімен жалғасып жатқан Жылыой аймағындағы көрнекті сәулетті  кесене. Бұл тарихи ескерткіш салыну ерекшелігімен, көз тартар әдемілігімен сан жылдар бойы көрген адамды таңдандырып келеді. Жұбан тамы жайлы дерек 1967 жылы «Қазақ Совет энциклопедиясында» жазылған. 1974 жылдан бері Республикалық есептегі сәулетті мұра есебінде қорғалып келеді. «Жұмбаққа толы Жұбан тамы» жайлы, оның салынуы туралы әр түрлі әңгімелер ел ауызында айтылып жүр. Ал осы жолғы баяндалар хикаят Тіней Жұбан байдың жиені, марқұм  Ығылман әкемнен естіген әңгіменің сарынымен жазылды.         

        Бозы ырғалып, қызыл изені қырмызы реңке бөленіп, еркек шөбіне  дейін бидайықша тербеліп өсіп тұрған бұл қоныста Жұбан байдың үйір-үйір ақтылы жылқысы жусап жатушы еді. Жемнің тұщы суын суат қылып,  ауылдың жігіт біткені  жылқы ішіндегі таңдаулыны пырақ қылып, тепсеңге өңшең ақ үзікті, бедерлі дөдегелі алты қанат ақбоз үй тігіп, дәулеттің қызығын көрудей-ақ көрді. Дариға-ай, сөйтіп Алашқа атағын оздырған Жұбан байдан да бұл дүние қалған еді –ау. «Бір салым аққұйрық шәйдің бағасы бір жылқы болса,  бұл өңірде тек Жұбан бай ішер»

   Оның жылқысының көптігіне  қызығып та, қызғанып та қарайтын  былайғы жұрт бұл әңгімені мәтелге айналдырып алды.

 Шынымен де бұл әулетке біткен төрт түліктің ішінде  есепсіз көбейгені қасиетті Қамбар ата түлігі алалы жылқы еді.

 - Жылқымның дүбірін естіп жатайын, мені осы араға жерлеңдер!

 Алла аманатын тапсырарда Жұбан бай осылай  деп жеті ұлына өсиет айтты.

   Хақ бұйрығына кім қарсы тұра алар, жер–жерден емші –құшнаш, бақсы –балгерлерді алдырып, қаншама ем-дом жасатып, өлімге қимаса да қарындас біткенді қамықтырып Жұбан бай дүниеден озды.  Оның намазына, Маңғыстаудың ойынан, Орынбор мен Аралдың, Еділ менен Жайықтың бойынан қарақұрым халық ағылды.  Тінейлер ауылының қыз-келіні аталарының тірліктегі өнегесін жоқтауға қосқанда егілмеген өзекті жан қалмап еді. Жұбанның тірісінде оның тірлігіне қызыққан жұртшылық, енді оның өлісінде көрсетіліп жатқан құрметке де қайран қалып, «екі дүниенің абройын бере гөр» деген тілектің түпкі мәнісі осы екен ғой деп таң қалысып, таңдай қағысқан. Байдың  ауылы жыл бойы бата оқып, қара салып, қиыр –қиырдан атбасын тіреп келген шақырусыз қонақтардан үзілген жоқ.  

     Жеті ағайынды жігіттің қай –қайсы да осал емес, бірақ  бәрінің ішіндеТалпақтың орыны бір бөлек, бедел-білігі озық. Содан болар Жұбан шалға там салатын шеберді таңдау Талпаққа  тиесілі болды. «Мен Адайдың мықтысымын» деген тамшы шеберлердің қолтаңбасын саралап, сұрыптап ол ақыры Қаражүсіп баласы  Жары Дүйсенбай шеберге тоқталды. 

 -Бәсеке таласым жоқ. Бірақ әкемнің атына сай там тұрғызсақ деп едік. Тірлігінде сән салтанат тұрмысты талғап, арғымақ мініп,  қалап киім киіп, таңдап ас ішкен, ақшасы аз деп арзанға қызықпаған адам еді. Мәңгілік мекені де соған ылайықты болсын! Әкемнің тамы Адайдың осыған дейін салынған барлық тамынан артық   болып салынсын. Ал қол ақы еңбегіңе осыған дейін  там салғаныңа ешкім беріп көрмеген мың қой, жүз қара берем, оны аздық етсең сұрағаныңды тағы берем, көкейтесті қалауыңды айт!- деді Талпақ мырза оған.

Мұны естіген Дүйсенбай   шебер қуанғаннан қапелімде айтарға сөз таппай қалсын! Әлден уақытта барып:

-Бүйтпесең Талпақ болармысың!  Айтқаның болады.   Жұбан байдың тамын салудың өзі бір мәртебе. Адайдың көп тамшысының ішінде бұл қызмет бізге бұйырған екен. Бұған дейін   өліге үй салғаны үшін мың қой, жүз қара алған ешкім жоқ еді. Разымын,- деді.

 Уағдалы күні бәтуаласқан іс басталып кетті.  Талпақ мырза там салушыларға естен кетпестей бап жасатты.

 Үш ай бойы  күнде түстігіне   бағланның еті,  кештік асқа сүтке пісіріген  құлынның еті, былайғы кезде жылқының қызыл қуырдағы мен қазы- қарта, жал - жаялы жылы жұмсаққа  қарық қылды, сусаса қулық биенің қымыран қымызы мен інгеннің қою шұбатын  қанып ішкен    Дүйсенбай шебер мен оның көмекшілері  біраз жұмыстың басын қайтарып –ақ тастады.

 Уағдалы күні жазық дала төсінде күмбезі жарқырай күмбіреген жаңа кесене «Жұбан тамы» бой түзеді. Өнері шынайы бағаланғасын  Дүйсенбай шебер де аянсын ба, күмбезді кесененің ішкі өрнегінің бояуларын бұған дейін ешбір тамға пайдаланып көрмеген өзінің құпия әдісімен сырлап шықты. Қабырғасын қиюластырған қоспаны да ешбір көмекшіні араластырмай, ешкімді қатыстырмай  жеке дара  құпия дайындады. Тамның салынуына Жұбан байдың  жеті ұлының да көңілі бітті. Тамшы шебер де бастаған ісінің сәтті біткеніне қуанып, мың қой, жүз қараны айдап,  ауылдарына қайтар сәт туған. Алайда кесенені келіп көріп, оның бұрынғы тамдардан артық салынғанын байқаған, Дүйсенбай шеберге ағайын болып келетін  Майлан жары Әкім балалары әңгіме тапты.

-         Ай, Дүйсенбай –ай, мынау там керемет болып бітіпті.  Сен ғұмырлық өнеріңмен Жұбан байдың тірліктегі атағын енді мәңгілікке өшпестей етіпсің. Талпақтың малын аядың ба? Мың қой мен жүз қара деген не, биылғы жыл қыс қатты болса жұтап қырылады да қалады. Одан да өміріңе жетерлік қолақы сұрамайсың ба?

«Адамзатты сөз бұзар» деген.  Дүйсенбай шебердің көңілі аяқ астынан нілдей бұзылды. Әрі ойланып, бері ойланып көріп бұрынғы уағдадан айныды. Алды кең, жомарт көңіл Талпақтан тағы да  сұрағанын алатынына көзі жетті.

-Бұл там өзім ойлағаннан да артық болып салынды. Әкең Жұбанның сүйегін  алып басқа жерге  қой.  Тамды басқа біреуге сатам.  –деп Талпаққа хабар салды. Талпақ шебердің бұл сөзіне ашуланған да жоқ, апшыған да жоқ.  Әңгіменің қай жақтан өршігенін нобайлады. Абайлады да, пендешілікпен азғырған сөзге ерген тамшыға аяушылықпен қарап:

 - Сұрағаныңды айт!- деді.

Дүйсенбай  шебер  уәдеге тұрмай, бәтуаны бұзғаны енді  есіне түскендей үндемей қалды.

 Шеберге енді не берерін  тағы да Талпақтың өзі шешті. 

-         Өле өлгеніңше жылына астыңа таңдаулы бір ат мінгізіп, соғымыңды беріп тұрайын, одан қала берді жыл сайын сауып ішер бір мойнағыңды үйіңнің алдына байлармын –деді.

Дүйсенбай  бұдан артық бұлтарып қайда барсын!  «Күшім қайтып, там салуға шамам болмаған кезде   ғұмырымның соңына дейін соғымым мен сауыным тегін, мінер атым дайын болса одан артық не тілейін» деді. Бұл енді ешкім азғыра алмастай келісім еді.

 Күмбезі көкпен шағылысып, өрнегі сағыммен арбасқан Жұбанның мазарына жұрттың бәрі таң қалысты.

-«Қарағай моладағы» Жұбан тамын  көрген де арманда, көрмеген де арманда- десті жұрт.

«Қарағай  мола»  демекші, бұл қорымды жұрт көптен осылай деп атайтын. Бұлай аталуының мәнісі Кеңжылыойға кей жылдары қатар келіп қоныстанатын Әлім ауылының бір шалы қайтыс болып, осы араға жерлей салған. Айдала жазықтықтан там сала қоярлық тас табыла қоя ма!  Сол өңірге барлау жасап, жерін қазып тексеріп көріп, мосы ағаш тұрғызып,  шатыр тігіп көшіп қонып жүретін қаба сақал,  көк көзділерді қазақтар «тамыр» дейді. Сол  сау болғыр тамырлар көшкен кезде жұртына тақтайлар тастап кетіпті. Әлім ауылының жігіттері әлгі тақтайдан  қиыстырып, қоршап қайтқан қарттың тамын салып қойды. Содан бастап жұрт бұл араны «Қарағай мола» деп атап кеткен.  Жұбан байға кесене тұрғызылған соң, қорымның бұлай атана беруін ұната қоймаған Тіней ауылының жігіт –желеңі  бір түннің ішінде барып «Қарағай моланың» тақтайын өртеп жіберді. «Көзден кеткесін көңілден кететіні» рас екен, содан Қарағай мола атауы ұмыт болды да, Жұбан тамы елге ортақ  еңселі ескерткіш болып атын ғасырларға жалғады.

Бөлісу: