18 Ақпан 2014, 05:46
Жүрмеген жолдың бәрі қиын, көрмеген елдің бәрі қызық
«Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп». Шет ел сапарларының мақсат-мұраты асіреқызылға көз қызартып, қызық қуу болмаса керек. Тіптен жер көріп, ел тану ғана емес, өзгеге қарап, өз бойыңды түзеу, бойыңмен қоса ойыңды түзеу, дүние танымыңды, ой-өрісіңді кеңейту, жақсыдан үйрену, жаманнан жирену былайша айтқанда. Осы тұрғыдан келгенде менің осы елден алған сабақтарым мен әсерлерім, білімім аз емес деп ауыз толтырып айтуға болады.
Біріншіден Адамға табиғат беретін яғни ананың сүтімен, әкенің қанымен келетін қасиетпен бірге, жақсы тәрбиемен келетін мінездің де болатынын ескерсек, соның бәрін жас ұрпақтың бойына ертерек сіңіре беруіміз керек.
Жас кездерінен бала-бақшадан, ұлттық тәрбиені жүректеріне еге беруіміз керек. Сонда ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Ұлттық ойындарды мейрамда ғана емес басқа күндері де көп ойната беру керек, сонда баланың салт-дәстүріне деген көзқарасы жақсарып, өздері де басқаларға үлгі бола бастайды. Ал үлгі-өнегеге қарап әр адамның бойы түзейтіні дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Шетелде жүрсе де әр қазақтың баласы өзінің ана тілін ұмытпауы керек. Ана тілге деген құрмет ерекше болуы керек. Ақын Сабыр Адай ағамыз: «Әр қазақ менің – жалғызым» деп жырламап па еді? Өзім білім алып, қазіргі кезде қызмет етіп жатқан Оңтүстік Корей елі біздің елге көп жерлері ұқсас. Оны мен көп жыл уақыт аралығында анық аңғардым. Олардың жерге отырып тамақ ішуі, қонақты ерекше сыйлауы, үлкенге деген құрметі, кішіге деген ізеті, бір-бірін қатты сыйлауы, әрі әріптермен айтылатын дыбыс ерекшеліктері де біздің елдікіне ұқсайды.
«Тіршілікте көрінеміз өлместей,
Тұра алмаймыз ерегеспей, белдеспей.
Өтейікші бірімізді-біріміз,
Өшіктірмей, өкпелеспей сен деспей» деп ақиық ақынымыз Мұқағали кезінде жақсы жырлаған екен. Осы сөз дұрыс сөз. Оңтүстік Корей елінің өмірлері осы бір өлең жолдарына қатты ұқсас. Жастарына қарап отырсаң сондай риза боласың. Үлкен адамның жолын кесіп өтпейді, көрген жерде иіліп сәлемдерін береді. Құрметтері ерекше. Үлкенді сыйлауды осы корейліктерден үйренген жөн-ау деген ойға қаласың. Жанұяларындағы сыйластықты да айтып өтпеуге болмайды. «Ер азаматымызды қадірлей білейік, әйел асқақтаса азаматының арқасы, оларсыз біз кімбіз» дейді нәзік жандылар қауымы. Ал ер адамдары: «Әйел байлық қана емес – бақыт. Өмірдегі сол қазынамыз өз бақытының казызы бола алса нағыз бақыт дегенің сол емес пе?!» Ер адамдары да өзінің сүйіп қосылған жарларын төбелеріне көтереді.
«Ақыл бітпес дәулетке,
Дәулет бітпес келбетке» дегендей бұл елдегі тағылымдарды айта берсең бітпейді. Балаға білім беруді басты міндет деп санайды. Оқушылардың демаласы жазда бір ай, қыста бір ай. Көктемде екі жұма ғана демалады. Қалған уақытта білім алуға бар күштерін жұмсайды. Мамыр айының үшінші жұлдызынан бастап қайта сабақтарына кіріседі. Екінші сыныптан бастап барлық оқушы емтихан тапсырады. Сол жылдан кейін оқу бағдарламасы да ауырлай бастайды. Жылына үш-төрт мәрте емтихан тапсыру міндеттеледі. Оқушылар таңертеңгі 8:00 де шыққаннан үйге кешкі 8:00 де бірақ келеді. Сабақтары біткесін 6-7-де болатын дайындық курстарына барады. Бұнда бос уақыт деген ұғым мүлдем жоқ. Асығып жүрген бір адам. Олардың ойынша өмірге келген әр адам өзінің қолынан келетінді артығымен орындап тастау керек. Екі қолын қусырып үйде отырған жанды кезіктірмейсіз. Демалыста ата-аналары балаларының уақыттарын тиімді өткізу үшін барлық жағдайды жасайды. Өйткені мұнда ұлттық мұражайлар, атақты аттакфиондар, әдемі табиғат әуежайлары, төрт жыл мезгілдерінің аңдары кездесетін зоопарктер бар. Онда әрбір аңның қандай тамақ жейтінін, оны қалай ұстау керектігін, өмірге қалай келгендерін, қалай көбейетінін жан-жақты айтып түсіндіреді. Арнайы мамандар барлығын өздері таныстырады. Бағасы да аса қымбат емес. Қасында тыңдап тұрсаң өзің де аңдарды жақсы көріп кетеді екенсің. Ыстық жаз айларында біздегідей судан шықпайды. Мындағы жастар болашақтарын жақсы елестетеді. Еркін ойлайды. Жақсы білім алуға тырысады. Атақты универститеттерге түсу қиын. Кішкентайларынан мықтып дайындалады. Университетті бітіргесін мықты маман болып, өздері қалаған жұмыс орындарына қызметке тұрады. Кейбір оқушылар әртүрлі жерде сағаттап жұмыс істейді. Себебі мындағы жоғарғы оқу орындары өте қымбат. Өз біліміңмен түсу қиын. Көбінесе ақылы негізде оқиды. Бәрі жеке. Оқушыларға сабақ уақыты аяқталғасын жеке фирмалар мен түрлі кәсіпорындарда жұмыс істеуге рұқсат берілген. Мұндағы әрбір жастарға есік ашық. «Елдің болашағы жастар» деген қағида қалыптасқан. «Жастар болашақ елдің даналары» дейді. Бұл рас. Қызметшілерге жалақыны да жақсы төлейді. Тек жұмысты ынта-жігеріңмен істеуің керек. Бұл елде тағы бір байқағаным адамды алаламайды. Қай елдің азаматы бол, олар әрқашан өз елінде өмір сүріп жатырған әрбір азаматты құрметтейді. Жастарға арналған көптеген ұйымдар мен небір-небір ғажайып техникалар бар. Байланыс құралдары WI-FI, 3/4G қызметтерін қай жерде жүрсең де еркін қолдана аласың. Жастар бос уақыттарын қызықты да көңілді етіп өткізеді. Көбісі тауға шыққанды, көне кітапханалаға барғанды, әртүрлі спорт ойындарын ойнағанды, ән айтқанды жақсы көреді. Талантты жандар өте көп, тіпті молынан кездеседі. Өйткені талантты жандар елдің алтын қоры іспетті. Таланттыларын бағалау әрбір елдің басты міндеті. Бұл ел өзінің таланттыларын дер кезінде бағалай біледі десек артық айтқандығым емес. Себебі әртістері, әншілері, кино жұлдыздары, шоумендер, модельдер өте көп. Әрбір бағдарламасын сапалы етіп түсіруге тырысады. Бұл жолда қаржыны да аямайды. Өйткені телебағдарлама ұлтқа керекті басты. дүниелердің бірі. Корей халқы ұлы Абай атамыз айтып кеткен бес асыл іске жақын, бес жаман істен қашық.
Сүйіп тыңдайтын әншілерім: PSY, Чжан Чжи Хун (актер, әнші, модель), 2PM, SNSD, SUPER JUNIOR, ВоА. Атақты жұлдыздар: Ли Мин Хо (актер,модель), Чжан Ён Хва (актер, модель, анші), Ли Бён Хон (актер, модель), Сон Хе Гё (актриса,модель), Мун Гын Ён,( актриса, модель) міне осындай жас жұлдыздар өте көп. Осы жастарға қарап отырсаң таланттары тасып жатыр. Талант адамды жатқызбайды деген сірә рас-ау осы. Олардың ойнаған әрбір рөлдерін қарай бергің келеді, тамылжыта айтқан әндері қайта-қайта тыңдай бергің келеді. Өз армандарына жету үшін ешнәрседен тайынбайды. Қиындыққа мойымайды, қайта шыңдала түседі. Аз ұйықтап көп жұмыс істейді. Осы атақты жұлдыздар да төрткүл дүниеге аттарын шығару үшін көп еңбектеніп, жандарын аямай жұмыс істейтіндіктерін көп оқып, көп көргем. Сол жұлдыздар концерттерден түскен ақшаны жетімдер үйіне, жағдайы төмен отбасыларға береді. Көмек көрсетулері көңілден шығады. Қолдан келсе көмектескенге не жетсін...
«Қағазға тіл бітірген – қалам» дегендей мында тілге шешен, сөзге жүйрік, ойы теңіз, ақылы дария небір-небір атақты акын-жазушылар өте көп. Мунёль Ли, Ко Ун, Ким Ю Чжан, Со Джон Юн, Джон Джин Гуг тағы басқа ақын-жазушылардың шығармаларын жиі-жиі оқып тұрамын. Өзімнің балаларыма да оқып беремін. Шығармаларының тәрбиелік мәні зор. «Сырт көз сыншы» деген халқымыздың даналық сөзі өте орынды айтылған. Тағы бір айта кететін жайт мұнда біздегідей бір ай бойына демалыс берілмейді. Қай мекемеде болмасын еңбек демалысы тек бір жұма ғана. Жұмысшылардың кейбіреулері оған да шықпайды. «Жұмыспенен алатын тыныс керім» деп жүрген бір адам. Бұларға қарап біздің халық көп демалады екен ғой деген ойға берілесің. Басында үйренісіп кету де оңай соқпайды.
«Айтушы ақылды болса
Тыңдаушың дана болады – дегендей көп оқысаң көпті білесің.
Осы елде жүріп көп жұмбақтың жауабын табуға тырысып жүрмін. Білген сайын алдыңнан білмейтінің шыға береді. Отаныма көп жылдар бойы орала алмауымның сыры да осында. «Ат айналып қазығын табар» деген аталы сөзіміз бар емес пе?! Алла жазса менің де туған жеріме ораларым хақ! Ісіміз оң, пейліміз әрдайым ақ болғай!
Галина ӘЛІМОВА,
«JMT KOREA» компаниясының менеджері,
Сеул қаласы, 2014 жыл.