Жанашыр жігіт

9 Желтоқсан 2013, 06:13

Түнгі сағат үштер шамасы. Екі көшенің қиылысындағы қалың өскен ағаштың ішінде арам ниетпен отырған үшеудің ұйқысы келе бастады. Аузын айқара ашып, ұйқысы келгенін білдірген Володяның соңын ала Рамиль де алдында отырған Сашаның басын жұтып жіберетіндей құмарлана есінеді. Бұлар үшін бүгінгі күн тым қырсық болып тұр. Әншейінде осы уақытта қойны-қоныштары қымбат алқа-жүзікке, асыл бұйымдарға, ең ақыр аяғы тәуір-тәуір деген соңғы стильмен тігілген модадағы киімдерге толушы еді. Содан кейін үшеуі ағаш арасымен жатақханаларына қарай зытып отыратын. Саша күнделікті түсіп отыратын осыншалықты заттардың бүгін қолдарына біреуінің де ілікпегеніне налығандай басын терекке сүйеп, мұңға батып отыр. Сәлден соң Рамиль Володяға жүзін бұрып:  − Айттым ғой саған, бұл жерде ағаш қалың болғанмен адамдар көп жүрмейді деп, − деді іренішті жүзбен.  Бұл үшеудің кәсібі − кісі тонау. Кісі тонаған кезде де үнемі бір жерде тұрып алып қорқытып, киімін шешіп ала беруге болмайды. Күн сайын орын ауыстырып отыруы керек. Араға екі-үш ай салып барып бұрынғы орындарға айналып келуге болады. Бүгін «жорыққа» шығар кезде баратын жерлерін анықтау үшін Рамиль мен Володя бірақ тартысып қалған-ды. Рамилдің ұсынысы бойынша «28 панфиловшылар паркіне» баруға тиісті еді, ал бұл кезде Володя шыр ете түсті:  − Рамиль, ол жер өте жарық, қолға тез түсіп қаламыз. Паркті кейінге калдырайық, − деді артын ойлап. Содан, Володя екеуін ертіп қазіргі отырған жерлеріне алып келді. Елеусіздеу, у-шусыз болғандықтан қашып құтылуға оңай болады деп долбарлаған. Ал енді бұл жермен тірі пенде жүрмей діңкесін құртып, екі досының алдында өзін кінәлі адамдай сезініп отырған отырысы мынау.  − Рам, сәл шыда. Таң атқанша біреу болса да өтер, − деді Володя досының иығынан өзіне қарай тартып.  Көлденең жатқан көшенің арғы бетінде орналасқан кафеден шыққан адамдар осы жермен өтер деген дәмесі бар еді. Бірақ кафеден шыққандардың бәрі сол көшеден такси ұстап тайып жатыр. Кейбіреулері өздерінің мәшинелерімен қайтады. Бұларды мазақ қылғандай мәшинасы барлары әдейі осы тар көшемен жүреді.  Қармағын суға тастап, болашақ құрбандыққа шалынатын «балығын» күтіп отырған «үш балықшы» кенет кафе жаққа қарай қалысты. Есігі шалқасынан ашылған кафенің ішінен қатты музыка үні естіліп тұр. Аяқтарын енді ғана жеңіл басып шыққан қыз бен жігіт ешқандай такси ұстамай-ақ бұлар отырған көшедегі тротуарға түсті. Екеуі ақырын аяңдап келеді. Үміттен үміттері үзіліп, жемтік іздеп үздігіп отырған үшеуінің қуаныштан өлімсіреген жанарлары жарқ ете түсті.  − Ал, жігіттер, дайындалындар! Торға қарай екі сазан жүзіп келеді, − деп Саша келе жатқан екеулері жаққа мойнын созып жіберіп, күлімсірей қарады.  − Үстіндегі кожактың турецкий екенін танып тұрмын, − деді де Рамиль артынан, − о-һо, қолындағы сағаты да жаман емес секідді, − деді. Володя болса жігіттің жанында келе жатқан қара торы қыздың мойнында жарқылдап тұрған алтын алқаға тесіле қарады. Қыз бен жігіт бейғам сөйлесіп келе жатыр.  − Сізбен сөйлессем біртүрлі жеңілдеп қаламын. Көңілім де көтеріңкі болады. Жанымда сіз жоқ кезде өзімді жапан түзде жалғыз қалғандай сезінемін. Содан кейін сізді дереу іздеуге кірісемін. Бірақ, бұның қандай тылсым күш екенін біле алмадым, мүмкін махаббат деген осы шығар деп ойлап та қоямын, − деді жігіт аяғы шұңқырға түсіп құлай жаздаған қыздың қолынан шап беріп ұстай алып.  − Бүкіл дүние тек Алланың махаббатымен, мейірімімен жаралған ғой, сондықтан, адамдар да бір-біріне сүйіспеншілікпен, мейірлі махаббатпен қарайды. Егер жалпы адамдар арасында осындай асыл қасиеттер болмаса адам баласының жер бетінде адам болып қалуы да мүмкін емес еді. Аңдардан еш айырмашылығымыз болмайды, − деді қара торы қыз тағы да шалынып кетпейін деген оймен жігіттің ұсынған қолына нәзік саусақтарын ұстатып тұрып.  Дәл жарық шамының астында тұрғандықтан қыздың бет-бейнесі үш «балықшыға» анық көрінді.  − Мынандай қызбен айлы түнде қыдырып жүрген не деген бақытты жігіт, ә, − деді Саша Рамильге қарап сықылықтай күліп.  − Шылқыған байдың баласы шығар. Киімін түгел сыпырып алайық. Рам, сен ана қызын жәукемде, екеуміз жанындағы «каратышкасын» жайратамыз, − деді Володя әрқайсысына тапсырма беріп.  Тротуарды бойлай жүріп келе жатқан екеудің біраз жерге кеткенін көріп:  − Қырандар қимылдаңдар! Іске сәт! − деді Саша күндегідей шыдамсыз әрекетіне басып.  Ағаш арасынан шыққан тонаушылар алдарында кетіп бара жатқан қыз бен жігітке жету үшін аяқтарын асыға басып барады.  Арттарында пайда болған үшеуін ең әуелі қызыл плащтағы алтын алқалы қыздың көзі бірінші шалды. Жанындағы жігітке бірдеме деп еді, ол қолын бір сілтеді де «қорықпа, қасыңда мен бармын» дегендей салмақты жүрісінен жаңылмады. Қыз болса қарақшыларға әлсін-әлсін қарап қояды. Жігіті тіпті мойнын бұрар емес. «Ә, қорқып келесің бе? Мүмкін шалбарың дымқылданып та қалған шығар, одан ары былғама, өйткені ол маған керек», − деп іштей мысқылдап күліп келе жатқан Рамиль достарынан бұрын жетейін дегендей жүрісін одан ары үдете түсті.  − Әй, ғашықтар, жандарыңның барында тоқтаңдар! − деді Володя сценарий бойынша айтылатын өзінің меншікті рөліне еніп. Тым-тырақай қаша жөнелер деп қууға дайындалып келе жатқан үшеуі кенет күтпеген әрекетке тап болды.  Өздерімен салыстырғанда түкке тұрмайтын шынашақтай ғана жігіт кілт тоқтады да кері бұрылып, бұларға қарама-қарсы тұра қалды.  − Еңлік, ана жерге барып күте тұршы. Бес-ақ минут шыдасаң болды, − деді де оған сөмкесін ұстата берді. Алыптай-алыптай үш жігітке жек көре қараған қыз бұлардан аулақтай, әудем жерге барып тұрды.  − Жігіттер, сонымен сендерге не керек?, − деген кішкене бойлы жігіт екі қолын бір-біріне айқастырып, мойнын ары-бері ырғап, күтірлетіп үзді.  − А-а, сен әлі бізге не керек екенін білмейді екенсің ғой, қазір мен саған түсіндіріп берейін, − деп Саша алдарында тұрған жігітті ортаға алу үшін арт жағына қарай өтпекші еді, бірақ ол бұлардың жымысқы әрекетін түсіне қойды да:  − Сендерге айтар бір өтінішім бар. Ренжімесендер ана қараңғы жерге барып сөйлесейікші, қыз бала ғой, жүрегі шайлығып қалар, біздің әрекетімізді көрмей-ақ қойсын, − деді. «Қорықпаңыз, бәрі дұрыс болады» дегендей қызға қарап көзін бір қысты. «Қызыңның көзінше таяқ жегенді қаламай тұр екенсің ғой», − деп ойлаған үшеуі қуана-қуана жігіт көрсеткен тығырық көшенің қараңғылығына қарай еніп барады. «Бір жағынан ешкім көрмейді, бірақ, қызын жіберіп қоймау керек» деген сумақай ой Сашаның басында қылаң берді. Үшеуі алдыда, кішкентай бойлы жігіт артта келеді. Әдетте біреуді қорқыту немесе тонау үшін оны алдыға салып алып жүруші еді, ал мыналар тонаймыз деп алып өздері алдыда кетіп барады. Бір қараған адамға түсініксіз іс-қимыл. Бұлар арттарына жалтақтап қарай берген соң жігіт:  − Мені қашып кетеді деп ойлап келесіндер ме? Мен ондайлардың сортынан емеспін, − деп жымиып күлді де, − мүмкін еркін сөйлесуіміз үшін осы жер де жетер. Қане тоқтандар! − деді қабағы қатулана қалып. Соңғы сөзі бұйрықты, әмірлі шықты.  «Сорлы бала, өлген жерің осы болды. Өзіңнің көріңді өзің қазып тұрсың-ау мына ісіңмен». Осылай ойлаған Володя кері бұрыла беремін дегенше не болғанын түсінбей де қалды. Жағынан тиген ауыр соққы бұны қалпақтай ұшырды. Өз ырқына көнбеген денесі теңселіп барып құлады. Бұның соңын ала Рамиль де тұмсығымен жер иіскеді. Екі досының жерде жығылып жатқанын, көзді ашып-жұмғанша мына жерді апыр-топыр жасаған «каратышкаға» таңырқай әрі қорқа қараған Саша да еш қарсылық көрсете алмай көзі алайған күйі талықсып бара жатты...  * * *  Ең бірінші есін жиған Рамиль болды. Орнынан сүйретіліп, әрең тұрған ол мойнының қатты ауырып тұрғанын сезінді. Володя мен Саша теңкиіп талып жатыр.  − Ей, тұр, тұрыңдар! − деп Рамиль екеуін аяғымен түрте бастап еді «ы-ы-ы» деп ыңыранып барып Володя басын көтерді. Ол да ештеңені түсінбеген кейіппен Рамильге қарайды. Енді екеулеп жүріп Сашаны оятты.  Рауанданып таң атып келеді. Көшелерде ығы-жығы мәшинелер де қаптай бастады. Аяқтарын сылбыр басып келе жатқан үшеуі спорт академиясының жатақханасына жақындады. Бәрі үнсіз.  Бұл үшеуі − жатақхананың басбұзарлары еді. Өздері жоғарғы курста оқиды. Күнделікті тірліктеріне айналған кәсіптері − осы. Тонаған заттарын өздерімен жемтіктес Раиса есімді қызға әкеліп тапсырады да ұйқыға кіріседі. Түні бойғы өтелмеген «парыздарынан» түстен кейінгі сағат үш-төртке дейін «құтылып», төсектерінен тұра бастағанда қолының ылым-жылымы бар Раиса «тауарларын» түгел өткізіп, сытырлаған ақшасын әкеліп қолдарына тапсырады. Қомақты қаржыны төртеуі теңдей етіп бөліп алады. Осы тірлікке араласқалы бері Раисаның мойыны алтын алқаға, саусақтары байдың бәйбішесіндей қымбат жүзіктерге толды.  Бүгін де Раиса кезекті «тауарын» қабылдап алуға ерте оянып, үшеуін күтіп отыр. Таң болса атып қалды, бірақ олар әлі жоқ. «Ұсталып қалды ма екен?» деген суық ойдан өзі шошып кетті. «Алыптай үш жігіттің біреуден таяқ жеуі немесе милицияның қолына түсулері әсте мүмкін емес» деген сенімді ой санасын тілгілеп өтті.  Раисаның бұлай ойлауына негіз бар еді. Бірде Саша бұған: «Раиса, сен еш алаңсыз бол. Алматыдағы барлық полицайларды танимын, ағаларым сонда жұмыс істейді. Ол жағына өзім жауап беремін» деген-ді.  «Әлде, менімен емес, басқа бір қызбен жұмыс істейін деді ме екен? Өзім де соңғы кезде алтындарды көп алып жүрмін-ау»» деп те бір ойлады. Тіпті болмаған соң бөлменің жарығын жағып, жатақхананың студенттеріне ортақ газды пешке шәй қойып келді. Дәлізден өтіп бара жатып бес-алты бөлмеден кейін тұратын жігіттердің есіктеріне қарап қойды. Жабық сияқты. Шам өшірулі. Тақап барып, тұтқаны төмен басып, есікті итеріп көрді. Жабық. Бір бәлеге ұрынғанын құрғыр жүрегі де сезгендей.  Осы кезде даңғырлай сөйлеп, бір-біріне ренжіген кейіпте үшеуі сау етіп жетіп келді. Үстілері жырылған, сырылған. Бет-ауыздары әлем тапырық. Сұрларына қарап сасып қалған Раиса:  − Жігіттер, жайшылық па? − деді бәсең, үрейлі үнмен.  − Раиса, бәрі жақсы, бәрі дұрыс. Сен ештеңе көрмедің, білмейсің. Ал енді бөлмеңе кір де тып-тыныш жата қал. Кейін өзіміз айтып береміз мәнісін, − деді Рамиль.  Үшеуі бөлмелеріне кірісімен бірден ақылдасуға кірісті:  − Не істейміз, кек аламыз ба? − деп Саша екеуіне сұраулы жүзбен жалтақтай қарады.  − Мен түсінбедім, ол каратышка спорттың қай түрімен айналысады? − Екеуінен жауап болмағаннан кейін, − осыны анықтау керек, өзі қайда жаттығады, кімнің шәкірті екен?, − деді Володя бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүрген күйі.  − Айтпақшы «Достық» спорт кешенінде жаттығатын менің бір досым бар. Бір көмек болса содан болады. Жүріңдер, соған барып жолығайық, − деп Рамиль сырт киімін кие бастады.  − Таң атпастан оны қайдан табасың? Сонша іздеп барғанда ол оны тани ма? − Бұл шарасыз сөзді Саша айтқан еді.  − Сағат сегіз жарым. Оған жаттығу таңғы сегізден онға дейінгі аралықта. Қазір барсақ дәл үстінен түсеміз. Болыңдар енді! − деп Рамиль жолдастарын асықтыра түсті.  Екеуі амалсыздан киімдерін киіп, Рамильдің соңынан сыртқа шықты.  * * *  «Достық» спорт кешенінің ішіне үшеуі келіп кіргенде сағат тоғыз болып қалған еді. Олар сол аяңдап басқан күйі үшінші қабатқа көтерілді. Жаттығу залының есігі ашық екен. Үшеуі бірден кіріп баруға бата алмай «сен кір, жоқ, сен бірінші кір» деумен біраз уақыттарын жоғалтты. Содан үшеуі іркес-тіркес залға кіріп, жаттығу кілемінің аяқ жағында тұрған орындыққа келіп жайғасты. Бұлардың кіргеніне тек жаттықтырушы кішкене бойлы шымыр жігіттен басқалардың бәрі таңырқай қарасты. Әркім өзінің жұбымен жаттықтырушы көрсеткен айла-әдісті қайталап, кезекпен жасап жатыр.  − Менің танысым әне, анау жігіт, жаттықтырушымен бірге тұрған, − деді Рамиль о дүниеден жетінші атасы тіріліп келгендей қуанып. Ол да бұны көріп тұр екен. Шамасы Рамильді таныса керек. Бері қарай жүрді.  − Ә, Рамиль, сенсің бе, Салам! − деді екеуіне бейтаныс жігіт Рамильге қол ұсына бере.  Екеуін танымаса да амандасты. Саша мен Володяны ескі танысымен таныстырғаннан кейін Рамиль Эрикке түндегі жайдың бәрін қысқаша баяндап берді. Аузы-аузына жұқпайды. Ақыры соңында, Рамильдің айтуы бойынша кафеден демалып шыққан бұл үшеуіне әлгі каратышка өзі келіп соқтыққан болып шықты.  − Ендігі мәселе, ендігі мәселе... өшімізді қайтаруда болып тұр, − деді Рамиль Эрикке қарап. − Өзіміз-ақ жайғайтын едік, бірақ білесің ғой, біздікі күрес, сондықтан сенен жәрдем сұрап келген жәйіміз бар.  Саша саусақтарын айқастырып, әлденеге көзін қадай қарап, ойланып отыр. Володя болса залдағы жаттықтырушыға сұқтана қарайды. Ол бұларға  арқасын беріп тұрғандықтан жүзін анықтап көру мүмкін емес-тін. «Пах, шіркін! Ой жарайсың, жігіт!» деді Володя ішінен жаттықтырушының төрт шәкіртке төрт лапаны ұстатып қойып тепкен әрекетіне сүйсіне қарап.  − Ол бір өзі күрескерді ұйықтатса оңай адам болмады ғой, қазір мен ұстазыма айтайын, мүмкін сол кісі танитын шығар оны, − деп Эрик кілем үстіндегі жаттықтырушы жігітке қарай жүрді.  «Міне, көрдіңдер ме, айттым ғой мен сендерге менің досым көмектеседі деп» дегендей Рамиль екі досына қарап кеудесін көтере, мақтана өзімсініп, жымыңдап қойды.  Жаттықтырушының құлағына бірдеңе айтып сыбырлаған Эрикке «жарайды, мақұл» дегендей ишарамен басын изеген шымыр жігіттің әр қимылын қалт жібермей бақылап үшеуі отыр.  Қолындағы арнайы спорт қолғапшасын шешіп, артына бұрылған бәкене бойлы жаттықтырушының түрін анық көргенде үшеуі де тілдерін жұтып қойғандай мылқау болды да қалды. Таңқалған кейіппен бір-біріне қарайды.  − Жігіттер, танысып қойыңдар, менің жаттықтырушы ұстазым осы жігіт. Есімі − Арлан болады. Джуи-джитсудан халықаралық деңгейдегі спорт шебері, еңбегі сіңген жаттықтырушы. Айкидодан қара белбеудің иесі, екінші дан, − деді Эрик бастарын төмен салбыратып отырған үшеуіне.  − Эрик, достарынды ертіп шешінетін бөлмеге келші, сонда отырып сөйлесейік, − деп Арлан өзі бірінші болып баспалдақтың арғы бетіндегі көк есікті бөлмеге еніп кетті.  − Жүріңдер! Неменеге аузын буған өгіздей үндемей қалдындар? Әншейінде көшеге сыймай жыртылып жүруші едіңдер ғой. Әлде, қара белбеудің мысы басып кетті ме? − деп үшеуіне сынай қараған Эрик балапандай бүрісіп қалған үшеуінің бұзылып кеткен түрлерін көріп, − көңілдеріңе алып қалмандар, бәрі қалжың. Негізінде ол сондай жақсы, адамгершілігі мол жігіт. Үнемі осы сендер сияқты қиналғандарға шама-шарқынша көмектесіп жүретін өте қайырымды адам, − деді. Сосын Рамиль мен Сашаны екі қарларынан ұстап, Володяны соңынан ертіп, киім шешетін бөлмеге келді.  Арлан жаттығушылардың киімдері ілулі тұрған ілгішектің астыңғы бөлігінде орналасқан көлденең темірге жайғасыпты. Киманосының алды ашылып кеткен. Ішінен ақ бұлшық еттері буылтық-буылтық болып көрініп, қоладан құйғандай шымыр денесі еріксіз көз тартып тұр.  − Эрик, сен бұларды бұрыннан танушы ма едің? − деді Арлан жанына жайғаса берген шәкіртіне күрескерлерді нұсқай көрсетіп.  − Жоқ! Рамильді ғана білемін, ал мына екі жігітпен қазір танысып отырмын.  − Өтініштері не екен? − деген Арланның сұрауына Эрик түндегі болған оқиғаны Рамильдің айтқан «нұсқасы» бойынша баяндап берді.  Байқұс үшеуі ұяттан қызарып кетті. Тек оны Эрик қана байқар емес. Володяның дәл қазіргі сәттегі арманы «шіркін тесік болса ғой кіріп кететін» деген ой болды. Отырған орнында Володя іздеген тесік жоқ, тесік болса да оған сия қоятын Володя жоқ. Ал Рамиль болса «осы мезетте буға айналып жоқ болып кетсем ғой» деген ой-арман жетегінде отыр. Сап-сары Саша «неге сиқыршының оқуын оқымадым екем. Осындай жағдайдан оңай құтылатын» деп бармағын шайнады.  − Жігіттер, әңгіме былай, қазақта «өтіріктің арты бір тұтам» деген сөз бар. Өздерің де танып отырсындар ғой, түндегі «сендерге өзі келіп соқтығатын» жігіт мен боламын. Бірақ Эрик айтқандай кафеден шыққан сендер емес мына мен және жанымда бір қыз бала болатын. Солай емес пе а-а? − деді Арлан үш тонаушыға барлай қарап.  − Сендерде қалай екенін қайдам, біздің халықта қызбен келе жатқан жігітке соқтығу − бұл үлкен мәдениетсіздік, тәрбиесіздік, көргенсіздік болып табылады. Мейлі жүз жерден шамаң жетіп тұрса да қызының көзінше жігіттің ар-намысын аяққа таптау − қазақ халқында кешірілмес күнә болып саналады. Менің ұстаздарымның көбі орыстардан болды. Солардың бойындағы кісілік келбетке, сыпайы адамгершілік қасиеттеріне қарап барша орыс халқы осындай шығар деп ойлап, құрметтеуші едім. Сендердің түндегі әрекеттеріңнен кейін пікірім аздап өзгерген сияқты. Үш адамның сотқарлығына, жағымсыз істеріне бола бір тұтастай ұлтқа баға беру − әрине, ақымақтық. Бірақ сонда да сендер түндегі тағылық тәрбиелеріңмен өз ұлттарыңның атына кір келтірдіндер, − деді Арлан олардың төменшік тартқан жүздеріне жанарын тіктей қадап.  − Еркек емес ез өңкей!  Эриктің жалпақ алақаны Рамильдің томпақ бетінен «жайлы орын» тапты.  − Бұл іспен көптен бері айналысып жүрсіңдер ме?! − Арланның сөзі оларға ызбарлы естілді.  − Жоқ, айдан асты, − деген үш ауыз сөзді Рамиль әрең айтып шықты.  − Арлан, бұлар үшін мен сізден кешірім сұраймын, − деді Эрик Арланның алдына өзін кінәлі сезініп.  − К-к-кешіріңіз...  − Кешіріңіз... білмедік...  − Сіз кешірсеңіз бұл кәсіпті мүлдем тастаймыз.  − Жақсы, егер сендер жол торып, қарақшылық жасап, кісі тонайтын әдеттеріңнен тыйылсандар мен сендерді кештім.  − Уәде береміз! − деді үшеуі жамыраса.  − Уәде ғой ендеше?! − деген Арланның жұмулы жұдырығына үшеуінің шоқпардай-шоқпардай жұдырықтары кезек-кезек соғылды.  − Бізде «жігітке жанашырлық жарасады» деген жақсы сөз бар. Егер қаласандар Эриктермен осында келіп жаттығындар, ал жұмыс істеймін десеңдер оны да тауып беремін. Кафе, ресторандарға күзетшілік дегендей, − деді Арлан үшеуіне күле қарап.  − Келістік, рахмет бауырым! − деді, үшеуі қосақтала жауап қатып. Олар бір-бірінің қолдарын ұзақ сілкісті... 

Түнгі сағат үштер шамасы. Екі көшенің қиылысындағы қалың өскен ағаштың ішінде арам ниетпен отырған үшеудің ұйқысы келе бастады. Аузын айқара ашып, ұйқысы келгенін білдірген Володяның соңын ала Рамиль де алдында отырған Сашаның басын жұтып жіберетіндей құмарлана есінеді. Бұлар үшін бүгінгі күн тым қырсық болып тұр. Әншейінде осы уақытта қойны-қоныштары қымбат алқа-жүзікке, асыл бұйымдарға, ең ақыр аяғы тәуір-тәуір деген соңғы стильмен тігілген модадағы киімдерге толушы еді. Содан кейін үшеуі ағаш арасымен жатақханаларына қарай зытып отыратын. Саша күнделікті түсіп отыратын осыншалықты заттардың бүгін қолдарына біреуінің де ілікпегеніне налығандай басын терекке сүйеп, мұңға батып отыр. Сәлден соң Рамиль Володяға жүзін бұрып: 
− Айттым ғой саған, бұл жерде ағаш қалың болғанмен адамдар көп жүрмейді деп, − деді іренішті жүзбен. 
Бұл үшеудің кәсібі − кісі тонау. Кісі тонаған кезде де үнемі бір жерде тұрып алып қорқытып, киімін шешіп ала беруге болмайды. Күн сайын орын ауыстырып отыруы керек. Араға екі-үш ай салып барып бұрынғы орындарға айналып келуге болады. Бүгін «жорыққа» шығар кезде баратын жерлерін анықтау үшін Рамиль мен Володя бірақ тартысып қалған-ды. Рамилдің ұсынысы бойынша «28 панфиловшылар паркіне» баруға тиісті еді, ал бұл кезде Володя шыр ете түсті: 
− Рамиль, ол жер өте жарық, қолға тез түсіп қаламыз. Паркті кейінге калдырайық, − деді артын ойлап. Содан, Володя екеуін ертіп қазіргі отырған жерлеріне алып келді. Елеусіздеу, у-шусыз болғандықтан қашып құтылуға оңай болады деп долбарлаған. Ал енді бұл жермен тірі пенде жүрмей діңкесін құртып, екі досының алдында өзін кінәлі адамдай сезініп отырған отырысы мынау. 
− Рам, сәл шыда. Таң атқанша біреу болса да өтер, − деді Володя досының иығынан өзіне қарай тартып. 
Көлденең жатқан көшенің арғы бетінде орналасқан кафеден шыққан адамдар осы жермен өтер деген дәмесі бар еді. Бірақ кафеден шыққандардың бәрі сол көшеден такси ұстап тайып жатыр. Кейбіреулері өздерінің мәшинелерімен қайтады. Бұларды мазақ қылғандай мәшинасы барлары әдейі осы тар көшемен жүреді. 
Қармағын суға тастап, болашақ құрбандыққа шалынатын «балығын» күтіп отырған «үш балықшы» кенет кафе жаққа қарай қалысты. Есігі шалқасынан ашылған кафенің ішінен қатты музыка үні естіліп тұр. Аяқтарын енді ғана жеңіл басып шыққан қыз бен жігіт ешқандай такси ұстамай-ақ бұлар отырған көшедегі тротуарға түсті. Екеуі ақырын аяңдап келеді. Үміттен үміттері үзіліп, жемтік іздеп үздігіп отырған үшеуінің қуаныштан өлімсіреген жанарлары жарқ ете түсті. 
− Ал, жігіттер, дайындалындар! Торға қарай екі сазан жүзіп келеді, − деп Саша келе жатқан екеулері жаққа мойнын созып жіберіп, күлімсірей қарады. 
− Үстіндегі кожактың турецкий екенін танып тұрмын, − деді де Рамиль артынан, − о-һо, қолындағы сағаты да жаман емес секідді, − деді. Володя болса жігіттің жанында келе жатқан қара торы қыздың мойнында жарқылдап тұрған алтын алқаға тесіле қарады. Қыз бен жігіт бейғам сөйлесіп келе жатыр. 
− Сізбен сөйлессем біртүрлі жеңілдеп қаламын. Көңілім де көтеріңкі болады. Жанымда сіз жоқ кезде өзімді жапан түзде жалғыз қалғандай сезінемін. Содан кейін сізді дереу іздеуге кірісемін. Бірақ, бұның қандай тылсым күш екенін біле алмадым, мүмкін махаббат деген осы шығар деп ойлап та қоямын, − деді жігіт аяғы шұңқырға түсіп құлай жаздаған қыздың қолынан шап беріп ұстай алып. 
− Бүкіл дүние тек Алланың махаббатымен, мейірімімен жаралған ғой, сондықтан, адамдар да бір-біріне сүйіспеншілікпен, мейірлі махаббатпен қарайды. Егер жалпы адамдар арасында осындай асыл қасиеттер болмаса адам баласының жер бетінде адам болып қалуы да мүмкін емес еді. Аңдардан еш айырмашылығымыз болмайды, − деді қара торы қыз тағы да шалынып кетпейін деген оймен жігіттің ұсынған қолына нәзік саусақтарын ұстатып тұрып. 
Дәл жарық шамының астында тұрғандықтан қыздың бет-бейнесі үш «балықшыға» анық көрінді. 
− Мынандай қызбен айлы түнде қыдырып жүрген не деген бақытты жігіт, ә, − деді Саша Рамильге қарап сықылықтай күліп. 
− Шылқыған байдың баласы шығар. Киімін түгел сыпырып алайық. Рам, сен ана қызын жәукемде, екеуміз жанындағы «каратышкасын» жайратамыз, − деді Володя әрқайсысына тапсырма беріп. 
Тротуарды бойлай жүріп келе жатқан екеудің біраз жерге кеткенін көріп: 
− Қырандар қимылдаңдар! Іске сәт! − деді Саша күндегідей шыдамсыз әрекетіне басып. 
Ағаш арасынан шыққан тонаушылар алдарында кетіп бара жатқан қыз бен жігітке жету үшін аяқтарын асыға басып барады. 
Арттарында пайда болған үшеуін ең әуелі қызыл плащтағы алтын алқалы қыздың көзі бірінші шалды. Жанындағы жігітке бірдеме деп еді, ол қолын бір сілтеді де «қорықпа, қасыңда мен бармын» дегендей салмақты жүрісінен жаңылмады. Қыз болса қарақшыларға әлсін-әлсін қарап қояды. Жігіті тіпті мойнын бұрар емес. «Ә, қорқып келесің бе? Мүмкін шалбарың дымқылданып та қалған шығар, одан ары былғама, өйткені ол маған керек», − деп іштей мысқылдап күліп келе жатқан Рамиль достарынан бұрын жетейін дегендей жүрісін одан ары үдете түсті. 
− Әй, ғашықтар, жандарыңның барында тоқтаңдар! − деді Володя сценарий бойынша айтылатын өзінің меншікті рөліне еніп. Тым-тырақай қаша жөнелер деп қууға дайындалып келе жатқан үшеуі кенет күтпеген әрекетке тап болды. 
Өздерімен салыстырғанда түкке тұрмайтын шынашақтай ғана жігіт кілт тоқтады да кері бұрылып, бұларға қарама-қарсы тұра қалды. 
− Еңлік, ана жерге барып күте тұршы. Бес-ақ минут шыдасаң болды, − деді де оған сөмкесін ұстата берді. Алыптай-алыптай үш жігітке жек көре қараған қыз бұлардан аулақтай, әудем жерге барып тұрды. 
− Жігіттер, сонымен сендерге не керек?, − деген кішкене бойлы жігіт екі қолын бір-біріне айқастырып, мойнын ары-бері ырғап, күтірлетіп үзді. 
− А-а, сен әлі бізге не керек екенін білмейді екенсің ғой, қазір мен саған түсіндіріп берейін, − деп Саша алдарында тұрған жігітті ортаға алу үшін арт жағына қарай өтпекші еді, бірақ ол бұлардың жымысқы әрекетін түсіне қойды да: 
− Сендерге айтар бір өтінішім бар. Ренжімесендер ана қараңғы жерге барып сөйлесейікші, қыз бала ғой, жүрегі шайлығып қалар, біздің әрекетімізді көрмей-ақ қойсын, − деді. «Қорықпаңыз, бәрі дұрыс болады» дегендей қызға қарап көзін бір қысты. «Қызыңның көзінше таяқ жегенді қаламай тұр екенсің ғой», − деп ойлаған үшеуі қуана-қуана жігіт көрсеткен тығырық көшенің қараңғылығына қарай еніп барады. «Бір жағынан ешкім көрмейді, бірақ, қызын жіберіп қоймау керек» деген сумақай ой Сашаның басында қылаң берді. Үшеуі алдыда, кішкентай бойлы жігіт артта келеді. Әдетте біреуді қорқыту немесе тонау үшін оны алдыға салып алып жүруші еді, ал мыналар тонаймыз деп алып өздері алдыда кетіп барады. Бір қараған адамға түсініксіз іс-қимыл. Бұлар арттарына жалтақтап қарай берген соң жігіт: 
− Мені қашып кетеді деп ойлап келесіндер ме? Мен ондайлардың сортынан емеспін, − деп жымиып күлді де, − мүмкін еркін сөйлесуіміз үшін осы жер де жетер. Қане тоқтандар! − деді қабағы қатулана қалып. Соңғы сөзі бұйрықты, әмірлі шықты. 
«Сорлы бала, өлген жерің осы болды. Өзіңнің көріңді өзің қазып тұрсың-ау мына ісіңмен». Осылай ойлаған Володя кері бұрыла беремін дегенше не болғанын түсінбей де қалды. Жағынан тиген ауыр соққы бұны қалпақтай ұшырды. Өз ырқына көнбеген денесі теңселіп барып құлады. Бұның соңын ала Рамиль де тұмсығымен жер иіскеді. Екі досының жерде жығылып жатқанын, көзді ашып-жұмғанша мына жерді апыр-топыр жасаған «каратышкаға» таңырқай әрі қорқа қараған Саша да еш қарсылық көрсете алмай көзі алайған күйі талықсып бара жатты... 

* * * 
Ең бірінші есін жиған Рамиль болды. Орнынан сүйретіліп, әрең тұрған ол мойнының қатты ауырып тұрғанын сезінді. Володя мен Саша теңкиіп талып жатыр. 
− Ей, тұр, тұрыңдар! − деп Рамиль екеуін аяғымен түрте бастап еді «ы-ы-ы» деп ыңыранып барып Володя басын көтерді. Ол да ештеңені түсінбеген кейіппен Рамильге қарайды. Енді екеулеп жүріп Сашаны оятты. 
Рауанданып таң атып келеді. Көшелерде ығы-жығы мәшинелер де қаптай бастады. Аяқтарын сылбыр басып келе жатқан үшеуі спорт академиясының жатақханасына жақындады. Бәрі үнсіз. 
Бұл үшеуі − жатақхананың басбұзарлары еді. Өздері жоғарғы курста оқиды. Күнделікті тірліктеріне айналған кәсіптері − осы. Тонаған заттарын өздерімен жемтіктес Раиса есімді қызға әкеліп тапсырады да ұйқыға кіріседі. Түні бойғы өтелмеген «парыздарынан» түстен кейінгі сағат үш-төртке дейін «құтылып», төсектерінен тұра бастағанда қолының ылым-жылымы бар Раиса «тауарларын» түгел өткізіп, сытырлаған ақшасын әкеліп қолдарына тапсырады. Қомақты қаржыны төртеуі теңдей етіп бөліп алады. Осы тірлікке араласқалы бері Раисаның мойыны алтын алқаға, саусақтары байдың бәйбішесіндей қымбат жүзіктерге толды. 
Бүгін де Раиса кезекті «тауарын» қабылдап алуға ерте оянып, үшеуін күтіп отыр. Таң болса атып қалды, бірақ олар әлі жоқ. «Ұсталып қалды ма екен?» деген суық ойдан өзі шошып кетті. «Алыптай үш жігіттің біреуден таяқ жеуі немесе милицияның қолына түсулері әсте мүмкін емес» деген сенімді ой санасын тілгілеп өтті. 
Раисаның бұлай ойлауына негіз бар еді. Бірде Саша бұған: «Раиса, сен еш алаңсыз бол. Алматыдағы барлық полицайларды танимын, ағаларым сонда жұмыс істейді. Ол жағына өзім жауап беремін» деген-ді. 
«Әлде, менімен емес, басқа бір қызбен жұмыс істейін деді ме екен? Өзім де соңғы кезде алтындарды көп алып жүрмін-ау»» деп те бір ойлады. Тіпті болмаған соң бөлменің жарығын жағып, жатақхананың студенттеріне ортақ газды пешке шәй қойып келді. Дәлізден өтіп бара жатып бес-алты бөлмеден кейін тұратын жігіттердің есіктеріне қарап қойды. Жабық сияқты. Шам өшірулі. Тақап барып, тұтқаны төмен басып, есікті итеріп көрді. Жабық. Бір бәлеге ұрынғанын құрғыр жүрегі де сезгендей. 
Осы кезде даңғырлай сөйлеп, бір-біріне ренжіген кейіпте үшеуі сау етіп жетіп келді. Үстілері жырылған, сырылған. Бет-ауыздары әлем тапырық. Сұрларына қарап сасып қалған Раиса: 
− Жігіттер, жайшылық па? − деді бәсең, үрейлі үнмен. 
− Раиса, бәрі жақсы, бәрі дұрыс. Сен ештеңе көрмедің, білмейсің. Ал енді бөлмеңе кір де тып-тыныш жата қал. Кейін өзіміз айтып береміз мәнісін, − деді Рамиль. 
Үшеуі бөлмелеріне кірісімен бірден ақылдасуға кірісті: 
− Не істейміз, кек аламыз ба? − деп Саша екеуіне сұраулы жүзбен жалтақтай қарады. 
− Мен түсінбедім, ол каратышка спорттың қай түрімен айналысады? − Екеуінен жауап болмағаннан кейін, − осыны анықтау керек, өзі қайда жаттығады, кімнің шәкірті екен?, − деді Володя бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүрген күйі. 
− Айтпақшы «Достық» спорт кешенінде жаттығатын менің бір досым бар. Бір көмек болса содан болады. Жүріңдер, соған барып жолығайық, − деп Рамиль сырт киімін кие бастады. 
− Таң атпастан оны қайдан табасың? Сонша іздеп барғанда ол оны тани ма? − Бұл шарасыз сөзді Саша айтқан еді. 
− Сағат сегіз жарым. Оған жаттығу таңғы сегізден онға дейінгі аралықта. Қазір барсақ дәл үстінен түсеміз. Болыңдар енді! − деп Рамиль жолдастарын асықтыра түсті. 
Екеуі амалсыздан киімдерін киіп, Рамильдің соңынан сыртқа шықты. 

* * * 
«Достық» спорт кешенінің ішіне үшеуі келіп кіргенде сағат тоғыз болып қалған еді. Олар сол аяңдап басқан күйі үшінші қабатқа көтерілді. Жаттығу залының есігі ашық екен. Үшеуі бірден кіріп баруға бата алмай «сен кір, жоқ, сен бірінші кір» деумен біраз уақыттарын жоғалтты. Содан үшеуі іркес-тіркес залға кіріп, жаттығу кілемінің аяқ жағында тұрған орындыққа келіп жайғасты. Бұлардың кіргеніне тек жаттықтырушы кішкене бойлы шымыр жігіттен басқалардың бәрі таңырқай қарасты. Әркім өзінің жұбымен жаттықтырушы көрсеткен айла-әдісті қайталап, кезекпен жасап жатыр. 
− Менің танысым әне, анау жігіт, жаттықтырушымен бірге тұрған, − деді Рамиль о дүниеден жетінші атасы тіріліп келгендей қуанып. Ол да бұны көріп тұр екен. Шамасы Рамильді таныса керек. Бері қарай жүрді. 
− Ә, Рамиль, сенсің бе, Салам! − деді екеуіне бейтаныс жігіт Рамильге қол ұсына бере. 
Екеуін танымаса да амандасты. Саша мен Володяны ескі танысымен таныстырғаннан кейін Рамиль Эрикке түндегі жайдың бәрін қысқаша баяндап берді. Аузы-аузына жұқпайды. Ақыры соңында, Рамильдің айтуы бойынша кафеден демалып шыққан бұл үшеуіне әлгі каратышка өзі келіп соқтыққан болып шықты. 
− Ендігі мәселе, ендігі мәселе... өшімізді қайтаруда болып тұр, − деді Рамиль Эрикке қарап. − Өзіміз-ақ жайғайтын едік, бірақ білесің ғой, біздікі күрес, сондықтан сенен жәрдем сұрап келген жәйіміз бар. 
Саша саусақтарын айқастырып, әлденеге көзін қадай қарап, ойланып отыр. Володя болса залдағы жаттықтырушыға сұқтана қарайды. Ол бұларға 
арқасын беріп тұрғандықтан жүзін анықтап көру мүмкін емес-тін. «Пах, шіркін! Ой жарайсың, жігіт!» деді Володя ішінен жаттықтырушының төрт шәкіртке төрт лапаны ұстатып қойып тепкен әрекетіне сүйсіне қарап. 
− Ол бір өзі күрескерді ұйықтатса оңай адам болмады ғой, қазір мен ұстазыма айтайын, мүмкін сол кісі танитын шығар оны, − деп Эрик кілем үстіндегі жаттықтырушы жігітке қарай жүрді. 
«Міне, көрдіңдер ме, айттым ғой мен сендерге менің досым көмектеседі деп» дегендей Рамиль екі досына қарап кеудесін көтере, мақтана өзімсініп, жымыңдап қойды. 
Жаттықтырушының құлағына бірдеңе айтып сыбырлаған Эрикке «жарайды, мақұл» дегендей ишарамен басын изеген шымыр жігіттің әр қимылын қалт жібермей бақылап үшеуі отыр. 
Қолындағы арнайы спорт қолғапшасын шешіп, артына бұрылған бәкене бойлы жаттықтырушының түрін анық көргенде үшеуі де тілдерін жұтып қойғандай мылқау болды да қалды. Таңқалған кейіппен бір-біріне қарайды. 
− Жігіттер, танысып қойыңдар, менің жаттықтырушы ұстазым осы жігіт. Есімі − Арлан болады. Джуи-джитсудан халықаралық деңгейдегі спорт шебері, еңбегі сіңген жаттықтырушы. Айкидодан қара белбеудің иесі, екінші дан, − деді Эрик бастарын төмен салбыратып отырған үшеуіне. 
− Эрик, достарынды ертіп шешінетін бөлмеге келші, сонда отырып сөйлесейік, − деп Арлан өзі бірінші болып баспалдақтың арғы бетіндегі көк есікті бөлмеге еніп кетті. 
− Жүріңдер! Неменеге аузын буған өгіздей үндемей қалдындар? Әншейінде көшеге сыймай жыртылып жүруші едіңдер ғой. Әлде, қара белбеудің мысы басып кетті ме? − деп үшеуіне сынай қараған Эрик балапандай бүрісіп қалған үшеуінің бұзылып кеткен түрлерін көріп, − көңілдеріңе алып қалмандар, бәрі қалжың. Негізінде ол сондай жақсы, адамгершілігі мол жігіт. Үнемі осы сендер сияқты қиналғандарға шама-шарқынша көмектесіп жүретін өте қайырымды адам, − деді. Сосын Рамиль мен Сашаны екі қарларынан ұстап, Володяны соңынан ертіп, киім шешетін бөлмеге келді. 
Арлан жаттығушылардың киімдері ілулі тұрған ілгішектің астыңғы бөлігінде орналасқан көлденең темірге жайғасыпты. Киманосының алды ашылып кеткен. Ішінен ақ бұлшық еттері буылтық-буылтық болып көрініп, қоладан құйғандай шымыр денесі еріксіз көз тартып тұр. 
− Эрик, сен бұларды бұрыннан танушы ма едің? − деді Арлан жанына жайғаса берген шәкіртіне күрескерлерді нұсқай көрсетіп. 
− Жоқ! Рамильді ғана білемін, ал мына екі жігітпен қазір танысып отырмын. 
− Өтініштері не екен? − деген Арланның сұрауына Эрик түндегі болған оқиғаны Рамильдің айтқан «нұсқасы» бойынша баяндап берді. 
Байқұс үшеуі ұяттан қызарып кетті. Тек оны Эрик қана байқар емес. Володяның дәл қазіргі сәттегі арманы «шіркін тесік болса ғой кіріп кететін» деген ой болды. Отырған орнында Володя іздеген тесік жоқ, тесік болса да оған сия қоятын Володя жоқ. Ал Рамиль болса «осы мезетте буға айналып жоқ болып кетсем ғой» деген ой-арман жетегінде отыр. Сап-сары Саша «неге сиқыршының оқуын оқымадым екем. Осындай жағдайдан оңай құтылатын» деп бармағын шайнады. 
− Жігіттер, әңгіме былай, қазақта «өтіріктің арты бір тұтам» деген сөз бар. Өздерің де танып отырсындар ғой, түндегі «сендерге өзі келіп соқтығатын» жігіт мен боламын. Бірақ Эрик айтқандай кафеден шыққан сендер емес мына мен және жанымда бір қыз бала болатын. Солай емес пе а-а? − деді Арлан үш тонаушыға барлай қарап. 
− Сендерде қалай екенін қайдам, біздің халықта қызбен келе жатқан жігітке соқтығу − бұл үлкен мәдениетсіздік, тәрбиесіздік, көргенсіздік болып табылады. Мейлі жүз жерден шамаң жетіп тұрса да қызының көзінше жігіттің ар-намысын аяққа таптау − қазақ халқында кешірілмес күнә болып саналады. Менің ұстаздарымның көбі орыстардан болды. Солардың бойындағы кісілік келбетке, сыпайы адамгершілік қасиеттеріне қарап барша орыс халқы осындай шығар деп ойлап, құрметтеуші едім. Сендердің түндегі әрекеттеріңнен кейін пікірім аздап өзгерген сияқты. Үш адамның сотқарлығына, жағымсыз істеріне бола бір тұтастай ұлтқа баға беру − әрине, ақымақтық. Бірақ сонда да сендер түндегі тағылық тәрбиелеріңмен өз ұлттарыңның атына кір келтірдіндер, − деді Арлан олардың төменшік тартқан жүздеріне жанарын тіктей қадап. 
− Еркек емес ез өңкей! 
Эриктің жалпақ алақаны Рамильдің томпақ бетінен «жайлы орын» тапты. 
− Бұл іспен көптен бері айналысып жүрсіңдер ме?! − Арланның сөзі оларға ызбарлы естілді. 
− Жоқ, айдан асты, − деген үш ауыз сөзді Рамиль әрең айтып шықты. 
− Арлан, бұлар үшін мен сізден кешірім сұраймын, − деді Эрик Арланның алдына өзін кінәлі сезініп. 
− К-к-кешіріңіз... 
− Кешіріңіз... білмедік... 
− Сіз кешірсеңіз бұл кәсіпті мүлдем тастаймыз. 
− Жақсы, егер сендер жол торып, қарақшылық жасап, кісі тонайтын әдеттеріңнен тыйылсандар мен сендерді кештім. 
− Уәде береміз! − деді үшеуі жамыраса. 
− Уәде ғой ендеше?! − деген Арланның жұмулы жұдырығына үшеуінің шоқпардай-шоқпардай жұдырықтары кезек-кезек соғылды. 
− Бізде «жігітке жанашырлық жарасады» деген жақсы сөз бар. Егер қаласандар Эриктермен осында келіп жаттығындар, ал жұмыс істеймін десеңдер оны да тауып беремін. Кафе, ресторандарға күзетшілік дегендей, − деді Арлан үшеуіне күле қарап. 
− Келістік, рахмет бауырым! − деді, үшеуі қосақтала жауап қатып. Олар бір-бірінің қолдарын ұзақ сілкісті... 

Бөлісу: