18 Ақпан 2014, 06:49
Кетсе да алдап сағымдай үміт, арман,
мен сені ұмыта алман:
төгілген көз жасым үшін,
жүрегімдегі қорғасын үшін;
саған ессіз сенгенім, сезгенім үшін;
сен үшін достардан безгенім үшін;
сені құшып тұрып пәктікті армандағаным үшін –
арланбағаным үшін;
сен бардағы мұңсыз күндерім үшін,
тілеулестерді күрсіндіргенім үшін;
аймалап-құшқан қылықтарың үшін
дүниені ұмытқаным үшін;
өкініш қарыған жалын-мұңым үшін,
сонау бір сағым-күнім үшін
мен сені ұмыта алман.
Тамаша ақын, халықтың сүйіктісі, Парламенттің екі шақырылымына депутат болған Фариза апаймен аралас-құралас болудың өзі кез келген адамға зор ғанибет. Мен де оның бірге туғанындай жақын адамдарының біріне айналдым. Ол менің өмір-тірлігіме, менің балаларыма, менің қалай өмір сүріп жатқаныма айрықша мән берді. Ол туралы, онымен бірге өткізген күндер туралы, сапарда бірге болғанымыз туралы әңгімелеп көрейін.
Бұрнағы жылы Фариза апаймен бірге Шығыс Қазақстан облысының Катон-Қарағай ауданындағы ауылда бірге демалдым. Біз сонда таңғажайып тамаша күндерді бірге өткіздік. Табиғат сұлулығына, ғажайып таза ауасына, таудың ақ бас шыңдарына тәнті болудан жалыққан жоқпыз. Сондағы емге дауа бал татыған қымыз қандай десеңізші! Фариза апай ерте тұрып, жалаңаяқ таңғы шық түскен шөпті кешіп жүреді. Күміс бұлақтың сыңғырына құлақ түріп, серуендеп, енді ғана ояна бастаған ауылдың тыныштығынан ләззат алады. Үйлер мен теректерді, тау шыңдарын алуан түске бояп, таудан асып көтерілген күн сәулесі өмірді жаңғыртып, қимыл-қозғалысқа келтіргендей болады. Қала адамы үшін мұнымен қатар әтештердің жарыса шақырған үні мен иттердің анда-санда үріп қоюының өзі тамаша әсерге бөлейді.
Осында Фариза Оңғарсынова демалып жатыр дегенді естіген жұрт онымен сәлемдесуге, онымен кездесуге асыққан еді. Өзі де ашық-жарқын, шынайылықты ұнататын ол да адамдармен кездесуге асық болып, өзінің жанына жаққан сөздер айтқандарға сүйіспеншілік пен құрмет сезімін білдірумен болды.
Фариза апай баршаға ортақ махаббат сезіміне бөленіп жүрген соң мұның өзі оның өмірі мен шығармашылығына күш-қуат берді. Оның жырлары өмірдің өзінен туындайды, бұған мен де куә болдым. Оның жазып отырғанын жиі көрдім. Біздің байтақ еліміздің ғажайып түкпіріндегі Катон-Қарағай өңірі туралы тамаша жыр циклдары көңіл күйінен, ой-сезімдерінен, жан-сезімін әсерге бөлеуден туындады. Жылдар бойы қалыптасқан әдеті бойынша жырға деген құмарлық оған маза бермейді. Міне, дәл осылай оның он томдық таңдамалы шығармалары өмірге келді. Мұнда ақын, аудармашы, көсемсөзші, драматург, журналист, эссеист ретіндегі көп қырлы таланты айқын көрінген.
Қажет кезінде өткір сөзбен «түйреп» алуға бейім ол жарасымды қалжыңға шынайы көңілдене біледі екен, адамдардың тапқыр әзіл сөздерін жоғары бағалайтындығын байқадым. Мен өзімнің сыр-сезімімді бүкпесіз ақтаруға асығамын. Біздің ой-қиялымыз бен сезіміміз үндесіп кетеді. Біз үнсіз отырып та түсінісеміз, бірге ән шырқаймыз, асықпай әңгімелесеміз.
Фариза әркімді бағалағанда лакмус қағазы секілді. Ол залға кірген кезде барлық көз соған қадалады. Одан ақиқатты, шынайы сөзді күтеді. Оңғарсынованың кітаптары ешкімді де бейжай қалдырмайтындай сұранысқа ие. Ол жүрекпен жазады. Оның лирикалары гауһар тастың қырлары секілді нәзіктігімен де, әсемдігімен де мұңға батырып, енді бірде күдікке, күмәнге тіресе, енді бірде ой-қиялға жетелеп, бақытқа бөлейді, соның өзінде бәріне де сендіре біледі. Оның поэзиядағы табысы ғажайып. Блок жырларын аударғанда шынында да ол Блок болып толғана білгеніне өзім де куә болдым.
Ол – Қазақстанға танымал тұлға. Оқырмандардың оған деген сүйіспеншілігі шексіз. Ол Германияға емделуге кеткенде оның поэзиясын ерекше бағалайтындар ол жақтан асыға хабар күтті, тіпті газетке хат жазып, оның жағдайын, денсаулығын біліп тұрғысы да келді. Оған сөзбен көмек беруге тырысқандар көп еді. Сонан кейін оның үйге сәтті оралғаны жөнінде хабарды естіп, олар бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты. Мұның өзін бүкіл халықтық сүйіспеншілік десек те болады. Осынау нәзік әйел затын адамдар өзінің қорғаушысы сезінді. «Фаризаға жазу керек», «Фаризаға айту керек». Жұрт арасынан осындай сөздерді мен жиі естідім. Шын мәнінде Фариза Оңғарсынова біздің елімізде ақыннан да жоғары тұлға деуге болады. Көптеген әйелдер өзінің іс-әрекетін онымен өлшейді. Тіпті ер-азаматтар да өзін онымен салыстырып байқайды. Онымен қарым-қатынас жасағанда шынайы болмау мүмкін емес. Оның көзқарасы, өткірлігі, тазалығы, адалдығы «Сен кімсің?», «Қалай бағаланасың?» деп сұрап тұрғандай. Сондықтан оның алдында таза, адал болуға тырысасың. Оның сөздері қанат беріп, батыл болуға, сергек болуға үндейді. Сөйтіп, мен сондай боламын, сөйтіп көп нәрсеге қол жеткіземін, өйткені сонда ғана өмірің ақыл-ойға, күш-қуатқа толығады деп ойлайсың. Сөйтіп, бұлыңғыр елестерді сырып тастап, қайырымды болып, мұнан да көп іс тындыруға құлшынасың. «Фаризаның поэзиясын айтқанда, мен мынандай ойға тірелемін. Осындай адалдық сезімін терең ұғынған мұндай адам нашар ақын немесе тіпті орташа ақын болуы мүмкін емес. Оның поэзиясы мұңаюдың, сезімдер жиынтығының бұрқағы секілді болып жырларында көрініс береді. Мұндайда әділетсіздікке, екіжүзділікке, жалғандыққа, мәмілеге келуге орын болмайды» дегендей мәнде жазған еді Әбіш Кекілбаев. Әбіш ағаның сөзін дәл көшіріп алмай-ақ, оның мәні осылай деп жазып отырмын.
Былтыр жазда мен онымен бірге тағы да сапарлас болдым. Бұл жолы біз Оңтүстік Қазақстан облысында болдық. Бұл жолы қызымыз Әсел мен Сержанның үйлену тойына шақырылған едік. «Оңтүстікте жаным жай табады». Бұл өлке туралы оның мақаласы осылай аталды. Фариза ауылда туып-өскендіктен ауыл әйелдері арасында өзін қолайлы, рахат сезімінде ұстай біледі. Шынайылық, табиғилық, сезім тазалығы – мұның бәрін ақын шексіз бағалайды.
Халық арасында ол тың күш-жігерге, өмір сүруге деген ынтызарлыққа бөленіп, шығармашылығына қуат алады. Бұл ауылда көп балалы аналар мен жас қыздар оны айнала қоршап алып, онымен шынайы сырласқандай болды. Осынау оңтүстіктің жарқын күнінде күн астында тұрған олар қуанышқа бөленіп, бір-бірімен сыбырласып, жүздеріне күлкі үйіріліп, Фаризаға деген сүйіспеншілігін сездіргендей. Олардың бәрі ақынның әр сөзін қалт жібермей, тыңдаумен болды. Ал Фариза апай болса, олармен бірге ән шырқап, домбыра шертіп, әзілдесіп, емен-жарқын сырласты. Сөйтіп, көптеген халық әндері мен қазіргі заманда туындаған әндер шырқалып, сүйікті ақынды орталарынан жібергісі келмеді. Соның барысында ол да өз бойына күш-қуат алғандай шабыттанып, бақытқа бөленіп, осынау ұмытылмас жазғы күндер әсері үйіне ілесе барғандай ләззатқа бөленді. Әрине, ауыл адамдары болса, Фаризаның осында келгені жөнінде әлі талай әңгіме шертетін болады. Бәлки осы кезеңде бұл ауылға қыз бала өмірге келсе, ол ақылды, талантты, елге құрметті болсын деген тілекпен есімін ақынның атына ырымдап, Фариза қоюы да мүмкін. Әйтсе де мұнда Әбіш есімді ұл бала өсіп келеді. Оның есімі біздің сүйікті жазушымыз әрі ойшыл Әбіш аға осында келіп кеткеннен кейін оның құрметіне қойылған.
Ұя. Қазығұрт ауданындағы ауыл осылай аталады. Бұл ауыл тау ішінде. Оған баратын жол да қиын. Оған жету де оңай емес. Көлікте біз теңселіп, селкілдеп әзер жеттік. Осындай жолда қиналып, әзер жеткенімізде көңіл күй қандай болмақ? Алайда, Фариза апай мұндағы кездесуге риза болып, көңілденіп, жүзіне күлкі үйіріліп, ризашылығын білдірумен болды. «Шаршап, шалдыққан жоқсыз ба?» дегендей сауалдарға «Ештеңе емес, аман-есен жеттік» деп жауап берді. Онымен жүздесуге ауылдың кәрі-жасы, бір сөзбен айтқанда, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жиналды. Ауыл адамдары оған зор құрмет көрсетті. Кеудеміз таудың таза ауасына толып, басымыз айналғандай болды. Жеміс ағаштарындағы қып-қызыл алма, алманың иісі мұрын жарып, мені үзіп алып же, дегендей әсерге бөледі. Ал ауыл балалары болса, олардың жүздері де осы алма секілді алаулап тұрды. Мұның өзі ауыл адамдарының естерінде ұзақ сақталатындай-ақ кәдімгі мерекеге айналды. Бұнда Фариза апайдың жанында мейман болып келген Әбіш Кекілбаев, Сәбит Оразбаев, Сейіт Қасқабасов секілді әйгілі адамдар да бар еді.
Жуықта ғана мен Фариза апайдың арқасында Батыс Қазақстанда, Атырауда тұңғыш рет болдым. Бұл өңір көптеген талантты адамдарды тудырған. Мен бұл өңірде болуды армандаған едім. Қазан айының ортасында «КазТрансОйл» АҚ пен Атырау облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен шара өткізіліп, оған мен де қатыстым. Астанадан, Атыраудан, Жезқазғаннан, Алматыдан келген жастар қазақ тілін меңгеру деңгейін көрсетті. Орыстар, украиндар, немістер, поляктар, тағы да басқа өзге ұлт өкілдері Фаризаның өлеңдерін түсіністікпен, сүйіспеншілікпен жатқа оқып, оның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады. Залда ине шаншар орын болмады. Көрермендер сахнадағы көрініспен бірге бұл шараға қатысқандай болып, ризашылықпен қол соқты. Көрермендерге сахна төріндегі Фариза апайдың суреті қарап тұрғандай болды. Ал Фариза апай болса, денсаулығына байланысты бұл шараға қатыса алмаған еді. Шараны ұйымдастырушылар бұл шараның бейне сюжетін жаздырып отырды.
Қанша киімдер тігілді, қанша өлеңдер мен әндер жатталды. Бұл қойылымды батыс бөлімшесі қызметкерлері дайындаған екен. Ол ешкімді бейжай қалдырмады. Кіп-кішкентай Фару анасына өзінің тұңғыш өлеңдерін оқып беріп тұр. Оның шешесі: «Қызым, сенің жұлдызың жоғары болады. Сен өте талантты боласың. Сенің жырларыңды жұрт оқиды, біледі». Ананың айтқаны келді.
Жуықта «Ностальгия» телеарнасынан тікелей эфир арқылы берілген Кеңес актрисасы Тамара Семина қатысқан хабарды тамашаладым. Ол 75 жасқа келсе де, қуат-күші мол, өмірі махаббатқа, көңілі сергек сезімге толы екен. Жүзі де сергек. Оған бір жас әйелдің Тамара Семинамен жас айырмашылығы алшақ болса да, досы болғысы келетінін айтқан сөзі ұнады. Ал біздің Фариза апай да дәл осындай. Фариза апай да қамқор апа, сіңлі, әрі ақылшы, әрі дос. Онымен бірге демалғандар әзілдесіп, қалжыңдасып, бойына күш-қуат толтырады. Ол қашан да жаныңды жадыратуға бейім. Көптеген адамдар сондай болуға тырысады.
Фариза апай мен үшін бәрінен бұрын үлкен жүректі, махаббат үшін, нұр-сәуле үшін жаралған жан. Ал оның өзі болса, осынау нұр-сәулені барлық жерде баршаға таратып, өзінің жоғары поэзиясы арқылы баршаны ризашылыққа бөлей бермек. Сондықтан да халықтың оған деген сүйіспеншілігі еш уақытта тарқамайды.
Иә, ол бала кезінде мелиоратор болуды армандаған еді. Ал ол ақын болып шықты. Сөйтіп, ол басқа қайнардың көзін ашты. Ол бұлақ – поэзия бұлағы. Фариза тек өзінің ауылын, өзінің өңірін ғана емес, бүкіл қазақ даласын, бүкіл елді өзінің баға жетпес өлеңдерімен, өміршең шығармаларымен суарып келеді.
Әйтсе де шынын айтқанда, Фариза бұлағы бар. 90-жылдары Фариза жазушылар делегациясының құрамында Торғай даласында болғанда, оның қаламдас ақын ағалары Сырбай аға Мәуленов және Ғафу аға Қайырбеков бір тамаша бұлақты көріп, сүйініп, оны Фариза бұлағы деп атаған еді. Бұл туралы жиі жазылды. Тіпті өлең де шығарылды.
Мәрия АБДРАХМАНОВА
BAQ.KZ