18 Ақпан 2014, 11:09
Азаннан берi себелей жауған ақ жауын түс ауып, түр қаша бастаған шақта аяқ астынан екпiнiн күшейтiп, селдете жөнелдi де, тасырлата ойқастап барып лезде тына қалды. Шаң-тозаңнан тәнi кiрлеп, жүдеу тартқан сайын дала жаңа босанған жас келiншектей терлеп-тепшiп, буырқана бусанып, балбырай түскен. Көк аспанда бiрiн - бiрi қуалаған қара бауыр бұлттар түйдек-түйдегiмен көкжиекке қарай жөңкiле көшiп барады. Тас төбеден ылдилай құлаған сары шашты күлiмкөз күн қос қолымен бетiн жауып жасырынбақ ойнаған жас баладай шоғыр бұлттың артына тығыла қалады да, бiраз уақыттан соң басын қылтитып, езуiн ыржитып шыға келедi.
Көшкен бұлттармен бiрге менiң көңiл құсым да көк жүзiнде тербеле қалықтап, жер-дүниенi бағдарлай шолып, бағамдай шарлап барады.
Бұралаң-бұлтарысы көп қасқа жолмен өгiздей өкiрiп келе жатқан ескiлеу қара “Волганың“ жартылай ашылған терезесiнен төңiрекке жiтi көз тастап, туған жердiң табиғатын тамашалап келемiн.
Әр шоқысына дейiн көңiлiмде жатталған, көкейiмде хатталған таныс өлке. Көзге оттай басылады. Сарғыш тартып, кеймана күйге енген айнала сары ала көйлек киiп, жалғызын сарғая күткен сары шәлiлi ақбас ананың айғызданған жүзiне көбiрек ұқсайды. Тыржиып-тырбиған ши, селеулер қайын атасына иiлiп сәлем салып тұрған жас келiннiң кiнәмшiл кейпiн көз алдыңа әкеледi.
Ойым он сақта. Ауылға жақындаған сайын жаным жай таппай бiртүрлi елегiзiп, көңiлiм ала бөтен алабұртып келедi. Жасаураған жанарымнан мөлтiлдей сырғыған ыстық жас кеберсiген ернiмдi сулай өтiп, аузыма құйылып, таңдайымды сәл жiбiткенiмен, сарғайып саумалданған сағынышымның сартап шөлiн баса алар емес.
Туған ауылдың ағараңдап шеткi үйлерi көрiнгенде көңiлiм сеңдей бұзылып, жүрегiм өрекпiп қоя бердi. Сол бәз-баяғы бiр-бiрiнен бөлекше қонып, шашырай орналасқан жатаған үйлер, оларға жапсырыла салынған қора-қопсылар. Қысқа кеуде, ұзын мойын мұржалардан жамырай шыққан көк түтiндер көз алдыңда көлбеңдеп, тiршiлiк тынысынан хабар бергендей.
Ауылға кiре бере машина жүрiсiн баяулатқан шофер бала:
– Аға, қайсы үйге түсесiз? – дедi маған қарай мойнын бұрып.
– Алдымен әжемнiң басына барып, құран оқиық. Зиратқа тарт,– дедiм оған бұйыра сөйлеп.– Тым болмаса, жатқан жерiнiң топырағын иiскеп, мауқымды басайын!
Ол iркiлген жоқ, машинасын тасбақаша тырбаңдатып келiп, тау етегiне жағалай жайғасқан зираттарға тақай берiп, кiлт тоқтатты.
Зиратты жағалап жүрiп келемiн. Ескерткiш ретiнде қойылған шағын тақталарға көз тоқтатамын. Көпшiлiгi таныс, бiр кездерi аз күндiк жарық жалғанда ғұмыр кешiп, мәңгiлiк тұрақтарына қайта көшкен ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенделер.
– Ауыл үйлерiне қарағанда зираттың қарасы көбейiп кетiптi ғой! – дедi жолсерiгiм таңданған кейiп танытып.
Өз ойыммен әлек болып келе жатқан мен оған тiс жарып, тiл қатпадым. Қауашағында сәулесi бар жiгiт екен, қайтiп менi мазалай қойған жоқ. Жаймен жылжып әжемнiң басына келдiм. Ақ кiрпiштен өрiлген төрт құлақты бейiттiң кеуде тұсына ойып орнатылған мәрмәр тақтадағы сүгiретiн көрiп, көзiме жас үйiрiлдi. Көмейiме өксiк тығылды. Ыстық алақаныммен жайлап сипаладым. “Сан жыл сарғая күттiрiп, жеттiң бе, әйтеуiр!“ дегендей, әжем маған үнсiз бедiрейе қалған. Өкпелi сияқты. Кенет, әжемнiң әжiмденген бейнесiне жан бiткендей болды. Көзiне жас алған тәрiздендi. Осы сәттi күтiп тұрғандай еңкiлдеп жылап жiбердiм. Көз алдыма әжемнiң бауырында жүрген балалық шағым елестедi...
Денем бiр суып, бiр ысыды. Қорғасын құйып жiбергендей өне- бойым ауырлап барады. Жүрелей отырып, құран оқыдым. Қайта- қайта әжемнiң рәсiмiне қарайлаймын, алғашқыдай емес, жүзi сәл жылыған сияқты көрiнедi. Көптен берi ат iзiн салмай, сарылта күттiрген тұңғыш немересiне, немересi деген аты болмаса, заты ата салтымен өзiнiң бауырына басып, жетiге толғанша арқасынан түсiрмей шолжаңдатып өсiрген кенже баласына деген өкпесi тарқап, ашуы қайтқандай. Денем сәл де болса жеңiл тартып, көңiлiм сабасына түсе бастады.
Есiгiн ашып, бейiт iшiне кiре бергенiм сол едi, ұйыса өскен қалың қурайдың арасынан қараторғай пыр етiп ұшып, жоғары көтерiлдi. Бұндай оқыс қимылды күтпегендiктен, селт ете түстiм. Торғайдың онымен шаруасы болған жоқ, бейiттiң шығыс жақтағы ай құлағына барып қонды да, аяқтарын тырбаңдата керi бұрылып, жайлана жайғасып отырды. Маған бiртүрлi қомағайлана қарайтын сияқты, мен де көз алар емеспiн.
– Әже,– дедiм торғайдан жанарымды тайдырмаған күйi.– Сiздiң құдай қосқан өмiрлiк қосағыңыз, менiң ұлы атам мен өзiңiздiң iшiңiздi жарып шыққан сүйiктi ұлыңыз, менiң аяулы әкеме Алматының топырағы бұйырды. Тiрi күндерiнде панасы мен саясы мол асқар Алатауымыз болған қос әкемiздiң сарғайған сүйегiн құйқалы жердiң суық қойнауына тапсырғанымызға да талай жыл өтiп, талай су ақты. Талай күн қызарып батып, талай таң ағарып атты... Жұмыр басты пенденiң тiрлiгi бiте ме, тiршiлiктiң күйкi күйбеңiмен жүрiп, ауылға ат басын бұрмағалы да бiраз уақыт болыпты. Қайран, сынаптай сырғыған уақыт-ай!... Басыңызға жиi келiп, құран оқып тұрмағанымызға ренiштi шығарсыз. Топырағыңыз томпиып, томсырайып жатырсыз-ау, асыл әжешiм!
Бiр уақ әжемнiң дауысы келгендей болды құлағыма. Иә, тап бiр тiрi кезiндегiдей қарлығыңқы үнiмен қинала сөйлеп тұрған сияқты:
– Е, қарғашым, оның бәрiн несiне тiзбелейсiң. Мен бәрiн де күнi бұрын сезiп- бiлiп жатырмын. Жан сырымды бөлiсiп, ақ тәнiмдi арнаған өркеуде байымның дүние салғанын, құрсағымды жiбiтiп, аналық сезiмiмдi оятқан ерке баламның көз жұмғанын қалайша бiлмеймiн, қайтiп сезбеймiн. Бiз ендi мәңгi бiргемiз... Қасиетiңнен айналайын, алдымен сол сүйкiмдi ұлым қатты сағынған екен, өлiлер мекендейтiн о дүниеге байымнан да бұрын келдi-ау сүйегiн сүйретiп. Содан кейiн ғана барып қаудырлаған қауашағына ой түскен болу керек, араға жыл салып өркеуде байым да жеттi-ау қалбалақтап. Қайтсiн ендi. Өмiр бойы қолында тұрып келе жатқан кенже ұлының артында қалып не қызық көрмек, қандай рахат таппақ!..
Әжем маған тағы бiрдеңелер айтқан болады. Бiрақ, дауысы естiлер емес. Тек, торғай отырған тұстан бiртүрлi қинала күрсiнген адамның дауысы шығатын сияқты. Мен сол жаққа қарайлай үнсiз ғана құлақ түрем. Бiр кезде бiр орнында тыншу таба алмай отырған қараторғай пырылдай жоғары көтерiлдi де, төбе тұсымнан әлденеше рет айналып өтiп, қанатын сабалай қамшылаған күйi зираттардың арасына сүңги кiрiп, көзден ғайып болды. Сол-ақ екен, әжемнiң дауысы да сап тыйылды. Томпиған қара төмпешiктiң етегiнен шым-шымдап топырақ алып, төбе тұсына тастай бере торғайдың жүн-жұрқадан жасалған жұмсақ ұясына көзiм түстi. Iшiнде қақ жарылған жұмыртқа қабықтарынан басқа ештеңе көрiнбейдi.
Бейiттiң есiгiн жауып, әжеммен iштей қоштасып, машинаға қарай бұрыла бергенiмде ауыл жақтан әлдекiмнiң қос етегi елбеңдеп, жүгiре басып делбеңдеп келе жатқанын көрдiм. Бiрден таныдым. Атам мен әжемнiң кенже қыздары – Тұрымтай тәтем. Жақындай бере байқадым, көзi жасаурап, бет-ауызы кемсеңдеп келедi. Көңiлiм босады. Аяғымды адымдай басып келiп, құйтақандай қара кемпiрдiң құшағына ене бердiм. Айналып-толғанып, маңдайымнан иiскеп, бетiмнен сүйiп жатыр. Ентiгiп кеткен. Кеудесi сыр-сыр етедi.
– Сендер келгенде есiк алдында тұр едiм. Алғашында шешемнiң басына барып жүрген кiм болды екен деп аңтарылып қалыппын. Содан сенi танығаннан кейiн орнымда тықыршып тұра алмадым. Апайыңның денсаулығы қалай? Өздерiң аман-есен жүрсiңдер ме?..
– Шүкiр, тәте. Барлығы тегiс дiн аман. Құда-жекжат, ағайын-туыстардың да халдерi жақсы. Қоңыртөбел тiршiлiктерiн күйттеп жүрiп жатыр...
– Үйге жүр, айналайын. Жол соғып, шаршап - шалдығып келген шығарсың!
Тәтем екеумiз әренi бiр айтып, есiк алдындағы жер ошаққа тақай бергенде, қарсы алдымыздан Жүнiсбек ақсақал шықты емпеңдеп. Ойына алып, аузына кептелген сөздi жұтып қоймай, айта салып қарап отыратын қожанасырлау адам едi. Жеке отбасылық жайттарды, құпия сақталуға тиiстi үйішiлiк сырларды өз аузымен жұртқа жайып, артын аймандай қылып жүретiн. Бұрынғыдай емес, кәрiлiк жеңе бастапты. Дерттi адамдай кескiн- келбетi тұнжыраңқы. Үнжырғасы түсiңкi, еңсесi езiңкi. Ерiне езу тартқан болады. Нұры тая бастаған кiреуке жанарынан көңiлсiздiк нышаны қылаң бередi. Үйге кiрiп, төрге озып, құс жастықты жантая тiзе бүктiк. Артымыздан тәтемнiң кенже баласы Санат кiрдi ентелей басып. Оның соңын ала ортаншы ұлдары Қанат жеттi арсалаңдап. Құшағымыз айқасып, аман-саулық сұрасып, мәре- сәре боп, қауқылдаса шұрқырасып жатырмыз. Екеуi де жасына жетпей шау тартып қалған сияқты. Шаштары ұйпа-тұйпа, көптен берi тарақ тимегенi көрініп тұр. Үстерiне киген киiмдерi де олпы- солпы. Қолдары қыртыстана жарылып, беттерiн безеу басқан.
Сүт пiсiрiмдей уақыттан соң ортаға дастархан жайылып, екi иығынан демалған ақшыл самаурын әкелiндi. Қарным ашып қалыпты, ыстық бауырсаққа қолдың сары майын жағып, аузыма тоғытып жатырмын. Тәтем өткен- кеткеннен сөз қозғап қойып, шай құйып отыр.
– Жаңа туған жалғыз сиырымыз бар едi. Өзi сүттi едi,– дедi тәтем сөз арасында бiр әңгiменiң ұшын шығарып. – Бәрiмiздiң қарап отырғанымыз сол сиыр едi. Жолдарың болмағыр жүгермектер , бiр-ақ күнде аузымызды аппақ қып, қорада байлаулы тұрған жерiнен ұрлап әкеттi. Қазiр таудың қасқырынан адамның қасқыры жаман болып кеттi ғой. Жұттың жетi ағайынды болатынын ендi сезiнiп келемiз. Жас бұзауы мөңiрей- мөңiрей, ол да өлiп қалды. Ауылда отырып қара шай iшiп отырмыз. Бiздi қойшы, тым болмаса бiр уақ аққа ерiндерi тиетiн немерелерiмiзге қиын болды...
– Ұрылар өз ауылымыздың балалары екен. Мелисаға өзiмiз ұстап берiп едiк,– дедi бағанадан берi қара шайды үнсiз сораптап отырған Жүсекең.– Алғашында “түрмеге жабамыз, соттаймыз“ деп қарқындап-ақ келген едi, артынан барсақ, қойдан жуас бола қалыпты. Аларын алып, аузы майланған сияқты, “олар емес екен, мойындарына алмай қойды“ деп, ұрыларға шаң жуытпай, сүттен ақ, судан таза ғып шығарғысы келедi сабазың. Заң адамы осылай деп тұрған соң, ендi қайда барып шағынасың. Ақыры, елге өзiмiз масқара болып, аузымызды жаптық. Бәрiнен бұрын ұрылардың “бiзге не iстедiң“ дегендей қыр көрсетiп, тайраңдап жүргенi жаныңа батады. Мелиса баланың да жолы болмайды-ау. Аларын, алсын-ақ. Тек менiң сиырымды төлеттiрiп бермей ме?! Әйтпесе, оларды соттайық деп жүрген бiз жоқ. Тегiнде, маған мына нарық деген пәле жақпады. Өмiр бойы қой соңында салпақтап жүрiп бiр кiсiдей дәулет те, мал да жинап едiм. Айналдырған үш-төрт жылдың iшiнде соның бәрiнен айырылып, жылан жалағандай жұтынып шыға келдiк. Тап қазiр қолымызда төрт - бес саулық пен жалғыз тайыншадан басқа ештеңе қалған жоқ. Несiн жасырайық, келген қонаққа бұрынғындай мал сойып, мәзiрет жасайтын күй жоқ.
“Бiрдеңе бүлдiрiп қояр ма екен“ дегендей, шалы жаққа тықырши қарағыштап отырған тәтем әңгiме ауаны басқа жаққа бұрылып бара жатқанын сезiп:
– Ту, адамның басын қатырып жiбердiң ғой. Сарнамай жөнiңе отыршы,– деп жекiп тастады.
– Сөзiмдi бөлмей жайыңа отыршы- ей,– дедi Жүсекең жұлып алғандай салқын қабақ танытып.– Күнi бойы зарлап, миымды жейтiнiң аздай, несiне түсiңдi суытып, көзiңдi алартасың. Мен сырымды айтсам, бөтен бiреуге емес, бауырыңа айтып отырмын. Бiлсiн, естiсiн. Жоқшылықтың зардабын тартып, қиналып кеткенiмiз өтiрiк пе?! Он баланың бiреуiнен қайыр болмады. Өмiрсерiгiмнен басқа бiреуiнiң тiрлiгi жоқ. Қырсық шалғанда, оның да еккен егiнiн биыл шегiртке жеп құртты. Әнеукүнi барып көрсем, сойдиып- сойдиып сабақтары ғана қалыпты. Дүние не боп барады. Қос өкпеден қысып, қусырып жiбердi ғой.
– Жүсеке, бұл өлiара кезеңнiң өтпелi қиыншылығы ғой. Заман өстiп тұра берер деймiсiз. Әлi-ақ түзелер, – деймiн көңiлiн аулаған болып.
– Әй, қайдам. Заманның сұрынан қорқам!– Ақсақал ойын келте қайырды. Бәрiмiз үнсiз қалдық.
Ымырт үйiрiлiп, төңiректi қараңғылық тұмшалай бастады. Орнымнан жайлап көтерiлiп, тысқа шықтым. Менiң өкшемдi баса Қанат та далаға шықты. Апыл-ғұпыл жаныма жақындап келiп, қипақтай бастады. Бiрдеңе айтуға оқталғандай, бiрақ қысылып- қымсынып тұрған кейiп танытады. Соны сезе қойдым да:
– Қанат, бiрдеңе айтайын деп пе едiң? – дедiм оны сөзге тартып.
– Нұрман,- дедi ол сыбырлай тiл қатып,– ақша бар ма? Сенiң келгенiңдi атап өтейiк, арақ алып бершi. Көршi үйдегiлер таза спирттен арақ жасап сатады. Жаман жасамайды.
Мен төс қалтамнан ақша алып, қолына ұстаттым. Ол оны уысына умаждай қысқан күйi емпеңдей басып, жүгiре жөнелдi де, сәлден соң қайтып оралды. Кастюмiнiң сол жақ кеуде тұсы томпиып тұр. Сәл езу тарттым. Ол ыржалақ қақты.
– Нұрман, бүгiн екеумiз бiр бөлмеге жатайық. Шешейге ескертiп қойдым. Сыр шертiсемiз, шер тарқатамыз...
– Жарайды!..
Екеумiз күбiрлесе сөйлескен күйi оң қанаттағы оңаша бөлмеге өттiк. Төсек салынып қойыпты. Жалғыз көздi пiлтелi шам сығыра жанып тұр.
– Нұрман, мына жерге сен жатасың,– дедi ол төр жақтағы төсектi нұсқап. – Бiздiң үйлердiң светiн қиып тастағалы үш жылдан асып барады. Оған төлейтiн ақша да жоқ. Сенсең, ұн алуға ақша таппай қиналамыз. Қант пен шайды қойшы, қара су iшсек те өлмеспiз. Бәрiнен де жүрек жалғар нан таба алмай тарыққан қиын екен. Әнеукүнi шешем зейнетақы алғанда екi жүз теңге қарыз алып, жарты мөшек қолдан тартылған қара ұн сатып алып едiк. Қанша экономдасақ та, сол ұн бiтуге таяды. Әрине, ол ақшаны шешем менен сұрамайды ғой. Бiрақ, өзiң бiртүрлi ыңғайсызданады екенсiң. Әйелiмнiң сауда жасаймын деп қалаға кеткенiне ертең тура алты ай болады. Әйтеуiр, баяғы соқыр үмiт қой. Бiр жерден арзанға алып, екiншi жерге арқалап апарып, сәл үстеме ақша қосып сатады. Күндегi бар тiрлiгi осы. Одан түсiп жатқан пайда да шамалы көрiнедi. Әйтеуiр, аштан өлiп, көштен қалмастың қамы.
Мен отырмын екi баламен үйде омалып. Солардың тамағын дайындап, кiрлерiн жуумен-ақ күнiм өтiп барады. Көбiнесе, осы үлкен үйдi жағалаймыз. Бiр жақсысы, әкем де, шешем де зейнетақы алады. Сондықтан ұн үзiлмейдi бұл үйден...
Едәуiр қызып алған Қанат екi қолын сермеп қойып, тоқтаусыз сөйлеп отыр. Ара-арасында кiшкене стақанға шөпiлдетiп арақ толтырады да, еппен алып аузына лақ еткiзiп құя салады. Сосын бет- ауызын сәл тыржита басын бiр шайқап алады да, қайтадан сөйлейдi:
– Саған үйдi көрсетiп, дәм татқызуым керек едi. Бiрақ, еш ыңғайы болмай тұр. Қол қысқа. Жоққа жүйрiк жетпейтiнiн өзiң де бiлесiң ғой. Әйтпесе, көңiл шiркiн көк дөнендей еседi. Өкпелеме!.. Ол сөйлеп отырып, тағы да стақанға лықылдата арақ құйып, жұта бере шашалды. Жанарынан жас ытқып, жүзi қызғылттанып, тұншыға тыпырлады да қалды. Сәлден соң “уһ“ деп кеудесiн кере ауыр демалғандай болды да, лоқсыды.
– Мынаның батпай отырғанын қарашы.– Қанат қайта лоқсыды,– Мен қазiр...– Ол орнынан шапшаң көтерiлiп, тәлтiректей басып бөлмеден шыға жөнелдi.
Пiлте шам әлi жанып тұр. Оны шыр айнала жынды көбелектер ұшып жүр. Есiме жынды көбелектiң осындай көзсiз қылығына байланысты айтылатын аңыз түстi. Ертеде ханның қызына бiр жiгiт өлердей ғашық болып, ақыры қолы жетпейтiнiн сезiп, iшқұса болғаннан жынды көбелекке айналып, отқа түсiп кетiптi деп отырушы едi атам марқұм. Сондықтан бәрiмiз шамды айнала ұшып жүрген жынды көбелектердi көрсек:
– Ханның қызын ал, ханның қызын ал!– деп үйдi басымызға көтере айғайлап, мәз болысушы едiк. Әрненi бiр ойлап, жастықта жантая жатырмын. Көзiмдi бiр жұмып, бiр ашам. Ұйқым келер емес. Арада бiр сағаттай уақыт өттi. Қанат әлi жоқ. Көңiлiм әлденеден секем алып, сезiктенгендей. Кенет, басыма бiр суық ой сап ете түсiп, төбе құйқамды шымырлатып өттi. Жатқан орнымнан ұшып тұрып, қабырғаларды сипалай далаға шықтым.
Маужырай түсiп, мелшие қалған меңiреу түннiң қабағынан қар жаумағанымен, жүзiнде жадыраңқылық жоқ. Қаракөк аспанда самсыған сансыз жұлдыздар сансырай жымыңдайды. Ай шалқасынан туыпты: Бұндайда үлкен кiсiлер: “өзiне жайлы, халыққа жайсыз“ деп жатушы едi. Күн суытатын шығар“ деп iштей күбiрледiм де, айға қарап бата жасадым: – “Ескi ай есiрке, жаңа ай жарылқа!“.
Аяғымды ақырын басып, төңiректi тiнте шолып келемiн. Қараңғыдан ештеңе көзге шалынар емес. Өлi тыныштық. Тылсым табиғат демiн iшiне тартып, сiлтiдей тына қалған.
– Қанат... Қанат...– деймiн дауысымды сәл көтере. Маңайда қайтара тiл қатар тiрi пенде көрiнбейдi. Көңiлiм шарқ ұрып, одан сайын тықырши бастадым.– Қанат... Қанат...– деймiн қайталап. Ешқандай дыбыс бiлiнер емес. Шынымен, сасайын дедiм. Санам сарсылып, қауқиған мал қораның жанынан өте бере адамның қорсылдай жылағанын естiдiм. Тоқтай қалып, құлақ түрем. Дауыс iш жақтан шығатын сияқты. Жылдамдата басып келiп ашық тұрған есiктен iшке үңiлдiм. Түк көрiнбейдi. Тастай қараңғы. Қалтамнан сiрiңке алып жағып, iшкерлей ене бере , сол жақ бұрышта қос қолымен бетiн жапқан күйi еңкiлдеп жылап отырған Қанатты көрдiм. Бүкшиген күйi тiзесiн көтере , кiрпiкшешенше жиырыла түскен. Анда-санда қорс-қорс етiп, танауын тартып қояды. Төбедегi сырыққа мықтап байланып салбырап тұрған ала жiптi көрiп, жүрегiм су ете түстi.
– Қанат, не болды саған?– дедiм жанына жақындап келiп.
– Нұрман, сен бiлесiң бе?! Менiң өмiр сүргiм келмейдi!– дедi ол сөзiн үзiп- үзiп айтып.
– Қой, қайдағы жаман ырымды бастамай... Не айтып отырсың өзiң!
– Жоқ, шынымен өмiр сүргiм келмейдi.– Ол өкси жылап жiбердi,– Өлгiм келедi. Әттең, екi баламды қимаймын. Қайда тастап, кiмге тапсырып кетемiн... Әйелдiң сыйқы анау, бiр түрмешикпен әуей болып жүрген.
– Ер жiгiттiң басына не келiп, не кетпейдi. Жiгiт адам жылай ма екен!...– Қолтығынан демеп, орнынан тұрғыздым. Ол ешқандай ерсi қылық жасамастан айтқаныма көнiп, қисалаңдай басып, алдыма түстi.
– Нұрман, сен бiлмейсiң ғой, бұрынғыдай емес, ауылдың берекесi кеткен, адамдары азған. Бiрiнiң қатынына бiрi үйленiп, бiрiнiң байын бiрi тартып алып жатқан заман!..
Көзiн сығырайтып, көмескiлене жанып тұрған шамды үрлей өшiрдiм де, орныма келiп қисайдым. Шалқақтай басып барып, төсегiне құлаған Қанат жастыққа басы тиiсiмен қор ете түстi. Әрненi бiр ойлап жатып көзiм iлiнiп кетiптi.
...Менiң соңымды ала ауылға атам, әжем, әкем үшеуi келген екен деймiн. Бәрiмiз мәре- сәре боп, қуаныса қауышып жатырмыз.
– Қайда кеттiңiздер, неге жиi келiп тұрмайсыздар? Әбден сағындық қой, сiздердi,– деп алма-кезек құшақтаймын. Қуанышым қойныма сияр емес. Екi езуiм екi құлағымда. Атамның, әжемнiң, әкемнiң тiрi жүздерiн, кескiн - келбеттерiн көргенге мәзбiн. Қуанышым ұзаққа созылмады. Үшеуi аз-кем аялдап, демдерiн басқан соң, ғайыптан пайда болған ақбоз атқа қатар мiнгесiп, қоштаспастан үн-түнсiз жөней бердi. Аттың артынан жүгiрiп, қанша жалынсам да, бiреуiнiң қарайлайтын түрi жоқ. Басын шұлғи жер тарпыған ақбоз ат кеудесiмен соғып, жалынан ұстатар емес. Не ер, не жүген салынбаған асау тұлпар сидаң қағып ұзай бере, жота тұсынан қос қанатын шығарып, ұша жөнелдi. Қас пен көздiң арасында кiшiрейе берiп, қара ноқатқа айналды да, қара түнекке сiңiп, жоқ болды. Ақбоз атты тоқтата алмаған дәрменсiздiгiме күйiнiп, булыға жылап жiбердiм.
– Әже!..
Өз дауысымнан өзiм шошып ояндым. Таң ағараңдап атып қалыпты. Қанат түндегi киiмшең құлаған күйi бүктүсе қорылдап ұйықтап жатыр. Жылы төсектен жәйлап көтерiлiп, жәймен киiнiп, сыртқа шықтым. Есiк алдында есiней- керiле бiраз тұрдым да, ешкiмнiң аяқ дыбысы бiлiнбеген соң, бала кезiмiзде беткейiнен гүл терiп, сырғанақ тебетiн қара тауға қарай беттедiм. Ауыл шетiндегi жыра-жылғаны қуалап аққан бұлақ суына бетi- қолымды шайынып, қайтадан тұра бере, таяқ тастам жердегi iн аузына үйiлген топырақтың тасасында қалқиып отырған саршұнақты көзiм шалды. Балалар топ-тобымызбен бұлақтың суынан су тасып, саршұнақ ұстап, ит құсатып мойнына жiп байлап, қызыққа бататынымыз есiме түсiп, мырс етiп күлiп жiбердiм. Аяғымды нығырлай басып, ентiге-қабына тау басына шығып келемiн. Таңғы салқын бойымды тоңазытқанымен, денемдi сергiтiп жiбердi. Туған жердiң кәрi желi жүзiмдi аймалап, маңдайымнан сипалайды. Қойын- қоншыма сусылдай бойлап, еркелете қытықтай жөнелдi. Тау төбесiндегi жартастарға өрмелей бере аяғым тайып кетiп, шалқамнан түсе жаздадым. Құдай қолдап, бойымды тез жиып алып, тiземдi бүге, жүрелей отыра кеттiм. Жартастар мүжiлiп, қиыршықтана үгiтiлiп кетiптi. Аяғың тиiп кетсе болғаны, сынаптай сау ете түседi: “Уақыты жетсе, тас екеш тас та үгiтiледi екен ғой!“.
Орнымнан нықталып тұра бере, жартастарды қуалай өскен жабайы жуаларға көзiм түстi. Бала кезде талай терiп жеген кәдiмгi тау жуасы. Бiр-екеуiн жұлып алып иiскедiм де, жаймен аршып аузыма салдым. “Исi қандай мұрын жаратын, дәмi қандай таңдайыңнан кетпейтiн! Шiркiн, туған жердiң жуасы- ай!“.
Тау басынан төңiрекке құмарта көз тiгемiн. Анабiр көз ұшында мұнартқан ақ бас таудың етегiндегi тоғайдан қарақат терiп, жазығынан шелек-шелек бүлдiрген жинаушы едiк. Мына бiр төбешiктерге қой бағып, қозы-лақ қуатынбыз. Сонау бiр қалың қияқтардың арасына жата-жата қалып, ұрлана темекi тартушы едiк: “Ештеңеге бас қатырмай, алаңсыз асыр салатын қайран балалық бал дәурен-ай!“ Ауыл жаққа қарайлаймын. Сол бәз-баяғы қалпында. Ештеңе өзгермеген сияқты. Қараша үйлердi көзбен тiнтiп, жағалай түгендеп келемiн.
Шет қонып, созылып жатқан мектеп үйi ерекше көз тартады. Балауса бал шағымды қабырғасында өткiзiп, бiлiм нәрiмен сусындаған алтын ұям осы. Көз алдыма сабақ берген ұстаздарым, бiрге оқыған кластастарым елестейдi. Есiме оқушы кездегi бұзақы қылықтарым мен қызықты жайлар түсiп, өзiмнен- өзiм күлiп жiбердiм: “Ол да бiр адам өмiрiндегi қызықты шақ, қимас күндер екен ғой!..“.
Мектептен кейiнгi маңайы ағаш қоршаумен қоршалған, ауласы ат шаптырымдай үлкен үй бұрынғы кеңшар директоры, қазiргi дүрiлдеген жеке бiр қожалықтың төрағасы Мұздыбайдiкi. Ал анабiр кiшкене ақ үй менiң он жыл бiрге оқыған кластасым әрi алғашқы махаббатым – Айжандардiкi. Сол жақтан көзiмдi алмай, тесiле қарап қалыппын. Жәмпiрейген мал қораның жанында қара киiмдi бiреу тау жаққа сыртын бере сиыр сауып отыр. “Айжан емес пе екен?“– деген ой сап ете түстi басыма. Осы ойдың қамшылауымен, бала күнгi ғашығымның дидарын бiр көруге асығып, төмен қарай құлдилап келемiн: “Айжан болмаса қайтем... Жоқ, көңiлiм алдай қоймас!...“
Тау басынан қалай жылдам түскенiмдi өзiм де бiлмеймiн, жақындай бере сиыр сауып жүрген келiншектiң Айжан екенiн таныдым. Бұзауын байлап, сиырының бас жiбiн шеше бергенде мен де жеттiм-ау салып ұрып. Ол менi көрiп бiртүрлi ыңғайсызданып қалды. Қысылып-қымтырылғаны байқалып тұр.
– Ой, Нұрман, қалың қалай? Қашан кеп қалдың?– дедi таңырқай тiл қатып.
– Кеше келгем. Ауылды аралап жүрмiн. Өзiң қалайсың? Күйлi - қуатты жүрiп жатырсың ба?
– Түк өзгермегенсiң. Сол бәз-баяғы қалпың!
Ал, өзi қатты өзгерген. Ауылдың салпы етек сары келiншегi болып шыға келген. Арыған. Сидиып бойы ғана қалған. Бұрынғыдай сән-салтанат жоқ.
Екеумiздiң үйiмiз көршi едi. Бiрге ойнап, қатар өстiк. Бiр партада отырмасақ та, бiр класта оқыдық. Бiр үйдiң алақандарына салған еркесi едi. Бұла өстi. Бой жеттi. Кластағы ең көрiктi қыз осы болатын. Мөлдiреген қара көзi мен аққұба өңi өзiне ерекше тартып тұратын. Ажарына ақылы сай, мiнездi, қылықты қыз едi. Жiгiттер шамды айналған жынды көбелекше айналсоқтап маңайынан шықпайтынбыз. Жынды көбелек жарыққа қандай үйiр болса, бiз Айжанға сондай ғашық едiк. Сегiзiншi класта оқып жүрген кезiмде мен оған ғашықтығымды бiлдiрiп, алғаш рет ернiнен сүйiп алғаным есiмде. Өмiрiмде тұңғыш рет қыз ернiнен сүйгенiм осы болса, қалайша ұмытайын. Түн едi. Ол қарсылық бiлдiрмедi. Үнсiз ғана жымиып, құшағыма ене бердi...
– Нұрман, не ойлап кеттiң? – дедi ол жымың қағып.
– Екеумiздiң алғашқы сүйiскен түнiмiз қандай ашық, қандай сұлу едi,– дедiм жымиып.
– Қойшы, ей!..– Күлкiсiнде әлi де бiртүрлi әдемiлiк бар. Мен оның жүзiне ұрлана көз тастаймын. Бұрынғы ашық өңi күреңiте тотығып кеткен. Басына қызыл орамал тартып, үстiне көнетоз халат киген: “Қайран, қызғалдақтай құлпырып, гүл-гүл жайнап жүретiн қыз күнiң-ай! Жасыңа жетпей жәмпiрейiп, қартаң тарта бастапсың ғой!..“
– Көзiң қартаймапты... Бiр сүйгiзшi!..
– Қойшы- ей, жындылығың әлi қалмапты ғой!.. Сүю-күюдi қайтесiң, жүр, үйге кiр. Шай демдеп жiберейiн!
Осы кезде үйден аузы- басы бұртиып, созылып - керiлген төрт - бес жасар бала шықты. Анасынан жаңа туғандай тыр жалаңаш.
– Мама, сием,– дедi ол жыламсырап.
– Балаң ба?
– Жоқ, көршiнiң баласы ғой, – дедi ол сықылықтай күлiп.
Мен төтен сауал тастағаныма ыңғайсызданып, “ұялған тек тұрмастың“ кебiмен:
– Кiмнiң баласысың? – дедiм балаға тақап келiп.
– Мамамның...
– Есiмiң кiм?
– Нұрман...
– Нұрман...– Не дерiмдi бiлмей тiлiмдi тiстеп алдым,– Атың жақсы екен!
Айжанға қараймын. Ол езуiн тарта жымың қағады.
– Мен осы баланы керемет жақсы көремiн,– дедi ол күлiмсiреген күйi.– Қой, жүр, үйге кiр!
– Жоқ, рахмет, мен кетейiн! Асығыс едiм. Қызмет бабымен, жолсапарда жүрмiн... Әрi алақандай ауыл емес пе?! Артымыздан сөз ерiп жүрмесiн. Шынымды айтсам, сенiң дидарыңды бiр көру үшiн ғана бұрылдым...
– Тым құрыса, шай iшiп кетпедiң бе, ендi.
– Рахмет!– Бағанадан берi байқап тұрмын, сол жақ қолы бiлегiнен жоқ. “Не болды екен? Тағдыр әбден сiлкiлептi ғой, өзiн!“– Хош, сау боп тұр!
Туған үйдi бетке алып, iлби басып келемiн. Таңғы суықтың бетi қайтып, күн қызуы бiлiне бастады. Аласұрған тентек желдiң де жыны басылып, тынши қалған. Аяқ басқан сайын жүрегiм атша тулап, алып ұшып келедi...
Жақындап келгенде байқадым, үй әбден тозған. Шатырлары шұрқ-шұрқ тесiлген. Бала кезiмiзде еңсесi биiк сияқты едi, қотыр түйе тәрiздi шөге түскендей көрiндi көзiме.
Көк есiктi жәйлап ашып, аулаға ене бергенде қақпа аузында байлаулы жатқан сары ит “шәу“ ете түсiп, балағыма жармаса кеттi. Сасқалақтап қалып, жан дәрменмен аяғымды тартып қалып едiм, шалбарымның балағы “дар“ етiп, бiр-ақ айрылды. Осы кезде үйден жүгiре шыққан орта жастағы жiгiт ағасы итiне ақырып қалды да, үйшiгiне қуып тықты:
– Ой, Нұрман, сен қайдан адасып жүрсiң!
– Кеше келiп едiм. Балалық шақты еске алып, туып - өскен қара шаңырақты көрiп кетейiн деп арнайы бұрылдым.
– Е, дұрыс. Кiмге болсын туған үйi ыстық қой!
Екеумiз амандық- саулық сұраса сампылдай сөйлесiп ауызғы үйге кiрдiк. Бөлме iшiн көзбен тiнтiп өттiм. Ойыма тағы да балалық шақтың бал дәуренi оралды...
Ортада дөңгелек жер үстел тұратын. Бәрiмiз соны жағалай жайғасып, құнжыңдасып тамақ жеп, шай iшетiнбiз... Үйдiң өзiме таныс әр бөлмесiне кiрген сайын ойыма қай-жайдағы түсiп, көз алдымнан сан алуан оқиғалар тiзбегi бұлдырай көшiп жатты... Көңiлiм босады, жанарыма жас iркiлдi.
Ортаңғы бөлменi кесiп өтiп, төргi үйге бас сұқтым. Бұнда бiздi көп кiргiзбейтiн. Сәндi жабдықталған үй жиһаздары да осында орын тепкен-дi. Алыстан ат терлетiп келетiн құрметтi қонақтар ғана аяғын демалдырып, ет жеп, қымыз iшiп аттанатын. Осы бөлменiң ауыз жақ қабырғасында кiтап қоятын қоңыр шкаф тұратын. Әкем мен шешем қалаға барған сайын буда- буда кiтап әкелетiн. Бiз сол кiтаптарды шетiнен алып оқи беретiнбiз. Оқиғасы алды- еркiңе қоймай жетелеп әкететiн қызықты шығармалар оқыған сайын «жазушы болсақ, осындай кiтаптар жазсақ» - деп армандайтынбыз...
Ойым он жаққа жүгiрiп, санам сан саққа бөлiнiп, сансырай сыртқа шықтым. Асыл затымды жоғалтқан адамдай төңiрекке жiтi көз тастап, тiнтiне қараймын. Аулада жайқалып өсiп тұратын тал-теректердiң түп жағынан қырқылып тасталғаны болмаса, өзгере қалған көп ештеңе көрiнбейдi.
– Көмiр сатып алуға ақшамыз болмай, отынға кесiп алғанбыз. Бұрынғыдай қазып алып, текшелеп жинап қоятын қойдың қиы да жоқ. Қазiр ол қыстақтардағы мыңғырған малдан маңқа болған жаман саулық пен маңыраған ақсақ қозы да таппайсың! – дейдi үй иесi көзiн сығырайта жымың қағып.
Аспан ашық. Күн сәулесiн молынан төге күлiмсiреп тұр. Ауылды қақ жарып өтетiн ескi сүрлеумен аяңдай басып, тәтемдердiң үйiне қайтып келдiм. Қазан түсiрiлiп, дастархан жайылып қойылыпты.
Менiң келуiмдi күтiп отыр екен, үлкен сары табақпен ет әкелiнiп, ортаға қойылды. Асқа онша тәбетiм шаппай, ешкiммен сөйлесуге зауқым соқпай, әлденелердi еске алып, меңiреу адамша үн-түнсiз отырып қалыппын. Көңiл- күйiңдi қас- қабағыңнан танитын тәтем:
– Бiр жерiң ауырып отыр ма, қарағым!– дедi ыстық сорпа құйылған кесенi ұсынып жатып.
– Жоқ, тәте,– дедiм жұлып алғандай.– Қызмет жайын, шаруа қамын ойлап отырмын. Бүгiн кеш батпай Қайнарға жетiп жығылуым керек едi. Соған асығып отырмын. Рұхсат етсеңiздер, бiз жүрейiк!..
– Жолыңнан қалма, айналайын! Жортқанда жолың болсын, қарағым!– Тәтем көзiне жас алды.– Ол жақтағы ағайындардың бәрiне сәлем айт! Шешеңе дұғай сәлем. Ендi қайтып көремiн бе... Денсаулығы құрғыр да сыр берiп жүр. Оған мына көкжөтел қосылып, әбден жарасты. Бiздi қойшы, сендер аман жүрiңдершi! Бiр құдайдан тiлерiм сол. Ертең өлсем де арманым жоқ, тек жастар пәле-жаладан аман болсыншы!..
Бiз бәрiмен қимай қоштасып, жүрiп кеттiк. Тәтем мен Жүсекеңдер қол бұлғап қала бердi.
Машина тастақ жолға түсiсiмен жүрiсiн жылдамдатып зырылдай жөнелдi. Мен арт жағыма жаутаңдай қарап, телмiре көз тiгемiн. Ауасымен тыныстап, суын iшкен, асық ойнап, асыр салған, тай мiнiп, қозы-лақ қуған, ғашық болып, қыз құшқан туған ауылымның қарасы бiрте- бiрте көрiнбей барады. Қараша үйлердiң сорайған мұржаларынан ирелеңдей шыққан қаракөк түтiндер ғана қол бұлғап шығарып салып тұрғандай әсерге бөлейдi.
Ауылдан шыға бере күн суыта бастады. Көк жүзiнде қара қошқыл бұлттар пайда болып, төңiрек күңгiрт тартты. Төбеде топ-тобымен тырналар ұшып барады. Ненiң әсерi екенiн өзiм де бiлмеймiн, тыраулаған тырналарға қарап отырып, өзiмдi-өзiм тоқтата алмай, кемсеңдеп қоя бердiм.
Көзiме тағы да жас iркiлдi.
Дархан Бейсенбекұлы