Сағындым сені , жанқалқа

3 Наурыз 2015, 10:21

Сен Аяулым десе, аяулы едің – ау!.. Атыңа затың сай еді!..   

Сен Аяулым десе, аяулы едің – ау!.. Атыңа затың сай еді!.. 
Біз екеуміз беймезгілде кездесіп , бейуақытта қоштасқан ғашықтар... жо.. жоқ... бейбақтар едік!.. 
Бүгін тағы түсіме кірдің. Сол бәз – баяғы қалпың... Жымиясың , күлесің , еркелейсің... 
Тағы да жасырын кездесіп жүрміз. Мүлде басқа әлемде... Жұмақ па деймін... жап жасыл дүние. Мәуелі бақ. Самсаған жеміс ағашы... Адам Ата мен Хауа Анаға ұқсаймыз... 
Бір бірін жаңа көрген ғашықтардай құшағымыз айқасты. Сүйістік... Аймаластық... Күнәға баттық... 
Бір кезде топ етіп жерге түстік... Қара шаң бұрқ етті де , көз алдымда қара жер қақ айырылып бара жатты... Екеуміз екі жақта қалып қойдық. Қолымызды қанша созсақ та , жете алар емеспіз. Бір – бірімізден біртіндеп ұзап бара жатырмыз... 
Төмен қарай көз салсам , құлама жар , түпсіз терең шыңырау... 
Шошып ояндым... Өткен күндер ойыма оралды... 
Қарақотырлана бастаған махаббат жарасын тағы да өзің тырнай қанатып , жанымды жаралап кеттің!.. 
Бүгін сенің туған күнің екені есіме түсті. Жұмысқа келе сала телефон шалып , мына жарық жалғанның есігін ашқан күніңмен құттықтадым. Әдетімше , бақыт тіледім!.. Балаша қуандың... 
- Аға , сізді сағындым!.. Қатты сағындым!.. Сағынып жүрмін!..- дедің күрсініп. 
Мен де сені сағындым, жаным. Қатты сағындым. Сағынып жүрмін. Сағыныш сазы жүрегімді сыздатып, жанымды жегідей жейді. 
Көңіл сені жоқтайды, жаным сені аңсайды, жүрек сені іздейді... Сені көргім келеді. Саған қарай құстай ұшқым келеді. Бауырыма басқым келеді. Құшағыма қысқым келеді. Бірақ, осының бәрі құр қиял екенін ойлағанда, жанымды қоярға жер таппай, аш қасқырдай аласұрамын. 
Бүгін жұмысқа ерте келдім. Ешкім жоқ. Кабинетте жападан - жалғыз ойға шомып отырмын. Сен бір жерден жайраңдап шыға келетіндей, елегізіп қоямын... 
Сен келесі бөлмеде отыратынсың. Әрі – бері өткен сайын көз салмай өтпейтінсің. Мен де саған қарай қалатынмын. Кейде жалғыз отырсам, қарсы тұрған столға отыра қалып, әңгіме бастар едің... Ондайда екеуміз ұзақ сырласып отырып қалатынбыз. 
- Әңгімелесіп отыра бергім келеді,- дейтінсің көзіңді төңкере тастап. 
Менің де жаным осыны қалайтын... 
Қайран жалған дүние... Сынаптай сырғып, білінбей өте береді екен ғой!.. Соның бәрі көрген түстей өтіпті де кетіпті. Міне, енді сен жоқсың. Алыстасың... Тек, сол бір кезде кеудені нұрға бөлеген бал сезімдер жүректе мәңгі қалып қояды екен!.. Сол бір қимас сезімдер ғана мәңгілік екен!.. Мәңгілік!.. 

* * * 

Сен бiздiң редакциямызға қызметке көктем шыға келдiң. Сол жылғы көктем тым жылауық болды. Көк аспан көбесi қақ айырылып, егiлiп тұратын. Қара жердiң қабырғасы қайысып, езiлiп жататын. 
Сен өзiңмен бiрге шұғыладай шуақты жылылық ала келдiң. Күн көзiндей жарқыраған ақ жүзiңнен нұр төгiлiп, әсем айдай толықсыған тал бойыңнан сәруар сәуле шашырап тұратындай сезiлетiн. Сендегi нұрдан нәр алып, шуағыңа шомылғымыз келетiн. 
Сен мөлдiреген жас едiң. Көз сүрiнер көрiктi, жан сүйсiнер сымбатты едiң. Аққудай сыланып, кермаралдай кербез басып жүретiнсiң. Көбiне-көп өз бөлмеңде елiктiң лағындай жанарың жәудiреп, монтиып қана отыратынсың. 
Жастығың мен сұлулығыңнан жасқанып, бiрден желдей үйiрiп әкетуге батылым жете бермеген. Шоқтай жанған жанарыңдағы жарқыл да өңменiмнен өткендей, жiгерiм жасып, алыпқашпа көңiлiм жүнделген түйедей жуасып сала беретiн. 
Көктем күнi жылай-жылай жылыстап жылжып жатты... “Адам сөйлескенше...” демей ме, келе-келе көз үйрендi, жылы сөйлесiп, сыпайы әзiлдесетiн болдық. Сөзге құлақ қоясың, қалжыңды түсiнесiң. Артық-ауыс сөз айтпайсың. Не нәрсеге болсын аса бiр жауапкершiлiкпен қарап, өзiңе тапсырылған істі асқан ыждаһаттылықпен атқаратынсың. 
Сен осындай жаратылысыңмен еркiмдi алып, елiктiре бердiң, емiктiре бердiң... 
Бiрте-бiрте әңгiмемiз жарасып, тез тiл табысатын болдық. Бөлмеңе барып ұзақ отырып қалатынды шығардым. Сенiң тарапыңнан да ешқандай қарсылық байқалмады. Қайта менiң келуiмдi тағатсыздана күтiп отыратын сияқтысың. Көрiктi көркiңе ұрлана көз тастап қойып, қызыл сөздi қымызша сапыратынмын. Алғашында өмiр жайлы ой бөлiсетiнбiз, келе-келе махаббат туралы да сыр шертiсетiн болдық. Осылай уақыт өте келе тонның iшкi бауындай жақындасып, бiр-бiрiмiзге үйренiсе бастадық. Сен жоқ болсаң, көңiлiм алабұртып, iздеп тұратын болдым. Сәл кешiксең, тықыршып тыпырлай бастайтынмын. Келмей қалсаң, ұнжырғам түсiп, үйге көңiлсiз қайтатынмын. 
Бойымда саған деген бұла бiр сезiмнiң бүр жара бастағанын сездiм. Оны әзiлмен әрлеп, қалжыңмен қырлап, астарлап болса да жеткiзе бастадым. Сен ештеңе сезбейтiндей, дым түсiнбейтiндей жай ғана жымиятынсың да қоятынсың. Бiрақ, бәрiн де түсiнетiнiңдi, түйсiнетiнiңдi iшiм сезетiн. 

* * * 


Алғашында құмарлық, пәндәуи ойлар басым болатын. Бiрте-бiрте жақсы көру сезiмдерiм ояна бастады. Кейде өзiмдi - өзiм кiнәлап, күстаналайтынмын. “Өз бала-шағаң бола тұра, он екiде бiр гүлi ашылмаған жап-жас қызда нең бар-ей!.. Ойың неткен бұзық... Осындай пәк бойжеткендi жамандыққа қалай қиясың!” деймiн өзiмдi - өзiм оңашада жерден алып, жерге салып. 
Қараң қарайса-ақ болды, оның бәрiн ұмытып, жаныңа қалай жетiп барғанымды өзiм де бiлмей қалатынмын. “Ай, пендешiлiк-ай!.. Пендемiн ғой!” дейтiнмiн өз арымның алдында ақталған болып. “Бұл пендешiлiк емес, нәпсiқұмарлық! - дейдi iшкi ойым. - Сен құлсың. Нәпсiнiң құлысың! Азат емессiң! Егер нәпсiңдi тыймасаң, өмiрден құл боп өтесiң. Адам еркiндiктi сүймей ме!.. Сондықтан нәпсiңдi тый! Нәпсiңнiң патшасы бола бiл!.. Сәждеге, намазға жығыл. Алланы сүй! Аллаға деген махаббатың оянсын! 
— Онда неге “Оралыңның барында ойна да күл” дейдi аталарым. Олар да ақымақ болмаған шығар! Оның үстiне мен оны жақсы көрем ғой! 
— Жақсы көру ақталуға тиянақ бола алмайды. Кiм-кiмдi жақсы көрмейдi. Бойдақ болсаң бiр сәрi. Әйелiң сезсе, сонда көресiң жақсы көргендi!.. 
— Рас-ау! Қой қоймасам болмас!..” 
Аллаға жүгiнгендей, оңашада осы ойға мойынсынам да, сенi көрген сәтте-ақ жын ұрғандай желiгiп шыға келемiн. Жұдырықтай жүрегiм бүлк-бүлк етiп, көңiл құсым алып – ұшып, тағы да қасыңнан табыламын. Шамды айналған жынды көбелекше айналсоқтап маңыңнан шыға алмаймын. 
Әз уақытымның жымпима мысықша ұрланып өте баратынын бiле тұра бөлмеңде ұзақ әңгiмелесiп отыра бергiм келетiн. Мен үшiн сенiмен дидарласудың өзi бiр ғанибет едi. Жансарайым ашылып, жаным рахаттанып, көңiлiм шалқып, кеудемдi күмбiрлеген қоңыр күй кернейтiн. 
Сөйлесiп отырып сұлу жүзiңе тесiле телмiрiп қалатынымды өзiм де аңдамай қаламын. Әсiресе жәудiр жанарың тұп-тұнық судай мөлдiреп, ерекше көз тартады. 
— Олай қарамаңызшы, аға!- дейсiң қымсына. 
— Қалай? 
— Солай!.. 
— Мен... мен...- дей берем қапелiмде аузыма жiбi түзу сөз түспей, тек “ұялаған тек тұрмастың” кебiмен - ...Бiр жерге шақырсам барасың ба? – деймiн қипақтай. 
— Қайда?- дейсiң сұраулы жүзбен. 
— Жай әшейiн, қыдырсақ деймiн... 
— Жоқ, рахмет ағай!.. 
— Рахметтi содан соң айтарсың! 
— Жоқ, болмайды! 
“Тықақтай берсем, ренжiтiп алармын!” деген оймен сөзiмдi осы жерден кiлт үзiп, өзiмдi - өзiм ақылға шақыратынмын, өрекпiген көңiлiме бұғау салғандай қақпақылдайтынмын. 
Мен сенi одан кейiн де қыдырыстап қайтуға талай мәрте шақырдым. Сен ылғи да “Жоқ, болмайды!” деп кесiп тастайтынсың. Бiрақ, бәрiбiр әрненi бiр сылтауратып, айналсоқтап қасыңнан кете алмаймын. 
Сен менi үнемi күлiмсiреп қарсы алып, бар сырыңды айтып, жымиып шығарып салатынсың. Мұны да жақсылыққа жоритынмын.

Бөлісу: