Періште

3 Наурыз 2015, 10:13

— Сіз менің періштемсіз...  Ол әне бір жылы Текес бойына құм алуға барған-ды. Жүк машинаны құмға батып кетпейді-ау деген жерге тоқтатқан да, сусылдаған құмды тией берген. Бір мезетте күрегі атам заманғы мүрденің бетін ашып жіберген-ді.

— Сіз менің періштемсіз... 
Ол әне бір жылы Текес бойына құм алуға барған-ды. Жүк машинаны құмға батып кетпейді-ау деген жерге тоқтатқан да, сусылдаған құмды тией берген. Бір мезетте күрегі атам заманғы мүрденің бетін ашып жіберген-ді. Адам сиятындай үңгір жасады да, ақымның ішіне қарғып түскен. Қолына қараңғы да кең қабірдің ішінен алдымен жез шәйнек ілінді. Оны сәуле төгілген үңгірдің өзі ашқан аузынан асырып лақтырып жіберді. Тағы қарманып еді алақанына алтын белдік түсті. Бірден беліне байлап алды. Тағы қолын соза беріп еді жүрегі дір еткендей болды. Адамның қу басы екен. Шошынғаны соншалық қабірден атып шықты. Құм қозғалып кеткендей болды. Расында да құм қозғалғанға ұқсайды. Мана ғана бетін өзі ашқан қабір көміліп қалыпты. Құдайына шүкір айтты. Егер дер кезінде шығып үлгермегенде бұл да құмның астында қалғандай екен. 
— Мен сіздің періштеңіз болсам, жайлы тұрмыс жасап беріңіз. 
Қысық көз қыз еркелей түсті. Алақанымен мойнын сыйпалап қояды. 
— Алматыға көшейік. Үй сатып алыңыз... 
Алтын белдікті сол жолы ауылдың милициясы тартып алған да, ауданға өткізіп жіберген. «Қайдан алдың» деп біраз сұрақтың астына алды. Бұл жауап бермей құтылған. Есіне бас сүйек түсті. Жүрегі соғысынан жаңылып қала жаздады. 
— Сен менің періштемсің. Күні ертең-ақ екеуміз байып шыға келеміз. 
— Қалай? 
— Көр де тұр... 
Тақымына күрегін қысып, атпен өзенге қарай бет алған жігіт олжалы оралған. Өзі білетін тұсты қаза-қаза баяғы қабірдің бетін аршыған. Ат басындай алтын да тапқан.
Алматыға аттанған-ды. Бірақ, кейін періштесіне қайта оралған жоқ. Ауылға да... 
Тек өткен жылы сол жігіттің о дүниелік болғаны жайлы хабар естідім. Тістерінің бәрі алтын еді. Тіпті, қолындағы алтын сағат пен алтын сақинаны да өзімен бірге көміпті деген сыбысты да құлағым шалған. Ең жақын туысқанынан қайда жерленгенін де біліп алдым. Бардым. 
Қабірді қазып жатқан кезімде әлдебіреулер келіп қалды. Аздап ақаңнан тартып алған секілді. 
— Ау жігітім, бізді не ақымақ санайсың ба? Қабіршілер қауымын... Ол сабазыңның тісін баяғыда қағып алғанбыз. 
Салым суға қайтып, ауылға келдім. Сүйіктім менің олжалы оралуымды күтіп отыр екен. «Періште алтын көрсе, жолдан таяды» дегеннің өтірік екенін айттым. Сенбеді. 
Түнде түсіме белгісіз бір қу бастың үңірейген көзіне құм құйып отыр екенмін. Ол бас кімдікі екенін біле алмай дал боламын. Біресе, Текес бойындағы қаңқаға, біресе, алтын тісті жерлесіме, біресе періштемнің басына ұқсап кете береді. Ояна салып қызымның үйіне бардым. Анасы шығып, қызының біржола қалаға кеткенін айтты. Айналып жүре бергенім сол еді, ақ жүректі ана жерден бір уыс топырақты іліп алып артыма шашып жіберді. 
Түндегі түсімді жақсыға жорыдым. Ол қу бас менің басым екен. Топырақты өз көзіме құйыппын... 

Бөлісу: