3 Наурыз 2015, 10:09
Көңілді шайқаған,
Қайыңдар айтады ән
Ол көктем оралмайды қайтадан
(Қасымхан Бегманов)
Алматы түні. Суық. Пальтосының жағасын көтеріп алған жігіт такси ұстап тұр. «Сен мені сағынбайсың ба?» Бұл әуеннің иірімдеріне келген тұста бар дауысын салып, нақышына келтіріп айтуға тырысады.
«Сен м-ен-і са-ғын-ба-йсың ба?»
— Ой кешіріңіз? Театрға екі жүз теңге.
— Отыр.
Ол мені сағынбайтын шығар. Машинаның алғашқы арынын бағдаршам басты. «Менің өмірімнің қызыл сәулесі жанып, жасылы өшіп тұрғанына қанша жыл болды екен?» Жігіттің алғаш тапқан пәлсапасы осы еді. Шопыр жүргіншілер жолынан бір қызға бола тағы тоқтады. «Ауылдың қыздары көліктің алды былай тұрсын, ер адамның алдын кесе-көлденеңдеп өтпеуші еді». Бұл жаңалығы да сәтсіз секілді. «Сен м-ен-і са-ғын-ба-йсың ба?» Қалта телефоны шырылдап қоя берді.
— Ало... Иә, иә, жарайды. Келістік.
Телефонды қалтасына сүңгітіп жіберді. Шашын тарады.
Театрдың алдына келе берістен таксиден түсті. Қыз күтіп тұр екен.
— Ішке кірейік...
Екеуі ішке енді. Әртістердің қойылымы да бұрынғы сарын. Бірнеше рет қайталап көрген спектакль.
Алматы түні. Пальтолы жігіт. Қасында манағы қыз. Аяңдап келеді.
«Сен м-ен-і са-ғын-ба-йсың ба?»
***
Ол күндегісінен ерте оянды. Сағат 11 жарым болып қалыпты. Түске дейін пырылдап жататын жігіт әуелі созылып тұрып есінеді. «Әлі ерте екен ғой.» Жата тұрғысы келген-ді. Жастығының астындағы қалта телефонына қолы тиіп кетті. Ашып қарап еді, хат келіпті.
«Жаным, мен түндегі қойылымнан кейін сені бұрынғыдан бетер жақсы көріп кеттім. Әлима»
Түк болмағандай телефонды тастай салды. Тұрып балконның есігін ашты. Үйдің жанына жапсарлас өскен аққайыңға ұзақ қарап тұрды. «Сен м-ен-і са-ғын-ба-йсың ба?»
«Біздің ауылда аққайың тек солардың үйінде ғана өсетін еді ғой»
Қыстың алғашқы күндерінде ағасының айтқан әңгімесін есіне алды.
— Болашақта жазушы болсаң, менің тағдырымды әңгіме етіп жазшы, — деп бастаған сөз басын.
Мынау бүркіттің үлпегін көрдің бе? Мен оны сонау Ұлытаудан алғыздым. «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген әнді білесің бе? Сол әнді туғызған, үш жүздің басын бір арнаға тоғыстырған Ұлытау ше? Ал, мына тазыны Көкшеден әкелдім.
— Әне, түлкі кетті. Тазы мен бүркіттің әңгімесі кілт үзіліп, қолындағы бүркітті бізбен еріп келе жатқан баласының білегіне қондырды да, айттаққа басты.
— Әли, тазыдан қалмай шаба бер. Қалаға кеткеніне біраз жыл болған пальтолы жігіт намысқа тырысып, қоқаңдап келеді. «Сен м-ен-і са-ғын-бай-сың ба?»
Түлкі бұлтаңдап, тазы тікке жүгіріп, он шақты минутта-ақ жетіп барды. Айлалы түлкінің құйрығының арбағанына қарамады. Алқымынан бүріп, алып ұрды. Сарғыш аң айбат көрсетіп, азуын арандай аша бергені сол еді Көкшенің тазысы аузына тұмсығын тығып жіберіп, тілін жұлып алды. Пальтолы жігіт мына қойылымға таң қалды. «Неткен шынайы көрініс» — деді өз-өзіне.
Тілін жұтып қойған тазыны Ағаның өзі келіп ажыратты. Үлпегін қолына қондырған баласын үйіне қайтарып жіберіпті.
— Сонымен...
— Не сонымен?
— Әңгімені айтамын.
— А, айтпақшы Әли менің аңға жиі шығатынымның себебін білесің бе? Білмейсің ғой. Мен кезінде бір қызға өлердей ғашық болғанмын.
Әли күліп жіберді. Әкесіндей ағасының мына қылығы түсініксіз. Оның үстінде ел бұл ағасын жер-көкке сыйғызбай мақтай береді. Бала шағасы бар.
— Үйдегі жеңгемізге ме?
— Жоға.
Герзі етіктің қонышына қыстырған қамшысын суырып алып, атқа қарғып мінді. Інісінің күлгенінен ұялып қалған кейпі бар.
— Қанжығаң қанды болсын. Байлай сал.
Бұйрықты лезде орындады.
— Ол тәтеңнің де кім екенін білесің. Ғашық болған қызды айтамын. Мектепте оқып жүріп жақсы көрдім. Аты Айтоты. Айтоты апайың ше?
Айтоты көрші ауылда тұратын ет-жеңді әйел. Бес баласы бар. Пальтолы жігіт ойланып қалды. «Ағамыз ол кісінің күйеуі қайтыс болғаннан соң, қамқоршы болып жүретінін білетінмін» — деді іштей ғана. «Гәп қайда?» «Осы ағам, сол әйелдің қай жеріне ғашық болды екен?» деген ой да алқымдап алды.
Балконда тұрған жігіттің ойын аққайың бөліп жіберді. «Көктем келсе, аққайың мұнан да әдемілене түсетін шығар» «Сен м-ен-і са-ғын-ба-йсың ба?» Әуендете бөлмесіне кірді.
Қалта телефоны шырылдап жатыр екен.
— Ало, иә, иә, қазір барамын.
***
— Неге телефон шалмайсыз?
Кешегі қыз наздана қолынан ұстады.
— Ұйықтап қалыппын.
Қыз Әлидің пальтосының жағасын түзеді.
— Қайыңның шырынын ішесің бе?
«Сен м-ен-і са-ғын-ба-йсың ба?» Көктемнің әсем бір кешінде Әли олардың үйіндегі қайыңның бір бұтасын кесіп тастап шырынын алып берген-ді.
— Ішпеймін.
— Әли, сен маған ренжіп қалған жоқсың ба?
— Жоға, Әлима, мен саған әкемнің махаббаты жайлы әңгіме айтып берейінші. Тәлім алуға болады.
Өткенде әкемнің бір жолдасымен кафеде кездесіп қалдым. Әкемнің жас кезіндегі махаббаты жайлы сұрадым. Ол кісі: «Сенің әкеңнің жалғыз махаббаты бар. Ол мамаң. Білесің бе? Шешеңді жан-тәнімен жақсы көрді. Жас кезімізде бір досымыздың туған күніне бардық. Туған күнге үйленбеген қыздар да келген. Әйелдерімізді ұмытып, олармен биледік. Қарасам, әкең шешеңнің қасына кетіп қалыпты. Билеп жүрген қыздардың бірі маған әкеңнің топлыйын өзімен алып кеткенін айтты. Дос емеспіз бе? Ақырын ғана әкеңе ескерттім. Ойым «ол шешеңнен ұрланып, сол қызға кетеді» дегеннен аспаған. Әкең жата келіп ашуланды. Әйелін ертіп шығып кетті. Сол бойы манағы сылқымның үйіне барыпты. Әкеңді күткен сылқымымыз есікті тырдай жалаңаш күйі ашпайды ма? Шапалақпен салып жіберген. Не болғанын енді түсінген әйелі кімге разы болады. Әкеңе әрине... Көрдің бе, біздің кездегі махаббаттың қандай болғанын?»
Әлима ойланып қалыпты. Сөмкесіне салып алған «Қайың шырыны» деген жазуы бар құтыны алды.
— Сен де маған «әкеңдей боламын» деп сөз берші...
Пальтосын шешіп жатқан Әлидің ойына ағасы түсті. Айтоты апай. Екеуінің жас кездерінде бір-біріне жазған хаттарын беріп жібереміз деген-ді. «Ол хаттар қашан қолыма тиеді екен. Оқып көретін». Сол жолы аға бұған аңға шығып, атқа мінген кезде бір сәтке Айтоты апайды ойламайтынын айтқан. «Ұмыту үшін аңға шығамын» деген-ді.
— Әлима, Арайлым мені сағынбайды ма екен?
— Сен әлі сол қыз жайлы ойлайсың ба?
Жүзінде реніштің белгісі үйіріле қалды.
— Қызғанамын.
Қолына қайың шырынын алып әдеміше ерніне апарды. Сүйсіне ұрттады.
— Әлима, соны ішпей-ақ қойшы.
Есіне, бұтағын кескен қайың түсті. Арайлым екеуі банкіге құйылған сусынды шөлдері қанғанша ішкен.
— Әли, қайың жылап жатыр, — деген Арайлым.
— Неге жылайды?
— Қолын кесіп тастадың ғой.
Арайлым назданған. «Қолын кесіп тастадың»
Кешегі таксидегі пәлсапасы қандай еді? «Менің өмірімнің қызыл сәулесі жанып, жасылы өшіп тұрғанына қанша жыл болды екен?» «Ауылдың қыздары көліктің алды былай тұрсын, ер адамның алдын кесе-көлденеңдеп өтпеуші еді». Екеуі де сәтсіз. «Мен сол жолы аққайыңның қолын емес, жүрегін кесіп тастаған екенмін. Қайың қамығып жылапты. Көз жасына қалыппын».
«Сен м-ен-і са-ғын-ба-йсың ба?» Пальтолы жігіттің бұл пәлсапасы өзіне қатты ұнады.
Әлима, қайың шырынын ішіп отыр. Арайлымның көз жасын.