Бүгін – Ақселеу Сейдімбек дүние есігін ашқан күн

18 Ақпан 2014, 07:31

12 желтоқсан – жазушы, әдебиет зерттеуші, ғалым, филология ғылымының докторы (1998), профессор (2003) Ақселеу Сейдімбектің дүние есігін ашқан күні.

12 желтоқсан – жазушы, әдебиет зерттеуші, ғалым, филология ғылымының докторы (1998), профессор (2003). Ақселеу Сейдімбектің дүние есігін ашқан күні.

«Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Серi қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пiр қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бəрi қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың кəтептi қара нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бəрiнiң орнына бiр ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудiң орнына кiм жүре алады?» – деген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың жүрекжарды бір ауыз сөзі Ақселеудің қандай кісі болғанынан хабар береді. Сол секілді назарларыңызға Ақселеу Сейдімбектің қаламдас, қанаттас достарының да пікірлерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Сайын Назарбекұлы, Ақаңның досы:

– Бәрімізге белгілі, Ақаң 2009 жылдың 16 қыркүйегінде қаза болды. Бірақ, соның алдында мен Ақаңа «Сағыныш» атты поэмамды оқуға бергенмін. Қаралы оқиға болып, жұрт саябырси бастағанда Ақаңның қыздары телефон шалды. Үйде маған қатысты бір құжат бар екенін, соның көшірмесін алуымды өтінді. Сөйтсем, Ақаң тура 15 қыркүйек күні менің поэмамды оқып, «Әсерім» деп, өзінің пікірін жазып кетіпті. Онда: «Ел, жер, сағыныш, кие, қасиет, парасат және осының бәріне азаматтық өредегі алаң көңіл… міне, нағыз өнерді дүниеге келтіретін құдіреттер осылар болса керек. Сайын-достың жан-жүрегі осы құдіреттерге лүпілдеп толып тұр. Сол құдіреттер шыншыл сезім, шынайы сурет, шымыр ой болып хатқа түскен. Мен мұны поэма емес, толғау – жан-жүректің толғауы деп едім. Ақиқаты да сол… Ақселеу 15.09.09.» деп қол қойған. Бұл оның соңғы қолтаңбасы болса керек. Сонда өміріндегі ең соңғы қолтаңба, пікірін ол маған қалдырып кеткен екен.

Асанәлі Әшімов, Ақаңның досы:

– Өмірде жақсылар көп қой. Бірақ мен тарихымда екі-ақ адамға тоқтаған адаммын. Оның біреуі – Шыңғыс Айтматов та, екіншісі – Ақселеу Сейдімбек. Осы екі адамның адамгершілігі, туа біткен дарыны менің өмір бақи азығым болды. Әлі күнге кейбір мәселе бойынша қиналғанда осы екеуіне тоқталам. «Менің орнымда Шыңғыс болса не істер еді», «Менің орнымда Ақселеу қайтер еді» деп, ойланам. Сөйтіп барып, бір шешім табам.

Қойшығара Салғараұлы, Ақаңның досы:

– Ақселеу өлген жоқ. Есімі ел жадында. Еңбегі ұрпақ қолында. Өзі біздің, көзін көрген замандастарының жүрегінде. Оның тәрбиесін көрген, дәрісін тыңдаған жаңа жас ақселеулер өсіп келеді. Тек дақпыртпен далиып жүрген сырты жылтырлардан еліне еңбек етіп, елеулі іс тындырып жүрген ерлерді ажырата білейік. Ерекше қабілетімен жүрген дара тұлғаларымызды кезінде танып, құрметтей білейік, ағайын! Ақселеуге жасалып жатқан бүгінгі құрмет соның басы болғай! Алаштың Ақселеудей азаматтары көп болсын!

Дәулетбай Құрбанбаев, Ақаңның асында бас бәйгені тіккен меценат:

– Алашқа аты шыққан Ақселеу ағамызбен мен 2004 жылдың желтоқсанында Ақтөбе облысы Алға ауданында болатын үлкен бір мешіттің ашылу салтанатына бара жатқанда танысқан едім. Сол сапарда үш-төрт күн бірге жүрдік. Өмірде таппаған туысымды, бауырымды, ұстазымды тапқандай болдым. Содан былай Ақаңнан ажырамауға тырыстым. Ол кісі маған туған ағамнан артық болып кетті. Кейін жөн сұраса білдік, мен Ақаңа нағашы болып келеді екенмін. Туған анасы Кәтеп біздің елден шыққан екен. Оны білгенде Ақаң да «осы күнге дейін нағашы таппай жүр едім» деп, қатты қуанды… Осының бәрі бізді жақындата түсті. Ақаң қайда жүрсе де, мені шақырып алатын. Соның арқасында талай ақын-жазушылармен танысып, дәмдес болдым. Ол күндерді қазір қимастықпен еске алып отырамын.

(Жоғарыдағы пікірлер «Астана Ақшамы» газетінде жарияланған мақаладан алынды)

Бөлісу: